Бақылау сұрақтары. 1. Сөз және оның мағыналық ерекшеліктері мен тілдік деңгейлерге қатысы дегенді қалай түсінесіз?

1. Сөз және оның мағыналық ерекшеліктері мен тілдік деңгейлерге қатысы дегенді қалай түсінесіз?

2. Сөздің лексикалық мағынасын мысалдар арқылы түсіндіріңіз?

3. Грамматикалық мағынаға анықтама беріңіз?

4. Грамматикалық форма, грамматикалық категория, грамматикалық мағынаның арақатынасы қандай?

5. Грамматикалық мағына берудің тәсілдері мен жолдары.

6. Грамматикалық категориялар туралы айтыңыз?

Тапсырмалар:

1. Грамматикалық ұғымдарды ажыратыңыз: мәтіндегі сөздерге морфологиялық талдау жасай отырып түсіндіріңіз

1. Отырған жерінің шөбі арғы беттегі қазақ-орыс қаласынікі. Солардан жалдап шабады. Қарашолақтың кедейлері отын, шөп сатады. Тәуірлері алыпсатарлық қылады. Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстводан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. (Ж.А.). 2. Бір кезде Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашқан. Бергі заманда үшкөл үй тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештерін қыдырып, бұл кезде топырағы күл – төбеден бұйырған. Мұғалім келген соң, Қарашолақ азаматтары жиналып кеңес құрды. Мәселе: мектеп үйі, мұғалімнің жатар орны. Мәселе тым қиын тиді. Қарашолақ азаматтарының ащы тері шықты. Біреуге біреу сілтеді (Ж.А.). 3. Біз Таврия ауданындағы Доғалы дейтін үлкен көлдің жағасында отырмыз. Бұл атақты Баянауылдағы Ақбет биігінің аяғын құшақтап жатқан Торайғыр көлі іспеттес тау етегін аймалай көсілген әсем көл екен. Машиналарын жиекке қаңтарып тастап, көлге шомылып жатқан жұрт көп. Біздің жоғарғы жағымызда бір топ қыз-келіншектер су бетінде асыр салып жүр еді. Көлге бір-бір сүңгіп алдық та, үстімізді кептіріп, жиектегі тас басында отырдық (Ә.Нұрш). 4. Әлия ұйқылы-ояу жатты. Бір сәт ақ жүзі нұр тамғандай балбұл жанды, бір сәт өткір қара көздерін Ержанға ұзақ төңкеріп, мұны көре жатса да сағына қарағандай болды. Ұйқыдағы кездерінде де оң қолы Ержанның алақанында жатты. Күн ұзаққа Ержан осы қалыпта отырды. Майдан жеріндегі қыстың қызыл күні ұясына шөкті. Әлияның бас жағындағы терезеден түскен кешкі күн сәулесі әуелі жаралы жанның ақ бетін қызғылт сәулемен нұрландырды. Содан кейін батар күн сәулесі үй қабырғасына түсіп, өшіп бара жатқан от жалынындай дірілдеді (Ә.Нұрш).

Блиц-тест

1. Грамматикалық ұғымдарды көрсетіңіз.

а) грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория; ә) грамматикалық мағына, грамматикалық форма, сөз; б) грамматикалық мағына, грамматикалық ұғым; в) грамматикалық мағына, грамматикалық түсінік; г) грамматикалық мағына, мағына бірлігі.

2. Морфологиялық сипаты жағынан грамматикалық категориялар қалай бөлінеді?

а) лексика-грамматикалық категория, грамматикалық категория; ә) грамматикалық категория; б) грамматикалық ұғым; в) грамматикалық мағына, грамматикалық түсінік; г) грамматикалық мағына бірлігі.

3. Грамматикалық мағынаны білдірудің неше тәсілі бар?

а) 3; ә) 4; б) 6; в) 2 ; г) 7.

4. Грамматикалық формалар.

а) Грамматикалық мағына сайып келгенде, сөздің лексикатық мағынасымен тікелей байланысты болады. Бірақ грамматикаіық мағыналардың өзі біркелкі емес; ә) Грамматикалық ұғым сөздің лексикатық мағынасымен тікелей байланысты болады; б)Сөздің тікелей мағынасы ; в) Сөздің жанама мағынасы; г) Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі грамматикалық формалар.

5. Грамматикалық мағына берудің семантикалық тәсілі?

а) Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі - семантикалық тәсіл. Ол - сездің лексикалық мағынасының абстракцияланып, жалпылануы арқылы іске асады; ә) қосымшалар арқылы жаңа мағына туындайды; б) сөздердің тіркесуі арқылы жүзеге асады; в) сөздердің бірігуі негізінде жүзеге асады; г) орын тәртібі арқылы мағынаның берілуі .

Глоссарий

Грамматикалық форма ‑ грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типті грамматикалық формалар.

Сөздің лексикалық мағынасы - нақты, ұғымдар мен сөздерді бірінші сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сездік мағынасы.

Грамматикалық мағынасы – сөздің тым жалпы мағынасы, лексикалық мағынасының жалпылануы немесе оған әр түрлі тұлғалар үстелу арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа создермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен болмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналар.

Әдебиеттер

Қазақ грамматикасы.Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. 687-690-бб.

№ 3 практикалық сабақ тақырыбы: Сөз таптары. Қазақ тіліндегі негізгі сөз таптары: зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, еліктеу сөздер, шылау, одағай. Сөз таптарының қалыптасуы мен дамуы

Сабақ жоспары:

1. Теориялық сұрақтарға жауап дайындау:

1. Қазақ тіліндегі негізгі сөз таптары: зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, еліктеу сөздер, шылау, одағай.

2. Сөз таптарының қалыптасуы мен дамуы

3.Қазіргі қазақ тіліндегі сөз таптары, олардың зерттелуі, қиындықтары.

2. Жаттығуларды орындаңыз.

2.1 Мәтіндегі сөздерге морфологиялық талдау жасаңыз, жұрнақтарды сипаттаңыз

Бөкенші, Барсақ, Шыңғыстан қайта серпіліп көшкенмен, Құнанбай атаған жаңа қыстауларға бармады. Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жапа тігіп қонды да, көшпей отырып алды(М.Әуезов).

Жұмағұл Абайды тани берді, бірақ танысы жаудан бетер боп шықты. Үн қатқанша аял болған жоқ, Абай оң қолындағы қамшысын құлаштап қайырып жіберіп, Жұмағұлды қақ бастан тартып жіберді. Жұмағұл тебініп құтылайын деп еді, Абай шылбырын сол қолына орап алыпты (М.Әуезов).

2.2 Төмендегі сөздердің құрамындағы қосымша морфемаларды қандай категорияға жататындығына орай топтастырыңыз

Көйлекшең, байпақшаң, күлгіш, білгіш, сенгіш, ұққыш, салқындатқыш, сорғыш,жаншы, өрші, қалтақ, жабық, қырсық, мертік, жетек, ырғақ, сауық, сүттей, қыстай, құрттай, солтақ, күште, жеңілтек, білгіштік, айбатты, қобдиша, жортуыл, шымшуыр, тамақсау, берімсек, ауыспалы, кірме, өрме, білікті, соқтық, сүйсін, тепсін, сөзуар, болжам, аларман, бірлес, секірмелі,жиреншек, бажыл, жинақы, өзінше, желіс, сүйеніш, төсеніш, атыңыз, ісіңіз, бардыңыздар, жазсаңыздар, етпеттерінен, әлдерімізше, біздердей, отыруларыңызды, студентіңмін, ұйымдастырушылық.

Бақылау сұрақтары

1. Грамматикалық форма дегеніміз не?

2. Бір сөздің әр түрлі грамматикалық формаларына мысал келтіріп, ондағы жұрнақтардың қызметіне тоқталыңыз.

3. Қазақ тілінде құранды жұрнақтарға қандай жұрнақтар жататынын атаңыз, мысал келтіріңіз.

4. –нікі, -дікі, -тікі жұрнағының құрамындағы бастапқы қосымшаларға сипаттама беріңіз және тек жіңішке нұсқада қалыптасу себебін түсіндіріңіз.

5. Қазақ тіліндегі синонимдік қасиетке ие жұрнақтарды атаңыз.

6. Қазақ тіліндегі омонимдік қасиетке ие жұрнақтарды сипаттаңыз.

7. Туынды түбір құрамындағы жұрнақтардың жалғану тәртібі қандай ретпен түзіледі.

Глоссарий

Жаңадан сөз тудырушы лексика-грамматикалық аффикстер, яғни сөзжасам аффикстері дегеніміз – түбір негіздерге (түбір сөздерге) қосылып, әр түрлі туынды сөздер жасайтын жұрнақтар.

Сөзді түрлендіруші функциональды-грамматикалық аффикстер, яғни сөзтүрлем аффикстері дегеніміз – сөйлем құрамында қолданылған сөздердің синтаксистік қызметіне байланысты түрленіп өзгеруін білдіретін жұрнақтар.

Сөз бен сөзді байланыстырушы таза грамматикалық аффикстер, яғни сөзбайлам аффикстері дегеніміз – сөйлемдегі сөздерді құрастырып байланыстыру үшін қызмет ететін жалғаулар.

Тапсырма

1 А.Ибатовтың «Қазақ тіліндегі туынды сөздер сөздігінен» (Алматы, 1988. 129-135-бб.) «Сөз тудырушы жұрнақтар жиынтығы», «Туынды сөздердің алдынан қосылатын жұрнақтар», «Дыбыстардың артық қосылып айтылуы, түсіріліп айтылуы, алмасып айтылуы, дыбыстардың орын ауысып айтылуы» тақырыпшаларындағы материалдарды пайдаланып мынадай кесте құрыңыз.

Зат есім жұрнақ- тары Мысал Сын есім жұрнақтары Мысал Сан есім жұрнақтары Мысал Есімдік жұрнақтары Мы-сал Етістік жұрнақ-тары Үстеу жұр-нақ-тары Мысал Шылау жұрнақтары
                       
                         

1.Морфологиялық талдау жасаңыз

1-нұсқа. Есеней қазір қаптап-қапталдап, жер түгін тістелей жылжып келе жатқан байлығының алдында едәуір жерде, биіктеу жотаның қырқысында ат үстінде тұр. Көз жетпес көкжиекке дейін созылып-керіліп жатқан кең алқап шын-ақ мақтағандай екен (Ғ.М).

2-нұсқа. Отырықшы елдерде, әсіресе Еуропада көркем өнердің шыңына жете өркендеген көп түрлері бар. Мысалы, архитектура (ғимарат), скульптура (мүсін), живопись (сурет салу өнері), музыка (ән-күй өнері), тіл өнері (әдебиет) тағы, тағылар. Осылардан революцияға дейінгі көшпелі қазақ ауылдарында ең көне заманнан халықпен бірге үздіксіз, жарыса жасап келе жатқандары ән-күй мен тіл өнерлері. (С.М.).

2.Текстегі сөздердің жұрнақтарын тауып, олардың сөз тудырушы және сөз түрлендірушісі түрлерінің қандай қызмет атқаратынын түсіндіріңіздер.

а) Зере Абайдан кітапқа берген ықыласын байқап бір күні кешке:

- Қарағым, осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айырылма! Ұқсама аналарға!.. – деген.

Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай ырза болып, жаңағы сөзден соң, күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар боп – баршасы телміре тыңдайтын. Анда – санда Айғыз да кеп естуші еді. Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу. Үлкен қара көздері аларыңқырап, барлық жүзі сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшілденіп, әдемі жүзіне уайым көлеңкесі түскен тәрізді. Үнсіз уайымдаған ана қаралы. Абай бұл шешесінің күйін қабақпен таниды. Ол келген кештерде әңгімесін ерекше ықыласпен айтады.

б) Енді бір сәтте Бақтығұл баспағып тұрған тұмсықшаға шашыраған селдір топ қарайып шықты. Аттың басын төмен беріп, сәл тасалап, өзі үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, Бақтығұл иекартпадан қарады. Әлгі топ молайып, ендей бастады. Жайылып келе жатқан бос жылқы екен. Шетірек беттеп шыққан бір айғыр үйірі болу керек. Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы түн, тынымсыз жаңбырдың себі тиетін болды. Жылқыны үркітпеске тырысып, ақырын ғана қозғала бастады. Елеусізденіп, боздың жалына таман жабысып алып, жылқыға қарай жүрді.

Жылқы аз ғана үркіңкіреп, бергі шеті әр қарай бұрылып жылжи бастады. Үйірдің орта шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды боран айғыр жерден басын жұлып алып, елең етіп, құлағын Бақтығұл жаққа тіге қойып, оқыранып жіберді. (М.Ә.).

Блиц-тест

1 Жалаң жұрнақ дегеніміз – А) мағына және форма жағынан бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақ В) мағына жағынан бір бүтін, құрамы жағынан кемі екі я онан да көп жалаң жұрнақтардан біріккен жұрнақ С) басқа тілден енген жұрнақ Д) төл жұрнақ Е) мағыналары бір-біріне жақын жұрнақ

2 Омоним жұрнақтарын белгілеңіз: А) –ші, - шы В) –ық, -ын, -ыт, -лас, -ыр, -дық С) –қақ, -шең Д) –гіш, -шең Е) –дар, -дер, -тар, -тер

3 Синоним жұрнақтарды белгілеңіз: А) –қыш,-ғыш, -кіш, -шақ В) –ық, -ын, -ыт, -лас, -ыр, -дық С) –қақ, -шең Д) –гіш, -шең Е) –дар, -дер, -тар, -тер

4 Құрамында полисемиялы жұрнағы бар сөздерді белгілеңіз: А) оқыту, тіреу, жарау (ат) В) жалтақ, бұтақ, сылтық С) бөлек, сирек Д) толық, тынық Е) ортақ, мойнақ

5 Жұрнақ арқылы туған сөздер – А) туынды сөздер В) түбірлес сөздер С) негіз сөздер Д) біріккен сөздер Е) қысқарған сөздер

Әдебиеттер

А.Ысқақов.Қазіргі қазақ тілі.Алматы, 1991. 30-38-бб.

Қазақ грамматикасы.Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. 175-190-бб.

С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. Алматы, 1992.4-13-бб.

Қосымша әдебиеттер

С.Хасанова, Т.Әбдіғалиева, Қ.Қасабекова, Б.шалабаев. Кестелі грамматика. Алматы, 1996. 57-73-бб.

А.Ибатов. Қазақ тіліндегі туынды сөздер сөздігі. Алматы, 1988. 129-135-бб

Сабақ тақырыбы: Зат есім. Зат есімнің құрылымы. Зат есімнің грамматикалық категориялары және түрлену жүйесі. Зат есімнің тәуелдік категориясы. Зат есімнің жіктелуі.

Сабақ жоспары:

1. Зат есімнің мағыналық сипаты. Зат есімнің жалпы, жалқы мағынасы. Жалпы мағыналы зат есімдер, оның өзіндік ерекшелігі. Зат есімнің жалқы мағынасы, оның ішкі топтары, олардың өзіндік ерекшеліктері. Кім? сұрағына жауап беретін зат есімдердің ішкі мағыналық топтары. Не? сұрағына жауап беретін зат есімдердің ішкі мағыналық екі тобы: 1) жанды заттардың атаулары; 2) жансыз заттардың атаулары.

2. Жалаң зат есімдердің іштей 2 топқа бөлінуі: 1) негізгі түбір зат есімдер, 2) туынды түбір зат есімдер. Күрделі зат есімдердің осы түрлерінің мағына негізділігі, әрқайсысының жасалу тәсіліне сай ерекшеліктері.

3. Зат есімнің көптік мағынасы, оның заттың нақтылы көптік мағынасынан айырмасы. Көптік мағынаның берілу жолдары, көрсеткіштері, олардың қолданылу ерекшеліктері.

4. Тәуелдік категориясының мағынасы тәуелдік жалғаулары арқылы берілуі, тәуелдік жалғаудың меншіктелуін зат атауына жалғануы. Оңаша, ортақ тәуелдену, олардың айырмасы. Тәуелдік мағынаның жұрнақ арқылы берілуі

Зат есімнің жіктік жалғауын түбір сөзге тікелей қабылдау қабілеті, оның етістіктің жіктелуінен ерекшелігі.

Наши рекомендации