Серіктестіктің органдары

6.1. Серіктестіктің органдары:

серіктестіктің жоғары органы - оның қатысушыларының жалпы жиналысы (жалпы жиналыс);

серіктестіктің атқарушы органы (жеке дара немесе алқалы) болып табылады.

Серіктестіктің құрылтайшылары серіктестіктің қадағалау (қадағалау кеңесі) және (немесе) бақылаушы (тексеру комиссиясы, тексеруші) органдарын құру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Бір қатысушыдан тұратын серіктестікте, қатысушылардың жалпы жиналысының құзыретіне кіретін шешімді бір ғана қатысушы жеке дара қабылдайды және жазбаша ресімделеді.

Серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар жатады:

1) серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін, орналасқан жері мен фирмалық атауын өзгертуді немесе серіктестіктің жаңа редакциядағы жарғысын бекітуді қоса алғанда, серіктестіктің жарғысын өзгерту;

2) серіктестіктің атқарушы органын құру және оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осылай берудің шарттарын айқындау;

3) серіктестіктің байқаушы кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушісін) сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушісінің) есептері мен қорытындыларын бекіту;

4) жылдық қаржылық есептілікті бекіту және таза табысты бөлу;

5) ішкі ережелерді, олардың қабылдану рәсімін және серіктестіктің жарғысымен бекітілуі серіктестіктің өзге органдарының құзыретіне жатқызылған құжаттардан басқа, серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін басқа да құжаттарды бекіту;

6) серіктестіктің өзге де шаруашылық серіктестіктеріне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға қатысуы туралы шешім;

7) серіктестікті қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім;

8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату теңгерімдерін бекіту;

9) серіктестікке қатысушыдан үлесті мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;

10) серіктестіктің барлық мүлкін кепілге беру туралы шешім;

11) серіктестіктің мүлкіне қосымша жарналар енгізу туралы шешім;

12) серіктестікке қатысушыларға және үлесті сатып алушыларға серіктестіктің қызметі туралы ақпарат беру тәртібін және мерзімдерін бекіту.

Осы тармақтың 1), 7), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша, сондай-ақ жарғыда анықталған басқа да мәселелер бойынша шешімдер серіктестікке қатысушылардың жиналысына қатысушылардың және өкілдері арқылы білдірілгендердің төрттен үш білікті басым көпшілігінің дауысымен қабылданады.

Осы тармақтың 9) тармақшасы бойынша шешім қабылданған кезде үлесі мәжбүрлеу тәртібімен сатып алынатын қатысушы дауыс беруге қатыспайды және оған тиесілі дауыс саны санақ кезінде ескерілмейді.

Қалған шешімдер серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысына қатысушылардың және өкілдері арқылы білдірілгендердің жай көпшілік дауысымен қабылданады.

Жалпы жиналыс серіктестіктің қызметіне байланысты кез келген мәселені қарауға қабылдауға құқылы.

6.2. Атқарушы орган директор және (немесе) дирекция болып табылады, олар қатысушылардың жалпы жиналысына есеп береді және оның шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады. Құрылтайшылар директорды тағайындаған кезде еңбек қатынастары еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.

Дирекция 3 мүшеден тұрады. Дирекцияның басшылығы директор болады. Шешімдер дирекция мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған жағдайда директор берген дауыс шешуші деп есептеледі.

6.3. Дирекцияның құзыретіне жалпы жиналыстың құзыретіне жатпайтын серіктестік қызметін қамтамасыз етудің барлық мәселелері жатады.

Серіктестіктің атқарушы органының құзыретіне, жалпы жиналыстың, оның айрықша құзыретіне жатпайтын Заңға сәйкес атқарушы органға берілген өкілеттіктер де жатады.

6.4. Серіктестік директорының өкілеттіктері:

1) серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет жасайды;

2) серіктестіктің өкілі болу құқығына, оның ішінде қайта сенім білдіру құқығымен сенімхаттар береді;

3) серіктестіктің қызметкерлеріне қатысты оларды қызметке тағайындау туралы, оларды ауыстыру және жұмыстан шығару туралы бұйрықтар шығарады, еңбекақы төлеу жүйесін белгілейді, лауазымдық жалақылар мен дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, сыйлық беру мәселесін шешеді, көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жазалар қолданады;

4) қатысушылардың жалпы жиналысының құзыретіне немесе байқаушы органдардың құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ оған серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында берілген өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6.5. Серіктестіктің атқарушы органының қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін байқаушы кеңес құрылуы мүмкін.

Серіктестіктің байқаушы кеңесінің қызметі мен олардың шешімдер қабылдау тәртібі ережемен және жалпы жиналыс қабылдаған өзге де құжаттармен анықталады.

6.6. Серіктестіктің атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін серіктестікке қатысушылардың ішінен немесе олардың өкілдерінен тексеру комиссиясы құрылуы немесе тексеруші сайлануы мүмкін.

Серіктестіктің тексеру комиссиясы немесе жеке дара тексерушісі жалпы жиналыста бес жылдан аспайтын мерзімге сайланады.

Серіктестіктің атқарушы органдарының мүшелері тексеру комиссиясының мүшелері бола алмайды.

Тексеру комиссиясының (тексерушінің) жұмыс тәртібі ішкі қызметті реттейтін ережелермен және өзге де құжаттармен белгіленеді.

Наши рекомендации