Шаруашылық серiктестiк
Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
Шаруашылық серiктестiктер толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн. Толық және сенiм серiктестiгiнен басқа, шаруашылық cepіктестікті бiр тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.
Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бiр адам (бiр қатысушы) құрған шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаты болып табылады. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарын (жарғы және құрылтай шартын) нотариат куәландыруға тиiс. Шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттарында әрбiр қатысушының үлес мөлшерi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi және тәртiбi туралы; серiктестiктiң жарғылық капиталына салым салу жөнiндегi мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс. Шаруашылық серiктестiк басқа шаруашылық серiктестiктердiң құрылтайшысы болуы мүмкiн.
Шаруашылық серiктестiк бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзу шартын жасасуға құқылы.
Құрылтай шартының қолданылуы шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнен үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.
Акционерлiк қоғам қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.
Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына қатысу үлесiне құқықтар шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiнде осы құқықтардың тiркелген кезiнен бастап туындайды.
Шаруашылық серiктестiгiне қатысушылар тiзiлiмiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
Ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүлiктiк құқық, санаткерлiк қызмет нәтижесi құқығын қоса алғанда және өзге де мүлiк (Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын арнайы қаржы компанияларын қоспағанда) шаруашылық серiктестiктiң жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.
Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүлiктiк құқықтар түрiнде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келiсiмi бойынша немесе серiктестiктiң барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын тәуелсiз сарапшы растауға тиiс.
Шаруашылық серiктестiгiн қайта тiркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серiктестiктiң бухгалтерлiк құжаттарымен не аудиторлық есеппен расталуы мүмкiн.
Серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берiлген кезден бастап бес жыл бойы серiктестiктiң несие берушiлерi алдында салым бағасы арттырылған сома шегiнде бiрлесiп жауап бередi.
Серiктестiкке салым ретiнде мүлiктi пайдалану құқығы берiлетiн жағдайларда бұл салымның мөлшерi құрылтай құжаттарында көрсетiлген барлық мерзiмге есептелген осы мүлiктi пайдалану төлемiмен анықталады.
Салымдарды мүлiктiк емес жеке құқық және өзге де материалдық емес игiлiк түрiнде, сондай-ақ қатысушылардың серiктестiкке қойған талаптарын есептеу жолымен енгiзуге жол берiлмейдi.
Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестерi және тиiсiнше олардың шаруашылық серiктестiгi мүлкiнiң құнындағы үлестерi (мүлiктегi үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушы серiктестiк мүлкiндегi өз үлесiн, егер заң құжаттарында немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, салып қоюға және сатуға құқылы.
Жарғылық капиталға салым салудың тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшiн жауапкершiлiк заң құжаттарында және құрылтай құжаттарында белгiленедi.
Шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушiлерiне хабарланғаннан кейiн жол берiледi. Олар бұл жағдайда серiктестiктiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын немесе тиiстi мiндеттемелерiн орындауын және оның зиянды өтеуiн талап етуге құқылы.
Осы тармақта белгiленген тәртiптi бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделi адамдардың арызы бойынша сот шешiмiмен серiктестiктi таратуға негiз болып табылады.
Шаруашылық серiктестiктiң жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады.
Толық серiктестiктен және сенiм серiктестiгiнен басқа, бiр тұлға құрған шаруашылық серiктестiктерде жалпы жиналыстың өкiлеттiгi оның бiрден бiр қатысушысына тиесiлi болады.
Шаруашылық серiктестiкте оның қызметiне күнделiктi басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп берiп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкiн.
Серiктестiктiң алқалы органдары ретiнде:
· басқарма (дирекция);
· байқаушы кеңес;
· заң актiлерiнде немесе шаруашылық серiктестiгi қатысушыларының жалпы жиналысының шешiмiнде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкiн.
Шаруашылық серiктестiктiң органдарының құзыретi, оларды сайлау (тағайындау) тәртiбi, сондай-ақ олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi Азаматтық Кодекске, заң құжаттарына және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi. Шаруашылық серiктестiгi қаржы есептерiнiң дұрыстығын тексеру және растату үшiн серiктестiкпен немесе оның қатысушыларымен мүлiктiк мүдделер жөнiнен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тарта алады (сыртқы аудит). Шаруашылық серiктестiгiн аудиторлық тексеру серiктестiк бiр немесе бiрнеше қатысушысының талап етуi бойынша солардың есебiнен кез келген уақытта жүргiзiлуге тиiс. Шаруашылық серiктестiгiнiң қызметiне аудиторлық тексерудi жүргiзу тәртiбi заңдармен және серiктестiктiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушылардың:
1. құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен шаруашылық серiктестiктiң iстерiн басқаруға қатысу;
2. шаруашылық серiктестiктiң қызметi туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгiленген тәртiппен оның құжаттамаларымен танысуға;
3. таза табысты бөлiсуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бiр немесе бiрнеше қатысушыны пайданы бөлiсуге қатысудан шеттетудi көздейтiн ережелерi жарамсыз болып табылады;
4. шаруашылық серiктестiк таратылған жағдайда несие берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған серiктестiк мүлкiндегi өздерiнiң үлесiне сәйкес мүлiктiң бiр бөлiгiн немесе оның құнын алуға құқылы.
Шаруашылық серiктестiкке қатысушылар:
1. құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;
2. салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп, мөлшер, әдiстер және мерзiмдер бойынша салып отыруға;
3. шаруашылық серiктестiк коммерциялық құпия деп жариялаған мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
Шаруашылық серiктестiктер заң құжаттарында белгiленген реттер мен тәртiп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмiмен шаруашылық серiктестiктiң бiр түрiнен екiншi түрi не акционерлік қоғамдар немесе өндiрiстiк кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкiн.
Толық серiктестiк немесе сенiм серiктестiгi акционерлiк қоғам, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк болып қайта құрылған жағдайда акционерлiк қоғамның, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң қатысушысы болған әрбiр толық серiктес толық серiктестiктен немесе сенiм серiктестiгiнен акционерлiк қоғамға, жауапкершiлiгi шектеулi немесе қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке көшкен мiндеттемелер бойынша екi жыл бойы өзiнiң барлық мүлкiмен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серiктестiң өзiне тиесiлi акцияларды (үлестердi) иелiктен шығаруы оны мұндай жауапкершiлiктен босатпайды.
Толық серiктестiк
Толық серiктестiктiң мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда қатысушылары серiктестiктiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен ортақ жауапкершiлiкте болатын серiктестiк толық серiктестiк деп танылады. Азамат бiр ғана толық серiктестiктiң қатысушысы бола алады. Толық серiктестiктiң жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшылары белгiлейдi, бiрақ ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек. Толық серiктестiктiң ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серiктестiктiң iшкi мәселелерi жөнiндегі шешiм барлық қатысушылардың жалпы келiсiмi бойынша қабылданады. Серiктестiктiң құрылтай шартында қатысушылардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылданатын реттер көзделуi мүмкiн. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртiбi көзделмесе, толық серiктестiктiң әрбiр қатысушысының бiр даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесiне сай белгiленетiндiгi көзделуi мүмкiн. Толық серiктестiктi басқаруды толық серiктестiктiң атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлерi, құрылу тәртiбi және олардың құзыретi құрылтай құжаттарында белгiленедi. Толық серiктестiкке қатысушының қалған қатысушылардың келiсiмiнсiз өз атынан және өз мүдделерi немесе үшiншi жақтардың мүдделерi үшiн серiктестiк қызметi мәнiмен бiртектес мәмiлелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серiктестiк өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серiктестiкке келтiрiлген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмiлелерден тапқан бүкiл пайданы серiктестiкке беруiн талап етуге құқылы. Серiктестiктiң iсiн жүргiзу тапсырылған толық серiктестiктiң органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуi бойынша өз қызметi туралы толық ақпарат берiп отыруға мiндеттi. Өкiлеттiгi болмаса да ортақ мүдделер үшiн әрекет жасаған қатысушы, оның әрекеттерiн қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерiнiң арқасында серiктестiк құны жөнiнен серiктестiк шеккен шығындардан асып түсетiн мүлiктi сақтап қалғандығын немесе тиiсiнше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серiктестiктен өзi жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келiсiмiмен ғана беруiне болады. Үлес (үлестiң бiр бөлiгi) үшiншi жаққа берiлген жағдайда сонымен бiрге толық серiктестiктен шыққан қатысушыға тиесiлi құқықтар мен мiндеттердiң бүкiл жиынтығы соған ауысады. Толық серiктестiктiң қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келiсуiмен құқықты мирасқор (мұрагер) серiктестiкке кiре алады. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серiктестiк алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серiктестiктiң үшiншi жақтар алдындағы бүкiл серiктестiк қызметi кезiнде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкiндегi үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi. Бұл реттерде тиiсiнше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзiмде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серiктестiк мүлкiнiң мөлшерiне азайтылады, бiрақ ол үш айдан кешiктiрiлмеуге тиiс.
Толық серiктестiктiң қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заң құжаттарында немесе құрылтай шартында көзделген мерзiмнен кешiктiрмей ескерте отырып, серiктестiктен кез-келген уақытта шыға алады. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серiктестiк сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серiктестiк мүлкiндегi үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серiктестiктiң келiсуiмен салымды толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серiктестiкте болған кезеңiнде серiктестiктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлi бiр бөлiгi де төленедi. Серiктестiкке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады. Толық серiктестiкке қатысушылар қалатын қатысушылардың бiрауыздан қабылдаған шешiмi бойынша және оған дәлелдi себептер болған жағдайда, атап айтқанда, оның (олардың) өз мiндеттерiн дөрекi бұзуы немесе iс жүргiзу қабiлетсiздiгi байқалған жағдайда қатысушылардың бiреуiн немесе бiрнешеуiн серiктестiктен сот тәртiбiмен шығаруды талап етуге құқылы.