Аржы жоспарларының жүйесі
Қаржылық жоспарлаудың негізгі құжаты болып келетін қаржы жоспары шаруашылық жүргізуші субъектілердің, салалардың, өңірлердің және мемлекеттің ақшалай табыстары (кірістері) мен қорланымдарын құру және пайдалану көрсеткіштерінің өзара байланысты жүйесі болып табылады. Қаржы жоспарлары ұлттық шаруашылық субъектілерінің қаржылық ресурстарымен қамтамасыз етілуін көрсетеді.
Жоспар мен жоспарлау аулақтанған түрде емес, шаруашылық жүргізудің бірыңғай біртұтас механизмі құрамында әрекет етеді. Өзінше алынған және іске асырудың тиісті механизммімен толықтырылған жоспар басқарудың шынайы құралы бола алмайды. Жоспарды іске асыру механизмі – басқарудың ұйымдық нысандары, экономикалық тұтқалар мен ынталандырмалардың жүйесі, ұлттық шаруашылық ресурстарының айналымын ұйымдастыру амалдары, шаруашылық жүргізудің құқықтық режімі.
Қаржы жоспарларының (баланстарының) жүйесі жоспарлардың әр алуан түрлерін кіріктіреді, олардың қамтитын қатынастардың кеңдігімен, демек, түсуге және пайдалануға жоспарланатын ресурстардың көлемімен айырмашылығы болады. Бұл белгілер бойынша олардың негізгі екі тобын ажыратады: бастапқы және жиындық қаржы жоспарлары.
Бастапқы қаржы жоспарларының саны жиынтық қаржы жоспарларына қарағанда едәуір көп және нысаны мен мазмұны әртүрлі. Бұл – толып жатқан, өзінің қызметі, ұйымдастыру тұрпаты, басқару әдістері мен қаржыландырылуы әр алуан шаруашылық жүргізуші субъектілердің, ведомстволардың қаржы жоспарлары: материалдық өндіріс сферасының шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қаржы жоспарлары; материалдық емес сфераның коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарының жоспарлары; бюджеттік қаражаттар есебінен шығыстары түгелдей немесе негізгі бөлігінде қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарды қаржыландырудың дара жоспарлары.
Жиындық қаржы жоспарлары жалпымемлекеттік қаржы ресурстарының қозғалысын негіздейді, мемлекеттің қаржы жүйесі жүзеге асыратын қайта бөлу үдерістерін белгілейді.
Нысаны бойынша олар әрқашан жиындық жоспарлар болып табылады, бірақ бұл оның жалғыз ғана белгісі емес. Сонымен бірге министрліктердің, ведомстволардың қаржы жоспарларының да құрамалық сипаты болады, бірақ олар қаржылық ресурстардың қозғалысын тек нақтылы саланың, ведомствоның шегінде ғана жобалайтындықтан, олар бастапқы жоспарларға жатады. Жиындық қаржы жоспарлары ең алдымен өзінің мазмұнымен, ресурстардың объектісімен және сферасымен, жоспарлау әдістерімен және арналымымен ерекшеленеді.
Жиындық қаржы жоспарларыжалпымемлекеттік, салалық, аумақтық жоспарларды кіріктіреді. Мемлекеттік бюджет, республикалық бюджет жалпымемлекеттік болып табылады.
Шаруашылық жүргізудің социалистік жүйесі мен қаржы жүйесінің барлық буындарын мемлекеттендірудің жоғары дәрежесі жағдайында мемлекеттік сақтандырудың жиындық қаржы жоспары мен әлеуметтік сақтандырудың бюджеті сияқты орталықтандырылған қаржы жоспарлары да жасалды. Мемлекеттік сақтандырудың жиындық қаржы жоспары бұл ұйымның барлық ақшалай түсімдері мен тиісінше стихиялық апаттарды ескертумен және оның зардаптарын жоюмен байланысты ұйғарылған шығындарды анықтайтын. Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандырудың бюджеті (түгелдей КСРО-ның мемлекеттік бюд-жетіне кіріктірілетін) әлеуметтік сақтандыру қаражаттарын жасау мен бөлуді жоспарлайтын. Ол кәсіподақ ұйымдарының барлық ақшалай ресурстарын, кәсіподақтардың, республикалық және облыстық кеңестерінің бюджеттерін, халық-тың әлеуметтік қажеттерін, ВЦСПС-тің орталықтандырылған қаражаттарын біріктірді.
Кей жылдары бүкіл ұлттық шаруашылықтың, жеке республикалардың жиындық қаржы жоспарлары да жасалды. Оларда бюджет ресурстарынан, мемлекеттік сақтандырудың қаражаттарынан басқа мемлекеттік кәсіпорындардың қаражаттары есепке алынды.
Дамыған рыноктық экономикасы бар елдерде бюджеттен басқа жалпымемлекеттік бағдарламаларды қаржымен қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық бюджеттен тыс қорлардың бюджеттері түрінде басқа да орталықтандырылған қаржы жоспарлары жасалады. Жұртқа мәлім, көптеген елдерде әлеуметтік, табиғатты қорғау сипатындағы немесе басқа арналымдардың маңызды шараларын қаржыландырудың арнаулы көздері ретінде қалыптастырылады. Бюджеттен тыс қорлар, әдеттегідей, жалпымемлекеттік қаржы жүйесінің дербес буыны болып табылады, айрықша көздер есебінен құрылады және өзінің ресурстарын функциялық міндеттерді орындауға жұмсайды. Сондықтан олардың қаржы жоспарлары ағымдағы жылға түсетін барлық түсімдер мен шығындарды анықтайтын құндық баланстар болып келеді.
Салалық (ведомстволық) қаржы жоспарларының жүйесі материалдық өндіріс салалары министрліктерінің (ведомстволарының) кірістері мен шығыстарының балансын, өндірістік емес салалар министрліктерін (ведомстволарын) қаржыландырудың дара жоспарларын (сметаларын), қоғамдық ұйымдардың қаржы жоспарларын кіріктіреді.
Аумақтық қаржы жоспарларына мыналар жатады: жергілікті бюджеттер, тиісті аумақтағы қоғамдық ұйымдардың және т.б. жоспарлары.
Қаржы жоспарларының әр алуан түрлері өзара байланысылған: мәселен, салалық жоспарлар ведомствоға қарасты ұйымдардың жоспарларын біріктіреді; аумақтық, әдеттегідей, жалпымемлекеттік немесе салалық жоспарлардың бөлігі болып келеді.
Мезгіліне қарай қаржылық жоспарлау жылдық, орта мерзімді (үш жылдық, бес жылдық) және перспективалық болып бөлінеді. Қазіргі кезде жоспарлардың жоғарыда аталған барлық түрлері бір және бесжылдық мерзімге жасалынады.
Экономика теңдестігінің бұзылуына, шаруашылық органдарының іс-қимыл ету факторларының екі ұштылығына (неғайбілдігіне) байланысты рыноктык ортада бес жылдық және перспективалық жоспарлау шектелінген. Үш жылыдық мерзімге Үкіметтің фискалдық саясатын әзірлеген кезде мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарының негізгі көрсеткіштері бойынша есеп-қисаптар жүргізіледі.
Аса маңызды оперативтік қаржы жоспары мемлекеттік бюджет болып табылады (14-тарауды қараңыз).
Материалдық өндіріс сферасында кәсіпорында басқарушылық міндеттерді шешу кезінде стратегиялық, ағымдағы және оперативтік жоспарлау жүзеге асырылады. Жоспарлар тәптіштеудің әр түрлі деңгейлерінде әзірленеді.
Стратегиялық қаржы жоспары ұлғаймалы ұдайы өндірістің аса маңызды көрсеткіштерін, үйлесімдерін (пропорцияларын) және қарқындарын айқындайды. Ол нысаналы нұсқамаларды, инвестициялар стратегиясын және болжалды қорланымдарды іске асырудың басты нысаны болып табылады. Қаржылық стратегия ұйымды ақша қаражаттармен қамтамасыз етуге, оның жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ағымдағы қаржы жоспары перспективалық жоспар негізінде әзірленеді. Келесі жылға арналған кәсіпорынның ағымдағы жоспарлауы тоқсандар бойынша бөлініп жүзеге асырылады. Өткен кезеңнің қаржылық жай-күйін талдау және осы кезеңге арналған қабылданған қаржылық стратегия (кредит алу, акционерлік капиталды көбейту, өнім өндіруді көбейту, азайту және т.б.) негізінде қалыптастырылған ұсыныстар ескеріле отырып, жоспардағы барлық көрсеткіштер нақтыланады.
Ағымдағы жоспарлау кезінде әдетте кірістер мен түсімдердің жоспары, шығыстар мен аударымдар жоспары, ұйымның бюджетпен (жоғарғы органдармен) өзара қарым- қатынастарының жоспары, кредит жоспары әзірленеді. Ағымдағы жоспарлау үдерісінде жұмсалымдардың немесе алымдардың әрбір түрі қаржыландыру көздерімен үйлестіріледі. Бұл үшін қаржы жоспарына тексеру (шахматтық) кестесі жасалады.
Жоспарлау кезінде кірістер мен шығыстардың балансын қамтамасыз еткен дұрыс. Тепе-теңсіздікті реттеу үшін, егер шығыстар кірістерден көп болса, кредиттер (қарыздар) алынады.
Оперативтік жоспарлау төлемдік күнтізбені жасау мен пайдалануда болады. Төлемдік күнтізбе – бұл ұйымның оперативтік қаржы айналымы (ақшалай қаражаттардың түсуі мен пайдаланылуы) егжей-тегжейлі көрсетілетін қаржылық құжат. Төлемдік күнтізбе талданылатын кезеңдегі қаражаттардың жұмсалымын бақылау үшін пайдаланылады.
Қаржы жоспарының негізгі нысаны – кірістер мен шығыстардың балансы,оны жасау кірістер мен қаражаттар түсімдері, шығыстар мен қаражаттардың аударымдары, бюджетке төленетін төлемдер, белгілі бір жағдайларда қызметтің (қызметтің басымдық түрлері мен бюджеттік мекемелер үшін) бюджеттен бөлінетін қаржы бойынша есеп айырысулардың кешенін орындауды болжайды.
Қаражаттарының айналымы үлкен емес шаруашылық жүргізуші субъектілер екі бөлімнен: кірістер мен шығыстардан тұратын қаржы жоспарларын жасайды.
Қаржыландырудың дара жоспарларында жоспарда қарастырылған сандық көрсеткіштер (мысалы, оқушылар контигенті, персоналдың штаттық саны) және белгіленген нормалар бойынша есептелген шығындардың әрбір бағыты бойынша қаржыландырудағы қажеттілік көрсетіледі. Жекелеген ұйымдар мен мекемелердің қаржыландырудың жеке жоспарларын (сметаларын) жинақтау жолымен министрліктердің, ведомстволардың, басқарудың жергілікті органдары бөлімдерінің қаржыландырудың жиындық жоспарлары қалыптастырылады. Қаржыландырудың жиынтық жоспарларының жобалары қаржы органдарымен келісіліп, мемлекеттік бюджетті жасау кезінде ескеріледі.
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың[§] қаржы жоспарлары қаржыландырудың дара жоспарлары (бұрынғы атауы сметалары) деп аталады және негізінен олардың шығындары анықталады, ал кірістердің қосымша көздері болған жағдайда шаруашылық қызмет бойынша барлық түсімдер мен шығындарды негіздейтін кіріс шығыс жоспарлары (сметалары) жасалынады.
Ұжымшарлар, кооперативтік ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және сақтық компаниялары қаржы жоспарларын, мемлекеттік биліктің органдары түрлі деңгейлердегі бюджеттерді жасайды.