Мұнайды резервуарларда сақтау кезiнде шығынды болдырмау

Жеңiл фракциялардың булануына байланысты мұнайдың негiзгi шығындары резервуарлардың кіші және үлкен көлемде “тыныс алуының” әсерiнен болады.

Резервуарлардың кіші “тыныс алуы” тәулiктiк температураның және сырттағы ауаның барометрлiк қысымының өзгеруi әсерiнен болады. Күндiз резервуарлардың және оның ішіндегі мұнайдың жоғарғы бөлігі қызған кезде саңылаусыз жабылған резервуардағы булардың мөлшерi мен олардың серпiмдiлiгi ұлғаяды, және егер қысым резервуарға есептелген қысымнан асып түссе, онда булардың бiр бөлiгi сақтандырушы немесе тыныс алу (яғни, қысымды және вакуумды реттеуші) клапандары арқылы резервуарлардан атмосфераға (яғни, сыртқа шығады) шығады. Түнгi уақыттарда ауаның температурасы төмендеген кезде резервуардағы мұнай буларының бiр бөлiгi конденсацияланады да, қысым төмендейдi және пайда болған вакуум резервуарға есептелген вакуумнан көп болған кезде резервуардың газды кеңiстiгiне сырттан ауа кiредi.

Резервуарларды мұнаймен толтырғанда және оны босатқанда бу қоспаларын шығару және сырттағы ауаны кiргізу процесстерi жүреді, оны үлкен “тыныс алуы” деп атайды. Үлкен “тыныс алуы” кезiндегi жеңiл фракциялардың шығыны резервуарлардың кіші “тыныс алуы” кезiндегiге қарағанда айтарлықтай үлкен.

Резервуарлардағы мұнайдың булануы кезiндегi көмiрсутектердiң шығынын азайту әдiстерiн шартты түрде үш топқа бөлуге болады:

1. мұнайдың булануын ескертетiн әдiстер;

2. булануды азайтатын әдiстер;

3. булану өнiмдерiн жинау әдiстерi.

Мұнай шығындары - бұл негізінен мұнайды саңылаулы резервуарларда сақтау кезiнде болатын жағдай, көбінесе мұнайдың булану дәрежесіне, яғни берiлген температура мен қысым кезiнде газ тәрiзді күйге өту қабiлеттiлiгiне тәуелдi болады. Неғұрлым мұнайда жеңiл фракциялар көп болған сайын, соғұрлым оның булануы да жоғары болады. Буланудан болатын мұнай шығындарын азайту үшiн мұнайдың қаныққан бу қысымынан асып түсетiн қысымды резервуарларда ұстап тұру қажет.

Бiрақ та бұл әдiс көлемi үлкен резервуарларға жарамайды, өйткенi олар 1962 Па-дан жоғары қысымға есептелiнбеген, сондықтан қазiргi уақытта қалтқымалы қалпақшаны немесе понтондарды қолдана отырып, резервуардың газды кеңестiгiн азайту немесе минимумға дейiн апаруды қолданады.

Қалқып жүретiн қалпақшасы бар резервуарлардың тұрақты жамылғысы болмайды (яғни, төбесі жабылмайды), ал шатырдың рөлiн сұйықтық бетiнде қалқып жүретiн болат листтерден жасалған диск қалпақша атқарады. Қалқып жүретiн қалпақшасы бар резервуарлар тыныс алу клапандарымен, өлшеу қондырғыларымен және люктармен жабдықталады. Тыныс алу клапаны резервуар қалпақшасын (шатырын) резервуардағы өнімді толығымен алу, яғни босату кезінде пайда болатын вакуумнан және резервуар қалпақшасы (шатыры) төменгi жағдайда болған кезде резервуарға өнімді құю, яғни толтыру барысында пайда болатын артық қысымнан қорғау үшін қажет. Шатырдың батпауын саңылаусыз бөлім - понтондар қамтамасыз етедi. Қалқып жүретiн қалпақшалар қалыңдығы 4-5мм болатын болат листтерден пiсiрiлiп жасалады және өткiзгiштiлiкке сыналады. Резервуардың қалпақшасы (шатыры) мен қабырғасының арасындағы саңылауды түстi металдан немесе асбесттiк матадан жасалған арнайы тығындармен нығыздайды. Жауын сулары резервуар төбесінен дренажды құбырлар бойымен ағып, резервуардан тысқары жерге тасталады.

Понтондары бар резервуарлар қалқып жүретiн қалпақшасы бар резервуарлармен салыстырғанда едәуiр қарапайым болып табылады. Понтондар металдан немесе пластмассадан жасалады. Понтондар, оның жүзбелiгiн қамтамасыз ететiн қалқымалары бар дисктi бiлдiредi. Понтон мен резервуар тұрқы (корпусы) арасындағы саңылауды тығындау үшiн бензинге төзiмдi резинамен сiңiрiлген асбестiк матадан немесе түстi металдардан жасалған арнайы тығындар жасалады, олар iшiне серпiмдi материал салынған пiлте (петля) тәрiздес пiшiнге ие. Тұрақты төбесі (шатыры) бар резервуарларда тұрғызылатын понтондар атмосфералық жауын-шашынның түсуiнен сақтандырылған, ол синтетикалық жұқа материалдардан жасалған жеңiлдетiлген конструкцияларды қолдануға мүмкiндiк бередi. Шет елдерде пластмассалық тегіс шариктерден және пластмассалық пленкадан жасалған экрандар кеңiнен қолдау тапты.

Қалқып жүретiн қалпақшаларды және понтондарды қолдану жиi толтырылатын және босатылатын резервуарлар үшiн едәуiр тиiмдi, яғни айналу коэффициентi үлкен.

Қалқып жүретiн қалпақшаның және понтондардың құрылысы резервуардың тұрақты төбесіне (шатырына) қарағанда қымбатқа түседi, алайда бағасындағы айырмашылық мұнайдың жеңiл фракцияларының шығынын үнемдеу есебінен бiр жылдың ішінде-ақ өтеледі.

Резервуарларда мұнайдың буланып ұшып кетуін азайту тәсiлдерiне күн сәулесiнің әсерінен қызудан қорғауды жатқызуға болады. Бұл үшін резервуарларды сәуленi шағылыстыратын бояумен бойайды (ақ немесе алюминий түсімен), негізі ақ бояумен бояған алюминий түсімен бояғанға қарағанда едәуiр тиiмдi. Резервуарларды бояу бiр жағынан атмосфералық тоттанудан қорғау болып табылады, сондықтан да бояулар тоттануға төзiмдi болуы керек.

Мұнайды резервуарда сақтау барысында мұнай шығынын (яғни, жеңіл фракциясының ұшып кетуін) азайту үшін газ теңестiру жүйесiн пайдаланады. Резервуарлардың газды кеңiстiктері газ құбырлары жүйесi арқылы бір-бірімен байланысады, яғни мұнай өнімімен толтырылып жатқан резервуарлардағы газдар босап жатқан резервуарларға өтедi, бiрақ та резервуарлар жүйесінің синхронды жұмыс жасауын жүзеге асырудағы қиыншылықтарына байланысты оларға әдетте резервуар-компенсаторды және төбесі көтерiлетiн резервуарларды жатқызады. Бұл резервуарға (яғни, резервуар-компенсаторға) - резервуарларды толтыру барысында пайда болған артық газ келiп түседі және керiсiнше, резервуарлардан мұнайды босату (шығару) оны толтырудан асып түскен жағдайда, резервуар-компенсатордағы газ резервуарларға барады.

Наши рекомендации