Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мешітіне бару үкімі

Мәдина мешітіне сапар шегу мустахап амал. Өйткені ол - құлшылық ниетімен өзіне сапар шегуге шариғат заңды еткен ұлы үш мешіттің бірі. Мәдина мешітіне барумен қатар пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне бару амалының үкімі де мустахап.

1 - Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне барудың заңдылығы мына хадиске негізделеді: Ибн Хазима өзінің сахихында Ибн Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(من زار قبري وجبت له شفاعتي)

«Қабіріме келген кісіге шапағатым уәжіп болады».

Тағы бір хадисінде:

(من صلى علي عند قبري وكل الله به ملكا يبلغني وكفي أمر دنياه وآخرته وكنت له شفيعا أو شهيدا يوم القيامة)

«Кім маған қабірімнің қасында салауат тілесе, Аллаһ оған бір періштені өкіл етіп, періште оны маған жеткізеді. Оның дүниесі мен ақиреті мұңсыз болады. Сондай-ақ оған Қиямет күні шапағатшы не куәгер боламын»-деді[1298].

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне бару - Аллаһ тағалаға жақындатар амалдардың бірі. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من زارني بعد موتي فكأنما زارني في حياتي)

«Кім маған қайтыс болған соң келсе, маған тірі кезімде келген секілді болады»[1299].

2 - Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне Аллаһ тағалаға жақындау ниетімен бару. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ وَلَوْ أَنَّهُمْ إِذ ظَّلَمُواْ أَنفُسَهُمْ جَآؤُوكَ فَاسْتَغْفَرُواْ اللّهَ وَاسْتَغْفَرَ لَهُمُ الرَّسُولُ لَوَجَدُواْ اللّهَ تَوَّاباً رَّحِيماً ﴾

«..(Әй, пайғамбар!) Егер олар өздеріне зиян жасаған кездерінде саған келіп, Аллаһтан кешірім сұраса еді, елші де оларға кешірім сұрап, әлбетте, Аллаһты тәубаларын қабыл етуші әрі рахымды түрде табар еді»[1300].

3 -Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне бару сапарында Аллаһтың елшісіне көп салауат тілеу мустахап. Әсіресе, Мәдинаға жақындаған кезде.

4 - Мәдинаға кірерде ғұсыл құйынып, таза киім кию мустахап.

5 - Мәдинаға кіргенде оның Меккеден кейінгі артықшылғы мен дәрежесін сезіну.

6 -Мәдина мешітіне кіргенде Раудаға бет алу. Рауда дегеніміз - Мәдина мешітінің ішіндегі мінбе мен пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабірінің ортасындағы орын. Рауда сөзі қазақ тіліндегі мағынасы - бақша. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ما بين بيتي ومنبري روضة من رياض الجنة)

«Үйім[1301] мен мінбемнің арасындағы жер жәннат бақшаларының бірі (саналады)..»[1302].

Мешітке сәлем намазы сол жерде мінбенің қасында оқылады. Раудада сәлем намазы оқылған соң осы нығмет үшін Аллаһ тағалаға шүкір айтады. Дұға жасап, сапарының қабыл болуын тілейді. Сосын пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабіріне жақындайды.

7 -Қабірге жақындағанда ішінен: «Ас-саламу ъалайка, әй, Аллаһтың елшісі. Ас-саламу ъалайка, әй, пайғамбар. Ас-саламу ъалайка, әй, Аллаһтың таңдаулысы. Саған және әулетіңе, әйелдеріңе, ұрпақтарыңа және сахабаларыңа есендік болсын! Елшілікті толық жеткізгеніңе, аманатты толық атқарғаныңа, үмметіңе адал болғаныңа, қараңғылық пердесін кетіріп, ақиқатты түсіндіргеніңе, Аллаһ жолында лайықты күрескеніңе, өзіңе ажал келген сәтке шейін дінді орнатқаныңа куәлік етемін. Аллаһым, оған жәннаттағы дәрежені және жоғарғы орынды сыйлашы. Оны Өзің уәде еткен мақтаулы орында тірілте гөр». Арапша мәтіні:

"السلام عليك يا رسول اللّه، السلام عليك يا نبيّ اللّه، السلام عليك يا صفيَّ اللّه, السلام عليك وعلى أهل بيتك الطيبين الطاهرين، أشهد أنك قد بلغت الرسالة، وأديت الأمانة، ونصحت الأمة، وكشفت الغمة، وأوضحت الحجة، وجاهدت في سبيل اللّه حق جهاده، وأقمت الدين حتى أتاك اليقين، اللهم وآته الوسيلة والفضيلة وابعثه مقاما محمودا الذي وعدته وآته "

Сосын оң жағына қарай кішкене жылжып Әбу Бәкірге, Аллаһ тағала оған разы болсын, сәлем тілейді. Тағы кішкене жылжып, Омарға, Аллаһ тағала оған разы болсын, сәлем тілейді. Сосын пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабірінің басына қайта оралып, сол тұстан жүзін құбылаға қаратады. Аллаһ тағалаға мақтаулар айтып, шүкір етіп, өзіне, ата-анасына, отбасына, туыстарына, бауырларына және жалпы мұсылмандарға дұға тілейді. Сосын Раудаға келеді.

8 - Раудаға келгенде мінбеге жақынырақ тұрып Аллаһқа көп жалбарынады. Сосын Әбу Лубаба[1303] бағанасының қасына барады. Бағананың қасында екі рәкат намаз оқып, Аллаһ тағалаға тәуба келтіреді. Сосын Ханана бағанасына[1304] келеді.

9 - Мәдинада тұрақтаған күндері бүкіл намазды Мәдина мешітінде оқылуы қажет. Мәдинадан кетер кезде екі рәкат намаз оқып:

«Аллаһым, пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мешітіне келген бұл сапарымды соңғы қыла гөрме және тірі болғанымша тағы келуімді нәсіп ет. Дүние мен ақиретте кешірім мен азаптан құтылуымды нәсіп ете гөр»-деп дұға жасайды.

"اللهم لا تجعله آخر العهد بحرم رسولك وسهل لي العود إلى الحرمين سهلة وازقني العفو والعافية في الآخرة والدنيا وردنا إليه سالمين غانمين"

10 -Пайғамбарымыздың қабірін құшақтауға, сүюге, айналуға, оған жалбарынуға шариғатта мүлде болмайды. Мұндай істерден үмметіне ескерту жасап Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Раббысына былай жалбарынған еді:

"اللهم لا تجعل قبري وثنا يعبد"

«Аллаһым, қабірімді ғибадат қылынатын пұт жасай көрме».

Жетінші бөлім:

Наши рекомендации