Оғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны 1 страница
Азаматтық қоғам және саяси жүйе. Билік және оның көрінісі. Қоғам өзара әрекеттестікте болатын әр түрлі саяси, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, құқықтық жүйелер жиынтығы ретінде. Қоғамның саяси жүйесі – құқық және өзге де әлеуметтік нормалар негізінде тәртіпке келтірілген, белгілі бір елдің саяси өмірін қамтамасыз ететін және саяси билікті жүзеге асыратын мекемелер мен ұйымдардың жиынтығы.
«Саяси жүйе» түсінігі саяси процесстердің қалай реттелетіндігін, саяси биліктің қалай қалыптасатындығын және қызмет ететіндігін көрсетеді. Бұл саяси әрекетті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың механизмі. Билік және оған қатынас әртүрлі әлеуметтік институттардың саяси функциясын сипаттайды. Билік, егеменділік, тұлға бостандығы тәріздес қоғам өмірінің аймағы көптеген адамдардың мүддесін қозғайды да, саяси аймаққа айналады. Осы тұста кешенді алынған адамдардың үлкен тобының билікті, егемендікті, тұлға бостандығын қамтамасыз етуді, өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды жеңіп алу, ұстап тұру және пайдалану барысы бойынша қатынасы саяси сипатқа ауысады.
Қоғамның саяси жүйесі мынандай қызмет атқарады:
1) қоғам дамуының мақсатын, міндетін және жолдарын анықтау;
2) осы мақсат, міндеттерге жету үшін қажетті құралдар мен ресурстарды топтастыру;
3) қоғамды жақындастыру, оның құрылымының әртүрлі элементтерінің өзара әрекеттестігі үшін қажетті шарттарды жасау;
4) мемлекеттік билікті легитимдендіру, яғни шынайы саяси өмірді ресми саяси және құқықтық нормаларға сәйкестендірудің жоғарғы деңгейіне жеткізу;
5) қоғамдық-саяси әрекет режимдерін реттеу.
Саяси жүйелерді әр түрлі негізде топтастыруға болады. Оның пайда болуының әлеуметтік ортасына қарай тоталитарлық және либералды-демократиялық саяси жүйелер танылады, осы сипатына байланысты аралас (конвергенциялық) түрлері де кездеседі. ¤зара әрекеттестік сипатына байланысты ашық және жабық саяси жүйелер анықталған.
Қоғамның кез келген жүйесі, соның ішінде саяси жүйе өзара әрекеттестікте болатын көптеген элементтерден құралады. Құрамдас бөліктердің өзара бірлігі жаңа сапа тудырады. Саяси жүйенің құрылымы деп оның элементтері мен олардың арасындағы байланысты айтамыз. Саяси жүйенің келесі компоненттері танылған:
1) қоғамның саяси ұйымы, оған мемлекет, саяси партиялар және қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, еңбек ұжымдары және т.б. жатады.
2) саяси сана, саяси билік саяси жүйенің психологиялық және идеологиялық жақтарын сипаттайды.
3) қоғамның саяси өмірін және саяси билікті іске асыру үрдісін реттейтін әлеуметтік-саяси және құқықтық нормалар.
4) саяси билікке қатысты жүйе элементтерінің арасында қалыптасатын саяси қатынастар.
5) саяси практика /тәжірибе/, ол саяси әрекет пен жинақталған саяси тәжірибеден құралады.
Осы жерде саяси жүйенің субъектілеріне де тоқтала кетуге болады. Оларды екі деңгейде ажыратып қарастырсақ, институционалдық деңгейде субъектілер құрамына парламент, президент, үкімет, кәсіподақтар және т.б. кіреді де, функционалдық деңгейде оның қатарына шіркеу, армия, оппозиция және т.б. жатады.
Саяси жүйенің құрамына тікелей немесе жанама түрде белгілі бір саяси функцияларды атқаратын немесе өзінің қоғамдық роліне байланысты қоғамның әлеуметтік мақсаты мен идеалын қалыптастырушы әлеуметтік институттар кіреді. Саясатпен тікелей айналысатын әлеуметтік институттарға мемлекет пен саяси партиялар кіреді. Қоғамдық қозғалыстар, еңбек ұжымдары, кәсіподақтар, шығармашылық одақтар, жастар ұйымдары, спорттық ұйымдар және т.б. саясатпен жанама түрде айналысатын әлеуметтік институттарды құрайды.
«Мемлекет» және «қоғамның саяси жүйесі» түсініктері бөлшек пен тұтас категориялар ретінде арақатынаста болады. Мемлекет саяси өмір құбылыстарын «жалпы міндеттілік» өлшемі арқылы өткізіп, өз бойына саяси мүдделердің көпшілігін шоғырландырады. Міне осы тұрғыдан мемлекет саяси жүйеде ерекше роль атқарады, оған тұтастық пен тұрақтылық береді. Ол қоғам ресурстарын пайдалана және оның өмір сүруін ретке келтіре отырып, басқару бойынша әрекеттердің басым бөлігін атқарады.
Мемлекет қоғамның саяси жүйесінде орталық, жетекші орын алады. Себебі:
- Мемлекет өзінің аумақтық шекарасы көлемінде азаматтық белгісі бойынша біріккен бүкіл халықтың бірден-бір ресми өкілі ретінде көрінеді.
- егеменділіктің бірден-бір иегері болып табылады.
- қоғамды басқаруға арналған арнаулы аппаратқа (көпшілік билігі) ие.
- «күштеу» құрылымдары болады (қарулы күштер, милиция-полиция, қауіпсіздік органдары және т.б.)
- көбінесе құқықшығармашылық монополиясына ие болады.
- материалдық құндылықтар жиынтығын иемдене алады (мемлекеттік меншік, бюджет,валюта және т.б.)
Саяси жүйеде қоғамның саяси өмірінің маңызды әлеуметтік институты саяси партиялар расында үлкен роль атқарады. Саяси партиялар - өздерінің негізгі мүдделерін жүзеге асыру үшін мемлекеттік билікті жеңіп алу, ұстап тұру және пайдалану мақсатын көздейтін идеологиялық және ұйымдық біріккен адамдардың ерікті қауымдастығы. Партияларды парламенттік - билікті демократиялық жолдармен, парламент жұмысына қатысу арқылы жеңіп алуды мақсат ететін және билікті күшпен басып алуды, қоғамдық құрылымды күштеп өзгерту міндетін қоятын партиялар деп ажыратуға болады. Мемлекет ісіне қатысуына байланысты парламенттік партиялармен қатар, басқарушы партияларды – билікті жеңіп алған және жүзеге асырып отырғандарды да атауға болады. Бағдарламалары мен әрекетінің әлеуметтік бағытталғандығына байланысты саяси партиялар социал-демократиялық, либералды-демократиялық, коммунистік, таптық, ұлттық, нәсілдік, фашистік, діни болып жіктеледі. Әрекетінің идеалдық негізіне байланысты доктриналдық (өз идеологиясын қорғауға бағытталған), прагматикалық және харизматикалық болып бөлінеді. Саяси спектрдегі орнына байланысты – солшыл, оңшыл және орталықшыл түрінде танылады.
Саяси жүйелер бірпартиялық және көппартиялық (плюралистік) болып та жіктеледі. Қазақстан Республикасы кеңестік дәуірдегі бірпартиялық жүйеден бас тартқалы бері, елімізде қабылданып жатқан нормативті-құқықтық актілерге сүйене отырып, әр түрлі саяси партиялар құрылып әрекет етуде. Оның құқықтық базасын ҚР Конституциясы, ҚР заңы «Саяси партиялар туралы», ҚР «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдары құрайды.
Қоғамдық саяси қозғалыстар – азаматтардың белгілі бір әлеуметтік тобының мүддесін көздеуге және маңызды саяси мақсатқа жетуге бағытталған қоғамның барынша белсенді тобы. Қоғамдық қозғалыстардың саяси партиялардан айырмашылығы:
- қозғалыстар тек бір саяси тұжырымды қолдайды және бір ірі мәселені шешуді мақсат етіп қояды (Семей полигонын жабу);
- қозғалыс билікке таласпайды, оған ықпал ету арқылы өз мәселесін шешуге бағыттайды;
- қоғамдық-саяси қозғалыста формальды ішкі иерархия, нақты анықталған тұрақты мүшелік және тиісті құжаттар (бағдарлама,жарғы) болмайды.
Қоғамдық - саяси қозғалыстарды да саяси партиялар тәрізді әр түрлі негіздер бойынша жіктеуге болады: әрекет ету аймағына байланысты – әлеуметтік-саяси, этносаяси, конфессионалдық, экономикалық, экологиялық, ғылыми және т.б.; қатысушыларының санына байланысты – бұқаралық, элитарлық; әрекет ету аумағына байланысты – жергілікті, аймақтық, республикалық, мемлекетаралық; әлеуметтік құрамына байланысты – кәсіби, әйелдер ұйымы, жастар одағы және т.б.; ұйымдасу тәсіліне байланысты – фронт, ассоциация, бірлестік, одақ, ұйым және т.б. деп бөлуге болады.
Саяси жүйелер тарихында мемлекет пен дін қатынасы туралы мәселе ерекше орнымен танылған. Тарих теократиялық (діни) және зиялы, жаугер-атеистік және конфессиялық-плюралистік мемлекеттермен, соған сәйкес саяси жүйелермен таныс.
Жалпы айтқанда, діни ұйымдар көптеген қоғамда саяси жүйенің маңызды элементтерінің бірі ретінде (либералды-демократиялық саяси жүйелерде бұл жоққа шығарылса да) танылып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына, Қазақстан Республикасы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған заңына сәйкес еліміз зайырлы мемлекет ретінде танылып, ондағы діни ұйымдар мен мемлекеттің ара қатынасы анықталған.
Негізгі әдебиеттер:
1. Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.
2. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.
3. Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.
Нормативті әдебиеттер:
5. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 2000.
6. Қазақстан Республикасы заңы «Саяси партиялар туралы» 2002 // Парламент Жаршысы, 2002, №6.
7. Қазақстан Республикасы заңы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 31 мамыр 1996 // Парламент Жаршысы, 1996. №5
8. Қазақстан Республикасы заңы «Дін тұтыну бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 15 қаңтар 1992 // Жаршы, 1992. №4.
Қосымша әдебиеттер:
10. Авакьян С.А. Политический плюрализм и общественные объединения в Российской Федерации: конституционно-правовые основы. М., 1996.
11. Демократия. Государство. Право ХХ1 век: материалы научно-практ.конф./Под ред.С.Сартаева.Алматы: KPELS, 2001,338 с.
12. Комаров С.А. Личность в политической системе российского общества. Политико-правовое исследование. Саранск, 1995.
13. Современный Казахстан: экономика, политика, общество. Т. 1, 2. Алматы, 1997.
14. Теплов Э.П. Политическая власть. Алматы, 1993.
15. Фетисов А.С. Политическая власть: проблемы легитимности. // Социально-политический журнал. М., 1995. № 3.
16. Чиркин В.Е. Глобальные модели политической системы современного общества: индикаторы эффективности // Государство и право. 1992. № 5.
17. Шабров О.Ф. Политическая система: демократия и управление обществом // Государство и право. 1994. № 5.
18. Юдин Ю.А. Политические партии и право в государстве.1998.
Ықтық мемлекет
Құқықтық мемлекет - адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын барынша толық қамтамасыз етуге жағдай жасайтын, мемлекеттік билікті құқық көмегімен шектейтін саяси билікті ұйымдастыру. Ол гуманистік бастауларды, әділеттілікті бекітуге арналған әлеуметтік құндылықтардың біреуі ғана емес, сонымен бірге жеке тұлға бостандығын, ар-ожданы мен намысын қамтамасыз етудің құралы, халықтық биліктің өмір сүруінің нысаны.
Құқықтық мемлекеттің жәй мемлекетке қарағанда айырмашылықтары болады: 1. Мемлекетте билік шексіздігімен сипатталса, құқықтық мемлекетте құқық үстемдігі танылады, 2. Мемлекет қоғамнан алшақ кетсе, құқықтық мемлекетте азаматтық қоғам мемлекет әрекетін бақылап отырады, 3. Мемлекет өз тарапынан азаматтарға бассыздық пен күштеуден қорғауға толық кепілдік бермесе, құқықтық мемлекетте адам құқықтары мен бостандықтары шынайы қорғалады.
Құқықтық мемлекет мәнінің екі жағын ажыратып көрсетуге болады:
3. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын барынша толық қамтамасыз ету, жеке тұлға үшін құқықтық көтермелеу режимі қалыптастыру. Бұл құқықтық мемлекеттің әлеуметтік мазмұндық жағы.
4. Мемлекеттік билікті құқықтың көмегімен шектеу, мемлекеттік құрылымдар үшін шектеу құқықтық режимін қалыптастыру (формальді заңды жағы).
Құқықтық мемлекет функцияларын шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады. Оның ішкі функцияларына:
- азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың тең құқылығын және заңдылық негізінде қоғам мүддесін қамтамасыз ету;
- меншіктің әр түрлі нысандарын тең қорғау;
- монополизмді жоққа шығаратын нарықтық экономиканың дамуын қамтамасыз ету;
- азаматтардың еңбек жағдайын жақсарту және еңбекті қорғау;
- азаматтардың мүддесіне сай рухани құндылықтарды қорғау және байыту.
Құқықтық мемлекеттің сыртқы функцияларына:
- бейбітшілік және бейбіт қатар өмір сүру үшін күрес функциясы;
- елді сыртқы басқыншылықтан қорғау;
- дүниежүзілік қауымдастық елдерімен экономикалық ынтымақтастық;
- басқа мемлекеттермен саяси ынтымақтастық;
- қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша өзге елдермен өзара әрекеттестіктің әр түрлі нысандарын қалыптастыру шаралары жатады.
Аталған функциялардың негізінде азаматтық қоғамның еркі жатады, олар қатаң түрде қолданыстағы заңдарға және адам құқықтары бойынша халықаралық актілерге сай, тиісті органдарда жүзеге асырылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарымен және олардың теңдігімен санасады.
Сонымен, құқықтық мемлекет – заң жоғарылығына негізделген, оның жалпыға міндетті еркін білдіретін және жүзеге асыратын, жалпыны қамтитын қоғам ұйымы.
Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптерінің қатарына заң жоғарылығы қағидасы жатады. Аталған қағидаға сәйкес қандай да болмасын мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, ұжым, мемлекеттік немесе қоғамдық ұйым не болмаса жеке тұлға заңға бағыну міндетінен босатылмайды. Құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының толық кепілдендірілуі және ажырамастығы, сондай-ақ азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігі қағидасын бекіту және үнемі қолдап отыру болып табылады.
Келесі бір негізгі қағида – мемлекеттік билікті тәуелсіз тармақтарға бөлу болып табылады. Мемлекеттің дұрыс қызмет ету процесін қамтамасыз ету үшін, онда бір-бірінен дербес, тәуелсіз билік тармақтары болуы қажет. Олардың қатарына заң шығару билігі, атқару билігі және тәуелсіз сот билігі жатады. Заң шығару билігі парламентке берілген, атқару билігі үкіметке, сот билігі соттарға беріледі.
Биліктердің теңділігі халық егеменділігіне негізделеді. Оған сәйкес, заң шығару билігі заңдар қабылдауға, атқару билігі олардың орындалуын ұйымдастыруға, ал сот билігі заң шығарушы органмен қабылданған заңдарды негізге ала отырып, құқық туралы дауларды шешуге тиісті.
Құқықтық мемлекеттің өзге де қағидалары: заңдылық қағидасы, мемлекеттік биліктің шектеулілігі, адам құқықтары мен бостандықтарының ажырағысыздығы, саяси, идеологиялық және экономикалық плюрализмнің болуы танылған.
Құқықтық мемлекет қалыптастыруды анықтаушы факторлар мен мәселелер төңірегінде сөз қозғағанда басым міндеттер қатарында материалдық және идеалдық сипаттағы алғы шарттарды қарастыру қажет. Материалдық сипаттағы қажетті алғы шарттарға әділ, тәуелсіз сот билігінің болуы, мемлекеттік билікті жіктеу, мемлекетте құқықтың (заңдардың) үстемдік құруы, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының шынайы кепілдендірілуі жатады.
Құқықтық мемлекет қалыптастырудың өзге алғы шарттарына тоқталатын болсақ, алдымен оның қоғам тұрақты демократиялық, құқықтық, саяси, мәдени дәстүрлерді ұстанатын жерлерде пайда болатынын атауға болады. Егер мәдениет, құқық, демократия, заңдылық әрбір жеке тұлғаның ішкі құндылығына айналмайтын болса, онда құқықтық мемлекет туралы ойлар да негізсіз болады.
Негізгі әдебиеттер:
1. Ағдарбеков Қ. Мемлекет және құқық теориясы. Қарағанды, 2001.
2. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәуекелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1999.
3. Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 1998.
Нормативті әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 2000.
2. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егеменділік туралы Декларациясы // Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы. 1990.№44.
3. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» // Жаршы. 1991.№51.
Қосымша әдебиеттер:
1. Ахметова Н.С. Разделение властей-важнейший принцип формирования правового государства / / Проблема воплощения принципов правового государства в Конституции Республики Казахстан. Караганда,1995.
2. Аюпова З.К. Особенности построения демократического правового государства. С.17-20. Мысль, 1999. № 4
- Баймаханов М.Т. Становление правового государства и конституционный процесс в Республике Казахстан. Алматы: КазГЮА, 2001.
- Бельгибаев С. развитие гражданского общества в Казахстане. Саясат. № 1. 2002 г. С.43-45
- Бельгибаев С. Роль гражданского общества в переходный период. Евразийское сообщество. № 4. 2000 г.
- Злотников С. Правовое обеспечение институтов гражданского общества в Казахстане. Прав.реф.в Казахстане. № 1. 1999 г.
- Ибраева А.С. Судьба идеи правового государства в новом веке. Вестник КазГУ. № 2. 2000 г.
- КарГУ им.Е.А.Букетова Теория и практика формирования правового государства в РК. Сб.научн.тр.-Караганда:Изд-во КарГУ, 1990, 260 с
- Марача В.Г., Матюхин А.А. Гражданское общество и государство в Казахстане: основные понятия и особенности становления. Алматы,1999.
№8. Құқықтың түсінігі мен мәні. Құқық әлеуметтік нормалар жүйесінде
Қоғам реттеусіз, яғни әр түрлі саладағы адам әрекетін тәртіпке келтірусіз өмір сүре алмайды. Адам әрекеті әлеуметтік және техникалық нормалар көмегімен ретке келтіріледі. Әлеуметтік норма – адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктерін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, әлеуметтік экономикалық негізде айқындалған, сана-сезім еркімен қалыптастырылған адамдардың мінез-құлық ережесі.
Әлеуметтік нормалардың белгілері:
- реттеу пәні қоғамдық қатынастар болып табылады;
- жалпылық сипаты болады, олар адамдардың саналы-ерікті әрекеті нәтижесінде құрылады.
- субъективті құрамы әлеуметтік аяның өкілдері ретіндегі адамдармен байланысты;
Әлеуметтік нормалар құқықтық, адамгершілік, діни, саяси, эстетикалық, әдет-ғұрыптық, корпоративтік және т.б. болып бөлінеді.
Адамгершілік нормалары – халықтың ұлттық ұғымымен жақсылық, зұлымдық туралы қоғамда қалыптасқан әлеуметтік норманың бір түрі. Діни нормалар – әр түрлі діни сенімдермен тағайындалған және белгілі бір дінді тұтынушылар үшін міндеттілік маңызы болатын әлеуметтік нормалар. Әдет-ғұрып – қауымдағы адамдардың қарым-қатынасын реттейтін географиялық, ұлттық, экономикалық факторларға байланысты тарихи қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа беріліп дәстүрге айналған, қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілген әлеуметтік норманың бір түрі. Корпоративтік нормалар – қоғамдық ұйымдардың жарғыларында анықталған, ұйым мүшелеріне міндетті болатын әлеуметтік нормалар.
Құқықтың пайда болуы. Құқықтың қалыптасуының негізгі себептері мен жолдары. Құқықтың пайда болуы туралы негізгі теориялар:табиғи-құқықтық, теологиялық, нормативистік, марксистік, психологиялық, социологиялық.
Құқық философия мен теория категориясы ретінде шынайы мазмұнды құрай отырып, инструменталдық роль атқарады. Құқық түсінігіне, шығу жолына, мәні мен мағынасына қатысты ғылымда сан алуан көзқарастардың болу мүмкін. Бірақ құқықты өмірде қолдануға келгенде міндетті түрде біркелкі ойдың, көзқарастың тұрғысынан табылу керек. Егер құқық әртүрлі мағынада ұғынылатын болса, онда ол өзінің құндылығын, қоғамдық қатынастарды тұрақтандыру мен ретке келтірудегі ролін жоғалтушы еді. Құқық түсінудегі анықталғандық - қоғамдық қатынастардың анықталғандығы мен тәртібінің бастауы.
Құқыққа деген әртүрлі көзқарастар қоғамды демократияландырумен ұштасады, пікір плюрализміне сәйкес келеді. Субъективті, объективті факторлармен қатар, көзқарастардың көптігіне гносеологиялық та себеп бар. Таным барысында құбылыстың бір ғана жағына еліктеу, оны жоғары санап, өзгелерін жоққа шығару мүмкіндігі бар. Міне, осыдан құқықтың әртүрлі анықтамалары туындайды. Егер бір жақты анықтама өзгелерін алмастыруды мұрат тұтпаса, жалғыз дұрыс деген атауға ұмтылмаса, онда одан келетін еш жамандық жоқ. Құқықты терең түсіну үшін, егер ол шындыққа сәйкес келетін болса, кез-келген анықтама пайдалы. Ал, практикалық қолдану үшін құқықтың тұтас түсінігі болуы қажет.
Құқық көп жақты, күрделі құбылыс. Сондықтан оған берілетін анықтамалар да сан қырлы. Құқық (жалпы әлеуметтік мағынада) тиісті мүмкіндіктердің заңда көрсетілген, көрсетілмегендігіне қарамастан адамгершілік, әдет-ғұрып тұрғысынан әрекеттің негізделуі мен еркіндік ретінде танылады. Құқықтың функционалдық анықтамасы – қазіргі кездегі экономикамен негізделген халықтың, көпшіліктің еркін білдіретін, нормативті анықталған және бұзылудан тәрбиелеу, сендіру және қажетті жағдайда мемлекеттік мәжбүр ету шараларымен қорғалатын, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқаратын, құқықтық демократиялық мемлекет қалыптастыру мақсатында қоғамдық келісім құралы болатын нормалар жүйесі ретінде көрсетеді.