Сөз мәдениеті, тіл мәдениеті
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралдарының ішіндегі өмірде кең қолданылатыны және аса маңыздысы – тіл. Сондықтан адамдар арасындағы қатынас мәдениеті туралы айта отырып, сөз мәдениетіне соқпай кету мүмкін емес.
Сөз мәдениеті, біріншіден, ауызекі тіл мәдениеті және жазба тіл мәдениеті болып екіге бөлінеді.
Ауызекі сөйлеу тілінің де жазба тілінің де бастау негізі – белгілі бір ұлттың дәстүрімен сабақтасқан жалпы халықтың тілі. Ауызекі сөйлесу кезінде жеке адамдар өзінің мінез – құлқын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу, сөйлесе білу өнер, мәдениеттіліктің белгісі. Тілдік норманың жүйесін толық сақтайтын жазба тіл. Соның ішінде жазба әдеби тіл. Жазба әдеби тіл – жазу арқылы бнлгілі жүйеге түскен жазу дәстүрі мен әр түрлі жазба әдебиетінің негізінде қалыптасқан, тұрақты нормалары, стильдік – жанрлық тармақтары бар тілдің түрі.
Екіншіден, сөз мәдениеті сөзді дұрыс қолдану (сөз дұрыстығы) және сөзді бедерлі жұмсау (сөз шеберлігі) деген екі сатыдан тұрады.
Сөз дұрыстығы қәзіргі әдеби тілдің жұртшылық таныған, үлгі түтқан нормасын ұстану дегенді білдірсе, сөз шеберлігі тек нормаға тән дұрыстықты ғана білдірмейді, сонымен қатар алуан түрлі тілдік амал-тәсілдерінің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дәл, ұтымды түрін талғау дегенге негізделеді. Бұл жерде сөзге дұрыс не бұрыс деген баға берілмейді. Сөз “дәлірек”, “айқынырақ” деп бағаланады.
Тіл анық болмас, ой анық емес деген сөз. Тіл – ойдың айнасы. Тілдегі сауатсыздық – адамның жалпы сауатсыздығының, мәдениеті төмендігінің көрінісі, рухани байлығының әлсіздігі.
1. Адам өмірінде әр түрлі жағдайлар: қуаныштар, қорқыныштар, қайғылы жайттар болып жатады. Міне, осындай сәттерде де адамның өзін-өзі ұстауы, өзгелермен тіл қатысуы көп рөл атқарады. Әсіресе, сөзді құдірет таныған қазақ үшін мейлі қандай жағдайда болмасын оны орнымен қолданудың өзіндік жүйелері қалыптасқан. Тіліміздегі эвфемизмдер мен табу сөздер осындай халықтық дәстүрлеріміздің айғағы. Қайғы түгілі қуаныштың өзін бірден айтпай, әуелі тыңдаушыны психологиялық тұрғыда дайындап алып хабар жеткізудің астарында қандай ізгі қатынас жатыр!? Жақсы хабарды "Сүйінші!" деген сөзден бастау, бір жағынан, жүрек жарды жақсылықтың бағасын асырса, екінші жағынан, айтушының қоса қуанып тұрғанын да жеткізетіні кәміл. Сөздің адамдар арасын жақындастыратын қуат-күші осы бір-ақ ауыз сөздің бойына түгел сыйып тұрғандай.
Қуаныш көбейсін, қуаныш құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін, тілегіңіз қабыл болсын, т.б. сөздердің қай-қайсысы да жақсылық үстінде айтылады.
2.Тілімізде өтінішті білдіруге де керекті сөз орамдары мол кездеседі. Мысалы, мүмкін болса, айтыңызшы, айтып (көрсетіп) жібересіз бе, көмегіңіз қажет болып тұр, айтуыңызды өтінемін, рұқсат етсеңіз, көмектесуіңізді сұраймын, сізге қиындық келтірмес пе екен, қол жалғаңызшы, өтінішімді қабылдасаңыз, т.б.адамның сыпайылығына дәлел болады. Бірақ өтінішті тым жылаңқы дауыспен, мүлде аянышты бет құбылысымен білдіру тыңдаушыны тіксіндіруі де мүмкін. Сондықтан оның қайсысын айтқанда да салмақты, табиғи үнмен жеткізген жөн.
3.Біреуге келісім бергенде я рұқсат еткенде қолданылатын сөз орамдарының қатарына сіздерге рұқсат, алыңыз, келісіп отырмын, ақылдаса келе келсім беруді жөн деп шештік, сіздердің айтқандарыңыз болсын, келіспеске амал қалмағандай, қуана құптаймын, т.б. кірсе, керісінше, келісім берілмегенінің өзін де әдеппен мынадай сөздер арқылы жеткізуге болады: менің қолымнан келмей отыр, сіздің өтінішіңіз орынсыз сияқты, мені қинамасаңыз, мені дұрыс түсінуіңізді өтінемін, дәл қазір мүмкіндік аз, буынсыз жерге пышақ ұрмайық, ғафу етіңіз, ренжімеңіз, т.б.
4.Адамдар арасын жақындастыра түсетін әрі олардың бір-біріне ықыласын танытатын сөз орамдарының бірқатары мадақсөзге (комплимент) қатысты айтылады. Мадақсөз жалғандықтан, жағымпаздықтан ада, бұрмалаусыз, шынайы ниеттен туса ғана сүйкімді. Ал, жай ықылассыз немесе борыш санап айтылған сөз иесін таппай қалуы ғажап емес. Оған жасарып кетіпсіз, құлпырып тұрсыз, сол баяғы әдемі қалпыңыз, Сіз қандай көрегенсіз, Сізге еріксіз таң қалам, нағыз мамансыз, Сіздің қабілеттілігіңізге бас иемін, тусаң ту, елдің ұлы (қызы) сендей-ақ болсын, Сізбен қызметтес болудың өзі бақыт емес пе, Сізден үйренеріміз көп, т.б.
5.Түрлі жиын, тойларға, қуанышты отырыстарға шақыруға да орайлы орамдар сөз әдебінің бір белгісі саналады. Қазіргі таңда әр түрлі жағдаяттарға сай дайын айшықты да мәнді сөзбен көмкерілген арнайы шақыру-хаттар (открытка) болғанмен, кей жағдайда оны ауызша айтуға да мәжбүрлік туып қалады. Ондайда Сізді арнайы шақыра келдік, біздің қуанышымызды бөліссеңіз деп едік, қуанышымыздың куәсі болыңыз, жақсылықтың ортасында болғаныңызды қалаймыз, т.б. сөздердің шақырушыға да, шақырылушыға да берер әсері аз болмаса керек.
6. Ең бір ұлттық нақышы айқын танылатын әдеп орамдары әр халықтың қаратпа сөздерді қалай қолдануынан көрінеді. Қаратпа сөздер қатарына адамның аты (Сәбит, Аманжол, Сәкен), туыстық қатынасты білдіретін атаулар ( жезде, әпке, нағашы), әлеуметтік мәртебені білдіретін атаулар ( жастар, студенттер, көрермендер), қызмет атаулары ( Президент, директор, хатшы), көпшілік қауымға арналған (халайық, жұртым, әріптестер, ханымдар мен мырзалар), т.б. жатады. Тілдік жағдаяттың ерекшелігіне қарай эмоцияналдық-экспрессивтік бояуы басым бейресми сөз орамдары да,ресми сипаттағы сөздер мен сөз тіркестері де орын алады. Мысалы, қазақ жасы кішілерге балам, шырағым, қарағым, айналайын, қалқам, бауырым, қарындас деп сөйлесе, жасы үлкендерге ағай, апай, ата, әжей, жеңгей, тәте, аға деп тілдеседі. Қазақ ұғымында өзінен үлкеннің атын бадырайтып атау, ол аз болса, оған әкесінің атын қосып айту үрдісі жоқ. Ал орыстарда бұлай айту құрметтің нышаны болып саналады. Орыс халқы женщина, мужщина деп те айта береді, ал қазақ тілінде әдепті адам ешқашан әйел, еркек деп тілдеспейді. Өте жақын қатынастағы адамдар арасында еркелету мәнді сөздер (құлыншағым, ботам, Сәбитөк), жақын тарту сипатындағы сөздер ( Сәбитжан, Шоқантай, Айнұртай, әкешім, анашым) де қолданылады.
Ресми қарым-қатынаста жасы үлкендерге я жасы кіші болғанмен, лауазымы үлкен болса, оған құрметін білдірудің белгісі ретінде Ореке, Қақа, Әбеке, Сәке сөздері, Асқар мырза, Перизат ханым, Әйгерім сіңлім секілді сөздерді пайдалануға болады. Ал тым ресми немесе бейтаныс жағдайларда бүгінгі заман ағымына қарай Айдар Тұрарбекұлы, Қайрат Мағауияұлы, Сәуле Рақымқызы секілді күрделі атаулар пайдаланылып жүр.Ресми хаттасуларда биік лауазымды билік иелерінің аты-жөнінің алдына құрметті, аса мәртебелі секілді сөздер жазылуы дәстүрге айналған. Сондай-ақ, қазақстандықтар, отандастар, бауырластар секілді көпшілікке арналған қаратпа сөздер де кең қанат жайып отыр. Қоғамдағы өзгерістерге орай кеңестік кезеңмен бірге келген жолдас, жұмысшы-шаруалар секілді қаратпа сөздер қазір мүлде айтылмайды. Есесіне, бұрын тек ақсүйектер мен билеушілерге айтылатын ханымдар мен мырзалар, әкім, т.б. қалыпты сөзге айналып барады