Азақстан жеріндегі материалдық және рухани мәдениет

1.VІ-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді. Олардың көтерілуі таптық қоғамның шығуының айқын көрінісі еді.

Орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде басты және ірі қалалардың бірі - Исфиджаб (қазіргі Сайрам) болды. Оның толық сипаттамасын әл-Макдиси берген. "Исфиджаб ірі қала, - деп жазды ол. Оның рабады (күзеті) мен тұратын мединасы бар. Онда (мединада) төбесі жоқ базарлар, мата базары мен үлкен мешіт бар. Оның төрт қақпасы: Нуджакет қақпасы, Фархан қақпасы, Шахраны қақпасы, Бұхара қақпасы әр қақпаның жанында рабады бар".

VІ-ХІІ ғасырларда тікелей сауда орталығы ретінде мәлім болған Исфиджабта тауарлардың көптеген түрлері өндіріліп, осы жерден басқа жақтарға мата, қару-жарақ, мыс пен темір әкетіліп тұрды. Ағын суы мол, ағашы көп және тамаша бақшалары бар ең гүлденіп, көркейген кенттердің бірі болған Исфиджаб қаласының қазылып, зерттеліп осы уақытқа дейін сыры ашылған жоқ. Бірақ оның қандай рөлі болғаны туралы жазба деректер аз емес.

Қазақстанның Сырдарияның орта бойына орналасқан ірі қалаларының бірі - Отырар. Араб-парсы деректемелерінде Отырар қаласы Фараб, одан бұрын Тарбан (Трабан) деп те аталған. IX ғасырдың бас кезінде арабтар Фадл-ибн Сахлдың басқаруымен Отырар аймағын басып алуға тырысты. Ол шекаралық әскерінің бастығын өлтірді және Қарлұқ Жабғуының ұлдарын қолға түсірді деп хабарлайды деректемелер. VІІ-VШ ғасырларда Отырар шахристаны мұнарлары бар дуалдармен қоршалған. Бұл дуалдар қайта салынған түрінде ІХ-Х ғасырларға дейін сақталған.

Археология және архивтік материалдар бойынша VII-VIII ғасырларда Отырардың билеушісі өзін теңдесі жоқ "Отырарбенді патшасы" деп атаған. Қала аймағында болған бірнеше ұсақ қоныстар мен қалалардың бірі — Кедер ІХ-Х ғасырларда оазистің астаналық орталық дәрежесіне дейін көтерілген, мұның өзі саяси жағдайдың өзгеруіне және осы ауданның оғыздарға бағынуына байланысты еді. Отырар өмірі Х-ХІІ ғасырлардан кейін де жалғасып, оның орта Сырдария өңірінің экономикасы мен мәдениетіне ықпалы күшті болған. Отырар көлемі жағынан ең өскен қала екен.

Қазақстанға белгілі болған орта ғасырлық қалалардың бірі - Тараз. Ол жазба деректемелерде 568 жылдан бастап аталады. Византия императоры Юстианның елшісі Земарх Килликискийдің Батыс түрік қағаны Дизабұлға берген есебінде Тараздың да аты аталған. Шамамен 630 жылы қытай саяхатшысы Сюань Цзан Таразды (Далассы) шеңбері 8-9 лиге (4-4,5 км) жеткен маңызды сауда орталығы деп сипаттайды.

VII ғасырда Тараз "Ұлы Жібек жолындағы" ірі мекенге айналды. Оны шапқыншылықтан қорғау кезінде түрік, қарлұқ, оғыз тайпалары, араб және иран жауынгерлерінің басын алып, талай рет ойранын шығарғаны жөнінде тарихи мағлұматтар бар.

Х-ХІІ ғасырларда Тараз қаласының су құбырлары, сонымен қатар күйген кірпіштен көпшілік үшін салынған моншасы болған. Оған жақын жерде Айша-бибінің күмбезі көтерілген. Ол жақсы күйдірілген кірпішпен қаланып безендірілген, қабырғаларына ою-өрнектер салынған. Қатты қирап тек батыс жақ қабырғасы мен бұрышы сақталып қалған бұл күмбез қазір қалпына келтірілді. Тараз жеріндегі ортағасырлық сәулет өнерінің тағы бір ескерткіші — Қарахан күмбезі. Өкінішке орай, қираған күмбез XX ғасырдың басында қайта тұрғызылып, соның салдарынан оның бастапкы жоспары бұзылып, сәнді өрнектері өшіп кеткен. Бізге дейін жеткені тек оның суреті ғана.

Тараз Жетісудың саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ірі орталығы болған. Оның төңірегіндегі Талас, Асса сияқты өзендердің бойында Төменгі Барысхан, Хамукет, Жікіл, Адахкет, Ден, Нуджикент, Құлан, Мерке, Аспара, Жұл, Баласағұн, Барсхан қалалары мен қоныстары бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатты. Сондай-ак, Іле өзенінің алқабында Қойлык, Талхиз, Екі-оғыз сияқты басқа да қалалар орналасқан.

XI ғасырда Ясы (Түркістан) қаласы Шауғар округінің орталығы саналған. Мұнда XII ғасырдың аяғында Ахмет Иассауи күмбезі салынып, қала діни орталыққа айналады.

Сырдариядағы ірі қала — Сығанақ. Казақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысына баратын керуен жолдарының қиылысында орналасқан ол XII ғасырда қыпшақ бірлестігінің орталығы болды. Қазір Сығнақтың орнында Сунақ-ата жұрты бар.

Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда жоғарыда айтылған кенттерден басқа жаңа бірқатар қалалар -Қарашоқы, Қарнақ, Ашнас, Баршылылықкент, т.б. пайда болды. Олардың алып жатқан жер көлемі ұлғайып, сауда шаруашылық орталығы - шахристаннан рабадқа ауысқан.

Қазақстан жеріндегі халықтардың экономикалық өмірінде сауда орасан зор рөл атқарды. Жазба деректемелер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда қатынасы болғанын дәлелдейді. VІ-Х ғасырлардағы халықаралық саудада "Ұлы Жібек жолының" зор маңызы болды. Бұл жол Шаштан (Ташкент) Газгирдке, одан Исфиджабқа жетті, одан әрі керуендер Тараз қаласына беттеген. Исфиджаб пен Тараз арасында бірнеше шағын қалалар мен керуендер аялдайтын сарайлар болған. "Жібек жолы" Тараздан терістікке қимақтарға қарай Адахкет, Дех-Нуджикент қалаларын басып етті.

Тараздан "Жібек жолымен" Төменгі Барысханға, Құланға (Луговое каласы), одан әрі Меркеге және Аспараға қарай шұбыра жолшыбай бірнеше қалаларға соғып, Бедел мен Ақсудан асқан керуендер Шығыс Түркістанға барып жетеді екен.

Исфиджаб қаласынан солтүстікке қарай шыққан керуен жолы Қаратаудың терістік бауырындағы Құмкент, Баба-ата, Созақ қалаларын, одан кейін Орталық Қазақстан далаларын басып өтіп, Кеңгір, Жезді, Нұра, сондай-ак Ырғыз бен Ертіс анғарларына, қимақ-қыпшақ тайпалары мекендеген аудандарға қарай беттейтін болған.

Маңызды сауда жолдарында керуен сарайлар, жолда құдықтар мен су қоймалары орналасқан. Өзендерге көпірлер салынған. Қалаларда сауда орны, ірі базарлар болған. Орта Азиядан шыны, асыл заттар, көп қолданылатын өнер бұйымдары, жылқы малы т.б. шығарылып, Қытайдан жібек, фарфор, керамика әкелінетін. Шеттен әкелінген бұйымдар — меруерттен, лазуриттен, маржаннан жасалған немесе солармен әшекейленген заттар.

Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болды. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.

Егін шаруашылығы елдің Оңтүстігінде, Сырдария, Арыс, Бадам өзендері алқабында, Жетісуда, Іле өзені бойында біршама жақсы дамыды. Орталық Қазақстан егіншілікпен судың тапшылығына байланысты тек өзен алқаптары мен тау бауырындағы жерлерде ғана шұғылданды. Елдің барлық жерлерінде егіншілік кәсіптері мал шаруашылығымен ұштасып жатты.

ІХ-ХII ғасырларда Отырар өңірі суармалы егіншіліктің орталығы болды. Мұнда егістік көп тармақты суландырмалы жүйемен жабдықталды. Су жолы Арыс өзеніндегі су қоймасы арқылы жүргізіліп, оның бір саласы Отырар қаласына келді, екінші саласы Құйрық төбе, Алтын төбе, Жалпақ төбе, Марданкүйік қалаларына барды. Отырарға баратын су жолы төңіректегі рабадтарды сумен қамтамасыз етіп, сонымен бірге қаланың солтүстігіндегі алқапты суландырған. Ал Сырдариядағы су жолы Сауран мен Сығанақты және сол жағалаудағы Сүткентті, Аркөкті, Аққорған және Үзкентті сумен қамтамасыз еткен. Талас жотасының тау бауырларындағы жерді суландыру үшін Бадам, Сайрамсу, Арыс, Ақсу өзендерінің суы пайдаланылған.

Жер кетпен тәрізді темір шоттар және темір, не шойын ұштары бар, жер жыртатын құралдармен /омаш/ өңделіп, егін ору темір орақпен жүргізілген. Дәнді ұнтақтау үшін тас диірмендер қолданылған. Қолдан суару негізінде Жетісу тұрғындары астық өсіріп, жүзім шаруашылығымен және шарап жасаумен айналысты, бақша және бау дақылдарын екті. Таудың төменгі етектерінде Талғар, Есік, Қаскелең, Үлкен және Кіші Алматы, Бақанас, Көксу, Лепсі езендерінің орта және төменгі ағыстарының бойында да суландыру құрылыстары болған. Талас өзенінен Тараз қаласына тартылған су жолы арқылы қаланың айналасындағы бау-бақшалар суғарылып, гүлдеп тұрған.

Қазақстан жерінде халықтар өздерінің даму дәрежесіне қарай қолөнер кәсібімен де шұғылданды. Феодалдық қатынастардың дамуы селолық қауымдардың натуральды шаруашылығының біртіндеп ыдырауына әкеп соқты. Құмыра жасаушылардың, шыны үрлеушілердің, зергершілердің, қару-жарақ жасаушылардың, ұсталардың, ағашқа, сүйекке, тасқа өрнек салушылардың істеген заттарына халықтың сұранымы күшті болды. Саз балшық бұйымдар өндірісі ерекше дамыды. Отырар алқабында және Қаратаудың бауырындағы қалаларда керамиканы өркендетудің қалыптасқан түрлері сақталған. Сырдарияның төменгі бойындағы қалалардан табылған саз балшықтан жасалған заттарда әсем өрнектер басым болды. Керамикадан кесе, тостаған, аяк-табақтар, т.б. ыдыстар жасалынып, сырты оюланып, неше түрлі қызыл, жасыл, сары, қоңыр түсті бояулар жалатылды. Аңдар мен құстар бейнеленген құйма ыдыстар тобы ынта қоярлық. Мәселен, Тараз қазбалары кезінде арыстанды бейнелеген тамаша табақша шықты. Отырарда өсімдік ою-өрнегімен әшекейленген құмыра табылды.

Бұрыннан келе жатқан ақша айналысы сол күйінде қалды. Қалалардың ішкі рыноктарында саудада мыс ақша қолданылды. Қалалар арасындағы, сондай-ақ, сыртқы саудада байлық ретінде жинап сақтауға қолайлы алтынның орнына күміс ақша пайдаланылды. XI ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда Тараз және Исфиджаб қалаларында ақша жасайтын теңге сарайы істеді.

2. Қазақстан жерінде УІ-ХІІ ғғ. өмір сүрген түрік тайпалары өздеріне тән үлкен материалдық мәдениет қалдырған. Олардың қалдықтары, әсіресе, соңғы жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде белгілі болып отыр. Түркі дәуіріндегі материалдық мәдениет қалдыктарының түрлері негізінен адамдардың шұғылданған шаруашылықтарымен байланысты болған. Оған археологиялық қазба зерттеулері нәтижесінде табылған заттар толық дәлел бола алады. Мәселен, түркі дәуірі кезіндегі обалардан көбірек кездесетін заттар: кол диірмендер, үккіштер, темір орақ т.б. құрал-жабдыктар. Бұлар ол кездегі халыктардың егін шаруашылығымен айналысқан жағдайын байқатады. Ал түркі тайпаларының мал шаруашылығымен кеңінен айналысқандығын археологиялық қазбалардың барысында молырақ кездесетін темірден жасалған ат әбзелдері (ауыздықтар, олардың әшекейлері, үзеңгілер), құрал-сайман, қару-жарақтар, әсіресе, темір семсерлер, найзалар, олардың ұштары т.б. көрсетеді. Олардың барлығы сол кездегі түркі тайпаларының темір қорытуды жақсы меңгергендігін дәлелдейді. Сондай-ақ, ғылыми қазба жұмыстары кезінде түркілердің зираттарынан құрал-саймандар, қару-жарақтармен қатар қолөнер бұйымдары, әшекейлік заттар өте көп кездеседі. Олардың ішінде: кіселер, белдіктер, омырауға тағатын алқалар т. б. бар. Кіселер алтын, күміс және қымбат бағалы тастармен безендіріліп отырған. Түркілер тамаша етікшілер болған. Табылған аяқ киімдердің ішінде өкшесі биік емес, қайқы бас етіктер және кебіс қалдықтары кездеседі.

Түркі халықтарының материалдық мәдениеті жөнінде айтқанда, әсіресе, зираттардың басына тастан жасалған мүсіндердің, көптеп қойылғандығы көңіл аударады. Олар: балбал тастар, тас келіншектер т.б. Бұл тас мүсіндер Қазақстанның барлық аймақтарында көптеп кездеседі. Олар түркі тайпаларының ішінде қолөнерінің, әсіресе, тас қашайтын шеберлердің болғандығын көрсетеді.

Х-ХII ғасырларда Қазақстан жеріндегі халықтардың ғылымы мен мәдениеті көрші елдерге қарағанда едәуір жоғары дәрежеде өркендеген. Бұған феодалдық қатынас-тардың нығаюы, мемлекеттік құрылымның шығуы, отырықшы-егіншілік шаруашылық пен қалалардың өсуі, шоғырланып топтасқан этникалық процестердің күшеюі сияқты тарихи жағдайлар әсерін тигізді. Орта Азия, Алдыңғы Шығыс және Шығыс Еуропа халықтарымен шаруашылық, сауда және мәдени байланыс жасау - осы елдердің халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетінің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізді.

Арабтар Қазақстандағы басып алған жерлерінде көне түркі жазуын ығыстырып, оның орнына араб жазуын енгізді. Бірақ, халықтың тілі бұрынғы түрік тілі болып қалды. Ал оқымыстылар өздерінің еңбектерін араб тілінде жазды.

Қазақстан жерінде туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі "Екінші ұстаз" ретінде белгілі болған Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн ұзлақ әл-Фараби ат-түрік Шығыс пен Батысқа X ғасырда мәлім болды. Ол 870 жылы түрік /қазақ/ отбасында Отырар (Фараб) қаласында туған. Руы -қыпшақ, әкесі - әскери адам болған, әл-Фараби жас кезінде өте зерек, ақылды, пысық, аттың құлағында ойнайтын, садақты да жақсы ататын болған. Ол қол өнері шеберлігін және ғылым негіздерін Отырардың медресесінде игерді, онда өзінің ана тілі және түрік тілінде оқыған. Бағдат халифатының орталығы Бағдат қаласында оқуын жалғастырған, ол араб тілін терең біліп үйренген.

Әбунасыр Бағдатқа барар жолында Шашта, Самаркандта, Исфақанда, Хамаданда және басқа қалаларда ұзақ уақыт аялдап, Бағдатта ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицинаны, музыка мен бірнеше тілдерді оқып, меңгерген. Ол грек ойшылы Аристотельдін, еңбектерін зор ынтамен оқып, үйренді.

941 жылдан бастап әл-Фараби ел басшылары өзіне көп қамқорлық жасаған Дамаскі мен Халеб қалаларында тұрды. Ол осы тұста белгілі ақындар мен ғалымдардың арасында өзінін, оқымыстылығы мен білімінің тереңдігімен көзге түсті.

Көптеген елдерде, әр түрлі этникалық ортада бола жүріп, әл-Фараби отанын ұмытпайды, өзінің түрік екенін үнемі айтып жүрген. Ол 950 жылы Дамаскі қаласында қайтыс болды.

Әл-Фараби философиясының негізі - аристотелизмдік эманация туралы неоплатондық іліммен ұштастыру болып табылады. Оның философиясының бірегей, дербес сипатына ешкім күмән келтірмейді. Негізінен идеалист бола тұрып, әл-Фараби материалистік пікірлер де айтқан. Мәселен, ол ең жоғарғы дүниенің бар екенін және оны түйсік арқылы танып-білуге болатынын мойындаған, адамның жанын денемен байланысты қараған. Нақ осы себептен де мұсылман дін басылары философты діннен безген деп те кінәлаған.

Дүние, әл-Фарабидің көзқарасы бойынша, материалдық элементтерден құралатын заттардан тұрады. Қозғалыс -денелердің қасиеті. Заттардың өзінде қозғалыс мүмкіндігі бар.

Сана туралы ілім әл-Фараби философиясындағы маңызды жетістіктердің бірі. Ол адамның санасы мен болмысының бірден бір бастамасы құдайдың құдіретімен болған деген объективтік-идеалистік түсінікке негіздеп, адамның санасы мен болмысындағы диалектикалық бірлігін ашты. Әл-Фараби жер бетіндегі дүниеге іштей тән және дүниенің заңдылықтарын анықтап отыратын "әрекетті сана" туралы тұжырым ұсынды.

Әл-Фараби ғылымының методологиялық мәселелеріне ерекше мән берді. "Ғылымдардың шығуы" деген трактатында ол ғылым дінге тәуелсіз деген тұжырымға сүйенді. Табиғат өз алдына дербес, оның себептері өзінің сипаты бойынша табиғи түрде болатынын атап көрсете отырып, құдайды тек қана әлемнің жаратылуында алғашқы себепшісі ретінде ғана бар деп білді.

Ғылымдар жүйесінде әл-Фараби жаратылыстану, математика ғылымдарына зор көңіл беледі. Оның математикалық астрономия, музыканың, физикалық-математика теориясы, сондай-ақ геодезия мен архитектураның математикалық негіздері жөнінде бірқатар іргелі зерттеулері бар.

Әл-Фараби тіл мен ойлаудың, логика мен тілдің өзара байланысы туралы өте маңызды пікірлер айтқан. Оның еңбектерінде ұғымдардың және олардың логикалық мазмұнының, сөздер мен сөз тіркестерінің семантикалық табиғаты мен байланысы атап көрсетіліп, тіл туралы топтастыру жайы көрсетілген.

Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы Шығыс пен Батыстың ғылымы мен мәдениетінің дамуына, оның ішінде ибн-Туфайл, ибн-Рушд, ибн-Сина, Омар Хаям, Родтер, Бэкон, Леонардо да Винчи және баска ойшылдардың шығармашылығына зор әсерін тигізді. Сол сияқты әл-Фарабидің еңбектері басқа оқымыстыларға, оның ішінде әл-Хорезмиге, әйгілі астроном және математик Аббас Жаухари, сондай-ақ тілші Махмұд Қашғаридің еңбектеріне үлгі болған. Өзі белгілі географ әрі саяси қайраткер, Қимақ ортасынан шыққан Жанақ ибн Хақан әл-Кимақи еңбектеріне ықпалын тигізген.

XI ғасырда Жүсіп Баласағұни мен Махмұд Қашғаридің түрік тілінде жазылған әдеби еңбектері тез тарады. Жүсіп Баласағұни (1021-1075 жж.) Баласағұн қаласында туған. Ол түрік отбасынан шықкан, жас кезінен бастап жақсы білім алып, әдебиетпен шұғылданған, парсы-тәжік әдебиетін көп оқыған. Жүсіп өзінің еңбектерін Қарахан әулетінен шыққан Боғра-қара-хақанға тарту еткен. Осыдан кейін хан оны жоғарлатып мемлекеттік бақылау қызмет басшысы етіп қояды. Оның бұдан арғы өмірі туралы деректер жоқ.

Жүсіп "Құтадғу білік" /"Құт негізі - білім"/ деген 6520 бет тұратын поэма жазған. Автордың пікірінше, ол идеалды қоғамның нормаларын, ондағы түрлі топтарға бөлінген адамдардың мінез-құлқын, ережелерін, билеушілер мен бағыныштылар арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерін сипаттайтын терең мағыналы философиялық-дидактикалық шығарма. Осы еңбекте ол ел басқарған әкімдерді жаман қылықтан сақтандырған.

Махмұд Қашғари /XI ғ./, толық аты Махмұд ибн әл-Хүсейн ибн Мұхаммед әл-Қашғари (1030-1090 жж) Қашғарда туса керек. Автордың айтуынша, Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстық көлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралайды. Ол біраз уақыт Бағдат қаласында тұрған. Онда араб тілін окып үйренеді. Махмұд түріктердің тілі мен ауыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет- ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап "Диуани лұғат-ат-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.

Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет Иассауидің (1103-1166) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Иассауи деп те атайды. Ол Оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам мен мұсылман дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Оның өлеңмен жазылған "Диуани хикмат" ("Даналық жайындағы кітап") деген еңбегі бар. Ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған Қожа Ахмет бір өлеңінде дәріптейді.

Ахмет Иассауидің Хакім ата деген атпен елге есімі белгілі Сүлеймен Бақырғани /1186 ж. өлген/ сияқты шәкірттері де аз болмаған. Қожа Ахмет Иассауи Сайрамнан /Исфиджабтан/ шыққан, оның ұстазы исламды уағыздаған белгілі Арсылан-баб немесе /Баб Арсылан/ болған.

VIII ғасырда Қазақстан жерінде түрік тайпаларының арасында ислам діні тарай бастайды. Саманид әулеті тұсында ислам қарқынды түрде тарады. Оны тарату үшін Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Жетісуға көптеген жорықтар жасалды. Саманидтер Исфиджаб, Фараб, Шаухар және Тараз қалаларын басып алып, өздеріне тәуелді етті. Исфиджаб үшін болған шайқастар "дін жолындағы күрестің" орталығына айналды. X ғасырдың аяғында ислам Жетісу қалаларына тарады және олардың көпшілігінде мешіттер пайда болды. Қарахандықтар Шу алқабын жаулап алғаннан кейін исламды ресми дін деп жариялады.

Наши рекомендации