Жж. Ұлттық зиялы қауым өкілдеріне қарсы репрессиялар. 3 страница
1.1)14 тамыз 1946 жыл БКП (б) ОК "Звезда" мен «Ленинград" журналдары туралы" қаулысымен саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталды. «Бекмаханов ісі».
Орталықта, Мәскеу мен Ленинградта идеологиялық қарсыластықтың ушығуы космополитизммен күрес кампаниясында көрініс тапса, Қазақстанда ол ұлттық рух пен болмысты тұншықтырумен шұғылданды.
«Бекмаханов ісі» соның көрсеткіші болды. Тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмаханов ғылым Академиясынан шығарылды. 1951-1952 жылдары ол Жамбыл облысы Шу ауданындағы орта мектептің бірінде жұмыс істеді. 1952 жылдың 4 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғары сотының коллегиясы Бекмахановты 25 жылға соттады. Ол тек Сталин өлгеннен кейін 1954 жылдың көктемінде ақталып, Қазақстанға оралды. .«Бекмаханов ісі» 1940-шы —1950-ші жылдардың басындағы жалғыз жазалау ісі емес еді. республиканың көрнекті ғалым-қоғамтанушылары А. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Б. Сұлейменов, Е. Исмайылов, талантты жазушы Ю. Домбровскийлер саяси айыптаулардың құрбаны болды. Саяси және буржуазиялық-ұлттық қателіктер жібергені үшін Ә. Әбішев, Қ. Аманжолов, Қ. Бекхожин, С. Бегалин және басқа да белгілі ғалымдар мен жазушылар негізсіз айыпталды. Қуғынға түскен Қазақ КСР ғылым академиясының Президенті Қ. Сәтбаев пен көрнекті жазушы және ғалым М. Әуезов Қазақстаннан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Космополитизммен айыпталған бірқатар биолог ғалым, медиктер мен геологтар да республика ЖОО-ларының кафедраларынан, ғылыми мекемелерден қуылды.
32)Хрущевтік «жылымық» жылдарындағы Қазақстан (1953-1964 жж.). Хрущевтік «жылымық» кезеңі, әлеуметтік-экономикалық сипаты. Индустриалды даму. Әскери-өнеркәсіптік кешеннің нығаюы.
Тың және тыңайған жерлерді игеру: жетістіктері мен тәжірибесі. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Республиканың қоғамдық-саяси өмірі.
Кеңестер, КОКП, комсомол, қоғамдық ұйымдар. «Хрущевтік жылымық» кезеңіндегі қарама-қайшылық. Жүйені жұмсарту әрекеттері. Волюнтаризм және субьективизм. 1950-1970 жылдардағы әлеуметтік шиеленістер. Республика қорларындағы жерлердің тартып алынуы. Республика халқының күнделікті өмірі.
33. Тың және тыңайған жерлерді игеру, қорытындылары мен зардаптары. 1954 жылы тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі «Астық өндіруді молайту үшін тың және тыңайған жерлерді одан әрі игеру туралы» жаңа қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес ауылшаруашылығының техникалық базасын нығайту ісі қолға алынды. Қазақстан совхоздары сол кезеңде 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауылшаруашылық техникасын алды. КСРО Министрлер Кеңесі 1954 жылы қыркүйекте тың игерілген жерлерде теміржолдар мен автомобиль жолдарының құрылысын дамыту туралы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша Қазақстанда 2.600 шақырым автомобиль жолы төселуге тиісті болды. Тың игеру барысындаТобыл–Жетіқара, Есіл–Арқалық теміржолдары іске қосылды. 1954-1955 жылдары 1млрд 100млн – 1млрд 200млн пұт астық алу белгіленді. Тың жерлер игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Урал, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін аудандар: Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар облыстары. Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдіктер жасалды: дүние-мүлкімен тегін көшірілді; әр отбасы басшысына 500-1000 сом, әр отбасы мүшесіне – 150-200сом мөлшерінде бір реттік көмек көрсетілді. Қазақстан КСРО-ның негізгі астықты аймағына айналды. Қазақстан көпұлтты мемлекет болды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің үлкен зардаптары да болды. Билік басындағылар ғалымдардың пікірімен санаспады. Экология мен жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескермеуі үлкен зиян әкелді. Қазақстанның тың өлкелерінде жер эрозияға ұшырады. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн га жер жел эрозиясына ұшырады. Тың игерудің рухани және демографиялық зардаптары да зор болды. Қазақстанға 1954-1962 ж. тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық жағдайына түсті. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29 % ғана құрады.
Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Енді қазақ балалары мектеп–интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, қазақ елінің елді-мекендері мен жер–су атаулары орысша атала бастады. 1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді. Мұндай орыстандыру саясатынан қазақ халқын еліміздің тәуелсіздігі ғана құтқарды. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бастартты. Шошқа шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының дәстүрлі малшаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады. Халық үшін ең ауыр тигені сол кезеңде Кеңес үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тыйым салуы болды. Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Оның негізгі нәтижесі: сол уақыттан осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
34. ХХ ғ. 40-60 жылдардағы Қазақстанның мәдениеті. Қазақ КСР-ның Ғылым Академиясының құрылуы. ¥лы Отан соғысы аяқталғаннан кейін еліміэдің экономикалық жағдайы өте қиын болды. Жау қолында болған қалалар мен селолардың тек қирандылары ғана жатты. Кеңес Одағы байлығының үштен бірі жойылып кетті. 1710 қала, 70 мыңнан астам деревнялар мен селолар, көптеген зауыттар мен фабрикалар, шахталар, мыңдаған шақырым теміржолдар және т.б. істен шығып қалды. Соңғы тарихи деректер бойынша, Кеңес Одағынан соғыста 30 млн-ға жуық адам қаза болды. Бұл елде адам ресурстарының тапшылығына алып келді. Осынау қиындықтарға қарамастан қысқа мерзім ішінде халық шаруашылығын қалпына келтіру керек болды. Қазақстан халқы халықшаруашылығын қайта қалпына келтіру ісіне белсене араласты. Ондаған қалалар мен аудандарға туысқандық көмек жасады. Мыңдаған қазақстандық жұмысшылар мен мамандар Ленинград пен Сталинградта, Брянск пен Донбаста, Солтүстік Кавказда, Украинада, Белоруссияда және Кеңес Одағының басқа да аудандарында аянбай еңбек етті. Ал Қазақстанда ел экономикасын бейбіт өмірге қайта бейімдеу шаралары жүргізілді. Әсіресе өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Болат өндіру, цемент, қара және түсті металл өндірісі жабдықтарын шығару, темір және тау-кен кәсіпорындарын дамыту жақсы жолға қойылды. Өйткені Қазақстанда ауыр өнеркәсіпті дамыту басты назарда болып, негізгі күш осы салаға жұмсалды. Бұған елдің қорғаныс күшін арттыру бағыты қосылды. Қазақстан Кеңес Одағының әскери-өнеркәсіптік кешенінің ірі ошағына айналды. Қазақ жерінде әскери өндірістің, Семейде атом полигонының, басқа да әскери нысандардың құрылымдық жүйесі жасалды. Ақтөбе темір балқыту, Теміртау металлургиялық зауыттарының жаңа қуатты бөлімдері іске қосылды. Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты алғашқы өнімін берді. Балқаш мыс балқыту зауыты өнім шығаруды ұлғайтты. Ембі бассейінінде – Қаратон мен Мұнайлыда жаңа кәсіпорындар іске қосылып, 1950 жылы мұнай өндіру соғысқа дейігі кезеңмен салыстырғанда 52%-ға өсті. Қаратау тау-кен химия комбинаты құрылысының бірінші кезегі аяқталды. 1954-1958 жылдары Қазақстан бойынша Өскемен, Актөбе, Шымкент, Қарағанды, Семей, т.б. ірі қалаларда 730 өнеркәсіпорны мен цехтар құрылып, іске кірісті. Жеңіл өнеркәсіп саласында 65 кәсіпорын ел игілігі үшін жұмыс істеді. Бірақ бұл Қазақстан экономикасындағы «Б» тобының артта қалуын білдіретін еді. Байланыс саласында Мойынты-Шу, Жамбыл-Шолақ тау теміржолдары салынды. 1958 жылы Қазақстан аумағындағы барлық жолдар желісін бір жүйеге келтірген «Қазақ теміржолы» құрылды. Алматы қаласында автоматты телефон станциясы іске қосылды. 1960 жылы Қазақстан электр қуатын 1945 жылмен салыстырғанда 10,5 есеге көп өндірді. Ауылшаруашылығында колхоздарды ірілендіру ісі қолға алынды. Ол өндірістік күші аз және ұсақ шаруашылықтарды қосу арқылы жүзеге асырылды. Бұл колхоздардың санын 1945-1952 жылдары 3 есеге қысқартып, 2047-ге дейін төмендетті. Бұл кезеңде мал басы өсіп, суармалы егістік көлемі 16%-ға ұлғайды. Соғыстан кейінгі кезеңде білім, ғылым және әдебиеттің дамуында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді.1946 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясы ашылды. Оның ұйымдастырушысы әрі тұңғыш президенті Қ. Сәтпаев болды. 1950 жылдың соңында Қазақ КСР-ның Ғылым Академиясы жүйесінде 19 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді.1947 жылы М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясының екінші кітабын жазып бітірді, ал 1949 жылы оған КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақ әдебиетінде бұл жылдары С. Мұқановтың «Сырдария», Ғ. Мұстафиннің «Миллионер» және И. Шуховтың романдары, Т. Жароковтың шығармалары және т.б. құнды еңбектер жарық көрді.
35. 1960 жылдардың ортасы – 1970 жж. Қазақстан . 1965 ж. экономикалық реформа (Косыгин реформасы). 1962-1969 жылдары реформашылдық дүрбелең кезеңі. Реформалар жүргізудегі жіберілген кемшіліктер:
- экономикалық байланыстар мен қатынастарды түбегейлі өзгерту жолдары көрсетілмеді;
- проблемалар негізінен ұйымдық қайта құруға есептелген субъективтік әрекеттер жолымен шешілді;
- қайта құрулар шалағай ойластырылып, тұрақсыздық, тұрмыс деңгейінің және әлеуметтік кепілдіктердің әлсіреу қаупін төндірді.1964 жылғы 14 қазанда КОКП ОК-нің пленумында партия мен ел басшылығы ауыстырылды.
- шаруашылық мәселесін шешудегі субъективтілік, волюнтаристік, өктемдікке әуестік айыпталды.
- КОКП ОК-нің бірінші хатшылығына Л.И.Брежнев сайланды.
- кеңес үкіметінің басшылығына А.Н.Косыгин сайланды.
1964 жылы қарашада КОКП ОК-нің пленумы партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдарының өндірістік ұстаным бойынша бөлінуін тоқтатып, аумақтық-өндірістік ұстаным бойынша бөлді. 1960 жылы ортасынан 1980 жылдың ортасына дейінгі кезең тоқырау жылдары деп атаған.
-жаңашыл үрдістер әлсіреді.
-қоғамдық құрылыс ұстанымдары мен түрлері тоқырауға ұшырады.
КОКП-ның халықаралық аренадағы беделі түсіп, дүниежүзілік арандатушы фактор түрінде көріне бастады. КСРО-дан іргесін аулақтатып әкеткен мемлекеттер: Югославия, Египет, КХДР, ҚХР.
Саяси өмір ұстанымдарына түзетулер енгізген бетбұрыстар кезеңі басталды.
1968 жылы тамызда Чехословакияда жаңару, дамудың жаңа бағытына құлшыну оқиғасы: «Прага көктемі» аталған бұл ұмтылыс 5 ел әскерлерінің Чехословакия территориясына енгізілуіне байланысты тоқтатылды. Идеологиялық науқан басталды.
36. Қазақстан тоқырау кезеңінде, 1970-1985 жж саясат, экономика, мәдениет. “Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті.Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды, дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен. Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1%-тен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Осының әсерінен, республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж. – 1,0 млрд., 1983 ж. – 1,3 млрд., 1984 ж. –1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті. Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да жұмысты атқарудың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін өндіріс орындары салынды. Бірақ, осыған қарамастан республиканың басшылығы партияның кезекті съездерінде ірі өнеркәсіп орнының, шахтаның, мұнай кәсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отырды. Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмса&
Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған кәсіпорын және оның басшыларының көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды. Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге әуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да қуаттарды едәуір көп жұмсады. Мәселен, АҚШ пен Жапония өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40% кем пайдаланды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді.
Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында тәрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар жұмсау әдісімен әрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кәсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды.
37. ХХ ғ. 70-80 жылдар ортасындағы қоғамдық-саяси жағдай. Диссиденттік қозғалыс.КСРО-да Новочеркасскідегі, Грузиядағы, Балтық республикаларындағы оқиғаларға қатысқандар қатал жазаланды. Қалыптасқан режимге наразылық түрі диссиденттік пайда болды. 1960жылдың 2 жартысында КСРО-да коммунизм құрудың негізгі үш мақсаты орындалмайтыны белгілі болды. Социализм жүйесі елдерінде социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы туындады. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдыңына арналған мәжілісте: Л.И.Брежнев «еліміздегі тарихи жолдың басты қорытындысы – кемелденген социализмнің орнатылуы» деп мәлімдеді. Ерекшелігі: қоғам дамуында социализмнің ұзаққа созылатын кезең екендігін мойындау. Коммунизмге қарай «алып секіріс» жасау идеясынан бас тарту. Партия теорияшыларына коммунистік болашақты белгісіз мерзімге сырғыта салу мүмкіндігін ашып берді. 1977 жылғы мамырда КСРО Конституциясының жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. 1977 жылғы 7 қазанда КСРО Конституциясы қабылданды. Міндеттері: коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау. Социалистік қоғамдық қатынастарды жетілдіру және коммунистік қатынастарға айналдыру. Коммунистік қоғам адамын тәрбиелеу. «Кеңес қоғамының басты және бағыт беруші күші, оның саяси жүйесінің ұйытқысы – КОКП» екендігі айтылды. Компартия билігі конституциялық күшке ие болды. Коммунизмге өтер жолдағы кезең – кемелденген социализм, ал КСРО-ның саяси негізі – халық депутаттары Кеңестері деп танылды. Бұл кезеңнің экономикалық жүйесін мемлекеттік және ұжымшарлық-кооперативтік меншік түріндегі социалистік меншік құрайды.
38. 1979 жылғы Целиноград оқиғалары: сабақтары мен зардаптары. 1979 жылы көктемде КСРО МХК төрағасы Ю.Андропов ұсынысымен КОКП ОК-і Қазақстан аумағында неміс автономиялық облысын құру туралы шешім қабылдады. Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы, Д.Қонаевтың бірінші орынбасары А.Коркин басшылық ететін арнайы комитет құрылып, мынадай шешім шығарды: неміс автономиясының әкімшілік орталығы Ақмола облысындағы Ерейментау қаласы болып қабылданды; автономия құрамына Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының бірнеше аудандары кірді.
1979 жылы 16-19 маусымда Ақмола жастарының наразылығы болды. Демонстрацияға қатысушылар «Қазақстан бөлінбейді», «Неміс автономиясына жол жоқ» транспаранттарын көтерді. «Біз Кремльдің мұндай шешімін айыптаймыз» ұраны айтылды. Облатком төрағасы Жұмахметов пен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Морозов халық алдына шығып, Автономия құрылмайтындығын мәлімдегеннен кейін ғана наразылық білдірушілер тарады. Толқулар легі Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда болып өтті. Республика басшылығы және МХК бұл шерулер туралы хабардың таралып кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады.
Ақмола оқиғасының нәтижесі: қазақ халқының мүдделерін аяққа басудың көрінісі. Орталықтың ұлтаралық қатынасты жергілікті халықпекн есептеспей, әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткендігінің дәлелі. Кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тән белгілер:
- Демократияны шектеу;
- Еңбекшілерді меншік пен билікке жақындатпау;
- Адамның жеке басын аяқасты ету;
- Қоғамдық ұйымдардың партиялық-мемлекеттік аппаратпен тұтасуы;
- Сөз бен іс арасындағы алшақтық.
Бұл жағдайлар кеңес адамдарының бойында самарқаулық, сенімсіздік, маскүнемдік секілді жағымсыз қылықтар туғызды. Тоқырау кезеңінің идеологиясындағы басты бағыттардың бірі орыстандыру саясаты. Хрущевтік-брежневтік әкімшілік «тарихи жаңа қауымдастық кеңес халқын» жасауды көздеді.
39. 1970-1980 жж. Қазақ-ң мәдениеті. Ғылым, әдебиет және өнер салаларындағы жетістіктер мен қарама-қайшылықтар. Қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстардың етек алуы ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз әрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мәселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды. 1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды. Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Мұның керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді. Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді кемсітуден пайда болады. Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді. Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” және басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы деп айыпталды. Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық геногеографиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды. 1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов мұрындық болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді. Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар “Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы “ата” қоныстан ірге көтереміз”, - деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Ол 1941 жылы Гитлерлік Германия әскерлері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ. Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, әсіресе, балалардың шетінеуі көбейді. Аймақ тұрғындарының 80%-і әр түрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті, өйткені Арал аймағы негізінен республиканың байырғы халқы - қазақтар мекендейтін аудан. Осындай ауыр жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сәулесіне ұшырады, әсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді. 70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді. 1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті. Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді. 1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді. ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә.Еспаевтың, І.Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді. “Ботагөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Әшімовтың, Ә.Боранбаевтың, режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың және басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты. Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті. 70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық “Қазақ КСР тарихы”, он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, он бір томдық “Қазақстанның металлогениясы”, тоғыз кітаптан тұратын “Қазақстанның сүт қоректілері”, тоғыз томдық “Қазақстанның өсімдіктері” және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды. Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады. Сөйтіп, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс әсерін тигізді. Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мәдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста және т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.