Параграф 6. Ұстап қалу

338-1-бап. Ұстап қалу туралы жалпы ережелер

1. Борышқорға не борышқор көрсеткен тұлғаға берілуге тиіс зат қарамағында болған несие беруші, борышқор осы заттың құнын төлеу немесе несие берушіге оған байланысты шығындар мен басқа да залалдарды өтеу жөніндегі міндеттемені мерзімінде орындамаған жағдайда, тиісті міндеттеме орындалғанға дейін оны ұстап қалуға құқылы.

Заттың құнын төлеуге немесе оған шыққан шығындарды және басқа да залалды өтеуге байланысты болмаса да, кәсіпкер ретінде әрекет ететін тараптардың міндеттемелерінен туындайтын талаптар да затты ұстап қалу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.

2. Несие беруші өзіндегі зат иелігіне түскеннен кейін де оны иелену құқығын үшінші тұлғаның алғанына қарамастан, ол затты ұстап қала алады.

3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың ережесі қолданылады.

338-2-бап. Ұстап қалынған мүлік есебінен талаптарды

қанағаттандыру

Затты ұстап қалушы несие берушінің талаптары кепілмен қамтамасыз етілген талаптарды қанағаттандыру үшін көзделген көлемде және тәртіппен заттың құнынан қанағаттандырылады.";

19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың

Ауыстырылуы

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 339-бап өзгертілді

339-бап. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысу негiздерi мен тәртiбi

1. Мiндеттеме негiзiнде несие берушiге тиесiлi құқықтың (талап етудiң) ол мәмiле (талап етудi беру) бойынша басқа адамға берiлуi; немесе ол құқық заң құжатының негiзiнде басқа адамға ауыстыруы мүмкiн.

Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы жөнiндегi ережелер регрестi талаптарға қолданылмайды.

2. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы үшiн, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқордың келiсiмi талап етiлмейдi.

3. Егер несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысқаны жөнiнде борышқорға жазбаша түрде хабарланбаса, жаңа несие берушi осыдан туындайтын өзiне қолайсыз салдарға тәуекел етедi. Бұл жағдайда бастапқы несие берушiге мiндеттеменi орындағаны тиiстi несие берушiге орындағаны болып табылады.

4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша талап ету құқығын берудiң ерекшелiктерi заң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.

340-бап. Басқа адамдарға ауыстыруға болмайтын құқықтар

Несие берушiнiң жеке басымен тығыз байланысты құқықтардың, атап айтқанда алимент жөнiндегi және азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру жөнiндегi талаптардың басқа адамға ауысуына жол берiлмейдi.

ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 341-бап өзгертiлдi

341-бап. Несие берушiнiң басқа адамға ауысатын құқықтарының көлемi

Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, бастапқы несие берушiнiң құқығы жаңа несие берушiге құқықтың ауысуы кезiнде болған көлемде және сондай жағдайларда ауысады. Атап айтқанда, жаңа несие берушiге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ басқа да құқықты, соның iшiнде алынбаған сыйақыға (мүддеге) құқықты талап етуге байланысты құқықтар ауысады.

342-бап. Жаңа несие берушiнiң құқықтарына дәлелдемелер

1. Борышқор талаптардың осы адамға ауысқанына дәлелдемелердi өзiне табыс еткенше жаңа несие берушiге мiндеттемелердi орындамауға құқылы.

2. Талап етудi басқа адамға берген несие берушi оған талап ету құқықтарын куәландыратын құжаттарды беруге және талапты жүзеге асыру үшiн маңызы бар мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.

343-бап. Жаңа несие берушiнiң талабына борышқордың қарсылық бiлдiруi

Борышқор мiндеттеме жөнiндегi құқықтардың жаңа несие берушiге ауысқаны туралы хабарды алар кезiнде бастапқы несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын жаңа несие берушiнiң талаптарына қарсы қоюға құқылы.

ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 344-бап өзгертiлдi

344-бап. Несие берушi құқықтарының заң құжаттары негiзiнде басқа адамға ауысуы

Мiндеттеме жөнiндегi несие берушiнiң құқықтары заң құжаттары және соларда көрсетiлген мынадай жағдайлардың болуы негiзiнде:

1) несие берушiнiң құқықтарындағы әмбебап құқықты мирасқорлық нәтижесiнде;

2) заң құжаттарында мұндай ауысу мүмкiндiгi көзделсе, несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы туралы сот шешiмi бойынша;

3) мiндеттеменi оның кепiл болушысы, тапсырушысы немесе осы мiндеттеме бойынша борышқор болып табылмайтын кепiлге зат берушiнiң орындалуы нәтижесiнде;

4) сақтандырушы сақтандыратын жағдайдың басталуына жауапты борышқорға несие берушiнiң құқықтарын алып берген кезде;

5) заң құжаттарында көзделген өзге жағдайларда басқа адамға ауысады.

345-бап. Талап етудi беру шарттары

1. Несие берушiнiң талап етудi басқа адамға беруiне жол берiледi, себебi ол заң құжаттарына немесе шартқа қайшы келмейдi.

2. Егер несие берушiнiң жеке басының борышқор үшiн елеулi маңызы болса, борышқордың келiсiмiнсiз мiндеттеме жөнiндегi талап етудi беруге жол берiлмейдi.

346-бап. Талап етудi беру нысаны

1. Жазбаша (жай немесе нотариалды) түрде жасалған мәмiлеге негiзделген талап етудi беру тиiстi жазбаша түрде жасалуға тиiс.

2. Мемлекеттiк тiркеудi талап ететiн мәмiле бойынша талап етудi беру осы мәмiленi тiркеу үшiн белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.

3. Ордерлi бағалы қағаз бойынша талап етудi беру осы бағалы қағаздағы индоссамент арқылы жасалады (осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағы).

ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 347-бап толықтырылды

347-бап. Талап етудi берген несие берушiнiң жауапкершiлiгi

Талап етудi берген бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында оған берiлген талаптардың жарамсыздығы үшiн жауап бередi, бiрақ бұл талапты борышқордың орындамағаны үшiн бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында борышқор үшiн кепiл болуды өзiне алғаннан басқа жағдайда, сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, жауап бермейдi.

ҚР 02.03.98 № 211 Заңымен 348-бап өзгертілді

348-бап. Борыштың ауысуы

1. Борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек несие берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.

2. Жаңа борышқор несие берушiмен бастапқы борышқордың арасындағы қатынастарға негiзделген қарсылықтарын несие берушiнiң талабына қарсы қоюға құқылы.

3. Борышты аудару нысанына тиiсiнше осы Кодекстiң 346-бабының 1 және 2-тармақтарындағы ережелер қолданылады.

4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша қарызды аудару ерекшелiктерi заң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.

Наши рекомендации