Тақырып. Өндірістік менеджментке кіріспе
1. Өндірістік менеджмент пәні, объектісі, мақсаты және міндеттері
2. Өндірісті басқару мәні, мақсаты және функциялары
3. Өндірісті басқару принциптері мен процестері
4. Өндірістің даму тарихы
1. Өндірістік менеджмент пәні, объектісі, мақсаты және міндеттері
«Өндірістік менеджмент» пәні жоғарғы кәсіптік білім беру бағытындағы барлық экономикалық және техникалық мамандықтарды дайындау бойынша оқу жоспарымен қарастырылған. Аталған пән әлемнің барлық университеттерінде әртүрлі профильдегі менеджерлерді, экономистерді, инженерлерді жалпы кәсіптік дайындаудың міндетті элементі ретінде қарастырылады. Бүгінгі күні, «Өндірістік менеджмент» пәнінің мазмұнын құрайтын білімдер мен дағдыларды қажет етпейтін кәсіптік қызмет саласында бизнес сферасы жоқ.
«Өндірістік менеджмент» пәнінің зерттеу объектісі кәсіпорын (ұйым) болып табылады. Кәсіпорын көлемі, оның ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны және салалық қатыстылығының мәні зор. Сондықтан, аталған пәнді зерттеу кезінде барлық кәсіпорындарға тән жалпы және де жекелеген кәсіпорындардың ерекшелігіне байланысты жекелей сипат беріледі.
Өндірістік менеджментті зерттеу пәні кәсіпорынның өндірістік қызметін басқарудың әдістері мен принциптері болып табылады.
«Өндірістік менеджмент» пәнінің мақсаты кәсіпорынның өндірістік қызметімен байланысты, басқарушылық шешімдерді қабылдау саласында теориялық білімдер мен тәжірибелік дағдыларды студенттермен игеру болып табылады.
Пәннің міндеттері келесідей:
· кәсіпорынның өндірістік қызметін басқарудың теориялық негізін зерттеу;
· кәсіпорынның өндірістік қызметін басқару саласында стратегиялық және жедел шешімдерді қабылдау әдістерін игеру;
· кәсіпорынның өндірістік қызметін басқару саласында талдау және синтездеу әдістерін меңгеру;
· заманауи технологиялық ақпараттар заманында өндірістік менеджмент саласындағы шешімдерді қабылдау құралдары мен кең ауқымда әдістерді қолдануға дағдылану;
· Пәнді зерттеу экономикалық статистика, экономикалық-математикалық үлгілеу, микроэкономика, салалық экономика, кәсіпорын экономикасы салалық өндіріс технологиясы, менеджмент негіздері, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру пәндеріне негізделеді.
Пәнді зерттеу нәтижесіндегі алған білімдер бизнес-логистика, бизнес-үрдістердің реинжирингі, бизнес-әкімшілік және халықаралық бизнес пәндеріне негіз болып табылады.
2. Өндірісті басқару мәні, мақсаты және функциялары
Кәсіпорының негізгі өндірісінде еңбек заттарын өнімге айналдыру жүзеге асады. Негізгі өндірістің өзара байланысқан әрбір цехындағы жұмысшылар мен қызметкерлер, сәйкес ұжымға біріктіріліп, өнімді дайындау бойынша алға қойған мақсаттарды жүзеге асырады және өндірістік процеске қатысады. Бұл жерде өндірістік және ақпараттық процестер тікелей байланыста болады.
Егер, олардың алғашқысы, өндірістік еңбекті сипаттаса, онда ақпараттық процестің нәтижесі шешім дайындау болып табылады. Ақпараттық процесс берілген өндірістік бағдарламаларды орындау үшін олардың іс-әрекетін нормативті тәртіп белгілеуін, жұмысшылар, бригадалар, өндірістік цехтар және цехтар арасындағы жұмыстың келісімді, нақты орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл шешімдер, басқару болмысы бола отырып, алға қойылған мақсаттарға жету үшін адамдар ұжымын ұйымдастыруға әсер етеді. Басқару мақсаттылы ұжымдарға ғана әсер етіп қоймай, сонымен бірге, әртүрлі әдістермен жүзеге асырылатын және әртүрлі нысанда болатын, өндірістік процестерге де әсерін тигізеді.
Өндірістік процестерді ұйымдастыру нысандарына өндірістің автоматтандырылу деңгейі мен осы процесте қалыптасатын адамдар арасындағы қарым-қатынас әсер етеді. Өндірістік процестердің орналасқан орнына және ұйымдастырылу нысандарына қарамастан, басқару кәсіпорындағы өндірістің барлық деңгейін (цехтар, учаскілер, бригадалар, жұмыс орындарын) қамтып бір мақсатты жиынға біріктіреді.
Өндірісті тікелей басқару жоспарлау (мақсат қою), жұмысты ұйымдастыру (бөлу), үйлестіру, еңбекті ынталантыру (мотивация), шешімдердің орындалуын бақылау және өндіріс барысын реттеу негізінде жүргізіледі.
Кәсіпорынның өндірістік бөлімшілері белгіленген мақсаттарға сай дамиды және іс-әрекет етеді. Жалпы алғанда, кәсіпорын үшін өнім сапасы және өндіріс көлемі, белгіленген немесе таңдалған ассортиментке сәйкес оның қызмет етуге бағыттылығын анықтайтын негізгі мақсат (стратегиялық, глобалды) тән. Көрсетілген мақсатты жүзеге асыру бөлімше ұжымының нақты міндетті, оларды орындау үшін іс-шараларды және де сәйкесінші ресурстарды айқын анықтауды талап етеді.
Мақсаттар мен міндеттер – бұл цех ұжымының қызметі нәтижесіндегі жететін жетістіктерінің соңғы шегі. Әр бөлімшенің өз міндеттері болады, олар кәсіпорынның мақсатына жетуге септігін тигізеді. Мақсаттар мен міндеттер, әдетте, орындалудың соңғы нәтижесі бойынша бірдей болып келеді. Міндет дегеніміз - өндірістік бағдарламаның орындалуының соңғы нәтижесі болса, ал мақсат дегеніміз кәсіпорынның, оның бөлімшелері жұмысының сандық және сапалық көрсеткіштері болып табылады. Яғни ағымдық айда өндірістік учаскенің шебері алдына бөлшектердің құндық, сапалық және сандық, белгіленген ассортиментті шығару бойынша міндеттер қоюға болады.
Кәсіпорын, цех басшыларының алдында мынадай мақсаттар тұруы мүмкін: төмен өндірістік шығындармен белгіленген көлемде өнім өндіру, өнімнің бүліну пайызын төмендету, жұмыс күшінің ағымдылығын болдырмау, жаңа қондырғыларды сатып алу және орнату немесе белгіленген мерзімге дейін жұмысшы қондырғылардың орын ауыстыруын іске асыру және т.с.с. Бұл сандық көрсеткіштер ұжымның мақсаты болып табылады.
Мақсаттың сапалық көрсеткіштері көмескі сипатта және белгілі кезеңде (жыл, квартал, ай) ұжымның міндетін көрсетеді. Мысалы, оларға келесі мақсаттарды жатқызуға болады:
· бухгалтерлер, экономист, басқару бойынша мамандардың жұмыс орындарын автоматтандырумен байланысты өндірісті басқарудың ұйымдастыру құрылымын жетілдіру;
· кәсіпорынның, цехтардың функционалдық қызметтеріндегі кадрларды қайта дайындауды жүзеге асыру;
· басқару және өндірістің тиімділігін арттыру үшін, мамандырылған кадрлар аппаратын ұйымдастыру және жинақтау;
· қызметкерлер мен жұмысшылардың өндірістік емес уақытын жоғалтуды шектеу.
Цехтарда жұмысшылардың қызметі ұжымдық болғандықтан, әр қойылған мақсат топтық болып табылады. Осыған байланысты, мақсат әр жұмысшыға түсінікті нысанда болуы қажет, сонда ғана, оған жету мүмкін және ұжым жұмысы тиімділігін нәтижесін көруге болады.
Әрбір өндірістік бөлімшелердің міндеттері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ негізгі басқару мақсаты әрқайсысы үшін бірдей.
Өндіріс процесінде цехтар арасында белгілі өндірістік қатынастар және басқару қатынастары орнайды, ол басқару персоналы мен тікелей өнім өндірушілер арасындағы байланысты көрсетеді және де өндіріске қатысушылардың біріккен қызметін ұйымдастырады. Жалпы кәсіпорын үшін және әрбір цех үшін соңғы мақсат басқару мен өндіріс қатынасын өзгертуге бағыттылығын анықтау.
Көрсетілген ықпалды жүзеге асыру үшін уақыт пен кеңістікте өзара байланысқан және рационалды бөлінген басқарудың функциялары, әдістері және ұйымдастыру құрылымы қолданылады. Оларды өндірісті басқару жағдайына қатысты қарастырайық.
Өндірісті басқару функциялары алуан түрлі және оның барлық жақтарын қамтиды. Олар түрлі объектілерге, қызмет түрлеріне, міндеттерге және т.б. қатысты болуы мүмкін. Осыған байланысты, басқару функцияларын келесідей белгілері бойынша топтастыруға болады:
· басқарылатын объекттің белгілері бойынша: кәсіпорын, цех, учаске, бригада, жұмыс агрегаты;
· қызмет белгілері бойынша: экономикалық, ұйымдық, әлеуметтік;
· біркелкілік белгілері бойынша: жалпы, арнайы;
· еңбектің мазмұны бойынша: ғылыми зерттеулер, өндірісті дайындау, жедел басқару, қамтамасыз ету және өткізу, техникалық-экономикалық жоспарлау және талдау, бухгалтерлік есеп, кадрларды басқару, жоспарлау және еңбек есебі мен еңбекақы, жоспарлау және қаржы есебі;
· міндеттердің сипаты бойынша: жоспарлау, ұйымдастыру, реттеу, бақылау, талдау және есеп, ынталандыру;
· шешімдердің мерзімділігі бойынша: бір реттік, белгілі бір уақыттан кейін қайталанатын және т.б.
Өндірісті басқару функцияларының негізгілеріне (жалпы) келесілер жатады: ұйымдастыру, нормалау, жоспарлау, үйлестіру, ынталандыру, бақылау және реттеу.
Ұйымдастыру функциясы басқару жүйесіне қатысты, ол өзіне тән қасиеттерді, құрылымды, құрамды, өзара байланысты және көрсетілген элементтердің өзара әрекеттесу процесін сипаттайды. Сонымен қатар, бұл функция әрбір басқару функциясын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және басқару жүйесін ұйымдастыруға қатысты.
Басқаруды ұйымдастыру – бұл басқарылатын жүйенің буыны мен элементтерінің оңтайлы үйлесімділігінің тәсілдер мен әдістер жиынтығы және оның басқарылатын объектілері мен басқа да басқарылатын жүйелерінің өзара байланысы.
Мөлшерлеу функциясын басқару және өндіріс процесінде қолданылатын, әртүрлі элементтердің сапалық және сандық бағаларын орнататын, ғылыми негізделген есептік шамаларды дайындау процесі деп қарастыруға болады. Бұл функция объектінің іс-әрекетіне, өндіріс барысында біркелкілік пен ырғақтылықты және жоғары тиімділікті қамтамасыз ететін өндірістік міндеттерді дайындау мен жүзеге асыруды тәртіптейтін нақты және қатаң нормалармен ықпал етеді.
Сонымен қоса, кәсіпорын және цехтарда шығарылатын өнімнің техникалық деңгейін анықтайтын (стандарттар мен техникалық жағдайлар) нормативтер, тұтас жүйедегі тәртіп ережелерін құрайтын, әр түрлі басқару буындарының құқықтары мен міндеттерін сипаттайтын нормативті құжаттар және т.б. құжаттар жасалады және жүзеге асырылады.
Жоспарлау фунциясы барлық басқару функциясының арасында орталық орынды алады, өйткені ол алдына қойған мақсаттарды жүзеге асыру процесінде объектердің іс-әрекетін қатаң реттеуге арналған. Ол өндірістік бағдарламаларды дайындау және әртүрлі жоспарлы кезеңдерде әрбір бөлімшенің нақты міндеттерін анықтауды қарастырады.
Үйлестіру функциясы кәсіпорын мен цехтардың өндірістік және функционалдық бөлімшелеріндегі жоспарлау міндеттерін орындау процесінде қатысатындардың келісімді және реттелген жұмысына қол жетуге мүмкіндік береді. Бұл функция өндіріс процесінде қамтылған адамдар ұжымына үнемі және оның қызметін жедел үйлестіретін кәсіпорын және цехтардың тікелей басшылар мен функционалды қызметтер жағынан ықпал ету нысанында жүргізіледі.
Мотивация функциясы тиімді еңбекке ынталандыратын себеп, қоғамдық ықпал, қоғамдық және тұлғалық марапаттау шаралары және т.б. нысандармен цех ұжымына ықпал жасайды. Көрсетілген нысандар басқару органдарының жұмысын жұмылдырады, өндірісті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін көтереді.
Бақылау функциясы әрбір цехтың өндірістік қызметін талдау, жалпылау, анықтау және басқару шешімдерін дайындау мақсатында басқару қызметтеріне және бөлім жетекшілеріне мәліметтерді жеткізу арқылы адамдар ұжымына ықпал ету нысанын білдіреді. Бұл функция жоспарлы міндеттерді орындау барысында, қойылған көрсеткіштерден ауытқуды көрсетеді және ауытқулар себебін талдау туралы ақпарат негізінде жүргізіледі.
Реттеу функциясы үйлестіру және бақылау функцияларымен бірге жүреді. Өндіріс барысында ішкі және сыртқы орта жағдайлары дайындалған бағдарламаларға ықпал етеді, соның нәтижесінде міндеттерді орындау процесінде бұзушылықтар пайда болады. Реттеу функциясы өндіріс барысында пайда болған залалдар мен ауытқуларды жою мүмкін болмаған жағдайда, оның алдын алу үшін жедел шараларды қабылдау арқылы орындайтын өндірісте қамтылған адамдар ұжымына ықпал ету арқылы жүргізіледі. Бір уақытта оның ырғақтығын сақтау үшін өндірістің өзара байланысқан буындарының ағымдық жұмысын үйлестіру жүріп жатады.
Өндірісті басқару процесінде бақылау және реттеу функциялары икемді құралдар рөлін атқарады, олардың көмегімен өндіріс барысында жоспармен ескерілген қатаң шектеулер үздіксіз енгізіліп отырады.
3. Өндірісті басқару принциптері мен процестері
Өндірісті басқару процесін жедел міндеттер мен экономикалық негізделген өндірістік бағдарламаларды құру мен бекіту, сәйкес ақпаратты өңдеу және тіркеу негізінде олардың нақты жағдайын білу және басқару объектілері үшін мақсаттарды анықтау бойынша басқару персоналының кезектілі әрекетінің жиынтығы деп түсінуге болады.
Басқару персоналының бұл кезектілі әрекетін теориялық ережелер мен ғалымдармен басқару принциптері (дара басшылық, міндеттерді оңтайлы бөлу, деңгейлердің оңтайлы саны, жетекшінің ақпараттық қамтылуы, бақылаудың болуы, алғашқы ақпараттың дәлдігі, ақпараттық жүктіліктің оңтайлығы, нәтижеге жетуге орындаушының ынталылығы) негізінде жүргізуге болады.
Егер де кәсіпорынды басқаруда әйгілі Макс Вебердің (1864-1920) басқару принциптерін қолданса, өндірісті басқару процесі тиімді болады.
1. Еңбекті дұрыс бөлу, осының нәтижесінде жоғары мамандандырылған мамандар пайда болады;
2. Басқару деңгейлерінің иерархиясы, соның нәтижесінде төмендегі деңгей жоғарыдағы деңгеймен бақыланады;
3. Әртүрлі міндеттердің бағыттылығын қамтамасыз ететін және қызметкерлердің өз міндеттерін бірдей орындауға арналған стандарттар мен ресми ережелердің өзара байланысқан жүйесінің болуы;
4. Өз қызметтік міндеттерін орындау барысында ресми тұлғалардың формальділігі;
5. Техникалық мамандандырылған талаптарға сай қатаң түрде жұмысқа қабылдауды жүргізу. Себепсіз жұмыстан босатылудан қызметкерлерді қорғау.
Негізгі өндірістің цехтары қойған мақсаттардың орындалуын және өнім өндіру бойынша еңбек ұжымының келісілген өзара іс-әрекетінің, олардың жұмысының айқын және қатаң тәртіп белгілеуін талап етеді. Бұл әрбір цехтың мақсаттарын анықтау, өндірістің нақты жағдайын зерттеу негізінде сол мақсаттарды жүзеге асыру үшін нақты міндеттерді және олардың тәжірибеде орындалуы бойынша шешімдер дайындау нәтижесінде жүзеге асады.
Кез келген цех әр жоспарлы кезеңде белгілі бір өндірістік жағдайымен сипатталады, ол қойылған мақсаттардың орындалуына сөзсіз әсер етеді. Бұл жағдайды ескермеуге болмайды.
Сондықтан, басқару процесіндегі (үрдісіндегі) маңызды фактор әрбір цехтағы өндірістің нақты жағдайын бағалау және өндіріс кезінде қалыптасқан өндірістік жағдаймен мақсаттың арасындағы қарама-қайшылықты жеңудің жолдарын анықтау болып табылады. Осыған сәйкес, қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін максималды мүмкіндіктерін ескере отырып, әрбір цех нақты міндеттерін анықтайды.
Басқару процесінің соңғы кезеңі басқару шешімін дайындау және қабылдау болып табылады, онда жоғарыда айтылған қарама-қайшылықтар жойылып, міндеттерді орындау үшін ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жолдар көрсетіледі.
Басқару процесін тәжірибеде іске асыру цехтарға, учаскелерге және бригадаларға өндірістік бағдарламаларды құру және олардың орындалуын үздіксіз қадағалау бойынша қайталанатын жұмыстар болып табылады.
Көрсетілген жұмыстардың бірінші бөлігі, өндірісті жоспарлауға қатысты, ол сәйкес белгіленген жоспарлы кезеңде (тоқсанда, айда, аптада, тәулікте, ауысымда бір рет) жүргізіледі. Екіншісі, өндіріс барысында реттеу үшін алынған ақпаратты қолдану мен жинауға қатысты жоспарлы міндеттердің орындалуын бақылаумен байланысты.
Өндірісті жоспарлау және реттеу үшін өндірісті дайындау туралы, өндірістік бөлімшелердің нақты міндеттері мен мақсаттары туралы және өндірістік бағдарламаларды цехтармен орындау барысында алынған, өндірістік процестің жағдайы туралы ақпарат қажет.
Мәліметтерді тіркеу және өндірісті дайындау бөлімшелері мен цехтардың жұмысының нәтижесі туралы ақпараттың жинақталу процесі және де оларды өндірісті басқару органдарына беру күнделікті және үздіксіз жүріп жатады. Осы процестегі ең күрделі, еңбек сыйымды, әрі жауапты жұмыс цех және оның бөлімшелерінде пайда болған ақпаратты уақытылы тіркеу болып табылады.
Бұл процедураның қиын жолы құжаттау арқылы немесе аса тиімді жолы – есептеу техникасының көмегімен іске асыруға болады
Өндірісті жоспарлау міндеттерінің тиімді нұсқау шешімін іздестіруде ЭЕМ-ды пайдаланылатына қарамастан, басқару процесіндегі соңғы кезең, яғни соңғы шешім қабылдау адаммен іске асырылады.
4. Өндірістің даму тарихы
Шамамен жүз жыл бұрын жаңа ғылым: өндірісті ұйымдастыру ғылымы немесе қазіргі уақытта «өндірісті ғылыми ұйымдастыру» деп аталатын ғылым пайда болды. Сонымен бірге, қазіргі уақыттағы әдебиеттерде «өндірісті ұйымдастыру» түсінігінің мазмұнына нақты анықтама берілмеген. «Өндірісті ұйымдастыру» түсінігіне анықтама беруге ХХ ғасырдың басында ресей ғалымдары К. Адамецкий, Аронов М., Будрянский М., Милонов Ю., Чахотин С., тырысты. Кейін 30-жылдардың соңында және 40-жылдар басында Коценбоген Б., Любович Ю., және т.б. ғалымдар нақтылау анықтама берді. 60-шы, 70-ші және 80-шы жылдардың көптеген ғалымдар «өндірісті ұйымдастыруға» өздерінің анықтамаларын беруге тырысты. Берілген анықтамаларды 2 топқа топтастыруға болады:
1. Өндірісті ұйымдастыру – кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметіндегі объективті экономикалық заңдардың пайда болуын және іс-әрекетін зерттейтін ғылым.
2. Өндірісті ұйымдастыру – белгілі бір мақсатқа жету үшін өндірістің заттық элементтерінің және жеке уақыт пен кеңістіктің ұтымды бірігуі.
Қазіргі экономикалық әдебиеттерде «өндірістік ұйымдастыруға» келесідей тұжырым қалыптасты - «кәсіпорынның мақсатына жету үшін минималды ресурс шығындарын жұмсай отырып өндіріс элементтерінің кооперациялау, бөлу және таңдау әдістері».
1956 жылы Американдық институт «өндірісті ұйымдастыру» анықтамасын қабылдады: «Өндірісті ұйымдастыру туралы ғылым үлгілеу практикада интегралды жүйені, оның ішінде адамдар, материалдар мен техникаларды тексеру».
Тарихта ең бірінші «өндірісті ұйымдастыру» Египет фараонының өркениетінде байқалды. Сол кезде Египетте мемлекетті басқаруға ең көп көңіл бөлінді. Египеттегі пирамидалар мен суармалар жүйесін салу мыңдаған адамдарды тиімді басқару, ұйымдастыру және бақылау нәтижесі басқаруды қажет етті. Б.з.д. V-VI мың жылдықта әртүрлі «шағын» сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алу және жазбаша жауаптар алу тәжірибеге енді.
Шамамен сол ғасырларда Вавилон өркениетінде патша болған Хамурапидің заңнамасы шыққан. Мұнда еркін жұмысшылардың еңбегі үшін ақы төлеу заңы қабылданды және басқарушылар өз жұмысын басқа адамдарға жүктеуге тыйым салынған. Мың жылдан кейін сол Вавилонда Навуходанасор ІІ былай деп жазған, - егер еңбек еткен адамға жалақы төленсе, онда оның жұмыс істеу ынтасы жоғары болады.
Сократ басқаруда «жүйелік принципті» енгізді, ал Ксенофон оны жеке бір өнер деп жазды. Парсылық Шах Кир: адамдардың ынтасын тудырушы қасиетін арнайы зерттеу керек, яғни мотивацияны зерттеу қажет деген. Кейіннен ол жоспарды қолдану тиімді деп жазған.
Грецияда еңбекті ұйымдастыру тереңнен зерттелді, Платон мамандандыру принципін енгізді. Ескендір өз әскери басшылығында ең бірінші – басшылар кеңесін ұйымдастырды, оны кейіннен «штаб» деп атаған. Антикалық дүниеде ең соңғы тұжырымдаманы «Жұмыс құқығын делигирлеу принципі» Диоклетианды енгізді.
Басшыларға қоятын талаптар жүйесін дамытқан, Шығыста екінші Аристотель атанған Әбу-Насыр Әл-Фараби және оның ойын толықтарған Шығыс философы, теолог Әл-Газали болды.
Кейінірек осы мәселелермен итальян ғалымы Маккиавелли айналысты, оның замандасы Томас Мор жаман басқарудың жағымсыз зардаптарын талдады.
XVIII ғасырда ғалымдар адам мотивациясына көңіл бөлді. 1651 жылы ағылшын философы Томас Гоббс өз «Левиафан» кітабында адамның негізгі мотивациясы билікке ұмтылу деген. Жүз жылдан кейін бұл мәселені толық талдаған, оның отандасы Джеймс Стюарт болды.
Басқару теориясы мен практикасының дамуындағы жаңа ғасырды XVIII ғ. аяғындағы және XIX ғ. басындағы өнеркәсіптік төңкеріс ашты. Ғылыми эксперимент кеңінен қолданыла бастады, оның көмегімен өндіру және еңбекақы нормалары, жабдық жұмысының максималды жылдамдылығы, оңтайлы өнім шығару есебі, өндіріс және еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру анықталды.
XVIII ғасырдың басында француз ғалымы Шевалье «Кәсіпорын өндірісін ұйымдастыру техникасы» кітабында келесідей еңбектерді қарастырған: Аммонтонэнің «Кейбір жұмыстарды орындауда адамдар мен аттардың нақты жылдамдылығы туралы» баяндамасы; Вобанның «Кесімді еңбек ақыны қолдану үшін хронометраж жүргізу туралы» еңбегі; Перронның «Түйреуіш дайындау кезіндегі еңбекті бөлу мәселесі бойынша» еңбегі.
1798 жылы атақты физик Кулон «Адам еңбегінің өнімділігі туралы» баяндамасында хронометраж туралы ұсыныстар берген.
Ағылшын Р.Аркрайт игерілетін машинаның ресми құрастырушысы болып табылады. Ол өзінің фабрикасында тоқыма өндірісінің барлық процесін жүзеге асырды және оны ұйымдастырудың иерархиялық принципін ашты. Жабдықты орналастыруды жоспарлау, еңбекті бөлу, машина мен персоналдың жұмысын үйлестіру негізінде технологиялық процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етті. Осының негізінде шығындарды үнемдеу және бәсекелестерді жеңу мүмкін болды.
Еңбекті бөлу туралы ілім, өндірісті ұйымдастыру туралы ғылымның маңызды бір құраушысы болып табылады. Оны толық зерттеген шотландық экономист Адам Смит (1723-1790). Осы ілімдерді өзінің «Халықтар байлығының табиғаты мен себебі туралы зерттеу» классикалық еңбегінің бірінші бөлімінде қарастырған.
Р.Оуэн бірнеше шотландық тоқыма фабрикаларының басқарушысы мен директоры болды. 1800-1828 жж. ол әлеуметтік-экономикалық тәжірибе өткізді, оның мәні жұмысшыларға тұрғын үй беру, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын жақсарту, оларға бірінші кезектегі қажеттіліктерді қанағаттандыратын тауарларды қол жетерлік бағамен сататын дүкендер ашу. Оуэн осындай шараларды қолдану арқылы еңбек өнімділігін жоғарылатты.
Басқарудың теориясы мен практикасының дамуында маңызды қадам жасаған ағылшын Чарльз Бэббидж (1791-1871) алғашқы есептеуіш машинасын ойлап тапты. Ол әртүрлі операцияларды жүзеге асыру кезінде жұмыс уақытының шығындарын зерттеу әдісін және де біртекті кәсіпорындар жұмысын салыстырмалы талдау әдісін дайындады.
ХIХ ғасырдың соңында американдық Джозеф Вартон колледждерде оқыту үшін бірінші басқару курсын дайындады.
XX ғасырдың соңында өндірісте ірі өзгерістер болды. Біріншіден өндіріс ауқымы және көлемдері өсті, бұл әрине ғылыми техникалық прогрестің жетістігі арқасында. Соның нәтижесінде, өндірісті басқару үшін ғылыми ұстанымдар қажеттілігі туындады.
Ғылыми менеджменттің пайда болуы Фредерик Уинслоу Тейлордың (1986-1915) есімімен байланысты. Оның басты еңбектері «Фабриканы басқару» (1903), «Ғылыми менеджмент принциптері» (1911), «Конгрестің арнайы коммиссиясы алдында көрсету» (1912). Филадельфиядағы оның зиратының басына «Ғылыми менеджменттің атасы» деп жазылған. Ф.Тейлордың ғылыми менеджментті ұдайы бақылау, эксперименттеу және логикалық топшылау арқылы анықталған нормативтер көмегімен бизнесті жандандыратын менеджмент түрі болып саналады. «Миндоейлде», кейіннен «Бетлехем Стилде» жұмыс істеген кезде Ф.Тейлор ғылыми менеджментті төрт салада дамытты: нормалау, уақыт пен міндетті зерттеу, ұдайы сұрыптау және баулу, ақшалай ынталандыру.
Ф.Тейлордың концепциясының негізгі қағидалары:
1. Тәжірибеде қалыптасқан ескі, дәстүрлі жұмыс тәсілдерінің орнына ғылыми іргетасты құру, оның әрбір элементін ғылыми тұрғыда зерттеу. Ол былай деді: басқаруда да көпір салу секілді асқан дәлділік қажет.
2. Жұмысшыларды ғылыми критерий бойынша таңдау, оларды жаттықтыру және баулу.
3. Еңбекті ұйымдастырудың ғылыми ойластырған жүйесін тәжірибеге енгізу әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы ынтымақтастық.
4. Еңбекті біркелкі бөлісу және әкімшілік пен жұмысшылар арасындағы жауапкершілік.
Ф.Тейлор жеке жұмыскерлердің еңбек операцияларын талдай отырып, әрбір опрацияны жекелеген құрамдас бөліктерге жүктеуге, және де хронометраж көмегімен жұмыстың неғұрлым прогрессивті әдістерін анықтауға болатындығын дәлелдеді.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Ф.Тейлордың көрнекті зерттеушілері мен белсенді насихатшылары Генри Гант, Фрек Гилберт, Лилиан Гилберт, Хрейс Хеэуй, Сенфорт, Харригон, Эмерсон, Г.Форд және т.б. болды.