Кесте. Антисептиктердің жұмсалу мөлшері
Антисептиктер | Шығыны, % | |
Тұз салмағына шаққанда | Тері салмағына шаққанда | |
Кремний фторлы натрий | 2,5-3,0 | 1,0 |
Парадихлорбензол | 1,0-1,5 | 0,4 |
Нафталин | 2,0-2,5 | 0,8 |
Жас теріні жайып қойып ылғалдап тұздағанда шикізаттың консервілену процесіне мына факторлар әсер етеді:
1.Терінің тұздалмай жатып қалу уақытының ұзақтығы. Егер теріні баптау жұмысы бір сағатқа кешіксе, онда тұз теріге сіңуі 3 пайыз кемиді, ал 5 сағаттан кешіксе – 4 есе кем сіңеді. Егер тері тұздалмай жатып қалса, онда автолиз процесі басталып, оның тканьдары физико-химиялық өзгерістерге ұшырай бастайды. Әсіресе биязы жүнді қойлардың терісі тез ыдырайды. Оларды консервілемей бір күн ұстаудың өзі, теріні толық бүлдіріп, жоққа шығарады.
2. Сойғанда малдың қанын толық ағызбау, теріге ет пен май кесінділерін жіберу. Қаны толық ақпай қан тамырларында қатып қалған терілерді консервілегенде тұздық диффузия процесінің әсерімен терінің ширап тартылуы баяулайды. Теріде ет пен май кесінділерінің болуы да, сол жерге тұздың сіңуін баяулатады, шикізаттың жақсы тұздалмай бүлінуіне ықпал жасайды.
3. Консервілейтін заттың түрі мен қасиеті. Тұз теріні консервілейтін негізгі зат. Ол терінің суын сорып, ондағы микроорганизмдердің іс-әрекетіне кедергі жасайды. Консервілеу сапасы тұз кристалдарының майда-ірілігіне, ондағы химиялық қосындыларының мөлшері мен концентрациясына және микроорганизмдердің санына байланысты болып келеді.
Техникалық ас тұзының (Мем.СТ-153-57) құрамында мыналар болады:
хлорлы натрий – кемінде 98, ерімейтін тұнба – ең көп дегенде 0,9, кальций тұздары – ең көп дегенде 0,8, темір тұздары – шамалы, ылғалдылығы – ең көп дегенде 5 процент.
Кальцийдің күкірт қышқылды тұзы мен темір қосылысы ең зиянды қоспалардың қатарына жатадды.
Майдалылығына қарай тұз бірнеше нөмірге бөлінеді: 0, 1, 2, 3. Тұздың ерігіштігі көбінесе кристалдарының көлеміне байланысты болып келеді. Теріні тұздау үшін ірі және майда тұздарды пайдалану жағымсыз нәтиже береді. Ірі тұз ақырын ериді, ал майда тұз ірі тұзға қарағанда дым тартқыштығы жоғары болғандықтан, өте тез ериді де пайда болған тұздық теріге сіңіп үлгермей жерге ағып кетеді.
Теріні тұздап баптау үшін жаңа ғана әзірленген және бұрын пайдаланылмаған тұз қолданылады. Пайдаланылған тұзды жақсылап тазаламағанша екінші рет қолдануға болмайды, өйткені онда – қан, май, жүн сияқты органикалық қосындылар мен толып жатқан микробтар болады, оның өзі тұздалатын терінің сапасын төмендетеді.
4. Ауаның температурасы және ылғалдылығы. Теріні консервілеу үшін ең қолайлы температура 10-15 градус. Төменгі температурада тұздың диффузия процесі бойынша активтігі күшеюі мүмкін, соның нәтижесінде тері қызып, дақтар пайда болуы мүмкін.
Теріні консервілейтін орындағы ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 70 пайыздан кем болмауы керек.
5. Жас теріні жайып қойып тұздаудың артықшылықтары мен кемшіліктері. Теріні жақсылап тұздап баптағанда және ұзақ уақыт сақтағанда ол өзінің жас, тұздалмаған кезіндегі табиғи қасиеттерін жоғалтпайды. Теріні бұл әдіспен баптау үшін күрделі құрал-жабдықтардың қажеті жоқ. Бұл әдіспен баптағанда, оны күйе және тері жегіш құрттар зақымдай алмайды, осы жағымды жақтарымен қатар, мұнда төмендегідей кемістіктер де бар: біріншіден, аумағы кең қора-жайлар және көптеген, істің мәнісін жете білетін, тұздағыш-жұмысшылар керек; екіншіден, бірқалыпты тұздалмағандықтан теріде жүннің босауы, жидуі, қызыл дақтар мен мұз дақтары сияқты т. б. ақаулардың кездесуі мүмкін; үшіншіден, тұз көп жұмсалады, оның біразы жерге түсіп, ысырап болады; төртіншіден, жұмыс процесін механизациялау қиын.
2. Теріні тұз ерітіндісіне батырып тұздықпен консервілеу.Бұл әдіс бойынша теріні белгілі бір уақытқа дейін тұздыққа батырып ұстайды. Тұздықтағанда да теріде ылғалды тұзбен баптаған кездегі сияқты процестер жүреді: тұздық осмостық қысымды арттыра отырып теріге сіңеді де, шикізат аз да болса сусызданады. Бұл әдісті қолданғанда тері біркелкі және тез арада тұздалады, өйткені тұздық ерітінді терінің жүн жағынан да, ішкі шел жағынан да сіңіп оны ылжыратып жібереді. Алайда тұздық теріге ішкі жағынан сіңуі басым болады. Мәселен, терінің жүн жағына қарағанда ішкі жағына тұздық 25 есе тез сіңеді, теріні тұздыққа салып, тұз сіңіру 6-8 сағатқа созылады.
Тұздық дайындау үшін температурасы 15-20 градус бір литр суға 350 грамм ас тұзын қосады. Тұздықтың сыбағалы салмағын ареометр арқылы анықтайды, ол 1,2 тең болуы керек. Тұздықты ұсақ түйіршікті тұздан дайындаған да дұрыс, себебі ол тез ериді. Тұздықты пайдаланудан бір күн бұрын дайындайды. Тұздықтың консервілік қасиетін күшейту үшін бір литр тұздыққа 0,75-1 г кремнийлі фторлы натрий қосады.
Теріні тұздықтап консервілеудің төмендегідей әдістері бар: тұздықталған теріні жайып тұздау; алдын-ала тұздалған теріні тұздықтау.
Тұздықталған теріні жайып тұздау.Алдымен теріні тұздықта консервілейді де, одан кейін текшелеп штабельге жазып салып құрғақ таза тұзбен тұздайды. Баптау техникасы төмендегідей болып келеді. Шелденіп, алдын-ала тазаланған терілерді тұздық құйылған үлкен кеспектерге, баркастарға салады. Ерітінді, терімен бірге, әлсін-әлсін кеспектің арнайы қалағы арқылы араластырылып тұрады. Тұздықты күшейту үшін кеспекке салынған тері біраз араластырылғаннан кейін, оған жалпы тұз салмағының 10% есебінде құрғақ тұз қосады. Кеспекке салынған тері салмағының бір бөлігіне тұздықтың 3 бөлігі келу керек. Бұл қатынасты (1:3) сұйықтық коэфициенті дейді. Қой терісін тұздықтау процесі 6-8 сағатқа созылады. Тұздықтан шығарылғаннан кейін тұз ерітіндісі ағып кетуі үшін, теріні міндетті түрде ағаштан жасалған тұғырға немесе ілгешекке бір сағат бойы іліп қояды. Одан кейін штабельге текшелеп салынып, тұздалады да екі күнге қалдырылады. Тұздың шығымы тері салмағының 15% шамасында. Бұл әдіс бойынша теріні баптаудың барлық циклі 2,5 күнге созылады.
Алдын-ала тұздалған теріні тұздықтау.Терілерді алдымен ағаш решеткаға шел жағын үстіне қаратып жазып салады да текшелей біріне-бірін қоя береді. Олардың әрқайсысына біртегіс етіп, тері салмағының 20% мөлшерінде тұз себеді. Решеткаға текшелеп салынған терілердің биіктігі 1,5 м шамасы болғанда, оны көтергіш механизм арқылы тұздығы бар кеспекке көтеріп салады. Осы жағдайда қой терісі 6 сағат бойы консервіленеді, араластырылмайды. Тұздықтау процесі аяқталғаннан кейін решетканы терісімен кеспектен шығарып алады да 2 сағат шамасы сорғатылады, одан кейін бір күн жатады.
Ылғалдап тұздалған терінің сапасын бақылау.Консервілеудің нәтижесінде терінің суы азаяды, тканьнің тез еритін белоктары, қандары едәуір мөлшерде еріп ерітіндіге қосылады, міне осының салдарынан барып терінің салмағы кемиді. Теріні жайып қойып ылғалдап тұздағанда оның алғашқы салмағы 13 пайызға, ал тұздықпен бапталғанда 17%-ға азаяды. Жақсы жағдайда ылғалдап тұздалған теріде 13-15% тұз және 46-48% ылғал болады. Міне осы көрсеткіштер бойынша бапталған терінің сапасы анықталады.
Тұздықтап баптаудың ылғалдап тұздаудан артықшылығы.Тұздықтап баптаудың, теріні жайып салып ылғалдап тұздаудан төмендегідей артықшылығы бар:
– консервілеу процесі тез аяқталады және терінің барлық жері біркелкі тұздалады;
– тұздықтау процесінде теріден қан, лимфа, ерігіш белоктар, былғаныш заттар бөлініп шығады, тері таза болады;
– тұздықталған терілерде тұз дақтары, ақау әсте болмайды;
– тұздықталған терілер, тері заводтарында ұқыпты түрде жууды қажет етпейді;
– тұздықтау тері баптайтын цехтар мен қоймалардың тазалығын жақсартуға септігін тигізеді;
– тұздықталған терілерден дайындалған жартылай дайын өнімнің сапасы біршама жоғары болады; бұндай шикізаттан терінің шығымы, ылғалдап тұздағанға қарағанда, 1,5-2,0 % көп болады;
- бұл әдісті қолдану еңбек процестерін механикаландырып, жұмысшылардың еңбек өнімін арттыруға мүмкіндік береді;
- теріні баптау уақытының қысқартылуына байланысты, бұл әдіспен консервілеу үшін кең, көлемді қоймалар қажет емес;
- бұл әдісті барлық жерде қолдануға болады. Бірен-саран қой терісін кез-келген кеспекке, астауға тұздықпен баптай беруге болады, тек мұнда сұйық ерітіндінің коэфициенті 1:3 болуы тиіс.
Кейбір авторлардың пікірінше, бұл әдістің кемшілігі – тұздық тез ластанады, ласпен бірге теріге орасан көп бактерия кіріп жүн терінің сапасын кемітеді. Бұл пікір дұрыс емес. Тері тұздыққа салыну үшін, алдын-ала жібітіледі, қыртыстанған жерлері жазылады, жақсылап жуылып кірі кетіріледі. Міне, осы жағдайда тұздықтың ластануы көп байқалмайды. Көптеген авторлар мен осы саладағы өндірісте істейтін мамандардың пікірі бойынша теріні тұздықпен баптаудың ең жақсы әдіс. Дегенмен, ылғалдың тым көп болуы жүннің терімен байланысына, оның беріктігіне кері әсер етуі мүмкін, ал ол мехтық және тондық терілер үшін жағымсыз жағдай.