Азақстандағы жекешелендіру процесі
Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру процесі республикамыздың тәуелсіздік пен егемендікті алуымен 1991 жылы басталған болатын.Елдегі дербес экономикалық саясатты жүргізудің басталуы құлдыраған тауар рыногы жағдайындағы кәсіпорындар арасында бірыңғай экономикалық кеңістіктің құлдырау, өндірістік байланыстың құру салдарына әкелген жүйелі дағдарыспен тұспа-тұс келді. Сол уақыттағы экономикалық жағдайға тән ерекшеліктер кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, төлемдердің төленбеуі, дүкендердің босауы, инфляцияның басталуы болды. Социализм кезеңінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан халық менталитеті жеке меншікті теріске шығарды. Бұл ретте, көп деңгейлі нарықтық экономиканың негізін құратын процес ретінде мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіруді халық ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы ретінде танылған басқарушы элита да қабылдаған жоқ.
Осы дағдарыс кезеңінде қоғамды, қоғамдық прогресті дамытудың диалектика заңдылықтары білімі бар Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке ерлігі, саяси даналығы, қайтпас жігері республикамызда мемлекет иелігіне алу мен жекешелендірудің жоспарлы, кезең-кезеңді процесін бастауға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік меншік реформасын өткізу үшін ұйымдық негізі – 1990 жылдың 20 желтоқсанында уәкілетті мемлекеттік орган – Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Қазақ ССР Мемлекеттік комитетінің құрылуы болды, кейіннен «Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Қазақ ССР Мемлекеттік комитетінің мәселелері» туралы Қазақ ССР Президентінің 1991 жылы 22 сәуірдегі Жарлығымен комитеттің өкілеттіктері нақтыланды және анықталды, ал 1991 жылғы тамызда мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық органдар ұйымдастырылды. Кейіннен республикадағы экономиканы қалыптастырудың әртүрлі кезеңдерінде және тиісінше мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде орта мерзімді бағдарламалар мен Үкімет міндеттемелеріне байланысты мемлекеттік басқару органдарының жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер кезінде Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитет қайта ұйымдастырылды. 1995 жылы сәуірде оның базасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жөніндегі Мемлекеттік комитеті құрылды. 1997 жылдың аяғына дейінгі кезеңде мемлекеттік басқару органы жүйесінде республикамызда мемлекеттік мүлікті басқару және оны жекешелендіру жөніндегі 2 Мемлекеттік комитет жұмыс істеп тұрды. 1997 жылдың күзінде Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитет пен Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитет Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне біріктіру арқылы қайта ұйымдастырылды. Аталған құрылым қазірде жұмыс істеп тұр.
1991 жылы 22 маусымда қабылданған «Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру туралы» Қазақ ССР-нің Заңы болғандығын атап өткен жөн, ол республикадағы мемлекеттік меншікті қайта құрудың құқықтық негіздерін, ережесі мен процедурасын анықтады. Осы Заңды іске асыру мақсатында Қазақ ССР Президентінің қаулысымен бірінші бағдарлама – 1991-1992 жылдарға арналған Қазақ ССР-да мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасы (1991 жылғы 13 қйркүйектегі № 444) әзірленді және бекітілді.
Келесі кезеңде 1993 жылы наурызда қабылданған «1993-1995 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ұлттық бағдарламасы» қабылданды.
1996 жылы ақпанда бекітілген 1996-1998 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен құрылымын өзгерту бағдарламасына сәйкес жекешелендірудің жаңа, үшінші кезеңінің бастауы болған, Жекешелендіру процесінің қолданыстағы заңды базасын дамытуда 1995 жылы желтоқсанда заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Жекешелендіру туралы» Жарлығы қабылданды. Бұл кезеңнің ерекшелігі экономиканың әлеуметтік, сондай-ақ стратегиялық салаларында секторлық бағдарламаларды іске асыруға өту болды.
1999-2000 жылдарға арналған жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін арттыру бағдарламасы жекешелендіру саясатын іске асырудағы кезекті, төртінші кезеңін білдірді.
Бұл жерде мемлекеттік мүлікті басқару және оны жекешелендіру процесінің нормативтік базасы жаңа экономикалық шындықтарды ескере отырып тұрақты жетілдірілгендігін, дамытылғандығын және толықтырылғандығын атап кеткен дұрыс. Бұдан басқа, барлық заңды және нормативтік-әдістемелік база 6 томдық жинаққа жүйелендірілді және шығарылды, ол республикадағы мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру мәселелерімен айналысатын барлық қызметкерлер үшін оқу және әдістемелік құралға айналды, онда Қазақстандағы мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің бірегей және теңдессіз тәжірибесінің барлық кезеңдері көрсетілген.
Өтпелі кезеңде нарықтық экономикаға өту мемлекет үшін қиын мәселелерді көлденең тартады: меншік қатынастарын өзгерте, қайта құру, жалпы жаппай мемлекеттік меншіктен өндіруші мен меншіккердің жақындасу түрлерін табу, тіпті олардың толық бірігуін қамтамасыз ету. Демек, мемлекеттік меншікті реформалау, оны жекешелендіру, мемлекеттік мүліктің жеке обьект және жеке ұжымдық (ұжымдық – топтық) иелігіне ауыстыру мәселесі туындайды. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру ғана кәсіпорынның экономикалық еркіндігі мен жауапкершілігін органикалық түрде ымырластыра алады.
Осылардың барлығы бәсекелестік нарықтық ортаны құру үшін мемлекеттік меншікті реформалау қажеттілігін анықтады. Осыны жүзеге асыру өндірушінің тұтынушыға өктемділігін жоюға, өндіріс тиімділігін арттыруға, нарықты жоғары сапалы тауар мен қызмет көрсетумен барынша толтыра түседі.