Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк

77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы
негiзгi ережелер

1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актiлерiнде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15. № 30-I, 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 1999.07.16. № 436-I, 2003.05.16. № 416 Заңдарымен.

78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң
жарғылық капиталы

Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) айқындайды және ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Жауапкершілігі шектеулі серiктестiк нысанында құрылған микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 78-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi
басқару

1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртiбi осы Кодекске, заң актiлерiне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) атқарушы органның мүшелерiн (мүшесiн) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiктi немесе оның мүлкiн сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекiту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекiту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекiту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
Ескерту. 79-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211, 1998.04.22. N 221, 2007.01.12. N 225, 2007.02.19. N 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық
капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы

1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында не заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар, осы Кодексте және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға басым құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлесті (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келiсiмiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келiсiм беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актiлерiнде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 2007.08.07. № 321 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк
қатысушыларының қосымша жарналары

Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.04.22. № 221 Заңымен.

82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң
қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестіктiң қатысушысы заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн серiктестiктiң қатысушымен келiсiмiнде белгiленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестiң бағасын сот белгiлейдi.
Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi
серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу

Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

Наши рекомендации