Тақырып. Аудиттің сатылары және негізгі функциялары
Аудит және оның процедурасы эволюцияның үш сатысынан (стадиясынан) өтті: растаушы аудит, жүйелі-бағдарламалы аудит, тәуекелге негізделген аудит. Бастапқы аудит бухгалтерлік құжаттар мен есеп берулерде көрініс тапқан операциялардың шындыққа жанасымдылығын тексеру және растаушы түрінде болды.
Растаушы аудитте негізінен бухгалтерлік құжаттар мен есеп берудің формаларын дұрыс жасау мәселелері қарастырылады, сол себепті де бұл кезең «кітапты аудиттеу» деп аталады.
Аудитке жүйелі-бағдарламалы тәсілдеме батыс елдерінде 1960 жылдардың соңында пайдаланыла бастады әрі аудиторлар сараптаманы іштей бақылаудың негізінде жүргізді. Бұл операцияны бақылайтын жүйені қадағалауға мүмкіндік берді.
Егер іштей бақылау жүйесі тиімді жұмыс істейтін болса, онда егжей-тегжейлі тексерудің қажеті болмайды, өйткені нормалардың бұзылуы мен қателерді анықтау ісінде іштей бақылау жүйесіне белгілі бір деңгейде сенім білдіруге болады. Аудиторлық фирмалар кеңес беру қызметіне, аудиторлық рәсімді нысандауды жүзеге асыруға және болатын тексерулердің сапасын арттыра түсуге көп көңіл бөлетін болды.
Аудиттің жүйелі-бағдарламалы тәсілін жетілдіруге қарамастан, оның өз кемшіліктері бар. Мысалы, жүйелі-бағдарламалы аудит әкімшілікті ешкім бақыламайтын жағдайда қызметкерлердің үстінен бақылау жүргізуді жүзеге асырады. Бұл арада аудиттің процедурасы басқарушы – инвесторларды емес,
керісінше персонал – менеджерді алдап тұр ма, жоқ па, соны анықтауға бағдарланған.
Тәуекелге негізделген аудит – бұл кәсіпорынның жұмыс жағдайына, негізінен оның қызметіндегі тар әрі қиын межеріне қарай тексеруді іріктеп жүргізетін аудит. Ол тексеру немесе кеңес беру барысында болуы мүмкін тәуекелдікті ескерту және оның алдын алуға бағдарланған. Тәуекелдік аудиттің айырықша маңызы – аудитордың немесе аудиторлық фирмалар өз беделін жоғалту және клиенттен айырылып қалудың ықтималдығында ғана емес, сонымен бірге, аудиторлық компаниялардың арасындағы қатаң бәсекелестікте, ірі айып-пұл мен моральдық зиянда, осы аталған қателерге ұрынып қалудың ықтималдығында болып тұр. Мәселен, мұндай жағдай үшінші бір тұлғаға немесе клиентке елеулі материалдық зиян шектіруге себеп болатын аудитордың ықылассыз және бұрыс қорытынды шығаруынан болады. Кәсіби беделден айырылу қаупі нақты аудитордың немесе аудиторлық компанияның толық күйреуімен бірдей десе де болады. Сондықтан да ШЖС-дің қызметін жан-жақты кешенді тексеруді жүргізуге мұқият дайындалып, басты назарды кадрларды іріктеуге бағдармаларды жасауға, алдағы жұмысты жоспарлауға және т.б. аудару қажет.
Осыған орай аудиторлар клиент бизнесін жүйелі зерделеу мен жоспарлау кезеңдеріне көп уақыт бөлетін болды. Қауіп-қатері (тәуекелі) көп салаларға аудитордық жұмыстарды шоғырландыру арқылы тәуекелі төмен салаларды тексеруге кететін уақытты үнемдеуге болады. Осылармен уақыт және клиентке қызмет көрсетудің шығындарын үнемдеу тұрғысынан әлдеқайда тиімділікті қамтамасыз етуге қол жеткізеді.
Бақылаушы-талдамалы қызметтің осы заманғы кезеңінде тәуекелге негізделген аудиттің маңызы зор. Оның технологиясы субъектілер қызметіндегі болжаулы кемшіліктер мен қиындықтарға белгілі бір жағдайларға қарай іріктеп алынған тексеруді жүргізуге негізделген.
Бұл арада мынаны ескеру керек, кәсіби аудит саласындағы бизнеске мына негізгі факторлар әсерін тигізеді:
1. Бақылау ортасы;
2. Кірістерге айла-әрекет істеу мақсатымен басқарушыларға әлеуетті қысым жасау;
3. Қатысушы тараптардың мүдделері;
4. Саладағы және экономикалық ортадағы клиенттің ұстанымы (позициясы).
Осылайша, растаушы аудитте қаржылық құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімі (регистрлері) тексеріледі. Аудиттің жүйелі-бағдарламалы тәсілдемесі операцияны бақылайтын тұтас жүйе ретінде ШЖС-дің қызметін қадағалауға мүмкіндік тудырады. Тәуекелге негізделген аудитте осы жүйені бақылайтын адамдардың қызметі қарастырылады. Соңғы екі кезең аудиторлардан кітаптан бастарын көтеріп, барлық назарын бизнестің өзіне аударуды талап етеді. Бизнес саласындағы аудит бірқатар функцияларды орындайды: бақылаушының, сараптаушылық, басқарушылық, кеңес берушілік, өндірістік және ақпараттық.
Аудитор орындайтын функциялар жүйесі ұдайы даму үстінде болады, оған жаңа бағыттар, атап айтқанда, К.Ш. Дүйсембаевтің еңбегінде келтірілген функциялар мен қосалқы функциялар тізбесі қосылады. Кәсіби аудиттің осы заманғы даму кезеңінде оның бақылаушылық, басқарушылық, ақпараттық, тәрбиелік және әлеуметтік функциялары көкейкесті мәселеге айналып отыр. Оның үстіне, халықаралық
стандарттар талабы мен оның даму тенденциясына сәйкес аудиттің жекелеген функциялары мен қосалқы функцияларының атауларын нақтылау ұсынылып отыр.
Аудит ауытқудың, артық шығындар мен ысыраптың алдын алу үшін оңтайлы басқарушылық шешімдерді уақтылы анықтауы қажет. Бұл субъектілер қызметінің қаржылық жағдайы мен қаржылық нәтижелерін, іскер белсенділігін болжау ретіндегі аудиттің жаңа қосалқы функцияларының пайда болуымен шарттасылған. Тәуелсіз қаржылық бақылау қабылданған этикалық және құқықтық нормаларды сақтау арқылы тәрбиелік және әлеуметтік функцияларды орындайтын.
Оған қоса, нарықтық қатынастардың даму жағдайындағы кәсіби аудит кемшіліктерді анықтаудың, резервтерді ашудың және ұлттық экономиканың нақты секторларында шаруашылық жүргізудің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды негіздеудің маңызды құралына айналып отыр.
Аудиттің эволюциялық сатылары