Энтони Гидденстің жаһандану теориясы
Энтони Гидденс - теориялық әлеуметтану мәселелерін зерттеуге зор үлес қосқан қазіргі заманғы ірі әлеуметтанушылардың бірі.
Гидденс, Р.Робертсон секілді, жаһандануды жаһандық модернистік жобаның бір бөлігі деп тұжырымдап, оның басты үш ерекшелігін бөліп көрсетеді:
(1) кеңістік пен уақыттың өзгеруін ол іс-әрекеттің белгілі бір кеңістікке үйреншікті болуының азаюы және әлемдік ауқымдағы оқиғалардың үндесуі деп түсінеді, бұл жерде әңгіме жаһандық коммуникацияның пайда болуы жайында болып отыр;
(2) әлеуметтік институттар жергілікті жерлерден (“орындардан”) қол үзсе “жеміссіз” болып қалады. Тек үлкен жүйелер ғана өзгеріп қоймайды, сондай-ақ әлеуметтік тәжірибенің жергілікті және тіпті жеке астарлары өзгереді, бұл қақтығыс пен әлеуметтік жіктеудің жаңа жүйелерін тудыратын көптеген қарама-қайшылықты процестерді білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, Гидденс Валлерстайнға қарағанда жаһандануды таза экономикалық процесс және феномен ретінде түсіндірмейді;
(3) әлеуметтік білімнің әсері, тәжірибелік білімге деген бағдар өсе түседі. Қазіргі әсерлі қоғамның өзін Гидденс жүрісін жылдамдата беретін күйме бейнесінде елестетеді. Осы заманғы институттардың бәрі әмбебаптылық жағына қарай өзгереді: капитализм, индустриалану, қадағалау, күштеу құралдарын монополиялау, халықаралық еңбек бөлінісі, әлемдік әскери тәртіптің қалыптасуы. Жаһандану тек қана әлемдік капиталистік жүйені экспансиялау мен мәдени біртектіліктің орнығуынан ғана тұрмайды. Әрине, Гидденс стандарттау үрдісінің әсіресе түрленім нысанында болатынын көрсетеді, себебі капиталистік өндіріс пен бөлу қазіргі заман институттарының басты құрамдас бөліктерін қалыптастырады.
Энтони Гидденстің жаһандану теориясындағы басты нәрсеге - модерннің жергілікті әдет-ғұрып пен дәстүрге тигізетін ықпалына, жергілікті және жаһандық диалектикаға назар аудару қажет. Гидденстің ойынша, жеке адамның таңдау мүмкіндігі жоқ әлеуметтік мәжбүрлеу жағдайы ретіндегі іс-әрекетке ешқашан ортақ бола алмайды. Таңдаудың болмауы әрекеттің оған берілетін жауаппен алмастырылғанын білдірмейді. Агенттілік тікелей немесе жанама түрде құрылымның бір бөлігі болуы мүмкін. Перифериядағы іс-әрекеттің әлем-жүйені ұстап тұруда өмірлік маңызы бар. Гидденс жеке адамдарды өзінің салдары бойынша жаһандық болып табылатын әлеуметтік ықпалды жүргізушілер ретінде көрсетеді. Дәл осы сарында жергілікті өзгерістер мәселесі кеңістік пен уақыттағы байланыстардың кеңеюі ретінде ұғынылатын жаһанданудың бір бөлігі болып отыр.
Сонымен, біз Энтони Гидденстің жаһандану теориясы, мәселен Валлерстайнның әлемдік жүйелік сараптау теориясына қарағанда жоғары деңгейдегі жеке-дара агенттілікті баса көрсететінін байқаймыз.
Эммануил Валлерстайнның
Лем-жүйе теориясы
Жүйелілік сараптау әлемі теориясын қарастыруды әлемдік-жүйелік сараптаудың басты жорамалдарын талдаудан бастаған тиімді болады:
1. Әлем-жүйе перспективасы “ұлттық мемлекет” уақытына қарай “дамитын” “салыстырмалы түрде автономды “қоғам” екендігін теріске шығарады.
2. Ұзаққа созылғандық - әлемдік жүйенің басы, жалғасы, соңы бар уақыттық арақатынасы.
3. Қазіргі әлем-жүйе бүкіл жер шарын алып жатыр және әлемдік капиталистік экономика болып табылады.
Ф.Бродельдің идеяларына айтарлықтай сүйенген Валлерстайн бұрын әлеуметтанушылар негізсіз түрде елемей келген “ішкі” және “сыртқы” факторлардың бағыныштылығы мен өзара тәуелділік қатынастарын неғұрлым айқындай түсті.
Валлерстайн өзінің жүйелік сараптау әлемі теориясында әлемдік капиталистік экономиканың негізгі сипаттарын жасады:
1. Капиталдың үздіксіз жинақталуы - оның қозғаушы күші.
2. Капиталдың жинақталуы орталық-периферия сызығы бойынша бөлінуге сәйкес кеңістікте сараланған.
3. Жартылай периферия құрылымды түрде өмір сүреді.
4. Ақысы төленбеген еңбек әлемдік капиталистік экономика өмірінде үлкен рөл атқарады.
5. Капиталистік әлем-жүйе халықаралық жүйемен қарым-қатынаста болады.
6. Қазіргі әлемдік экономиканың қайнар көзі XVІ ғасырда жатыр.
7. Географиялық жағынан ол Еуропада басталып, кейін бүкіл әлемге тарады.
8. Дербес мемлекеттер гегемондар болады.
9. Мемлекеттер, этникалық топтар мен шаруашылықтар ұдайы пайда болып, қайта жаңғырып отырады.
10. Жүйені бір мезгілде күйзелтетін және қолдап отыратын жүйеге қарсы қозғалыстар болады.
11. Нәсілшілдік пен сексизм іргелі, ұйымдастырушы және тәртіпке келтіруші принциптер болып табылады.
12. Әлем-жүйе өмірі орта мерзімді тізбекті ырғақпен, сондай-ақ ұзақ ғасырлық үрдістермен белгіленген.
Жаһандану сараптамасының ең маңызды қағидалары ретінде Валлерстайн мыналарды бөліп көрсетеді:
1. Жаһандану процесі модернизациямен қатар жүреді. Оған мемлекеттер арасындағы интернационалдық байланыстардың “эконо-микалық жүйелеу процесі” мен сананың жаһандық мәдениетінің пайда болуы кіреді.
2. Жаһандануға планетада бар барлық жеке-дара байланыс-тардың жүйелі өзара іс-әрекеті кіреді.
3. Кеңістік тарылып, уақыттық айырмашылықтар азайды. Жаһандық өзгерістерге кеңістіктің феноменологиялық қашықтауы мен уақыттың жинақталуы кіреді.
4. Планетаны мекендеушілер әлемге біртұтас нәрсе ретінде қарады.
5. Әмбебаптылық пен саяси бейтараптық ендігі жерде ескірді.
6. Тәуекел мен сенім жаһандық деңгейде кеңейді.
7. Жаһандану - әлеуметтік өмірдің, әлеуметтік жүйенің прогрес-сивті мәдениеттендірілуінің бір қыры. Жаһандық мәдениет туралы мәселе көтерілгенде, еуро-американ әлемі өз мәдениетін қалған әлемге еріксіз түрде енгізетіндігі туралы тағы да бір рет қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ, Валлерстайн жаһандануды басқаша түсінеді, ол оны жаңа жаһандық мәдениеттің пайда болуы, әрбір нақты мәдениеттерде жаңа әлеуметтік астардың шығуы деп ұғынады. Валлерстайн мәдени үйлестіруші жүйе деп белгілеген геомәдениет ұғымын енгізеді, әлем-жүйе осыған қызмет етеді. Геомәдениет бірде-бір тарихи жүйе онсыз өмір сүре алмайтын нормалар мен құндылықтарды тудырады. Осыған байланысты аудитория алдына мынадай сұрақ қоюға болады: бұл жерде геомәдениеттегі бірнеше мәдениеттер туралы немесе оның шеңберіндегі әр түрлі мәдени саясаткерлер туралы сөз болып отыр ма? Валлерстайнның өзі үшін либерализм, консерватизм, радикализм - үш түрлі идеология емес, консервативті және радикалды бағыттағы идеологиялық бір отбасы болғанын атап өту қажет. Ұлтшылдық пен интернационализм, әмбебаптылық пен саяси бейтараптық арасындағы айырмашылықтар - модернизмнің тарихи географиясының құрамдас бөлігі, капита-листік дамудың саяси және интеллектуалды пейзаждарының тұрақты ерекшеліктері. Солай бола тұрса да, әлемнің біртұтастығы туралы жорамал қазіргі әлемде болып жатқан нәрселерді түсінуді жеңілдетпейді.
Валлерстайн үшін әлем-жүйе ең алдымен экономикалық жүйе екендігіне қарамастан, әлем-жүйе теориясын бейнелеу мен сарап-тауда ол мәдениет пен ұқсастықтың жаһандық қырларына үлкен көңіл бөледі. Капиталистік әдіснама оларды тарихи байланыстыра отырып, мәдениет пен экономика арасындағы өзара байланыс проблемасын өзінше шешеді. Капитализм мәдениетті “экономикалан-дырудан” басталады. Әлем-жүйенің қозғаушы қисыны капиталдың жинақталуынан басталады. Экономика - модерннің негізгі бөлігі, ал экономикалық адам - ұтымды субъектінің ішкі мәні. Капитализм құндылықтар жүйесі болып табылады, ақша адамдарды бір қауымдастыққа біріктіреді. Мәдени кодтар ақша және тауар секілді капитал айналымына енгізілген. Сондықтан мәдени нысандар капиталды ұдайы өндірудің күнделікті процесінде орныққан.
Жалпы, көріп отырғанымыздай, тарихи-әлеуметтану әлемінің жүйелік пайымдаулары мәдени ерекшеліктерді назардан тыс қалдыра отырып, ең бастысы экономика саласының рөлін жиі қарастыра отырып, осы саланы зерттеуге шоғырланады. Кейбір жағдайларда экономикалық тұрғыдан анықталмаған факторлар ескерілмейді. Сондықтан жүйелік сараптау әлемі, жаһандық өзгерістерді ұғынудың өркениеттік тәсілдеріне қарама-қайшы емес, керісінше оларды толықтырады. Әлеуметтанудағы ең өзекті тақырыптардың бірі - “құрылым-қызметкер” пікірталасында бұл тәсіл, тәуелсіз және оны барлық деңгейде – жеке адамнан бастап халықаралық ұйымдарға дейін қамтитын тарихи жүйенің жеке даму қисыны бар деп шешеді.
Сонымен, әлем-жүйе орталығы дамыған елдер болып табылады, бұл Валлерстайнның антропологтар сынайтын осал жерін көрсетеді. Бұл жерде әңгіме Валлерстайнның жаһандану процесіндегі периферияны елемеуі туралы болып отыр. Валлерстайнның жаһандану процесі бүкіл әлемді қамтитындығы туралы; периферия елдері әлем-жүйе өзегінің елдеріне қарсы тұра алмайтындығы туралы; біртіндеп әр түрлі елдер арасындағы мәдени айырмашылықтар жойылатындығы туралы тұжырымдары сын үшін тағы да бір объект болып шығады. Сонымен бірге әлем-жүйе тәсілінің перспективасы, үлкен жүйеге кіретін қауымдастықтар қалайша үлкен жүйелерден қорғанып, қызмет ететіндігін зерттеу болып табылады.
Жалпы алғанда, Валлерстайнның әлем-жүйе теориясы мен Гидденс пен Робертсонның жаһандану теориялары арасында белгілі бір айырмашылықтар бар екендігін атап өту қажет. Көріп отырғанымыздай, мысалы, Валлерстайн жаһандануды негізінен экономикалық феномен деп түсінсе, Гидденс пен Робертсон жаһандануды тек экономикалық процестермен ғана ұқсастырып қоймай, өз сараптамаларында оны оқшаулау, мәдениет және ұқсастық процестерімен байланыстырады.