Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Думада сөйлеген сөзі

Депутат мырзалар!

Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ: соған қарамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Әсіресе оң жақ қатарда отырған ағайындарымыз аграрлық дағдарысты шаруаларды Орта Азияға көшірту жолымен жоюға құштар. Олардың көзқарастарын Парламентке егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин таратып отыр. Алайда осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума делегаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстандыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра-қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғысынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біле де қоймас. Жергілікті халықтың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күштінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар - әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ. Біз, қырғыз-қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырларымыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Ал мәселенің түйіні Далалық облыстар территориясының әлі күнге дейін жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-статистикалық тұрғыда жете зерттелмегендігінде. Бүгін біздің жолдасымызға депутат Темеренков Азияда ұшы-қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады дегенді айтты. Шын мәнінде, белгілі ғалым Щербина Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Тоғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеген, бірақ Щербина олардың оңтүстігіндегі уездерін барлай алмады. Егер ауа райы мен топырақ жағдайларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп-қонып жүрді-міс деген түсінікпен келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар. Далалық облыстардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қырғыздар жайлап, егін егіп келеді. Олардың кейбіреулері шымнан, енді біреулері кірпіштен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұрмыстарына сай тұрғын үй мен қора-қопсылары бар. Осынау отырықшы қырғыздар үшін егін егу - тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қырғыздарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда.

Думаның төрағасы:

- Шешен мырза, он минут уақытыңыз бітті.

Қаратаев:

- Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қоныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқсыздар. Бәлкім, Мемлекеттік Дума дархандық танытып, менің сөзімді ақырына дейін тыңдар. Мырзалар, менің шаруаларды Далалық облыстарға қоныс аудартудың жай-күйі жайындағы баяндамамды аяқтауыма мүмкіндігім қалмады, дегенмен менің айтарым - Мемлекеттік Дума өздері Ішкі Россиядағы помещиктер мүдделерін, осынау 130 мың помещиктің мүддесін қорғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың әрдайым шаруалардың жерге деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракцияларға аянышпен қарайтынын есте ұстайтын болсын. Дегенмен бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерлерінен ғана емес, олардың тұрғын үйлерінен көшіріп, қуып шығып жатқанын түсініңіздер. Орыстың қарапайым еңбекшілері мен зиялылар қауымы жерімен қоса, үйінен, қора-қопсысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз-қайсақтарды жәбірлеп жатқандарға қарсы шығып, қамқор қол ұштарын береді деп сенемін. Менің қолымда мұны дәлелдейтін қыруар деректер тұр, бірақ, өкінішке қарай, сөзімді аяқтай алмадым («Орал өңірі», 1990, 8 желтоқсан).

Сондай-ақ Дума отырыстарының арасында Б.Қаратаев «Жерге орналастыру және егіншілік» басқармасына барып, өкіметтің қазақ өлкесіндегі жүргізіп отырған жер саясатының көшпелі қазақтарға үлкен зиян тигізіп отырғанын, Дала өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату қажеттігін айтады. «Айқапта» жарияланған «Қазақ жері хақында» деген мақалада: «1907 жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Бірімжанов, Қосшығұлов һәм Нүрекенов бас министр Столипинмен, жер министрі дәрежесіндегі князь Васильчиковқа жолығып жер мұқтажын айтып сөйлейді.

Қазақ депутаттары Қаратаевқа сөз тізгінін беріп еді, ол айта-айта келіп, былай дейді: «Қара шекпенділерді переселениеден тоқтату керек, Азиатск облыстарындағы қазақ жерлерін өлшеп, жақсысы қанша, жаманы қанша екенін білу керек, көшпелі һәм отырықшы қазақтарды жақсы деген жерлерге орналастыру керек, одан соң артық жерлер болса, переселение пайдасына шығару керек. Жаман жерлерін ешкім қызғанбайды». (Айқап», 1911, №11).

ІІ Мемлекеттік Думаның аграрлық комиссиясының құрамында М.Тынышпаев пен Б.Қаратаев болды.

Бақытжан Қаратаев Думаның аграрлық заң жобасын жасауға араласады. Қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты отырыстарда сөз сөйлейді. Ол Думаның 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысты. 16 мамырда мінбеден қазақ жерінде басы артық жердің жоқтығын, бар болса да, бұл жерлердің табиғи жағдайы қоныстандыруға келмейтіндігін, қоныстандыру басқармасы бұл жағдайлармен санаспаса, қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырайтынын ашып айтады.

Б.Қаратаев өзімен пікірлес депутаттар сияқты қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деп үміттенді. Өкінішке қарай, Дума алдына қойған жер мәселесіне қатысты істері ешқандай да қолдау таппады. Сондықтан да Б.Қаратаев елге құр қол қайтпас үшін Дала ережесіне қатысты мақалаларды, қазақтарға қатысты әртүрлі циркулярды жинады. Сөйтіп, үлкен үмітпен бар талабын хат түрінде Думаның мұсылман фракциясына тапсырды.

Бұл Дума да 1907 жылы 3 маусым күнгі заң бойынша таратылды. Думаның таратылғанына қарсылық білдірген жиналыстар, митингілер күніге өтіп жатты.

Жаңа ІІІ Мемлекеттік Думаға сайлау заңы түбірімен өзгертілді. «Бұратана халық» деп аталынған қазақ депутаттары патша үкіметіне үрей туғызды. Сондықтан да қазақ халқын сайлау құқығынан мүлдем айырды. Думада 82 депутаттың орны кеміді. («Қазақстан заңдары», 1998, №4, 43-45 беттер).

Депутаттықтан кейін де халық үшін күресіп өткен Қаратаевтың елім деп еңіреген хан-сұлтанның қасиетті тұқымы екенін өзі ұйымдастырып, отырықшылар ауылын салғаны да дәлелдейді. Ол 1910 жылы Орал облысындағы Жымпиты уезінің Шідерті болысында сегіз көшпенді ауыл адамдары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін салған.

Ондағы мақсат - нақты бір жер алып, жер игеріп, сауда-саттықтың қыр-сырын үйретіп, оқу-ғылымға бағыттау еді. Әрине, отырықшылық бар жерде ғимараттар бой көтеріп, жер игеріліп, сауда-саттық, ғылым дамитыны белгілі. Ол сонау Мысыр елін, Грек, Рим жұртын мысал етіп, халықты жерге орнықтыруға бағыттады.

Бақытжан Қаратаев 1911-1914 жылдарда Ордада, Оралда және Астраханьда шығарылған демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетіне жан-жақты жәрдемдесіп және онда өз мақалаларын да жариялап отырған. Оның мақалалары қазақ еңбекшілеріне, зиялыларына терең ой берген, парасатты ақылға шақырған, халқы үшін қамқорлық болған үгіттер болды. «Қазақстан» газетінде жарияланған «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында Бақытжан «Балуан бірді, білімді мыңды жығады» деген ойды кең мағынада түсіндіре отырып, халқын ағартушылыққа, білімге шақырған.

16. Қазақ депуттаттарының Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясына қатысуы

XX ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесінде мұсылман қайраткерлерінің әрекеті жандана түсті. Олар исламның ықпалын күшейту арқылы қазақтарды патша үкіметінің орыстандыру және шоқындыру саясатына қарсы тұруға үгіттеді. Діни қайраткерлердің осындай қозғалысы әсіресе Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Семей қалаларында елеулі түрде кеңінен тарады. Көкшетау қаласында молда Наурызбай Таласов ерекше белсенділік танытты. Ол халық арасында Науан хазірет деген атпен кеңінен белгілі болды. Науан хазірет халықты патша үкіметіне қарсы күреске шақырды, оған қарсы үгіт таратты. Патшалық билікке қарсы жазылған хаттар ел арасындағы ықпалды да беделді қазақтарға арнайы жолданды. Ондай хаттардың авторы таза діни уағыздарға қоса қазақ қоғамындағы көптеген әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-санасына қысым көрсетуді жою, қазақ тілінің кеңінен қолданылуына еркіндік беру, қоныс аударушы орыс шаруаларының ағылып келуін тоқтату, шаруалар бастықтары деген лауазымды қызметті жою мәселелерін көтерді.

1902 жылы Көкшетау қаласына Омбыдан арнайы келген дін таратушы осындағы жергілікті халықты христиан дініне енгізу мақсатын көздеді. Ол тіпті «Тауратты» қазақ тіліне аудартып ала келген. Алайда әлгі діни қызметкердің әрекеттері жергілікті мұсылман халықтың ашу-ызасын тудырды. Жергілікті ықпалды діни қайраткерлер Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұлов және басқалары Омбыдан келген миссионерді тез арада қуып шыққан. Бұл оқиға жергілікті жандармерия тарапынан діни қайраткерлердің қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болған. Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтар Шығыс Сібірге, бір қиянда жатқан Якутияға жер аударылған.

1903 жылдың көктемінде Ақмола облысына қарасты Көкшетау уезіндегі сегіз болыстың қазақтары Ресей империясы Ішкі істер министрінің атына мына төмендегі мазмұнда хат жазды: «Біздің атам заманнан бері мекендеп келе жатқан жерімізді қоныс аударып келген шаруаларға тартып алып беріп, бастықтар бізді құнарсыз жерлерге қуып шықты... «Құранымызды», қасиетті кітаптарымызды нәжісті жерлерге лақтырды, медреселерімізді жауып тастады. Біз бүйтіп шариғаттан бас тартқаннан гөрі өлімге бас тіккенімізді артық көреміз».

1904 жылғы ақпанда Көкшетау уезінің бастығы молда Құдияр Рыстаевтың қазақтарға жолдаған осындай бір хатын қолға түсірді. Онда ол халықты патша үкіметіне қарсы белсенді күреске шақырып, былай деген: «Біздің әкелеріміз хан Кенесары Қасымовтың сенімді серіктері болған еді. Қасиетті дініміз жолында ер жүрек азаматтар ретінде қолымызға қару алып, өлгеніміз әлдеқайда артық».

1905 жылы мұсылман діни қайраткерлері Төменгі Новгородтағы және Петербургтағы мұсылмандардың Бүкілресейлік съездеріне қатыса бастады. Мұсылмандардың съезінде «Иттифак-әл-Муслимин» (Мұсылман одағы) атты Бүкілресейлік мұсылмандар партиясы құрылды. Жаңа партияның Орталық Комитеті құрамындағы 15 мүшенің екеуі қазақ болды. Олар Сәлімгерей Жантөреұлы мен Шәймерден Қосшығұлұлы еді.

Патша үкіметі отаршыл билікке қарсы шыққан халықты аяусыз жазалауға көшті: тінту жүргізді, түрмеге қамады, жер аударды, мешіттер мен медреселерді жауып тастады. Мұның өзі жергілікті халық тарапынан қатты наразылық туғызды.[1]

17. XX ғ. басындағы қазақ басылымдары.

ХХ ғасырдың басында мәдениеттің дамуына осы уақытқа дейін елеусіз жағдайда болған баспа ісін жолға қою белгілі бір ықпал жасады. Қазақ мерзімдік баспасының гүлдене бастаған уақыты ХХ ғасырдың бас кезіне тура келді. Бұл кезде кітап басып шығару Семей, Омбы, Орал сияқты мәдени орталықтарда елеулі дамыды. ХІХ ғасырдың соңында «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» атты екі басылым шығып тұрды. 1905 жылға қарай бірқатар жаңа газеттер мен журналдар пайда болды. 1907 жылы қазақ зиялыларының бір тобы Петерборда редакторы Әбдірашид Ибрагимұлы болған «Серке» газетін шығара бастады. Бұл газеттің екінші нөмірінде Міржақып Дулатұлының «Біздің мақсат» деген мақаласы жарияланды. Патша тыңшылары газетті «қазақ халқын барлық үкімет орындары мен өкілдеріне қарсы қоздырушы» үндеу ретінде қарап, жауып тастады. 1907 жылы наурызда Троицкіде бірінші нөмірі шығысымен тыйым салынған «Қазақ газеті» жарық көрді.

Оқу ағарту мен білім идеяларын бұқара арасында насихаттау мен бастауыш білім беру жүйесін кеңейтуде «Айқап» журналы, «Киргизская степная газета», «Степной край», «Қазақ» газеттері елеулі рөл атқарды. 1911 жылы Троицкіде «Айқап» журналының бірінші нөмірі жарық көрді. Журналдың редакторы мен идеялық дем берушісі Мұхаммеджан Сералин болды. Журанал әдебиеттің дамуы мен қазақ әдеби тілінің қалыптасуына үлкен үлес қосты, онда ауыз әдебиеті, этнография, тарих жөніндегі зерттеу мақалалар жарияланды. Сол уақытта «Айқап» журналы далада мектептер мен медреселер ашу, ескі мектептерге реформа жасауды насихаттады. Журналда түрік және парсы тілдерінен аударылған шығармалар, мысалы, Фирдаусидің «Шахнамасы» жарияланды. 1911 жылдан бастап редакторы Сағынгерей Бөкеев болған «Қазақстан» газеті шыға бастады. Газетте саяси мақалалардан басқа, қазақтар мен ноғайлардың халық әдебиеті жөніндегі зерттеу мақалалар да жарияланды. Ұлттық баспасөздің дамуында Орынбор мен Торғайда 1913 -1918 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсынұлының редакторлығымен шығып тұрған «Қазақ» газеті ерекше рөл атқарды. Газеттің негізгі міндеттері қазақ халқының мәдениетін көтеру, қазақтың әдеби тілі мен әдебиетін дамыту болды. Әлихан Бөкейханның ауыз әдебиеті мен Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен қазақ әдебиеті жөніндегі жұмыстарына көп орын берілді.

1913 жылы қыркүйектен Петропавлда татар және қазақ тілінде «Есіл даласы» атты газет шыға бастады. Оған жылдың соңында «революциялық идеяларды таратқаны» үшін тыйым салынды. 1916 жылдан 1917 жылдың соңына дейін Ташкентте К.Тоғысов басшылық жасаған, апталық «Алаш» газеті шығып тұрды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін әр түрлі бағыттағы бірқатар газеттер мен журналдар шыға бастады. Маусым айынан бастап Семейде апталық басылым «Сарыарқа», Оралда «Ұран» газеті, Семейде «Абай» әдеби журналы мен «Халық сөзі» газеті, Ташкентте пантүріктік және жәдит бағытындағы екі басылым – бас редакторы Мұстафа Шоқай болған «Бірлік туы» мен «Жас алаш» газеті, Ақмолада «Қазақ» газетіне жақын позиция ұстанған «Тіршілік» газеті шығып тұрды.

18.«Қазақ»газеті мен «Айқап» журналдарының қазақ халқының ұлттық сана сезімінің қалыптастырудағы рөлі.

"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.

Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.

Наши рекомендации