Стандарттарды дайындау принциптері
Стандарттау әрқашан маңызды практикалық мәселелерді шешуге бағытталып, ғылыми-техникалық прогресті дамытуға мүмкіндік жасап отыруы керек. Еліміздегі және шетелдіктәжірибелер көрсетіп отырғандай, бұл мақсатқа жету үшін стандарттауды белгілі принциптерге сүйене отырып жүргізу қажет. Стандарттаудың басты принциптері ретінде мыналарды атауға болады:
1. Стандарттарды ерікті түрде қолдану және олардың біркелкі қолданылуына жағдай жасау. Ұлттық стандарттар еліне және өнімді шығаратын жеріне, өмірлік циклінің процестеріне, көрсетілетін қызметтерге, келісім ерекшеліктеріне және тұлғаларға (дайындаушы, орындаушы, беруші) қарамастан бәрі бірдей ерікті түрде қолданылады.
2. Ұлттық стандарттарды жасағанда халықаралық стандарттарды негіз ретінде қолдану. Егер климаттық және географиялық немесе отандық өнім өндірудің техникалық (технологиялық) ерекшеліктеріне байланысты оны қамтамасыз ету мүмкін болмаса, бұл принциптің орындалмауы мүмкін.
3. Кедергі жасауға тыйым салу. Өндірілетін өнімге және оның айналасына стандарттау мақсатын орындауға сәйкес ең төменгі деңгейден асып, кедергі болатын талаптарға тыйым салынуы керек.
4. Әр жақтың мүддесін теңестіру. Өнімді жобалаушының, дайындаушының және берушінің заңды мүдделері толық ескерілуі керек. Стандарттау жұмыстарына қатысушылардың, бір жағынан өнімді дайындаушылардың мүмкіндігі мен екінші жағынан тұтынушылардың талаптары арасында (пәтуа) консенсус болуы керек. Пәтуа жалпы келісім ретінде қабылданады, яғни мүдделі жақтардың маңызды мәселелер бойынша қарсылықтары жоқ екенін білдіреді. Пәтуаны әр жақтардың толық ынтымақтастығы деп түсінуге болмайды.
5. Жүйелілік принципі. Техникалық прогресс және өнім сапасын жақсарту өнім шығару процесін, оның ішінде стандарттауды жүйелі түрде жүргізуді талап етеді. Стандарттау өндірістің бүкіл кезеңдерін және шикізаттарды, материалдарды іріктеп жинақталған бұйымдар мен дайын өнімдерді қамтуы керек. Сонымен қатар, стандарттау барлық өнім түрлеріне өзара үйлестірілген талаптар қойып отыруы керек.
6. Динамикалық принципі. Тиімділік деңгейін көтеру үшін стандарттау объектісіне қойылатын талаптарды ғылыми-техникалық прогресс талаптарына сәйкестендіру мақсатында ұдайы қайтадан қарастырып отыру қажет.
7. Стандарттаудың тиімділігі. Стандарттар тағайындайтын көрсеткіштер, нормалар, сипаттамалар және талаптар ғылымның, техниканың және өндірістің дүниежүзілік деңгейлеріне сәйкестендірілуі керек. Олар стандарттау объектісінің даму тенденциясын да ескеруі қажет. Тағайындалған көрсеткіштер өнімнің жаңа (жоғары) сапа көрсеткіштерінің тек қана тиімділігін емес, оларды жасауға, материалдарға, пайдалану жұмыстарына жұмсалатын шығындарын ескеріп экономикалық оңтайлы болулары керек, яғни, ең жоғары деңгейдегіэкономикалық тиімділік шығын деңгейі ең төмен жағдайда алынуға тиіс.
8. Үйлестіру принципі. Бұл принцип үйлестірілген стандарттарды әзірлеуді және олардың техникалық регламенттерге қайшы келмеуін көздейді. Бір объектіге еліміздегі мекемелер қабылдаған құжаттар халықаралық (өңірлік) мекемелермен қабылданған құжаттармен үйлестірілсе, халықаралық саудадағы кедергілер жойылады.
9. Стандарттаудың негізгі жағдайларын тұжырымды келтіру. Стандарттарда келтірілген нормаларды әр түрлі мәнде түсінуге жол берілмеуі керек.
10. Жинақтылық және оңтайлы иіектеу принципі. Стандарттарды жасау кезінде қарастырылып отырған объектіге әсер ететін барлық басты элементтерді ескеру қажет. Жұмыс көлемін азайту мақсатында объектіге әсер деңгейі төмен элементтер ескерілмейді. Стандарттау кезінде сипаттамалар жүйелері және көптеген өзара байланыстағы материалды және материалды емес элементтер қарастырылады. Сапалы өнім алу үшін қажетті жағдайды туғызу және өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында оның барлық өмірлік циклін қамтитын ұтымды стандарттар жүйесі керек.
11. Талаптарды тексерудің әділеттілігі. Стандарттарда объектінің негізгі қасиеттеріне тағайындалатын талаптар, солардың ішінде адам өмірі мен денсаулығын, мүліктердің, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, бірлестікті және өзара алмасуды қамтамасыз ететін талаптар әділ тексерілетін болуы керек. Өнімдерге қойылатын талаптарды әділ тексеру техникалық өлшеу құралдарының (приборлар, химиялық сынау тәсілдері) көмегімен, ал қызмет көрсету әлеуметтік және сараптамалық әдістермен жүргізіледі.