Экономикалық ауытқымалы түрде дамуы, себептері
Экономикалық дамудың ауытқымалы болуы макроэкономика заңдылығы ретінде
Экономикалық ауытқымалы түрде дамуы, себептері
Нарықтық экономикаға тұрақсыздық, көтерілу және құлдырау қасиеттері тән, ол экономикалық кезеңді қалыптастырады және экономиканың кезеңділігін анықтайды. Өндірісті шексіз дамыту мен нарықты жаулап алу артық тауар өндірісіне әкеліп соқтырады. Артық өндіру бұл ұсыныстың сұраныстан көп болуы. Артық өндірудің себептерін зерттей келе экономистер сұраныстың өсуі мен азаюы, өндіріс көлемінің өсуі мен азаюының мезгілдігіне көңіл аударды. Циклдық ауытқу бұл экономиканың тепе-теңдік жағдайынан ауытқуы.Экономикалық цикл– бұл бір экономикалық дағдарыстың басынан екіншісінің басталуына дейінгі кезең, ол экономикада кезең-кезеңмен қайталанатын өрлеу және құлдыраумен сипатталады.
Цикл төрт фазадан тұрады. Ең бастапқы фазасы – құлдырау. Бұл жағдайда экономикалық өсудің деңгейі мен қарқынының төмендеуі жүреді, одан әрі өнім шығару тоқтайды. Мұндай құбылыс тауардың артық өндірісімен байланысты. Бұл уақытта сатылмаған өнімдердің қорлары бірден ұлғаяды. Артық тауарларды сата алмайтын өнеркәсіп және сауда кәсіпорындарының жаппай банкроттығы жүреді. Өндірістің тоқтауынан жұмыссыздық өседі, жалақы қысқарады. Қоғамда несиелік байланыстар мен бағалы қағаздар нарығы бұзылып, акция бағамы құлдырайды. Барлық кәсіпкерлер қарыздарды өтеу үшін ақшаға деген қажеттілікті қатаң сезінеді. Сондықтан банктік сауда пайызының нормасы өседі.
Құлдыраудан кейінгі фаза – тоқырау. Бұл уақытта өндірістің құлдырауы, ал онымен бірге бағаның төмендеуі тоқтайды. Бірте-бірте тауар запастары азаяды. Аз ғана сұраныс салдарынан еркін ақша капиталының массасы ұлғаяды, ал банктік пайыз ставкасы төмендейді. Тоқырау кезеңінде тауарлар ұсынысы сұраныстан оза алмайды, сондықтан олардың арасында тепе-теңдік қалыптасады (тауар шығымының тоқтауы сұраныс деңгейіне дейін олардың ұсынысын азайтады). Сол уақытта дағдарыстан шығудың табиғи жағдайлары қалыптасады. Өндіріс құралдарына бағаның төмендеуі және несиенің арзандауы капиталдың қорлануын, жаңа техникалық негізде кеңейтілген ұдайы өндірістің қалпына келуін қамтамасыз етеді.
Келесі фаза – жандану– дағдарыс алдындағы деңгейге дейін өндірістің кеңеюін білдіреді. Тауар запастарының мөлшері нарықты үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті деңгейде белгіленеді. Тұтынушылық сұраныстың жандануымен туған бағаның азғана өсуі байқалады. Жұмыссыздық мөлшері қысқарады. Ақша капиталына сұраныс өседі және процент ставкасы ұлғаяды.
Келесі фаза - өрлеу. Бұл кезеңде өнім шығару көлемі дағдарыс алдындағы деңгейден асып түседі. Осымен байланысты жұмыссыздық қысқарады. Сұраныстың кеңеюімен тауарларға баға өседі. Өндірістің табыстылығы артады. Несие құралдарына сұраныс ұлғаяды және сәйкесінше банк пайызының нормасы өседі.
Өндірістің циклдық дамуының себептері неде? Артық өндіру дағдарысы тұтынушылық сұраныс пен тауарлар ұсынысы арасындағы арақатынастың бұзылу нәтижесінде пайда болады. Экономикалық теорияда циклдың себептері әртүрлі түсіндіріледі:
- неоклассикалық бағыт дағдарысты кездейсоқ, тез өтетін құбылыс ретінде қарастырған;
- толық тұтынбайтын концепция – экономикалық дағдарысты жұмысшылар массасының кедейлігімен түсіндіреді;
- ақша-несие концепциясы дағдарысты ақшаға деген сұраныс пен ұсыныстың бұзылу нәтижесі деп түсіндіреді;
- маркстік концепция дағдарыстың себебін капитализмнің қайшылықтарымен байланыстырады;
- кейнс теориясы дағдарысты нарық механизмінің әлсіздігімен түсіндіреді.
Қазіргі экономистер циклдың себептерін үш жағдаймен байланыстырады:
1. Сыртқы факторлар: халық санының өзгеруі, инновациялар, соғыс және басқа саяси жағдайлар. Халықтың өсуі өндіріс өсуіне, жұмысбастылық деңгейінің өсуіне мүмкіндік береді. Технологияның өзгеруі іскерлік белсенділікті шақырады, инвестициялауға ынталандырады. Саяси жағдай іскерлік белсенділікке әртүрлі әсер етеді.
2. Ішкі факторлар: тұтыну, инвестициялау және үкімет саясаты. Тұтыну әсері: фирма тұтынушыны барлық тауарлармен қамтығысы келеді, нәтижесінде тұтыну шығындары өседі, жаңа жұмысшылар жалданады. Сондықтан өндіріс көлемі, жұмысбастылық пен сату көлемі өсіп, экономика өрлеу фазасына өтеді. Тұтыну шығыны қысқарғанда керісінше жағдай пайда болады және құлдырау кезеңі басталады. Инвестицияның әсері: негізгі қорға салынған салым жаңа жұмыс орнын ашады, тұтынушының сатып алу қабілетін жоғарылатады – бұл экономикалық өсуге мүмкіндік туғызады. Инвестициялау деңгейі төмендегенде экономикалық жағдай нашарлай түседі. Үкіметтің ықпалы фискалдық және монетарлық саясатпен жүзеге асырылады.
3. Ішкі және сыртқы факторлардың синтезі. Авторлардың пікірінше сыртқы факторлар циклды қозғаушы, ал ішкі факторлар фазалық ауытқуларға алып келеді.
Қазіргі теория Самуэльсон мен Хикстің іскерлік модель циклімен байланысты. Мұнда цикл ұлттық табыстың (ЖҰӨ), капиталдың қорлануымен, тұтынумен арақатынасының нәтижесі ретінде қарастырылады. Бұл байланыс мультипликатор және акселератор арқылы қарастырылады.