Ылмыстық жазаның түсінігі, белгілері және мақсаттары
КІРІСПЕ
Заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға, оның жасаған қылмысына сәйке жаза тағайындалады. Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық Кодексте көзделгендей адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот ғана үкім негізінде қолдана алады. Қылмыс пен жаза - өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік. Мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза тек қылмыс үшін қолданылады. Жазаға тән ерекшелік – міндетті түрде жазалаудың болуы. Жазалау дегеніміз – жазаның мәжбүрлеу, зорлау сипаты. Олар күш көрсету, моральдық, материалдық және басқадай ықпал ету арқылы жүзеге асырылады. Жазаның мақсаты - жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы мемлекет қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже. Жазаның нақты мақсаты Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарының алдында тұрған міндеттерден туындайды (ҚК-тің 2-бабы). Жазаның мақсатын анықтаудың, бәрінен бұрын, соттың заң қолдану қызметінде маңызы зор. Нақты адамға қатысты жазаның түрін, мөлшерін анықтай отырып сот жазаның заңда белгіленген мақсаттарын басшылыққа алуға тиіс. Бұл талапты елемеу – заңсыз, дәлелсіз жаза тағайындауға, әділетті емес үкім шығаруға әкеп соғуы мүмкін.
ылмыстық жазаның түсінігі, белгілері және мақсаттары
Қылмыстық жаза мемлекеттің адам жасаған қылмысқа көңіл бөлгендігін білдіреді. Ал қылмыскердің өзі үшін жаза – ол жасаған қылмыстың қылмыстық–құқықтық зардабы. Қай мемлекет болмасын ол қылмысқа қарсы күрес жүргізуде әртүрлі әлеуметтік ұйымдастырушылық, экономикалық, тәрбиелік, рухани шаралардың барлық түрін кеңінен қолдануға тырысады. Күнделікті өміріміз қылмысқа қарсы күресте қылмыскерлерге қылмыстық жаза шараларын, соның ішінде олардың қатал түрлерін қолданып қоюмен ғана көзделген мақсатқа жету мүмкін еместігін дәлелдеп келеді. Бұл күресте қылмысты ескерту шараларының, сондай-ақ, қылмыстың алдын-алу шараларының да көзделген нәтижеге жетудегі үлесі қомақты болып отыр. Мемлекеттің қылмысқа қарсы күрестегі қолданатын шарлары сан түрлі. Мемлекет қолданатын осы шаралар ішіндегі ең негізгісі де ең ықпалдысы да –жаза, яғни жазалау шарасы болып табылады.
Қылмыстық-құқықтық нормалардың бұзылмауын мемлекет мәжбүрлеу арқылы жүзеге асырады. Себебі, басқа құқықтық нормаларға қарағанда қылмыстық құқықтағы тыйым салынған нормалар жиірек бұзылады және оның мемлекет, қоғам мүддесіне немесе жеке азаматтардың мүддесіне тигізетін залалы басқа құқық салаларының нормаларының бұзылуына қарағанда анағұрлым мол. Қылмыс пен жаза–қылмыстық құқық өзінің пайда болған кезінен сүйенетін бір-бірімен тығыз байланысқан ажырамас категориялар. Қылмыстық жаза мәселесі қылмыстық құқық теориясында ерекше орын алады, өйткені, ол қылмыстылықпен күресу шараларының жүйесіндегі ең ауыр да қажетті шаралардың бірі болып табылады.
Жаза адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін, адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілікті, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, сонымен қатар, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған. Республикамыздың қылмыстық кодексі жазаға төмендегідей анықтама береді: «Жаза дегеніміз соттың үкімі бойынша тағайындалатынмемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және осы адамды Қылмыстық кодексте көзделгендей құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады». Бұл анықтамада жазаның негізгі белгілерінің жиынтығы берілген.
Қылмыстық жаза мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының жеке бір түрі және оның өзіне тән мынадай белгілері бар: -Жазаның бірінші белгісі –ол мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Бұл жаза тек мемлекет атынан сотпен ғана тағайындалады дегенді білдіреді. — Жаза тек қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға ғана тағайындалады. — Жаза тек қылмыс үшін ғана тағайындалады. — Жаза әрқашанда қылмыс жасаған адамның құқығы мен бостандығын шектеумен байланысты, яғни объективтік мазмұны бойынша жаза-жапа шектіру. — Жаза сотталған адамға соттылық атағын тағады. — Жаза жария түрде ашықтан ашық тағайындалады. Алайда, жазаның түсінігі жөнінде қылмыстық құқық теориясында бірқатар пікірлер айтылған.
Мысалы, В.И.Курляндский, «Жаза –соттың үкімімен қылмыс жасаған адамдарға қолданылатын мемлекеттік шараның түрі» десе, М.Д.Шаргородский бұл анықтамамен ішінара қосыла отырып, «мемлекеттік шаралардың бәрі де жаза емес, оған медициналық және тәрбиелік сипаттағы шаралар жатпайды» -деп толықтырды. Ленинградтық криминолог-ғалымдар өздері шығарған қылмыстық құқық курсында «Советтік қылмыстық құқықтағы жаза –мемлекеттік шараның мөлшері, ол сот органдарының үкімімен қылмыс жасаған адамдарға қолданылып, қылмыскердің өзіне тән материалдық игіліктерден жұрдай етумен қоса, сол әреетке мемлекет тарапынан қаралап баға беру» -дейді. Қылмыстық жаза мемлекеттің қылмыспен қарсы күрес жүргізу құралдарының бірі ретінде қолданылады. Біздің жас, тәуелсіз мемлекетіміз қылмысқа қарсы күрес қылмыстық жазаны қолдануда ең негізгі басты күрес деп саналмайды, бұл құбылысқа қарсы күресте шешуші мәселелерді жетілдіру арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шарасы ретінде тек арнаулы, заңда көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Қылмыс істеген адамдарға мұндай шараны қолдану мемлекеттің атқаратын функцияларының бірі ретінде қарастырылады. Әсіресе ауыр, аса ауыр қылмыс істегендерге соған сәйкес ауыр қылмыстық-құқылық күштеу шараларын қолдану мемлекеттің міндеті болып табылады.
Мемлекеттік күштеу шаралары сан алуан. Оларға тек қылмыстық құқылық шаралар ғана емес, азаматтық, әкімшілік, тәртіптік шаралар да жатады. Қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шараларының жеке бір түрі бола отырып, өз ерекшеліктерімен оқшауланады. Біріншіден, қылмыстық шара –мемлекеттік күштеу шарасы ретінде қылмыстық заңмен ғана белгіленеді. Қылмыстық кодексте жазаның сот үшін міндетті тізбектері мен оны қолданудың тәртібі тұжырымдалған. Сот қылмысқа кінәлі адамға қылмыстық заңда көрсетілген шараның шеңберінде оның шегінен шықпай, жаза тағайындайды. Тек ерекше жағдайларда ғана сот көрсетілгеннен гөрі неғұрлым жеңілірек жаза тапғайындауға құқылы. Екіншіден, мемлекеттік күштеу шарасы ретіндегі қылмыстық жазаны мемлекет атынан тек қана сот тағайындайды. Қылмыстық кодектің 38-бабында «жаза дегеніміз соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы» делінген.
Мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзған адамды полиция бастығы әкімшілік жауапқа, салық инспекциясының лауазымды адамы салықтан бұлтартпаушыларды заңда көрсетілген тәртіппен жазалайды немесе әкімшілік комиссиясы өзіне берілген құзырет шеңберінде әкімшілік құқық бұзушыларды жауапқа тартады. Осы аталған органдардың немесе лауазымды адамдардың бірде-біреуі қылмыстық жаза қолдануға құқылы емес. Қылмыстық жазаны қолдану –тек қана соттың құзыреті. Үшіншіден, заңда көрсетілген тәртіппен сотталған адамды жазадан босату, сондай-ақ тағайындаған қылмыстық жазаны жеңілдету тағы да сот арқылы жүзеге асырылады. Тек қана рақымшылық және кешірім беру актілерімен жазадан босату немесе жазаны жеңілдету Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Парламент немесе Республика Президенті арқылы жүзеге асырылады, ал басқа жағдайларда бұл мәселелерді шешу тек соттың міндеті болып табылады. Бұл да қылмыстық жазаның басқа мемлекеттік күштеу шараларынан мәнді өзгешелігін көрсетеді. Төртіншіден, қылмыстық жаза жария түрде ашықтан-ашық тағайындалады. Яғни, қылмыс адамның кінәсін анықтау оған жаза тағайындауды қажет деп табу, қылмыстық жазаның нақты түрі мен көлемін анықтау, жеке немесе заңды тұлғалар арқылы емес мемлекет арқылы жария, ашықтан-ашық түрде белгіленеді.
Қылмыстық жазасы кінәлі адамға мемлекет атынан белгіленеді, жеке немесе лауазымды адамдар сот тағайындаған жазадан ешкімді де босата алмайды, заңды күшіне енген сот үкімі мемлекеттік, жеке кәсіпорын, ұйым, мекеме, лауазымды және жай адамдардың орындауы үшін Республика аумағында міндетті болып табылады. Бесіншіден, мемлекеттік күштеу шаралары ретінде қылмыстық жаза қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмысты жасаған кінәлі адамға қолданылуы мүмкін. Яғни, бұл жерде жаза адамның кінәлі түрде істеген іс-әрекетінің қылмыстық-құқылық зардабы болып табылады. Сондықтан да қылмыстық заңда «адам өз кінәсі анықталған қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік және пайда болған қоғамдық қауіпті зардаптар үшін ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиісті», -делінген. Жаза сотталған адамға белгілі бір зардап келтірумен тікелей байланысты болады. Мысалы, соттың кінәліні бас бостандығынан айыруы немесе белгілі бір кәсіппен шұғылдануға немесе белгілі бір лауазым иесі болуға тыйым салуы, мүлкін тәркілеуі мүмкін. Ерекше ауыр қылмыс жасаған жағдайда кінәліге заңда көрсетілген негізде ерекше ауыр жаза -өлім жазасын тағайындауы да мүмкін. Сөйтіп, кез келген қылмыстық жаза тағайындағанда сотталған адам материалдық, моральдық, мүліктік зардап шегеді. Өйткені жаза өзінің мәні жөнінен кінәліні жазалау болып табылады. Жазаның өзіне тән міндетті қасиеті–жазалау.
Жазаны–жазалаудың күшпен қолданылатын, мәжбүрлейтін жағы, яғни сотталған тұлғаны заңда көрсетілгендей құқықтары мен бостандықтарынан айыратын немесе оларды шектейтін жағы деп түсінуі керек. Жазаның мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше шарасы ретінде өзіне тән сипатты белгісі бар. Ол –жағымсыз құқықтық салдарға ұшырататын –соттылық . Егер де тұлға қайтадан қылмыс жасаса, оның алғашқы жасаған қылмысы үшін сотталғаны қылмыстық жауаптылықты ауырлатушы жағдай болып саналады. Қылмыстық жаза туралы мәселені көтергенде оның қылмыстық жауаптылықпен арақатынасына да тоқталған жөн. Жауаптылық пен жаза ұғымдарын жекелеп алып қарасақ, жауаптылық жаза ұғымынан әлдеқайда кең, ауқымды, өйткені, жаза –қылмыстық жауаптылықтың маңызды сатыларының бірі ғана.
Қылмыстық жауаптылықтың басталу уақыты болып қылмыстың жасалуы, ал аяқталу уақыты –соттылықтың жойылуы немесе өтелуі. Қылмыстық жауаптылыққа алдын-ала тергеу, анықтама, прокуратура және сот органдары тартып және босатады. Қылмыстық заңда қылмыстық жауаптылық пен жазаны бір-бірінен ерекшелейтін нормалар кездеседі. Мысалы, қылмыстық жауаптылықтан және қылмыстық жазадан босату негіздері әртүрлі. Сонымен, жаза соттың айыптау үкімінде жүзеге асырылған қылмыстық жауаптылықтың мәні. Соттылықтың өтелуі және жойылуы жазамен байланысты барлық құқықтық шектеулерді жояды. Қылмыстық кодексте жазадан басқа қылмыстық құқықтық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары көзделген.
Олар: 1). Тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шаралары; 2). Медициналық сипаттағы жәжбүрлеу шаралары. Бұл шаралардың жазадан басты ерекшелігі олардың соттылықты болдырмауында. Екіншісі, олардың тағайындалу адресатында, яғни тәрбиелік сипаттағы шаралар 14-18 жас аралығындағы қылмыс жасағандарға, ал медициналық сипаттағы шаралар қылмысты есі дұрыс емес жағдайда жасаған адамдарға және ҚК-тің 88-бабында көрсетілген басқа да негіздерде тағайындалады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары белгісі мерзімге тағайындалады. Жаза проблемасы сандаған ғасырлар бойына тек заңгерлерді емес, философтарды, социологтарды, қоғамтану саласындағы өзге де мамандарды ойландырып келе жатыр. Жаза мәселелеріне қылмыстық құқық теориясында үлкен мән берілген. Бұлар құқық қорғау органдарының қызметінде де өзекті мәселелер. Республиканың бұрынғы екі Қылмыстық кодекстерінде жаза түсінігіне анықтама берілмеген. Ол тек қылмыстық құқық теориясында қарастырылатын.
Жаза туралы түбегейлі еңбек жазған кеңес криминалисі И.Карпецтің өзі ең алдымен оның әлеуметтік мәніне тоқталып, бір формациядағы жаза жүйесінің келесі формацияға сәйкес келмей қалатындығын айтқан болатын. Осыған орай кеңес уақытындағы жаза түрлері де Қазақстандағы қоғамдық қатынастардың сипаты өзгерген кезде ескіргендігін байқатты. Сол себепті, жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғанда жазаның мақсаттары да қомақты өзгеріске ұшырады. Ондағы мақсаттардың кейбірі теорияда мүлде қарастырылмаған болса, кейбіріне «социалистік емес» тұрғыдан жаңаша көзқарас қажет болып жатыр. Бұл аталған міндеттерді орындау үшін ең алдымен жазаның түсінігін анықтаудан бастаған ләзім. Мысалы, Н.Шаргородский «Жаза дегеніміз қылмыскерді оған тиесілі қандай да игіліктен айыру, оны және оның қызметін мемлекеттің теріске шығаруы» деп санайды. С.Дементьевтің пікірі басқаша, ол «Жаза дегеніміз айыпкер басынан кешіруге тиісті, алдын-ала ойластырылған, заңда белгіленген тән азаптары мен таршылықтары» дегенді айтады.
Ғалым-криминалистердің басым көпшілігі жазаны қылмыстардың жалпы және арнайы алдын алу мақсатында қылмыс жасаған адамдарға мемлекет атынан сот қолданатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы деген пікірді ұстанады. Н.Стручков жазаның мазмұнына мынадай анықтама береді: «Жаза дегеніміз қылмыс жасады деп танылған адамға сол іс-әрекетті жасағаны үшін сот үкімімен мемлекет атынан қолданылатын ескерту шарасы, олжазаның әрбір түрі үшін заңда белгіленген құқық шектеу жүйесін құрайды». Республикамыздың заң шығарушы органдарының ұстанған пікірмен келісуге болады, онда «Жаза дегеніміз соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлкеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе шектеу болып табылады» делінген.
Қылмыстық жазалау шараларының мәні мемлекеттік айыптауды және мәжбүрлеуді арнайы тәсілмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты Н.Сергееевский былай деп жазады: «Жазада қылмыстық іс-әрекеттерді қандай формада болмасын, қандай мазмұнда болсын айыптау, бетке басу әрқашанда болады». С.Познышев өш алу теориясын сынады. «Егер жаза нақты қолданылса, -дейді ол, -тежеуші әсерге артық қатыгездік жасамай-ақ қол жеткізуге болады, ал қолданылмаса –қандай үрей туғызсаң да әсері болмайды». Жаза қылмыс жасаған адамға қолданылатын мемлекеттік арнайы мәжбүрлеу шарасы ретінде құқықтық қудалаудың кейбір түрлерімен ғана шектелмейді, сонымен қатар ол қылмыскерге тәрбиелік ықпал етуді де көздейді. Жаза туралы ілімнің ең көп талас тудыратын мәселелерінің бірі –жазалаудағы сазай тартқызудың рөлі мен мағынасы туралы мәселе.
Бірқатар ғалымдар сазай тартқызуды жазалаудағы өзінше мақсат деп санайды (Беляев Н.А, Карпец И.И, Ретюнских И.С., т.б.). Заңгерлердің басым көпшілігі бұл пікірмен келіспейді (Анашкин Г.В., Шаргородский М.Д., Свектинович А.Л., Закутский С.Г., Ахмедов Г.А., тағы басқа). Көптеген зертеушілер жазада ондай мақсат жоқ дейді. Қазақстан Республикасында жазалау өш алу емес. Онда қандай да бір тәрбиелік мән бар. Жаза, біріншіден, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасағандар үшін сазайын тарту, екіншіден, жазаны өтеп жатқан адамның санасын көтеруді, оның қоғамда болып жатқан құбылыстарға белсенді қатысуын мақсат тұтады, үшіншіден, белгілі бір жаза тағайындаумен байланысты қоғамға қауіпті іс-әрекетті заң арқылы айыптау –оны жасайтын адамдарға құқық тәртібін сақтау керектігі жөнінде ықпал етуге тиіс. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің жобасында жаза дегеніміз жасалған қылмыс үшін сазай тартқызу деп көрсетілген. Біздің пікірімізше, мазмұны жағынан жақын келетін бұл сөз онша сәтті алынбаған. Себебі, «қара» деген сөз құқықтық әдебиеттерде дау туғызуда. Орыс тілі сөздігінде «сазай тартқызу» сөзіне синонимдар арасында мынадай анықтама берілген: «Сазай тартқызу –жазалау, өш алу». Ол ресми-құжаттық стильге қойылатын талаптардың бірі –тіл дәлдігін сақтауға көмектеспейді.Соған байланысты Қазақстанның заң шығарушылары заңда «қара» сөзін қолданудан бас тартып дұрыс жасаған.
Біздің пікірімізше, сазай тартқызу –жазаның мақсаты емес, оның мәні ажырамайтын қасиеті. Сотталғандарды түзеу, олардың қайта қылмыс жасауының алдын-алу (арнайы алдын-алу), басқа адамдардың қылмыс жасауының алдын-алу (жалпы алдын-алу) жазаның мақсаты болып табылады. Жалпы, алдын-алу әрекеті негізгі үш параметр бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден –ол қорқыныш тудырады, қылмысқа бейім адамдар жазадан қорыққандықтан ондай әрекетке барудан бас тартады. Екіншіден –жаза тыйым салынған әрекеттерді болдырмайды, адам заңмен қорғалатын нормаларды, қоғамдық тәртіпті бұзбауға дағдыланады. Үшіншіден –қылмыстық жауапқа тартылу мүмкіндігі «қалыпты заңға бағыну әдетін сақтауға» итермелейді. Алдын алу –тәрбиелеу процестері арқылы азаматтарға ықпал жасау осы заңнан басталады. Қылмыстың алдын-алу жайында Н.Дурманов былай деп жазады: «Кеңестік қылмыстық-құқықтық нормалар қылмыс жасалынған кезден бастап немесе санкция қолданылған кезден бастап емес, ол нормалар көрсетілген заң күшіне енген кезден бастап нақты әсер етеді». Құқық зерттеушілер, тарихшылар, философтар, теологтар жазалаудағы мақсатқа ой жібергенде жалпы және арнайы превенциядан басқа мақсаттарды қалыптастыра алмады. Жалпы превенция, мысалы, Көне өсиеттің (Ветхий Зоветтің) екінші заңында көзделген: «Көбірек естиді де, өз арасында мұндай қылмыс жасауға қорқады».
Заң әдебиеттерінде сотталғандарды қайта тәрбиелеу мақсатын жаза мақсаттарыннан алып тастау жөнінде пікір айтылған болатын, себебі, қайта тәрбиелеу мақсатын қылмыстық құқық қолданатын тәсілдермен үйлестіруге болмайды, бұл тәсілдер құқықтық шектейтін мәжбүрлеу шараларынан тұрады. Қазақстанның заң шығарушылары да осы позицияны ұстайды. Ал, түзетуді алатын болсақ, ол қылмыстың алдын-алу құралы болып табылады, сондықтан да оны жазалаудың мақсаты деп қарастыруға болады, яғни бұл жағдайда сотталған адамның қылмыстық әрекетті жалғастыруына, сондай-ақ оның және басқа адамдардың басқа қылмыс жасауына тосқауыл қойылады. Реті келгенде атап өтсек, қазіргі АҚШ заңы жаза алдына төрт мақсат қояды: өш алу, үрейлендіру, қылмыс жасау мүмкіндігінен айыру және түзеу. Жалпы тілмен айтқанда «түзету» деген сөз зақымданған, бұзылған жерлерді қалпына келтіру, пайдалану үшін жарамды жасау, қателіктер мен ауытқуларды жою, қандайда бір кемшіліктерден арылу, жақсарту деген мағына береді. Адамның іс-әрекетін түзету идеясын Конфуций де терең және жан-жақты зерттеген, бұл мәселе жайындағы кейінгі кездердегі барлық зерттеулерде оның пікірі қалайда ескеріледі.
Ол түзеудің үш жолы бар деп санайды. Біріншісі, ең қастерлісі –ой арқылы, яғни адам өз әрекетін ой елегінен өткізіп, өзінің түзелу жолын белгілейді. Екінші жол –басқа адамдарға елікеу арқылы. Үшінші жол, ең қиын да ауыр жол –жаза арқылы, біреудің араласуы мен және мәжбүрлеумен түзелу. Түзеуді және қайта тәрбиелеуді жазаның мақсатынан алып тастау әрекетімен біз келісе алмаймыз. Жалпы, превенцияның жаза жүйелері және санкция жүйелері үшін маңызы жоқ екенін ескерсек, адамның жеке басының типологиясы арнайы алдын алу және түзеу шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс. Жазада үш мақсат бар: әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, қылмыстың жалпы алдын алу, қылмыстың арнайы алдын алу және құқық бұзушыны түзеу. Түзеу ұғымының барлық қырын қарастыра келіп, оның ең шеткі екі дәрежесін бөліп алуға болады: түзеуді қажет етпейтіндей дәреже және ешқандай түзеуге келмейтін, жазаның ең жоғарғы шарасын қолдануды қажет ететін деңгейі. Осы деңгей аралығында өзінше бөліп алуды керек ететін, қылмыскердің жеке басына толық типология жасауға болатын көптеген деңгейлер бар.Қайта тәрбиелеу жазаның осы аралықтағы мақсатына жатады. Сонымен, жазаның жоғарғы, түпкілікті мақсаты –қылмыстың алдын алу. Түпкілікті мақсатқа қол жеткізу арқылы қамтамасыз етілетін жазаның орта аралықтағы мақсаттарына сотталғанды «түзеу» және «қайта тәрбиелеу», арнайы және жалпы алдын алу шаралары жатады. Сазай тартқызу жазалаудың мақсаты емес, ол оның мазмұны мен мәнін құрайды және мақсатқа жетудегі құрал болып табылады.
Түзеу және қайта тәрбиелеу түсініктерінің мәнін алатын болсақ, онда біз түзеуді адамды өзгертудің бастапқы кезеңі ғана деп түсінетін ғалымдардың пікіріне қосыламыз, себебі жүргізілген жұмыс нәтижесінде айыпты өзінің қоғамға жат ең елеулі қылықтарынан арылады, ол бұдан былай қылмысқа бармайды деп күтуге болады, ал қайта тәрбиелеу дегеніміз –адамның жеке басының тіптен өзгеруі, оның қоғамға жат іс-әрекет жасаудан бас тартқаны былай тұрсын, қоғамға пайдалы азаматтар қатарына кіруі. Жазаны қолдану кезінде жазаның барлық мақсаттары бір мезгілде көзделеді. Алайда, бұл –қайткен күнде де ол мақсатқа жетуге болады дегенді білдірмесе керек.