Кеңшілік Мырзабекұлы поэзиясы
Кеңшілік Мырзабеков қазақ поэзиясының қабырғалы өкілдерінің бірі. Ішіндегі санаулысы. Оның поэзиясының көркемдік ерекшелігі, түр бөлектігі, яки қайталана қоймайтындығы мәлім. Қазақтың арғы-бергі тарихында ғажайып ақындар болған, бірақ халық санасынан берік орын алғаны аз. Кеңшілік ақын сондай аздың бірі еді. «Өлеңге таласы бар» әрбір жас Кеңшілікке соқпай өтпейді, өлеңдерінен өзіне керегін алады, ақынмен «ауыруы» да бек мүмкін.
Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан,
…Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай,
Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам..,- деп басталатын өлеңін жатқа оқушы едік. Алғашқы махаббатымыз туралы мөлдіретіп дәл солай жазғымыз келетін, бірақ ол Кеңшілік ақынның ғана маңдайына бұйырған шумақтар екенін жете түсіне бермейтінбіз. Қырық үш жасында дүние кешсе де, ол бақытты ақын. Себебі, ол «Жылтырағы өшіп, шошқа терісі қалатын» (Г.Х.Андерсен) өлеңдер жазған жоқ, жаза алмады. Кейбірі секілді көлгірсіп, данышпансыған жоқ. Күні үшін мадақ өлеңдер жазып, арнайы «ізденбеді» де. Жазды, жазып кетті.
Жақында ақынның екі томдық таңдамалы шығармалар жинағын қайта оқыдық. Ақынның қолтаңбасы, өзіндік таным мен түйсігі бірден көзге ұрады.
Бозала таңда бозторғай әлі шыр етпей,
Тып-тыныш дала тұмшанып шыққа сүмектей.
Жылыстап алып, жарығы налып жұлдыздың,
Қалтырайды кеп баяу бір соққан жүректей…(«Таң»).
Немесе:
Көкжиекке бір ымырт қонды келіп,
Жарық дүние тағы бір күнді ұрлатты.
Жалқын сәуле жарығы жонды бөліп,
Сәл қозғалған селеулер діріл қақты…
Ақынның суреткерлік қасиетіне куә боласыз. Кез келген адам өлең жазуы мүмкін, бірақ сөзден кесте тігетіндері сирек, шынында. Ол Кеңшілік сияқты ақындардың ғана талайындағы нәрсе Расында, ақындар баллада жанрына сирек барады. Қайнекей Жармағамбетов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев секілді қадау-қадау ақындар ғана аталған жанрда төрт аяғын тең басар жорғадай тайпалып өтті. Олардан кейін Кеңшілік Мырзабековтің есімі ерекше аталады. Ақынның «Мұхтар мен Қаныш», «Мұхтар мен Күләш», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Ұя», «Көшу» секілді балладалары қазақ поэзиясының елеулі табысы. Мұнда әртүрлі ойлар ағынында талайлы тағдыр иелері төбе көрсетеді. Шынайы кейіпкерлер галереясы ақынның қайталанбас қолтаңбасы, поэтикалық сезімталдық пен суреткерлік талғамының жоғары көрінісі.
Ақынның тағдыры оңай емес. Кеңшілік ақынның пенде ретіндегі тағдыры да қиын кезеңге тап келді. Бұл буынның «соғыстан соң туғандар» екенін айтқанбыз. Соғыстың зардабы кімнің жанына жара салмады. Жар қызығын көре алмай, жастай қалған ана да, оқ жона алмаған бала да соғысқа лағнет айтты. Әрбір заманның шындығы ақын шығармашылығынан көрініс тауып отырады десек, бұл үрдісті Кеңшілік ақын да аттап өте алмады. Ақынның «Қырық бірінші жылғы келіншек немесе жазушы Шерхан Мұртазаевқа сыр» деген өлеңі бар.
Сол келіншек сенің жеңгең, менің шешем еді ғой,
Сенің барың, менің барым көңіліне сеп еді ғой.
Сен аяушы ең, мен аяушы ем, ол аяйтын біздерді,
Бұл сезімді кеудемізден өмір көсеп еді ғой,- деп басталатын өлеңіне тебіренбеу мүмкін емес. Ақын жазушы ағасына сыр аша отырып, «Аяулы өмір аяй білсе, тәтті екенін ұғынғандығын» да айтады. Тұтас үш ұрпақтың қасіретін жырлай отырып, «Бәлкім, біздер көп қиындық көріп өскен соңғымыз» дейді. Ал, «өткен өмір, кетік көңілдің» жалғанда орны толар ма?!. Әрине, «бататыны сол ғана…» Ақынның бұл атақты өлеңін соғыс құрбандарына, жесір аналар мен жетім балаларға жырмен қойылған ескерткіш десек те, артық болмас. Себебі, ақын ескерткіштің тек қана затпен емес, сезіммен де қойылатынын көрсетті.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Сары бала» деп еркелеткен Кеңшілік Мырзабеков қазақ үшін қымбат. Бар ғұмыры өлеңге сіңіп кеткен ақын бүгінде сол Мұқағалилардың санатында. Бірақ, ол – Мұқағали емес, Кеңшіліктің өзі. Өлеңі өзінің еншісіндегі дүние.
Бір мысқал мұңым, тұрмыс, тағдырым сенбісің,
Болмыстан бітім, тумыстан ділім сенбісің?
Туыс та, дос та суысқан күні басымнан
Сүйеген менің бір мысқал мұңым сенбісің?!- дегені де ақындықтың мехнаты, тіпті, азап-шері. Әлмисақтан ақынның мұңның перзенті екенін дәлелдеген шығарма.
Ғашықтық – азап, азабы ғажап бірақ та,
Дертінде тозақ, деміндегісі жұмақ па?!
Шын ғашық болсаң біріңді-бірің жылатпа,
Жылаттың екен, жыласын ғашық, жұбатпа!-деген керемет жырды кім білмейді. Қайран қимас кездерді еске салады еріксіз. «Шабыт үстінде Құдайдай құдіретті, күйбең тіршілікте құмырысқадан дәрменсіз» (А.С.Пушкин) ақынның басты миссиясының орындалуы – оның бақыты. Әйтпесе, жақсы да, бақсы да өтіп жатқан өмір қашан бір орнында тұрып еді…