Тақырып. Корпорация табысының қалыптасуы мен бөлінуі және тиімді пайдалануы
Лекцияның мақсаты: Корпорация табыстарының қалыптасуы және бөлінуін оқып-үйрену.
Негізгі сұрақтар:
1. Кәсіпкерліктің дамуындағы табыстың орны
2. Корпорация табысының жіктелуі және рентабельділігі
3. Табыстарды жоспарлау
1. Кәсіпкерліктің дамуындағы табыстың орны. Корпорацияның нарықтық экономика жағдайында қызмет етуінің экономикалық пайдалылығы табыс табумен анықталады. Корпорацияның табыстылығы абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштермен сипатталады. Табыстылықтың абсолютті көрсеткіші – бұл табыстар мен пайдалардың сомасы. Шетелдік арнаулы әдебиеттерде табыстар ұғымы келесідегідей түрде анықталады:
Табыстар – дегеніміз қаржының келуі немесе активтер құнының өсуі не болмаса пассивтердің азаюы түріндегі есепті кезеңдегі экономикалық пайданың ұлғаюы болып табылады, бұл акционерлер салымдарының есебінен өсуден басқа жағдайдағы капиталдың өсуіне әкеледі.
Табыстылықтың көрсеткіштер жүйесі ең алдымен қаржылық нәтижелердің абсолютті көрсеткіштерінен тұрады, олар өнімді /жұмысты, қызметті/ өткізуден алынатын табыс, жалпы табыс, негізгі қызметтен алынған табыс, салық салынғанға дейінгі дағдылы қызметтен алынатын табыс, салық салынғаннан кейінгі табыс, төтенше жағдайлардан алынған табыс, корпорация қызметінің соңғы қаржылық нәтижесі болып табылатын таза табыс.
Табыс жинақталған түрде шаруашылық жүргізудің нәтижесін, заңды және затқа айналған еңбектің өнімділігін көрсетеді. Оны кейбір экономистер экономикалық тиімділік көрсеткіштері қатарына жатқызса, енді біреулері оны корпорация жұмысының тиімділігіне жатқызады.
Нарықтық жағдайда табыстың ролі айтарлықтай артты. Жоспарлы-директивті экономика жағдайында оның ролі төмендетілген болатын. Табыс табу кез-келген корпорацияның мақсатты функциясы ретінде төмендетілді. Нарықтық экономикаға көшумен табыс, оның яғни корпорацияның қозғаушы күшіне айналды. Табыс есебінен сондай-ақ корпорацияның бюджет алдындағы, банктер мен басқа да кәсіпорындар, ұйымдар алдындағы міндеттемелері орындалады. Сонымен, табыс корпорацияның өндірістік және қаржылық қызметін бағалаудағы негізгі көрсеткіші болып табылады.
Ол оның іскерлік белсенділігі мен қаржылық тұрақтылығын сипаттайды. Табыс бойынша авансталған қаржылық қайтарымдылық деңгейі мен осы корпорацияның активтеріне саплынған салымдардың табыстылығы анықталады.
Сонымен корпорация табыстарына есепті кезеңдегі активтердің көбеюі /ақша қаражаттарының, басқа да мүліктердің келіп түсуін, кіріске алынуын/ және міндеттемелердің азаюы /өтелінуі/ негізінде капиталдың көбеюін /үлес қосушылардың жарналарынан басқа/ яғни экономикалық пайда табуды айтамыз.
Мұндай табыстарға:
· дайын бұйымдар мен тауарларды сатудан алынатын табыстар;
· қызмет көрсетуден алынатын табыстар;
· дивиденттер, роялтилер және пайыз түрінде алынатын және т.б. табыстар жатады.
2.Корпорация табысының жіктелуі және рентабельділігі.
Корпорация табыстары негізгі қызметтен түскен және негізгі емес қызметтен түскен табыстар болып бөлінеді.
Корпорацияның негізгі қызметтен алынатын табыстары - олардың негізгі өндірісі шығарған тауарларды сатудан, көрсеткен қызметтерден, сондай-ақ орындалған жұмыстардың барысында тапқан табыстары саналады.
Негізгі қызметтен алынған табыстарға корпорация жүйесінде келесілер жатады:
· дайын өнімді /жұмысты, қызметті/ сатудан түскен табыстар;
· сатылып алынған тауарларды сатудан түскен табыстар;
· құрылыс-монтаж, ғылыми-іздестіру, геологиялық барлау және т.б. болған табыстар;
· көлік ұйымдарының жүктер мен жолаушыларды тасымалдау жөніндегі қызметтен түскен табыстар;
· жалға байланысты алынған табыстар;
· байланыс ұйымдарының қызметінен түскен табыстар;
· сақтандыру компанияларының қызметінен түскен табыстар;
· инвестициялық қызметтен түскен табыстар;
Бұл табыстардың барлық түрлері үшін корпорацияның бухгалтериясында жекеленген бухгалтерлік шоттар ашылады.
Ал корпорацияның негізгі емес қызметінен түскен табыстары дегеніміз – субъектінің нақтылы негізгі қызметтерінен басқа жұмыстарды орындауы барысында тапқан табыстарын айтады.
Оларға: -корпорацияның материалдық емес активтерін сатудан түскен табыстар;
· негізгі құралдарды сатудан түскен табыстар;
· құнды қағаздарды сатудан түскен табыстар;
· акциялар бойынша дивиденттер мен пайыздардан түскен табыстар;
· курстық айырмашылықтан түскен табыстар және т.б.
Сонымен қатар, корпорацияның мұндай табыстарына басқа заңды және жеке тұлғалардан тегін келіп түскен материалдық емес активтер, негізгі құралдавр, материалдар, ақша қаражаттары, айыппұлдар, өсімақылар және т.б. төлемдер жатады.
Жалпы кез-келген корпорацияда пайда көрсеткіштері экономикалық мазмұнына қарай, функционалдық мағынасына қарай келесі көрсеткіштерге бөлінеді: барлық есептеулердің негізгі базасы ретінде – баланстық пайда табылады, яғни корпорацияның өндірістік-шаруашылық қызметінің негізгі қаржылық көрсеткіші.
Жалпы пайда - өнімді өткізуден түскен пайда сомасы, негізгі құралдар және тағы басқа корпорацияның сатудан тыс операцияларынан түскен кіріс болып табылады. Бірақ жалпы пайда корпорацияның бухгалтерлік есеп беруінде көрініс таппайтын болғандықтан, корпорацияның қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесі туралы есеп беруде көрсетіледі. Ол нормативті құжаттарға сәйкес, яғни стандарт бойынша баланстық пайда деп аталады.
Салық салу мақсатына байланысты арналған көрсеткіш – жалпы пайда, ал оның негізінде салық салынатын және салынбайтын пайда болып бөлінеді. Салық салудан кейінгі және басқа да бюджет төлемдерінен кейінгі корпорацияның өзінде қалатын пайда таза пайда болып табылады. Бұл корпорация қызметінің соңғы қаржылық нәтижесі болып табылады
Корпорациядағы таза пайда келесі көздер бойынша бөлінуі мүмкін:
-резервтік капиталға;
-дивидендтер төлеуге;
-тұтыну және әлеуметтік қажеттіліктерге;
-өндірістік құралдар сатып алуға;
-кейінге қалдырылған несие төлемдерін жүзеге асыруға және т.б.
Корпорация табыстылығын жалпы бағалау үшін активтердің рентабельділігі анықталады. Рентабелділік – шығарылған өнімнің табыстылық дәрежесін сипаттайтын өндіріс тиімділігіне қатысты көрсеткіш. Рентабелділік көрсеткіші сауда-өндірістік процесстің табыстылығын, пайдалылығын көрсетеді. Ол келесі формула бойынша анықталады:
Р = Пайда / Өнімнің өзіндік құны * 100
Осыған байланысты әр түрлі дәрежелердің рентабелділігі анықталады:
Капитал рентабелділігі = таза пайда / таза активтер *100
Бұл көрсеткіш корпорацияның барлық салаларындағы жеке және заемддық капиталдарды, яғни ұзақ мерзімді негіздегі жұмылдырылған капиталдардың табыстылығын бағалауға арналған.
Сату рентабелділігі = сатудан түскен пайда / сатудан түскен түсім *100
Сату рентабелділігі корпорация қызметінің негізгі табыстылығын сипаттайды. Менеджерлер бұл көрсеткіштерді баға арасындағы, өткізілген тауар саны және көлемі арасындағы байланысты бақылау үшін қолданылады.
Ра=(ТТ/А)*100,
мұндағы: Ра – активтердің рентабельділігі; ТТ – таза табыс; А – активтердің құны.
Активтердің рентабельділігімен қатар тәжірибеде өнімнің рентабельділігі кеңінен қолданылады. Ол келесі формуламен анықталады:
Рө=(ЖТ/ӨҚ)*100,
мұндағы: Рө - өнімінің рентабельділігі; ЖТ – жалпы табыс; ӨҚ - өзіндік құн.
Рентабелділік көрсеткіштері корпорацияның қаржы-шаруашылық қызметін талдау процесінде, қаржылық жоспарлауда, басқару шешімдерін таңдауда және т.с.с. маңызды орын алады.
3. Табыстарды жоспарлау. Корпорация пайдасын жоғарылату үшін оны алдын-ала жоспарлау қажет. Жалпы барлық корпорацияда пайда алдын-ала жоспарланады.
Пайданы жоспарлау – қаржылық жоспарлаудың белгілі бір бөлігі болып табылады. Ол корпорация қызметінің барлық түрлері бойынша жеке-жеке жүргізіледі. Негізгі істі қаржы менеджері атқарады. Мұның барлығы арнайы әдістерді қажет етеді. Қаржылық жоспарды өңдеу процесі кезінде пайда көлеміне әсер ететін барлық факторлар ескеріледі және әр түрлі басқару шешімдерін қабылдауға байланысты қаржылық нәтижелер қарастырылады.
Жалпы экономикасы дамып келе жатқан елдердің корпорацияларында пайданы 3 жылдан 5 жылға дейін алдын-ала жоспарлап алады. Ал экономикасы тұрақтанбаған елдерде аз уақытқа, яғни жарты жылға жоспарланып отырады.
Пайда жоспары корпорацияның қаржылық моделі ретінде көрінеді. Осы жоспарлаулдың жобасы бойынша әр түрлі басқару шешімдердің тиімділігі қарастыорылады. Мұнда еңбек шығынын азайту ретінде компьютерлік технологияны пайдалану қолданылады.
Жалпы табысты жоспарлаудың келесідей негізгі әдістері бар: тікелей есептеу және аналитикалық.
Тікелей есептеу әдісі өнім ассортименті аз болған жағдайда қолданылады. Оның мәні табыстың өнім өткізуден түскен табыс пен өткізілген өнімінің өзіндік құнының айырмашылығы ретінде есептелуінде.
Табысты жоспарлаудың аналитикалық әдісі өнім көп ассортиментпен өндірілген жағдайда қолданылады. Бұл әдістің артықшылығы табысқа жекеленген факторлардың әсерін анықтауға үмкіндік береді.
Бақылау сұрақтары:
Кәсіпкерліктің дамуындағы табыстың орны анықтау керек. Корпорацияның табыстылығы абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштермен сипатталады. Шартты есептер құрастырыңыз. Табыстылықтың абсолютті көрсеткіші ұғымын айтыңыз. Корпорация табыстарына есепті кезеңдегі активтердің көбеюі /ақша қаражаттарының, басқа да мүліктердің келіп түсуін, кіріске алынуын/ және міндеттемелердің азаюы /өтелінуі/ негізінде капиталдың көбеюін /үлес қосушылардың жарналарынан басқа/ яғни экономикалық пайда табуды есептеп беріңіз.
Корпорация табысының жіктелуі және рентабельділігін түсіндіріңіз.Негізгі қызметтен алынған табыстарға корпорация жүйесінде не жатады? Ал корпорацияның негізгі емес қызметінен түскен табыстары дегеніміз не? Корпорациядағы таза пайдасын көздер бойынша бөліңіз.
Корпорация пайдасын жоғарылату үшін оны алдын-ала жоспарлау қажет. Мысал келтіріңіз.
Табысты жоспарлаудың аналитикалық әдісі өнім көп ассортиментпен өндірілген жағдайда қолданылады. Бұл әдістің артықшылығын анықтаңыз.