Заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу, филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркеу
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде көзделген жағдайларда заңды тұлға, филиал (өкілдік) мемлекеттік (есептік) қайта тiркелуге жатады.
Бұл ретте, тіркеуші органға:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;
2) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына, филиал (өкілдік) туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделетін, мемлекеттік (есептік) қайта тіркеу туралы заңды тұлғаның уәкілетті органының заңды тұлға мөрімен бекемделген шешімі не шешімінен үзінді көшірме;
3) жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлік қоғам, олардың филиалдары (өкілдіктері) үшін енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен құрылтай құжаттарының (ережелерінің) үш данасы;
4) жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның бұрынғы құрылтай құжаттарының, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелердің түпнұсқалары;
5) заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркегені немесе филиалды (өкілдікті) есептік қайта тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат ұсынылады.
Шаруашылық серiктестiгіне қатысушылардың тiзiлiмiн жүргiзудi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушы жүзеге асыратын шаруашылық серiктестiктерін қоспағанда, қатысушылар құрамының өзгеруі негізі бойынша шаруашылық серiктестiктерiн мемлекеттік қайта тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiне және құрылтай құжаттарына сәйкес шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығының иелiктен шығарылғанын (бiреуге берiлгенiн) растайтын құжат ұсынылады.
Егер шаруашылық серiктестiгінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (біреуге беру) шартының тарапы жеке тұлға болып табылатын жағдайда, жеке тұлға қолының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиіс.
Табиғи монополия субъектiлерiн мемлекеттік қайта тiркеу үшiн табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның келiсiмi талап етiледi; тиiстi тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiн, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен үлестес тұлғаларды, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қайта тiркеу үшiн монополияға қарсы органның келiсiмi талап етіледi.
Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тиісінше Қазақстан Республикасының банк заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру
Тiркеушi орган заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша үш жұмыс күнi iшiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын бередi.
Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлiк қоғам, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi жарғысының (ережесiнiң) телнұсқасын беру үшiн:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтiнiш;
2) жарғының (ереженiң) телнұсқасын алу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының заңды тұлға мөрiмен бекемделген шешiмi не шешімінен үзiндi көшірме;
3) жарғы (ереже) түпнұсқасының жоғалғаны туралы ақпараттың мерзiмдi баспасөз басылымында жарияланғанын растайтын құжат ұсынылады.