Тарауық намазына қатысты мустахап істер
1 - Намаз арасында тынығу. Тарауық намазы арасында жалпы тынығу - Омар енгізген сүннет, Аллаһ тағала оған разы болсын. Зайд ибн Уәһіп, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان عمر بن الخطاب رضي اللّه عنه يروحنا في رمضان - يعني بالترويحتين قدر ما يذهب الرجل من المسجد إلى سلع)
«Рамазан түндеріндегі намаз арасында Омар бізге екі тынығу жасайтын. Бұл аралықта адам қажетін өтеп келетіндей уақыт өтетін»[616]. Кейін мұсылман әлемінің көпшілік бөлігінде төрт рәкат сайын тынығу аралығында таспих айтып, дұға жасау әдетке айналды.
2 - Тарауық намазында Құранды бір ай ішінде бір мәрте толық оқып шығу. Алайда, бұл намаздың сауабын іздеп келген жұрттың имани деңгейі әртүрлі болғандықтан, имам оларды намаздан қашырып алмас үшін, олардың жағдайларын қадалағаны дұрыс. Имамға Құран аяттарын анық әрі ашық оқымауы және Құранды аз күннің ішінде қатым ету мақсатымен тез-тез оқуы мәкруһ. Өйткені Құранның мағынасын түсінбегенімен, намазға келген жұрт оның асықпай оқылған әуенімен әсерленеді, тіпті көзіне жас келеді. Ал Құран тез-тез оқылған жағдайда оның әсем әуені жоғалып, адамдар жалығып кетеді. Адамдардың жалығуы ықыластарына кері әсерін тигізеді. Сол себептен имам мұны қатты қадағалауы қажет.
3 - Мешітте жамағатпен оқылуы абзал. Айша анамыздан, Аллаһ тағала оған разы болсын, жеткен сахих хабарда пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) оны үш күн жамағатпен оқыды. Кейін үмметіне парыз болып қалуынан қорықпағанда келесі түндері де жамағатпен оқуын жалғастыратын еді. Ибн Аббастың айтуынша Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, рамазан айында адамдарға Әбу ибн Каъбті имам етіп, ол жиырма рәкат нәпіл және үш рәкат үтір оқитын. Түннің алғашқы бөлігінде оқылуы абзал, өйткені Омардың кезінде түннің алғашқы бөлігінде оқылатын[617]. Әбу Зарр, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى الله عليه و سلم جمع أهله وأصحابه و قال: "إنه من قام مع الإمام حتى ينصرف كتب له قيام ليلة")
Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) отбасы мен сахабаларын жинап, былай деді: «Расында, кім имаммен бірге намазды аяғына дейін тұрса, түн бойы намазда тұрды деп жазылады»[618].
2 - Жаңбыр тілеу намазы.Бұл намаз құрғақшылық және қуаңшылық кезде Аллаһ тағаладан жаңбыр тілеу үшін оқылады. Құрғақшылық бәлесі адамдардың басына Аллаһ тағаланы ұмытып, күнә жасауларының кесірінен келеді. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:
﴿وَلَوْ أَنَّ أَهْلَ الْقُرَى آمَنُواْ وَاتَّقَواْ لَفَتَحْنَا عَلَيْهِم بَرَكَاتٍ مِّنَ السَّمَاءِ وَالأَرْضِ وَلَـكِن كَذَّبُواْ فَأَخَذْنَاهُم بِمَا كَانُواْ يَكْسِبُونَ﴾
«Және ауыл (қала) тұрғындары иманға келіп, Аллаһтан қорыққандарында, әрине, оларға көктер мен жерден берекелер төгер едік. Бірақ олар иманды теріске шығарды. Сонда істеген қылықтары үшін оларды бас салдық»[619].
Мұндай жағдайда жұрт түгел жиналып, тәубаларына келіп, Раббыларынан кешірім сұраулары қажет. Аллаһ тағала Құранда былай дейді:
﴿وَإِذِ اسْتَسْقَى مُوسَى لِقَوْمِهِ فَقُلْنَا اضْرِب بِّعَصَاكَ الْحَجَرَ فَانفَجَرَتْ مِنْهُ اثْنَتَا عَشْرَةَ عَيْناً﴾
«Мұса қауымы үшін жаңбыр тілегенде Біз оған: «Аса таяғыңмен тасты ұра қой»-деген едік. Сонда одан он екі бұлақ жарылып шыққан еді..»[620].
Құрғақшылық бәлесі келген кезде мұсылман қауым түгелімен, қариялары да, балалары да, ерлері де, әйелдері де намаз оқылатын алаңға шығып, Аллаһ тағаладан кешірім сұрайды. Дұға жасап, рахымын тілейді. Біреуінің болмаса, біреуінің дұғасына жауап келер. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деген:
(هل تُنْصَرون وتُرزَقون إلا بضعفائكم)
«Әлсіздерің үшін болмаса, сендерге ризық пен жәрдем келер ме еді?!»[621].
Имам Әбу Ханифаның көзқарасында жаңбыр тілеу үшін жамағатпен намаз оқылмайды, алайда жиналған жұрт Аллаһ тағаладан шын ықыласпен кешірім сұрап және жалынып, рахымын тілесе жеткілікті. Имамның негізге алған дәлелі: құрғақшылық келгенде Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, халықты намаз алаңына жинағанымен намаз оқымайды. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(استسقى عمر عام الرمادة بالعباس فقال: اللهم إن هذا عم نبيك صلى الله عليه وسلم نتوجه إليك به فاسقنا فما برحوا حتى سقاهم الله عز و جل)
«Құрғақшылық жылы халифа Омар Аббасты қасына алып, жаңбыр тілейді. «Аллаһым, расында, мынау - пайғамбарыңның (саллаллаһу алайһи уа саллам) немере ағасы. Сенің алдындағы дәрежесін пайдаланып, Саған жалынамыз. Бізге жаңбыр жіберші»-дейді. Сонда көп ұзамай, жаңбыр жауады»[622].
Бұл көзқараста болған Әбу Юсуп пен Мұхаммед өздеріне пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) жаңбыр тілеу үшін намаз оқығандығы туралы жеткен екі хадистің негізінде имамның көзқарасынан қайтады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) айт намазы секілді екі рәкат жаңбыр тілеу намазын оқығанын айтты[623].
Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى الله عليه وسلم خطب في الاستسقاء ثم نزل فصلى ركعتين)
«Құрғақшылық кезде пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) жаңбыр тілегенде, алдымен, адамдарға құтпа айтты. Сосын төмен түсіп, екі рәкат намаз оқыды..»[624].