Халықаралық коммерциялық арбитраждың түсінігі мен түрлері
Халықаралық шаруашылық қызметтің қатысушылары арасындағы даулардың пайда болуы таңғаларлық жайт емес. Тараптар міндеттемелердің тиісті дәрежедегі орындалуын қамтамасыз етуге тырысса да, міндеттемелерді орындамау орын алуы мүмкін. Ол кезде өзіне қатысты міндеттеме орындалмаған тарап барабар өтемақы алуға тырысады. Мұндай жағдайларда, көптеген елдерде жәбірленуші тараптың мүдделерін қамтамасыз ететін және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге кепіл беретін дамыған ұлттық сот және құқықтық жүйелер бар.
Халықаралық аяда Г.К. Дмитриеваның пікірінше, халықаралық кәсіпкерлік кең көлемді және тұрақсыз кеңістікте дамиды. Көптеген елдермен бекітілмеген және сауда мен басқа шаруашылық қызметтің шектеулі аяларында қолданылатын бірнеше конвенциялардан басқа, коммерциялық дауларды шешу тәртібін реттейтін құжаттар жоқтың қасы болатын.
Осындай жағдайларда халықаралық коммерциялық дауларды қарайтын арнайы, ерекше механизм қалыптасты және ол «халықаралық коммерциялық арбитраж» деген атқа ие болды. Тараптар еркімен құрылған арбитраж шартты түсіндіру және орындау мәселелеріне байланысты дауларды жалпы құзыреті бар соттардың қарауынан алады.
«Халықаралық коммерциялық арбитраж» термині келесідей жағдайларда: біріншіден, коммерциялық дауларды қараудың механизмі ретінде, екіншіден, осындай дауларды қарау үшін құрылған органды белгілеу үшін, үшіншіден, нақты дауды шешетін төрешілердің құрамын анықтау үшін қолданылады. Соңғы екі жағдайларда қосымша «арбитраждық сот» терминін қолданады. «Арбитраждық сотпен» «аралық сот» терминдері тең мағыналығы. Әр түрлі мемлекеттердің ұйымдары мен фирмалары арасындағы сауда және басқа экономикалық қатынастар саласындағы пайда болатын дауларды қарайтын аралық соттардан халықаралық құқықтың субъектілері болып табылатын мемлекеттер арасындағы дауларды шешетін аралық соттарды айыру керек. Сонымен қатар, шетелдік элементпен күрделенген құқықтық қатынастарға байланысты дауларды қарайтын аралық соттарды мемлекет ішіндегі шаруашылық ұйымдары арасындағы дауларды шешетін аралық соттардан айыру қажет.
Мысалы, «РФ сот жүйесі туралы» Федералды Конституциялық заңына сәйкес, Ресейдің сот жүйесіне РФ Жоғарғы Арбитраждық соты, округтердің федералды арбитраждық соттары, РФ субъектілерінің арбитраждық соттары федералды арбитраждық соттардың жүйесін құрайды. Бұл соттар негізінен мемлекет ішіндегі шаруашылық ұйымдары арасындағы дауларды шешу үшін құрылған.
Халықаралық коммерциялық арбитраж- тұрақты әрекет ететін немесе белгілі бір іске байланысты құрылған, негізгі мақсаты халықаралық коммерциялық дауды белгілі іс жүргізу нысанында тараптарға міндетті болатын шешімді шығару арқылы мәні бойынша қарайтын аралық сот болып табылады. Арбитраждың мәні оның аралық табиғатында жатыр, яғни дауласушы тараптардың келісімі негізінде құрылады және олардың тікелей қатысуымен және бақылауында болады. Мұндайда арбитраж соттары қандай да бір мемлекеттің сот жүйесі органдарын білдіретін мемлекеттік соттарға қарама-қарсы институт болып табылады. Халықаралық коммерциялық арбитраж коммерциялық сипаты бар дауларды шешеді, яғни азаматтық-құқықтық және сауда мәмілелерінен сондай-ақ шетелдік элементпен күрделенген қатынастардан туындайды.
Арбитраждың халықаралық жеке құқық ғылымындағы құқықтық табиғаты туралы және оның юрисдикциялық органдар жүйесіндегі алатын орны туралы көп пікір айтылды. Осы мәселеге байланысты Ануфриева Л.П. 3 көзқарасты айырып көрсетеді: [23]
1) Шарттық концепция. Ол бойынша дауды арбитраждың шешуі негізіндегі арбитраждық келісім азаматтық-құқықтық шарт болып табылады. Мұндай шарттың пәні ретінде тараптардың арбитраж түрін, арбитраждық іс қараудың орны мен уақытын таңдау және арбитраждық іс қараудың тәртібін анықтау, төрешілердің қолданылуға тиіс материалдық құқықты таңдау болып табылады. Арбитраждық келісімнің негізінде тараптардың дауды арбитраждың қарауына беру еркі жататындықтан, мұндай келісімнің шарттық сипаты арбитраждың шарттық табиғатын анықтайды. Материалдық сипаттағы элементтері бар және материалдық құқықпен реттелінетін арбитраждық келісімнің өзін азаматтық-құқықтық шарт ретінде тану, шетелдік құқықты қолданудың алғышарты болып табылатын коллизиялық мәселенің қойылу мүмкіндігі туралы айтуға (мысалы, арбитраждық келісімнің нысаны туралы, оның жарамсыздық негіздері т.б.) негіз береді.
2) Процессуалдық концепция.Бұл концепция негізінде арбитражды мемлекет атынан сот әділдігін жүзеге асырудың ерекше нысаны ретінде тану мәселесі жатыр. Мұндағы арбитраждық келісім процессуалдық сипаттағы келісім ретінде ғана қарастырылады, оның негізгі мақсаты дауды мемлекеттік соттың құзыретінен алу. Бұл концепцияны ұстанушылардың ойынша, арбитраждық іс жүргізудегі бірқатар мәселелер мемлекеттік сот органдарының қатысуымен ғана шешіле алады. Мысалы, арбитраждық келісімді жарамды деп тану, арбитраждық шешімді тану мен орындауды жүзеге асыру және т.б. Мұндай мәселелерді шешу кезінде арбитраждық іс жүргізу қай елдің аумағында жүргізілсе, сол елдің құқығы немесе сотқа тиісті өтініштер жасалынған елдің құқығы қолданылады. Жоғарыда айтылған әрекеттерді процессуалдық әрекеттер ретінде саралау, тәжірибе жүзінде шетелдік құқықты емес, ішкімемлекеттік (ұлттық) құқықты қолдануды көздейді.
3) Аралас концепция.Ол бойынша арбитраж материалдық-құқықтық және процессуалдық-құқықтық элементтерден тұратын жеке, дербес институт ретінде қарастырылады. Арбитраждық іс жүргізіліп жатқан елдің құқығымен бірге, тиісті коллизиялық-құқықтық норма сілтейтін шетелдік құқықты қолдануға да мүмкіндік береді. Арбитраждық сотпен мемлекеттік соттың өзара қатынасы туралы мәселелер (мысалы, қамтамасыз ету шараларын қолдану, төрелік шешімді орындау) арбитраждық іс жүргізіліп жатқан елдің процессуалдық құқығы негізінде немесе арбитраждық шешімнің орындалуын сұрап жатқан елдің құқығы негізінде шешіледі.
Халықаралық коммерциялық арбитражды халықаралық жария құқықтың нормаларымен көзделген мемлекеттердің арасындағы шаруашылық дауларды қарау механизмінен айыра білу керек, мысалы БҰҰ Халықаралық Соты, Аралық Соттың Тұрақты Палатасы т.б. шеңберінде. Мемлекетаралық дауларды шешетін халықаралық-құқықтық институттарға қарағанда, халықаралық коммерциялық арбитраж дегеніміз жеке тұлғалар (жеке және заңды тұлғалар) арасындағы коммерциялық дауларды, яғни жеке құқықтық дауларды қарау механизмі болып табылады. Даудың тарабы ретінде мемлекет те шығуы мүмкін, бірақ дау мәні бойынша жеке құқықтық және даудың екінші тарабы ретінде жеке немесе заңды тұлғалар қатысады.
Арбитраждық соттардың түрлері келесі белгілер бойынша сараланады:
1) реттеу пәні бойынша:
а) халықаралық құқық субъектілері арасындағы дауларды қарайтын халықаралық арбитраж;
ә) кәсіпкерлер, ұйымдар, фирмалар арасындағы сауда және басқа экономикалық қатынастардан туындайтын дауларды шешетін коммерциялық арбитраж соттары.
2) әрекет ету мерзімі бойынша:
а) нақты дауды қарау үшін құрылған «ad-hoc» арбитраждық соттары;
ә) тұрақты негізде жұмыс істейтін (институционалды) арбитраждық соттар.
3) құзырет шеңберінде:
а) құқық мәселелерін шешуге құзыретті арбитраждық соттар;
ә) техникалық мәселелерге байланысты құрылатын арбитраждық соттар.
Халықаралық тәжірибеде арбитраждық соттардың екі түрі белгілі: ad-hoc (нақты дауды шешу үшін құрылған) арбитраж соттары және институционалды арбитраж соттары. Институционалды немесе тұрақты негізде жұмыс істейтін арбитраж соттары ұлттық сауда (сауда өнеркәсіптік) палаталары, биржалар, ұйымдар және кез- келген бірлестіктер негізінде құрылады. Институционалды арбитражға әкімшілік-техникалық, кеңес беру және бақылау функцияларын орындайтын және даудың шешуіне қатыспайтын тұрақты түрде жұмыс жасайтын органның болуы, құрылуы туралы ереженің ( жарғы) және арбитраждық іс жүргізудің ережелерін белгілейтін регламенттің болуы, тараптар төрешілерді таңдайтын төрешілер тізімінің болуы тән.
Нақты дауды шешу үшін (ad-hoc) тараптардың арнайы келісімімен құрылған арбитраждық соттарды, құзыретін анықтайтын және функцияларын реттейтін актілер негізінде құрылатын халықаралық соттардан айыра білу керек. Ad-hoc арбитраждық соттары нақты дауды қарау үшін тараптармен құрылады және іс жүргізу мен шешім шығарудан кейін ол өз жұмысын тоқтатады. Тараптар арбитраждық іс жүргізу орнын таңдайды, төрешілерді таңдаумен арбитраждық процедура ережелерін белгілейді. Тараптар дауды шешу рәсімдерін таңдауда шексіз еркін қолдануға құқылы. Тараптар рәсімді нақтылап келісуге немесе кез-келген институционалды арбитраж сотының регламентін негізге алуға болады. Немесе арнайы ad-hoc арбитраждық соттары үшін халықаралық ұйымдармен жасалынған үлгі (типовой) арбитраж регламенттерінің біреуін таңдауға келісуі мүмкін.
БҰҰ-ның шеңберінде құрылған үш арбитраждық регламент бар: 1966 жылы Еуропа үшін БҰҰ Экономикалық комиссияның Арбитраждық Регламенті, 1966 жылы Азия мен Таяу Шығыс елдері үшін БҰҰ Экономикалық комиссияның Халықаралық коммерциялық арбитраж ережелері және 1976 жылы ЮНСИТРАЛ Арбитраждық регламенті. Осылардың барлығының қосымша сипаты бар және тараптар өз келісімдерінде осы ережелерге сілтеме жасалынғаннан кейін ғана қолданылады. Сонымен қатар тараптар регламент ережелеріне өзгертулер жасау туралы келісуге құқылы. Тәжірибе көрсеткендей, ad-hoc арбитраждық соттарын қолдану істің нақты жағдайларына байланысты даулар бойынша сәтті болады: тауардың сапасы, бағасын анықтау және т.б. істер бойынша. Мұндай істер тез және тиімді шешіледі. Бірақ қиын және даулы келіспеушіліктер, әсіресе қандай құқық қолдану мәселелері туған кезде арбитраждық соттың мұндай түрін қолдану тараптардың сенімсіздігіне алып келуі мүмкін, ал ол өз кезегінде тараптарды қанағаттандырмайтын шешімнің шығарылуына септігін тигізеді. Қиын істерді қарау кезінде иституционалды арбитраждық соттарына жүгіну дұрысырақ болады.
Қазіргі таңда тұрақты түрде жұмыс жасайтын арбитраждық соттардың саны артуда. Жүзден аса халықаралық коммерциялық арбитраж соттары бар, олардың ішіндегі ең танымалдары Халықаралық сауда палатасының Арбитраждық соты (Париж), Лондондағы халықаралық арбитраждық сот, Американдық арбитраждық ассоциациясы (Нью-Йорк), Стокгольмдағы сауда палатасының Арбитраждық институты.
Тұрақты және нақты дауды шешу үшін құрылған арбитраж соттарының артықшылықтары және кемшіліктері бар. Институционалды арбитраж соттары үшін тән жағымды жақтары :
– регламенттің болуы және істі арбитраждық іс жүргізудің сатылары арқылы өткізетін әкімшілік аппараттың болуы;
– басқа елдердің аумағында арбитраждық шешімді тану мен орындауда маңызды рөл атқаратын арбитраждық соттың беделі;
– институционалды арбитраждың орны туралы регламентте және ұлттық заңнамада көрсетілуі, ал ол өз кезегінде сол елде арбитраждық шешімнің күшін жою мүмкіндігін азайтады.
Кейбір арбитраждық соттардың атауында олардың халықаралық сипатқа тән болуы көрсетілсе де, арбитраждық соттың өзінің ұлттық сипаты бар. Арбитраждық соттың халықаралық сипаты оның қарап жатқан даудың сипатына байланысты анықталады. Тұрақты түрде жұмыс жасайтын арбитраждық ұйымның шеңберінде дауды қарайтын арбитраж соттары «тұрақты жұмыс істейтін» немесе «институционалды» деп анықталады, бірақ бұл атау тараптарды арбитраждың тұрақты түрде жұмыс жасайтын органы бар деген жалған қорытындыға әкелмеу керек. Дау пайда болған кезде, ол нақты істі қарау үшін арнайы құрылатын және шешім шығарылғаннан кейін өз жұмысын тоқтататын төрешілер құрамымен қаралады. Тараптар арасындағы пайда болатын дауды тұрақты негізде жұмыс істейтін арбитраждың қарауына беру туралы келісіммен тараптар тікелей өздері арасында іс жүргізушілік мәселелерді келісудің орнына өздері таңдаған институционалды соттың дау қарау туралы ережелерін ұстануға келіседі, яғни тараптар заң бойынша оларға дербес шешуге құқығы берілген ұйымдастырушылық мәселелерді осы мекемеге тапсырады. Сонымен, тұрақты түрде жұмыс жасайтын арбитраждық сот- бұл шартты атау, ол тараптар келісімімен нақты дауды шешу мен іс жүргізуді ұйымдастыру үшін арбитраждық соттың құрамын қалыптастыру тапсырылған ұйым немесе мекемені белгілеу үшін қолданылады.
Ad-hoc төрелік соттарына тән белгілер:
– іс жүргізу ережелерін таңдау мен арбитраждың жұмысын ұйымдастырудағы басқа да мәселелерді шешу кезіндегі тараптардың барынша еркіндігі;
– дауды қарауға азырақ мерзімнің жұмсалуы;
– іс жүргізудің арзандылығы, әкімшілік шығындар мейлінше төмендетілген, негізгі шығындар- төрешілер қаламақысы (гонорар).
Бірақ, аd-hoc арбитраждық соттарының кемшіліктері де бар. Оларға: оны ұйымдастырудағы елеулі қиыншылықтар мен төрелік ескертпенің мұқият әрі толық жасалу қажеттілігі. Бұл кемшіліктер, егер тараптар арбитраждың осы түріне арнайы жасалынған 1976 ж. ЮНСИТРАЛ Арбитраждық регламентін қолданса жойылады. ЮНСИТРАЛ регламенті барынша толық жасалынған арбитраждық регламенттің бірі болып табылады. Көптеген тұрақты түрде жұмыс істейтін арбитраж соттары өздерінің регламенттерін жасағанда оның ережелерін ескерді. Аd-hoc төрелік сотының құзыретін көздейтін барынша толық ескертпенің жасалуынан тараптарды ЮНСИТРАЛ шеңберіндегі үлгі ескертпенің қолдануы босатады.
Халықаралық коммерциялық арбитраж түсінігіндегі «халықаралық» термині шартты болып табылады. Аралық соттарға байланысты «халықаралық» сөзі ұлттық, ішкі дауларды қарайтын ұлттық аралық соттармен (domestic arbitration) бір мемлекеттің аумағы шеңберінен асатын дауларды қарайтын арбитраждық соттардан айыру үшін қолданылады. Батыста мұндай институт кей кездері трансұлттық арбитраж деп аталады.
Арбитраждың барлығы дерлік, кейбір ерекше жағдайлардан басқа, ұлттық арбитраждық соттары болып табылады, өйткені ол нақты мемлекеттің ішінде орналасқан, дербес заңды тұлға ретінде тіркелген немесе қандай да бір ұйымның жанында жұмыс жасайтын, осылайша сол елдің ұлттық құқығына бағынышты болады. Бірақ, халықаралық коммерциялық арбитраж оның басқару органы орналасқан елдің заңнамасына заңды тұлға мәртебесіндегі ұйым ретінде немесе оның құрылымдық бөлімшесі, мысалы арбитраждық сауда палатасы, заңды тұлға, ұйым жанында құрылса бағынады. Дауды қараудан түскен кірістерге салық салу, міндетті тіркеу, есептілік- осы мәселелерді реттеуде арбитраж ішкі заңнамамен қиылысады.
Ішкі заңнаманың нормаларына келетін болсақ, Қазақстан Республикасы «Халықаралық коммерциялық төрелік» туралы Заңының кіріспесінде, «осы Заң халықаралық коммерциялық төреліктің Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметі процесінде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ халықаралық коммерциялық төреліктің шешімдерін Қазақстанда тану және орындау тәртібі мен талаптарын реттейді» деп анықталған. Айтылғаннан көрінетіндей, Қазақстан аумағындағы кез-келген халықаралық арбитраждың қызметі және оның шешімдерін тану мен орындауға қатысты мәселелер ол Қазақстан Республикасы аумағында немесе одан тыс жерлерде құрылғанына қарамастан біздің заңнамамен реттелінеді. Қазақстан Республикасы «Халықаралық коммерциялық төрелік» туралы Заңының 3-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасының халықаралық коммерциялық төрелік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заң ережелерінен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады»1.
Арбитраждық сотты халықаралық ретінде тану үшін қолданылатын белгілер:
1)Тараптардың мемлекетке тиесілігі.Егер талапкер немесе жауапкер немесе екеуі де шетелдік заңды немесе жеке тұлғалар болса, дау және осы дауды қарайтын арбитраждық сотты халықаралық деп атауға болады. Арбитраждық сот құрылған ұйымның тіркеу орны мен талапкер мен жауапкердің тіркеу орындары сәйкес келмеу керек. Шетелдік қатысушылары бар дауды қарайтын арбитраж соты оның атауында «халықаралық» деген сөз болмаса да, ол халықаралық болып табылады. Мысалы, Стокгольм қаласындағы сауда палатасының Арбитраждық институты- танымал халықаралық арбитраждық сот, негізінен Шығыс- Батыс деп аталынатын тараптары ТМД, Батыс Европа, Канада және АҚШ елдерінің ұйымдары арасындағы дауларды шешеді. Қазақстанда тәуелсіздік алғанға дейін мұндай арбитраждық соттар болмайтын, тек 1993 ж. Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палатасы жанындағы Арбитраждық комиссия мен «IUS» Құқықтық орталығының халықаралық аралық соты құрылады, одан басқа шетелдік жеке және заңды тұлғалары арасындағы дауларды қарайтын басқа да арбитраждық институттары құрыла бастайды.
Қазақстандық заңнамада арбитраждық сот ішкі немесе халықаралық сипатқа ие болғанда, арбитраждық іс жүргізу тараптарының ұлтына байланысты болатындығы туралы айтылады. Осылайша, Қазақстан Республикасы 2004 жылғы 28 желтоқсандағы «Халықаралық коммерциялық төрелік» туралы Заңында анықталған (6 б. 4т. «Дауды төреліктің шешуіне беру»): «егер, тараптардың ең болмаса біреуі Қазақстан Республикасының резиденті емес болса, жеке тұлғалар, коммерциялық және өзге де ұйымдар арасындағы азаматтық- құқықтық шарттардан туындайтын даулар тараптардың келісімі бойынша төрелікке берілуі мүмкін».[24]
Заң шығарушы халықаралық коммерциялық арбитраждың құзыретін анықтауда «резидент емес» деген термин қолданады, оның мазмұны республиканың бірнеше заңи актілерінде ашылады, мысалы «Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2001 ж. 12 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінде, 2005 ж. 13 маусымдағы «Валюталық реттеу мен валюталық бақылау» туралы Қазақстан Республикасы Заңында бұл терминнің әр түрлі мағыналары беріледі. « Резидент емес» деген терминді түсіндірудегі ұқсастық, жоғарыда көрсетілген заңи актілердің кез-келгенімен қолданылмайды, өйткені бұл актілердің әрқайсысы ерекше қатынастарды реттейді, яғни «резидент» және «резидент емес» деген терминдер заң шығарушымен жалпы емес тар мағынада қолданылады.
«Резидент еместер» – олар, біріншіден қазақстандық домицилиі жоқ шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқтар, сондай-ақ шетелде домицилий бар екендігін куәландыратын құжаты бар тиісті түрде тіркелген және тұрақты тұратын қазақстандық азаматтар, екіншіден шетелдік мемлекеттің заңына сәйкес құрылған (тіркелген) заңды тұлғалар мен олардың филиалдары және өкілдіктері, үшіншіден шетел мемлекеттерінің дипломатиялық, сауда және басқа ресми өкілдіктері, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық ұйымдар мен олардың өкілдіктері.
Егер арбитраждық сот Қазақстан Республикасы аумағында орналасса,2004 жылғы Заң халықаралық коммерциялық арбитражға қолданылады.Әр түрлі мемлекеттердің тараптары тартылған дауды қарайтын арбитраждың орны Қазақстан аумағынан тыс орналасса, қазақстандық заңнама үшін бұл халықаралық емес, шетелдік арбитраж және шетелдік арбитраждық келісім болады.
2) Даудың халықаралық сипаты.ХХ ғ. басында пайда болған француз доктринасына сәйкес, арбитраждың халықаралық сипаты даудың табиғатына байланысты анықталады. Осылайша, егер арбитражбен қаралатын дауда халықаралық сауда мүдделері көзделген болса,Францияның іс жүргізу Кодексіне сәйкес, (1492-бап) арбитраж халықаралық немесе трансұлттық болып саналады. Осылайша « Халықаралық сауда төрелігі» туралы ЮНСИТРАЛ Үлгі заңында берілген анықтамаға сәйкес, «сауда» терминін шарттық және шарттан тыс сауда сипатындағы барлық қатынастардан туындайтын мәселелерді қамтитындай кең мағынада түсіндіру керек. Сауда сипатындағы қатынастарға келесідей мәмілелер жатады ( олармен шектелмеген): тауарларды немесе қызметтерді жеткізу туралы кез келген сауда мәмілелері, факторингтік операциялар, лизинг, инжиниринг, өнеркәсіптік объектілердің құрылысы, лицензияларды сатып алу-сату, қаржыландыру, банкілік қызметтер, сақтандыру, тауарлармен жолаушыларды әуе, теңіз, темір жол және автомобиль жолдары арқылы тасымалдау. Яғни, арбитраж соттары кез келген дерлік сауда дауларын шешуге құқылы.
Қазақстанда бұл мәселеге байланысты басқа жағдай қалыптасқан. Қазақстан Республикасының «Халықаралық коммерциялық төрелік» туралы Заңының 6-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан халықаралық коммерциялық төреліктер азаматтық- құқықтық шарттардан туындаған дауларды ғана шеше алады. Шарттан тыс даулар, солардың қатарында: меншік құқығымен т.б. заттық құқықтарды тануға байланысты даулар, деликттік құқықтық қатынастардан туындайтын даулар және кейбір басқа даулар қазақстандық төрелік соттардың құзыретіне жатпайды. Бірақ мұндай шектеулер ішкі аралық соттарға қатысты емес, ол туралы кейінірек ораламыз.
Франция заңнамасының талдауына келетін болсақ, Франция Республикасының Азаматтық Іс Жүргізу Кодексі Франция аумағында орналасқан немесе өткізілетін арбитраждық соттарға әрекет ететін ішкі арбитраждық соттарға қолданылатын ережелерден өзге ерекше құқықтық режим беріледі.
1923 жылы Халықаралық коммерциялық арбитражды (осыдан кейін ІСС) бекіткен Париждегі Халықаралық сауда палатасы арбитраждың халықаралық сипатын анықтауда негізгі белгі ретінде дау табиғатын мақұлдады.
Бірақ, ІСС басында дауды халықаралық ретінде тек қана тараптары әр түрлі мемлекеттерден болса ғана анықтаса, 1927 жылы Халықаралық сауда палатасы ІСС регламентін дауға тартылған тараптар бір елге қатысты болса да, шетел элементі бар дауларды қосты. 1998 жылдың 1 қаңтарынан әрекет ететінІСС- дің регламентінде (1-бап, 1-пункт) халықаралық сипаты бар және іскерлік айналым аясында пайда болатын дауларды ІСС- дің арбитраждық регламентіне сәйкес, арбитраж соты арқылы шешу ІСС- дің негізгі мақсаты деп анықталған. Сонымен бірге, регламентке сәйкес ІСС тиісті құзырет беретін арбитраждық келісім болған жағдайда халықаралық сипаты жоқ іскерлік айналым аясындағы дауларды шешеді.
Осы жерде маңызды болатын нәрсе бұл ІСС регламентіндегі « халықаралық сипаты бар даулар» түсінігін ашу болып табылады. ІСС-дің өзінің берген түсіндірулерінде айтылған: «Даудың халықаралық сипаты дегеніміз тараптар міндетті түрде әр түрлі мемлекеттерден болу керектігін білдірмейді. Осылайша, келісім-шарттың пәні мен мақсатына сәйкес, мысалы, келісім-шарт басқа елде орындалу үшін бір мемлекеттің екі резиденті арасында жасалынса немесе мемлекет пен сол мемлекетің ішінде өз кәсібін жүзеге асыратын шетелдік компания немесе оның филиалы арасындағы инвестициялық контрактіні жасау туралы сөз етілсе,ұлттық шекара шегінен өтуі мүмкін. Осы түсініктемеден көрінетіндей, ІСС «халықаралық» терминін кең мағынада түсінеді, яғни «шетелдік» элементі бар кез келген дау халықаралық немесе трансұлттық болып саналады және осылайша ІСС-дің регламентімен реттелінеді.
3)Арбитражды өткізу орны. Жалпы ереже бойынша арбитражды өткізу елі арбитраж шешімін орындау жүзеге асырылатын елмен сәйкес келмеу керек, сонда арбитраж шетелдік болып табылады және оның шешімдері халықаралық конвенциялар мен келісімдер негізінде орындалады. 1958 жылғы 10 маусымда қабылданған «Шетелдік арбитраждық келісімдерді тану мен орындау туралы» Нью- Йорк Конвенциясының 1-бабына сәйкес, бұл Конвенция арбитраждық шешімдерді тану мен орындау сұралатын мемлекеттен басқа мемлекеттің аумағында арбитраждық шешімдерді тану мен орындауға қатысты қолданылады.[25]
Арбитраж, сонымен бірге, егер арбитраждық келісімдегі анықталған арбитраждың орны тараптар өздерінің коммерциялық кәсіпорындары бар мемлекеттің аумағынан тыс орналасса,халықаралық болып танылады.
Халықаралық коммерциялық арбитраж халықаралық жеке құқықтың маңызды институты болып табылатындықтан, халықаралық жеке құқықтың қайнар көздер туралы жалпы ережелері арбитражға да қолданылады. Халықаралық коммерциялық арбитраждың мәселелерін реттейтін құқықтың негізгі қайнар көздері ретінде халықаралық шарттар мен ішкі мемлекеттік заңнама қолданылады. Халықаралық шарттар әмбебап және аймақтық сипаттағы көптеген құжаттарда көрініс табады. Олардың қатарына:
а) Әмбебап сипаттағы 1958 жылғы 10 маусымдағы «Шетелдік арбитраждық шешімдерді тану мен орындау туралы» Нью- Йорк Конвенциясы;
ә) 1961 жылғы «Сыртқы сауда арбитражы туралы» Еуропалық Конвенциясы;
б) 1966 жылғы Еуропа Кеңесінің шеңберінде қабылданған және әрекет ететін «Арбитраж туралы бірыңғай заңды» бекітетін Еуропалық Конвенциясы және т. б.
Ұлттық заңнама халықаралық коммерциялық арбитраж туралы ішкі мемлекеттік актілерінде көрсетілген. Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 2004 жылы 28 желтоқсанда қабылданған «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және 2004 жылы 28 желтоқсандағы «Аралық соттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен реттелінеді. Халықаралық коммерциялық арбитраждың қызметін реттейтін қайнар көздер жүйесінде құқықтық емес нормативтік құжаттардың рөлін атап өту керек. Олардың қатарына, 1985 жылы ЮНСИТРАЛ шеңберінде жасалынған халықаралық коммерциялық арбитраж туралы үлгі заңмен, 1976 жылы ЮНСИТРАЛ-дың арбитраждық регламентін қосуға болады. Олар ad-hoc арбитраждық соттарының құрылуы мен әрекет ету тәртібін көздейді. Өз табиғаты бойынша бұл құжаттардың міндетті құқықтық сипаты жоқ, олар тек ұсыныс сипатына ие.
2004 жылы 28 желтоқсанда қабылданған «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Қазақстан Республикасы Заңы кіріспеден, 33 баптан тұрады. Заңда:
– төрелік келісім;
– төреліктің құрамы мен оның құзыреті;
– төрелік іс жүргізу және оны тоқтату;
– төрелік шешімді шығару және оған шағым жасау негіздері;
– төрелік шешімдерді тану мен орындауға байланысты баптар бар.
Қазақстандық заңнамада және 1961 ж. Еуропалық конвенцияда арбитражға берілген анықтамалар толық түрде сәйкес келеді, яғни арбитраж дегеніміз – нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған немесе тұрақты негізде жұмыс істейтін халықаралық коммерциялық арбитраж.