Дәріс. Саясат субъектілері
Саяси іс-әрекеттің субъектілерінің мәселесі, көбіне, билік басындағы тұлғалардың, саяси кеңістіктегі акторлардың мәселелерімен тығыз байланысты көтеріліп тұрады. Саясаттанушылардың тұжырымы бойынша, билік деп белгілі бір белсенді субъектілердің объектінің мінез-құлқына материалдық немесе рухани әсер ету қабілеттілігі мен мүмкіндігін айтады
Әлеуметтік ғылымдар саласы, субъектілер мен объектілерді адамдар деп табады. Билікті объектілердің сол мезеттегі жағдайдың түп мәнін ұғынуын талап етпей-ақ, субъекті тарапынан объектіге әмірлік жүргізіп, белгілі бір бағытқа жетелеуі деп түсінсе де болады. Басқаша айтқанда әлеуметтік ғылымдар: билік – ол субъекті мен объектінің арасындағы әміршілік қатынасы деп түсіндіреді. Демек, субъект ұғымы белсенді, саналы әрі жігерлі индивид немесе әлеуметтік топ болса, субъектінің іс-әрекеті бағытталғандар – объект екендігін айқындайды. Демек, саясат субъектілері белгілі бір бағытталған саяси ұстанымы бар, әрі өз іс-әрекеттерін саяси кеңістікке жұмылдырып отыратын адамдар. Ал мемлекет барлық адамдарды құқық субъектісі ретінде тани отырып, олардың өзара құқықтық қатынасын, статусын және тұлғаның мемлекетпен қатынасын құқықтық статусымен айқындап отырады. Саяси субъектілердің құқықтық қызметке жатпайтын өзіндік функциялары бар. Бірақ, бұл субъектілердің іс-әрекеті құқықтық қатынас арқылы бағытталып отырады. Демек, саяси субъектілер мен құқықтық субъектілердің мәселелері бір-бірінен ерекше. Өйткені, адамдар мемлекеттен тыс басқа да белгілі ұйымдарға өз еркінсіз немесе өз еркімен кіреді. Өз еркінсіз кіретіндерге жататындар: ұлтына, этникалық топқа және тапқа байланысты кіретіндер. Өз еркімен – партияға, кеңестерге, блоктар мен ұжымға байланысты кіретіндер. Бұлардың бәрі қалайда болғанда саяси өзара қатынас пен саяси субъектілер жүйесіне енеді. Алдағы талдау үшін «субъективтік» деген үғымды қарастырайық. Субъективтіктің критериі немесе бастауы саяси (объективті немесе субъективті) болуы, сонымен қатар, оның (мүдденің) қорғалуы –ол, ұйымшылдық пен осы мүддені іс-жүзінде асыратын көшбасшылар мен басқарушы органдар болып табылады. Саясат субъектілеріне саяси билікке ұмтылғандар немесе саяси билікті иемденген мекемелер мен тұлғалар саналатынын айтып өттік. Демек, «саясаттың субъектісі» мен «саяси субъектінің» мағыналарын ашайық.
Саяи субъектілерге жататындар, саяси іс-әрекеттерін басты мақсат көрмейтін, бірақ саяси тіршілікке қатысып, арагідік өз ықпалын тигізіп тұратын тұлғалар немесе мекемелер. Олардың кей уақыттарда саясаттың субъектілерінің қызметтерін атқара отырып, белсенді ықпалын да тигізетін кездері болатынын аңғарған жөн. Мысалы мешіттер. Олар саясаттың субъектісі болмаса да, саяси бағыттылығы болып келеді.
Ал саясаттың субъектілері – мемлекеттік билік органдары мен басқармалары, көшбасшылар мен саяси партиялар, қозғалыстар т.с.с. Бұлар саясат тіршілігіне араласып, өз мүдделерін іске асыруды басты мақсат етеді және әрқайсысының арқауында белгілі бір әлеуметтік топтар тұрады (әлеуметтік-демографиялық, ұлттық, кәсіптік, жасына байланысты тағы да сол сияқтылар). Сонымен қатар, саясаттың субъектісі ретінде тұлғалар мен әлеуметтік ұжымдарда, көздеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, өздері жоспарлаған бағдарламаларын іске асыру барысында таныла алады.
Қоғамның саяси тынысын саясаттың субъектілерінің өзара жүйелі қатынасы ретінде қарауға болады. Субъектілер белгілі саяси жағдайларда тек субъект ретінде де қаралуы мүмкін. Өйткені субъект белгілі бір қоғам, топтарға ықпал ету барысында, өзіне де өзге субъектілерден ықпал тиіп тұрады. Яғни, өзге субъект назарында объект ретінде қаралады. Саясат – мемлекет билігіне байланысты субъектілердің өзара қатынасы, қызметтері мен әдісі, мақсаттары. Бұл қарым-қатынастарды әр түрлі координатада қарастыруға болады. Бірінші – тігінен, екіншісі – көлденеңінен. Мысалы, қоғамды пирамида ретінде қарастырсақ. Жоғарғы жағын мемлекет және оның органдары деп білсек, ал астыңғы жағын қауым (халық) деп қарастырайық. Пирамиданың жоғарғы жағынан төменге күшті әсер түседі де, басқару мен бағыну аясындағы саяси қарым-қатынас туындайды. Яғни бұл қатынаста тікелей саяси билік көрінеді. Ал көлденең (горизонтальды) қатынастар саяси емес, көбінде, азаматтық болады. Дегенмен кей жағдайда саяси қатынас ретінде де қаралады. Бұл қатынастарда тікелей басқару күші болмайды. Көлденең қатынастарды көбіне «азаматтық» - деп, ал осындай қатынастары көп қоғамды «азаматтық қоғам» деп атайды. Саяси болсын, болмасын бұл қатынастар бір-бірінен мүлдем тәуелсіз бола алмайтынын ескерген жөн. Сонымен қатар, саясат субъектілері өз мүдделерін қорғау барысындағы саяси кеңістікте жүріп жатқан саясат тіршілігіне, зор ықпалын тигізіп жататын саяси көшбасшылары да табылып жатады.