О.Сүлейменовтың «Аз и Я» еңбегі; тағдыры мен тарихи мазмұны .
1975 жылы О. Сүлейменов «АЗиЯ» атты еңбегінде «Игорь жасағы туралы жырды» зерттей келе, өзіндік ғылыми тұжырым жасады. Яғни, бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді. Кеңес идеологтары О. Сүлейменовтың тұжырымдарын пантюркистік және орыс мәдениетіне қарсы жазылған ұлтшылдықтың көрінісі деп айыптады. Мұны автордың өз сөзімен айтқанда: «Кейбір өркөкірек, ұлттық намысы қозғыш шамшылдарға қатты батқаны: көне орыс ескерткіштеріне басқа ұлт өкілінің талдау жасап, пікір айтуы. Олардың ойынша мұндай зерттеу, мұндай пікірді, әсіресе славян түркі халықтарының көне мәдениеті және олардың өзара қарым-қатынасы туралы әуелгі пікірді басқа ұлттың өкілі емес, тек орыс халқының өкілі ғана болатын». Дәл сол кезде «АЗ и Я» кітабын оқуға тыйым салынды. О. Сүлейменов қуғындалып, моральдық қысым жағдайына түсті. Ал шын мәнінде Олжас Сүлейменовтың өз айтуынша: «Мен “Аз и Я” кітабын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында негізінен жақындасумен, бауырласумен өткенін, халықтардың тіпті тілдері араласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім. Тіл деген тарихи ақпараттың ең бай қоймасы. Мәдениеттердің өзара жақындасуының ең толық суретін біз тілден таба аламыз. Түріктің “товарищ” деген сөзі орысқа ауысқаны бекер деуге бола ма? Ұрыс кезінен “ура” сияқты сөздер ғана ауысады. “АЗ и Я” кітабының ел назарын ерекше аударғанының басты себебі – менің “Игорь жасағы жайындағы жырдың” ең алғашқы қостілді оқырманы болғандығымнан. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Жырда “Се уримъ кричатъ подъ саблями половецкыми” деген жол бар. Монолингвист аудармашылар оны “се у Римъ” деп оқыған. Сонда немене, Кончак қыпшақтары Римге дейін барған ба? Енді Русь жерінен Рим деген қала іздей бастаған. Одан кейін Мәскеуді кезінде “третий Рим” деп атағанын еске түсірген. Одан да болмаған соң Переяслав княздігіндегі Римов деген қаланы еске түсірген. Ал енді қос тілді оқырманның көзімен қарасаңыз бәрі оп-оңай орнына келе қалады. “Уримъ” – кәдімгі түркі сөзі. Әйелдің өрім шашы. Қыпшақтар Игорь жорығынан кейін Руське қайта шапқанда әйелдердің шашын кескен, сөйтіп қорлаған.
Талайлар менің түпкі ойымды тым қарабайырлатып түсіндіреді. “АЗ и Я” кітабы тап бір “Игорь жасағы жайындағы жырды” қазақ жазған деп дәлелдейтіндей айтады. Бұл – күлкілі нәрсе. Мен ол жырды қос тілді меңгерген адам шығаруы, нақты айтқанда, түркі тілдерін де білетін орыс адамы шығарған болуы мүмкін деймін. Тап-таза тілді табу мүмкін емес. Корей тілінің 75 пайызын қытай сөздері, француз тілінің 25 пайызын араб сөздері құрайды екен. Солардың соған намыстанып жатқанын естіп көрмеппін. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы ұлыдержавалық өркөкіректік орыс тіліне түркі сөздері араласқан дегеннің өзін кешіре алмады. Өркен жайған мәдениет – өзгелермен ұдайы, жүздеген жылдар бойы араласып-құраласудың жемісі. Сөз алмасу деген тілдің кедейлігінің белгісі емес, бұл оның даму үстіндегі тіл екендігінің белгісі.
Бақыт Кенжеевтің мына бір айтқаны өте орынды: "Қазақстанды әдеби тұрғыда әлем картасына енгізген дәл сол (О.С.), себебі, ол шын мөнісіндегі алғашқы халықаралық қазақ жазушысы болды. Олжас қазақтар туралы көп жазды жөне сол жазғандарымен бүкіл әлемді қызықтыра алды. Мәскеуліктердің оның кітаптарын қалай дүкен сөрелерінен сыпырып-сиырып алып кеткендері менің есімде. Ал, "Аз и Я" кітабы туралы ештеңе айта алмаймын, Бұл менің құлшылық етер кітабым..." (Мегаполис, 13,05.2004 ж.). Ақын туындыларынан қазақ халқы бастан өткерген жарқын жылдардың қуанышқа толы сәттері мен қайғыдан көңілі қалған ұлы өмірінің беттерін құрауға болады. Қанша ғасырлар бойы үлесіне тиген көптеген ауыр сынақтарды басынан өткере отырып, өзіндік төл мәдениетін толық дерлік алғашқы қалыпта сақтай алған таң қаларлық және бірегей қазақ елі тағдырының куәсі болады. Ақынның өзі бұл жайлы былай дейді: "Біздің ұрпақ кристалдану үстінде. Халық арасында намыс қозғалысы жүріп жатыр. Қорлықта жүргендерде қуаныш үғымы болуы мүмкін емес. Ақындар халыққа намыс қозғалысына күш-қуат жеткізіп туруға міндетті".
№49 О.Сулейменов – тілтанушы ғалым («Аз и Я», «Мың бір сөз», «Жазу тілі», «Атамзаманғы түркілері(Тарихқа дейінгі түркілер)еңбектеріне шолу)
Олжас Омарұлы Сүлейменовті көпшілік ақын, ойшыл, қоғам, мәдениет қайраткері тұрғысындағы қырын жақсы танып қалғаны сөзсіз. Лингвистика тілімен айтқанда, бұл айқындауыштар – бір адамның басына жетерлік дәреже, атақ, абырой. Бірақ, осы данышпанды жақсы оқыған, ақындық, ойшылдық түп негізін ашатын еңбектерін тереңнен зерделеп, дүниетанымын кеңейткен оқымыстылар Олжас ағаға берілген бұл сипаттың аз екенін, оның ұлы тұлғасын толық ашып бермейтінін түсінері хақ. О.Сүлейменов көрсетілген дәрежесімен ғана шектеліп тұрған жоқ. Данышпанға ғана тән, бірақ, көпшілік жай ғана сипап, көзінің қиығымен шолып өтетін мамандық қырларын тізіп берсек, бала кезімізде мұғаліміміз (физика, тарих мұғалімдері) қызықтырып әңгімелеген Ломоносов бейнесі көз алдымызда тұрғандай болады. Бұл арқылы орыс халқының танымал тұлғасын ерекшелейік деп емес, керісінше, бір бойында қанша қуаты бар, өмірдің қанша мазмұндық қырын танып, көре білген Олжас ағаның алып тұлғасын әлі де тиісті дәрежеде жеткізе алмай жатқандығымызды, тілдік ғылыми еңбектерін тереңнен қопара алмай жүргенімізді атап өткіміз келеді.
Аталған дәрежесіне тағы да қосып, қараңыз: Олжас – геолог-барлаушы; Олжас – әдебиетші, сценарист; Олжас – тарихшы, Олжас – журналист, редактор; Олжас – оқытушы, Олжас – тілтанушы (лингвист): түрколог, славянист, Олжас – Төтенше және өкілетті елші, т.б. Үзбесек, жалғасын тауып кете береді.
Халқымыздың назарына Олжас Сүлейменовтің көбіне-көп орыс тілді қазақ ақыны екендігі бірден ілігеді. Тіпті, орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде жазатындығы үшін өкпелейтіндер бар. О.Сүлейменов – орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде жазса да, ұлтын тарихи тектік жағынан талан-таражға салуға мүмкіндік бермеген, тілді зерттеу бағытын тектік түбірден шығару әдісімен нақтылаған, сөз жасаудың құрылымдық жүйесі мен үлгісін ғылыми дәлелдеп отырған, жүрегі мен қаны қазақша сөйлеген нағыз зерттеуші ғалым. Олжас тарихшы, тілтанушы, түрколог ретінде тіл негізін, тілдік дыбыс пен таңбаның адамзатқа ортақтастық жүйесін сонау студент кезінен қарастыруға бет қойған. Ол «Слово о полку Игореве» шығармасына қатысты ғылыми тақырыбын 1960 жылдан А.Горький атындағы Әдебиет институтында белгілеп, алғашқы түсінігін 1962 жылы жариялаған. Дипломдық жұмысының тақырыбы да осы аядан туындайды: «Категория одушевленности и неодушевленности в «Повести временных лет». Кейін ҚазМУ-дің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында «Тюркизмы в «Слове о полку Игореве»» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясы бекітіліп, қорғалады. Зерттеуде ғалым өз көзқарасын беріп, жүйелі ұстанымын жасады. Ақыры осы ғылыми жұмысын жеке зерттеулік еңбекке ұластырды. Еңбек «Аз и Я» деген аталыммен 1975 жылы орыс тілінде жарыққа шықты.
Тарихи лингвистикалық еңбек болып табылатын «Аз и Я» кітабының жазылу себебін ғалым 2010 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде берген сұхбатында түсіндіреді: «...көшпенділердің бәрін тек жабайы варварлардай есептейтін көзқарас ...жастайымнан жаныма тиетін. ...Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған жинақты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность Советского Союза – 6 млн. 200 тысяч человек» деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 миллионнан астам қазақтан 2 миллион адам ғана қалған... Осындай ойлардан барып тарих тереңіне сүңги бердім. ...Шежіреші, жылнамашы, тарихшылар халықтардың өткен өмірінен тек қақтығысты, тек соғысты, тек жанжалды жазып отырғанына көзім жете түсті. ...Мәдениеттердің өзара жақындасуының ең толық суретін біз тілден таба аламыз. Түріктің «товарищ» деген сөзі орысқа ауысқаны бекер деуге бола ма? «Ұрыс» сөзінен «ура» сияқты сөздер ғана ауысады». «...Аз и Я» кітабының ел назарын ерекше аударғанының басты себебі – менің «Игорь жасағы жайындағы жырдың» ең алғашқы қостілді оқырманы болғандығым...».
Ғалым: «Көшпенділер – мемлекет құрмаған деген де жай нәрсе. Әдеби жазба тіл – мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында сонау VІІІ ғасырда тасқа қашалған жазулардың тілі қандай ғажап десеңізші!...Еуропа мен Азиядағы талай отырықшы халық ол заманда мұндай байлыққа қол жеткізбеген...Түркі көшпенділерінің жазба ескерткіштерінің аз сақталуына ислам дінінің салқыны тиді... Діни фанатиктер тасқа түскен «бөтен» жазуларды жойып жіберіп отырған» - деп, ұлыс, ұлт тілінің түп-тегін жүйелі саралауға тырысты. Қазақ тілі ғылымында батыс зерттеушілерінің пікірін ұстаным ету әлі де басым. Тек өткен ғасырдың 90-жылдар соңынан бастап тілдік жүйе, ұлттық ерекшелік, жаһандық пен ұлттық тілдік белгіні, ұлттық тілдегі әлемдік бейнені, т.б. салыстыру, бір негізден шығару туралы көзқарас-пікірлер айтыла бастады. Бірақ, қазақ тіл ғылымында О.Сүлейменовтің сөз негізділігін, себептілігін білуге жетелейтін зерттеулерін танымдық, тарихи, тектік жағынан қарастыру толыққанды қолға алынбай отыр.
Ғалым О.Сүлейменовтің 1998 жылы шығарған «Язык письма» («Таңба тілі»/ «Жазу тілі») еңбегі адамзат өмірінің тарихилық кезеңі басталғанға дейінгі сөздің иероглиф белгісінің тектік негізбен (гентикалық) байланыстылығын, себептілігін (уәжін) анықтауға арналған. Алғашқы жазу, әріп пайда болуына қатысты: «Тарихтағы кез келген жазу – ең алдымен діни ұстанымның (идеологияның) белгісі. Содан кейін ғана мемлекеттік пен мәдениет белгісі бола алады. Барлық жаңа дін әлемге өз жазуымен ене бастады. Иудизм – көне еврей жазуымен; христиандық – грек, латын жазуымен; буддизм – көне үнді; зороастризм – авестиялық; мұсылмандық араб жазуымен келді» – деп, жазу мен діннің байланысын негіздеді. Еңбекте б.д.д. І мыңжылдықта адамзаттың жасаған жаңа діни ілімдерінің, пайғамбарлық сенімдердің бастауы Күнге табынудан туындағаны айтылады. Алғашқы таңбалық, әліпбилік жазудың белгілері, иероглифтік суреттің салынуы Күннің белгісін таңбалаудан басталғанын айтады. Көне египеттік иероглифтен басталатын «Күн» сөзінің айтылуы (ra) мен таңбасын тарамдата келе, қазақша «Күн» сөздік атауын майя тайпасының сөзімен (kin,kin,king), белгісімен (O), инк тіліндегі (kon) атауымен сәйкестендіреді. «Причинность слова» («Сөз себептілігі, негізділігі») деген негізгі бөлімінің «От стоиков к компаративистам» деген тақырыпшасында логика, тіл, мағына, сөз негізі мен уәжділігі, әлемнің тілдік бейнесі жайында үлкен тұжырым береді: «Единая разумная сила мира – логос, в котором нераздельно слиты активная и пассивная, материальная и духовная сторона бытия. Для постижения логоса необходимы три составные части знания – логика, физика и этика» деп сөзді зерттеуде ғылым тоғысын есепке алуды ескертеді.
О.Сүлейменов Соссюр бастаған тіл білімі зерттеушілерін қатты сынға алады, «сөздің тұрақсыздығы туралы ілімді тіл білімі өзі негіздеді» дейді. Тіл, сөз табиғатын түп тамырынан, түбірінен емес, тек үстірт, беткі бөлігін ғана қарастыру, сипап өту, сипаттау қате дей келіп: «Копошение в самых верхних пластах истории слова – вот удел современной этимологии. Нынешние этимологические словари ...уже не растекаются мысли по древу древности. Называют латинский первоисточник и точка. А как произошло латинское слово?» деп сөз негізін тек грек-латын тегінен іздеу себеп емес деп орынды мәселе көтереді. «Егер олай болса, онда ол да (латын сөзі) түп негізден-ақ жүйесіз пайда болғаны ғой!» - деп риторика тастайды.
«Иероглиф генетикасы» зерттеуін алға тартады. Алғашқы елтаңба, белгі, ою-өрнектердің белгілі бір кезеңде керемет және нақты мәні бар бейнелі жазу болғанын, кейін олардың сөзге айналғанын иероглиф тарихында түсіндіреді. Иероглиф кезінде жеке сөз болып, сөз ұғым тудырып, адам өмірінде миф, философия, ғылым, өнер туралы алғашқы білім бір деңгейде қалыптаса бастады. Осындай деректі білу барысында ғалым алғашқы жазу мен акустикалық таңбалардың жақын тектік өзара байланысын шешуді көздеген, содан «Сөз негізділігі – бейнелі таңба» деген қорытынды жасады.
О.Сүлейменовтің аталған зерттеуін қарастыру арқылы оның танымдық ғылымды терең игергенін көруге болады: «Занимаясь проблемами генезиса словесного знака, начинаешь понимать взаимозависимость всех областей знания и приходишь к выводу – узкая специализация, изучение обособленных обрывков единой нити, как самостоятельных целых, так же бессмысленно, как создание глобусов отдельных «самобытных» госдарств».
Зерттеуші алғаш сөздің пайда болуы, туындауы туралы таңба жүйесін сараптай, талқылай келіп, сөзжасамдық үлгінің негізін, кезеңін көрсетеді: 1) тіл дамуының бастапқы кезеңі – дыбысты тілге түсіру, дыбысты қайталау (звукоподражательный этап); 2) дыбысталатын белгілік таңбаға ұқсас «оқылмайтын» нысандарды – үнсіз деректерді атап беретін жазу кезеңі. Екі кезеңнен бастапқы сөз жасау үлгісінің жобасы пайда болады: Таңба + Атау + таңбаның түсіндірмесі =Сөз-Ұғым.
Сөз негізін танымдық жағынан қараған ғалым адамды, адам өзі жасаған мәдениетті табиғат тылсымынан бөлек қарауға болмайтынын пайымдай келіп, сөз табиғатын тотемдік негізбен ұштастырады. Сондай-ақ, алғашқы грамматика негізін үнді-еуропа, славян тілдерінен емес, түркі тілдерінің ерекшеліктерінен шығарып, дәлелдейді: «В тюркских языках революция грамматического строя, по-видимому, не произошло: они не признают ни артиклей, ни предлогов, не приставок. Только суффиксами управляется слово. И поэтому интересно сопоставить индоевропейские предлоги с тюркскими суффиксами, которые, кроме всего, помогают восстановить родственные связи между некоторыми индоевропейскими формантами, утратившими формальную схожесть» – деп, қазақ тіліндегі барыс септігі (-ға/-қа,-а) мен итальян-испан, славян тілдеріндегі предлогтың (ка – ко, къ – а) шектесімін дәлелдейді. Түркі тілдестер мен үндіеуропалықтардың жіктеу есімдіктері көне дәуірде ортақ жүйеден шыққан деп көрсетеді. Граматикалық негіздемеге қатысты соңында: мәдени негіз бен тектік негізді басты әдіснамалық зерттеу әдісі етіп ұстандырады.
Зерттеушінің «Таңба тілі»/«Жазу тілі» атты бір ұғымға сыйғызылған «Тарихқа дейінгі кезең – Кіші Адамзат жазуы мен тілінің шығуы туралы» жинағы – жеке тіл білімінің, жалпы тіл ғылымының, қала берді, ғылымдар тоғысының бастау көзі.