Орта азия хандарының Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы саясаты
ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылағын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.
Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сыйқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандақтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағыныру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.
1821 ж. Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне қарсы көтеріліс болды. Көтерілісшілердің саны 12 000 дейін жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Әулие-Ата қалаларын алып, бірнеше бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие-Ата төңірегін мекендеген қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге қарсы Абул-Қалым-Аталық басқарған әскер жіберілді. Тентек төре әскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сайрамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін көтерілісшілер қаруын тастауға мәжбүр болды. Тентек төре жеңілісті мойындап, қоқандықтарға “баж” немесе “жол” салығын, “зекет” төлеуге және Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге келісім берді.
Ұлы жүз қазақтарының 1810-1820 жылдардағы қоқандықтарға қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың әскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің болмауы, Бұхара әмірінің көмегіне арқа сүйеген көтеріліс жетекшілерінің беделінің төмен болуында еді. Дегенмен де, бұл Ұлы жүз қазақтарының өз еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында қоқан үстемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық күресі болатын.
1811/12 жылдың қысында Хиуа ханы Мұхаммед Рихим (1776 – 1825; 1806 – 1825 жылдары билік еткен) Сұлтан Темір ханға елшілік жіберіп, бағынуын, тұтқын Хиуа бодандарының бәрін беруді және Хорезмнен, Мауаранахрдан және Ресейден шыққан керуенді тонауын тоқтатуды талап етті. Хиуа ханы өзі қарақалпақтарды Жаңадариядан көшіргеннен кейін бұл ауданды қазақтардың алып қоюына назары болатын, өйткені Хиуа ханы оны өзінің иелігі саны жөнінде де олардан төмен болатын, ХІХ ғасырдың орта шенінде Хиуа хандығы Бұхара әмірлігінен 2,5 – 3 есе аз және Қоқан хандығынан 3 – 3,5 есе аз еді. Сондықтан Хиуаның ұлтаралық қайшылықтарға сүйеніп тең ұстау саясатын Арал өңірі қазақтарын бақылаудың едәуір дәрежеде әлсіз болуының көрінісі деп қарастыруға болады. Қоқан билеушілері Оңтүстік Қазақстанда тікелей әкімшілік басқаруды енгізуге тырысып жатқан кезде Хиуа хандары қазақ сұлтандары мен хандары институтын қазақтар жөніндегі өз саясатының басты құралы ретінде пайдалануын жалғастыра берді.
1822-1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мадалы хан (Мұхамед Әли) отырды, оның тұсында жекеленген облыстар мен Ташкенті өз алдына билеген Күшбегілердің ролі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған территориясының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент Күшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан әрі зардап шегіп, кедейлене түсуіне әкеліп соқты. Құдияр хан (1845-1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті диқандары да қанауға түсті.
Оңтүстік Қазақстанда қоқандықтар үстемдік еткен дәуірді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі жаулап алудың басталуынан (1810) 1840 жылдардың басына дейінгі уақытты қамтиды және Қоқан хандығының гүлдену дәуіріне тұстас келеді. 1841 – 42 жылдарда оның терең әлеуметтік-саяси дағдарыс (осы бір тоқырап қалған мемлекеттің 1876 жылы құлауына әкеп соққан) кезеңіне аяқ басуымен Қазақстанның оңтүстігі үшін сынақтар мен сілкіністердің жаңа кезеңі басталып, ол 1865 жылы Ташкентті орыс әскерлерінің алуымен және бүкіл осы аймақтың Ресей империясының билігіне көшуімен аяқталды.
Негізгі әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2002
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.
3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.
4.Абдиров М. Завоевание Казахстана царской Россией. А., 2000.
5.Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский в прежнем его составе до 1758 г. Т. 3. – Казань, 1896.
6.Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. М.-Л., 1941.
7.Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIІ и первой половины ХІХ в. А., 1960.
8.История Казахстана в русских источниках. В 10-ти томах. Т. 3-6. А., 2005-2007.
Қосымша әдебиеттер:
1.Абылай хан / Құрастырғандар О. Смағұлов, М. Қожа, А. Оразаққызы. А., 1999.
2.Абылай хан: Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. – Петропавл, 2005.
3.Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII – начале ХІХ вв. А., 1960.
4.Әбсадықов А. Хан Абылай: тарихи шындық және халықтық таным. Хан Абылай: реальность и фольклор. – Костанай, 2000.
5.Ерофеева И.В. События и люди Казахских степей (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект исторической ремистификации // Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. А., 2007.
6.Левшин А. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Составитель Ерофеева И.В. А., 1996.
17. Дәріс тақырыбы: ХІХ ғ. қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі.
Дәріс жоспары:
1. Бөкей Ордасының құрылуы. 1836-1838 жылдардағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
2.К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес (1837-1847 жж.)
1. Бөкей Ордасының құрылуы. 1836-1838 жылдардағы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтеріліс.1835 ж. Жәңгір хан Адай руына Қарауыл Қожаны тағайындап, бұл өңірде тұрған старшиналар мен ауылды бағындырды. Соның ішінде 1812 жылдан Беріш руының старшыны болып келген Исатай ауылы да кіреді.1837 ж. қыркүйектің 16 күні Исатай мен Махамбет Қарауыл Қожа ауылына шабуыл жасап, кедейлердің өшін алып, қозғалыс бүкіл Бөкей ордасына кең жайыла түсті. Бұны естіген Орынбор генерал-губернаторы Перовский, Ордаға Покатилов бастаған Жайық казактарының құрамын жібереді. Олардың мақсаты Исатайды тұтқындап Орынборға алып кету еді. Бірақ Исатайды қолға түсіре алмайды. Қазан айының бас кезінде Исатай хан ордасына келіп 12 шақырым жерге келіп орналасады. Екі жеті хан ордасына шабуыл жасамай, ханмен хат алысып, өзінің талаптарының орындалуын күтіп жатады. «Хан ордасына келген кезде Жәңгір хан уақытты ұту үшін Исатаймен келіссөз жүргізе отырып, Орынбордан көмек сұрайды. Қазан айының 17 күні Перовский Орынбордан подполковник Генсті Бөкей ордасына аттандырды. Подполковник Геке Орынбордан шығып Орал қаласына келеді. Полковник Меркульевке әскери казактарды алып Исатайдың ауылына шабуыл жасау керек екенін білдіреді, бұл кезде Исатай ауылы Теректі-Құмда болатын.
1837 жылы қараша айының 15 күні Тас-Төбеде болған соғыста күштің тең болмауы себепті Бөкей Ордасындағы Исатай мен Махамбет бастаған халық қозғалысы жеңіліс табады. Бұл шайқаста Исатай бастаған жігіттер 60 адамнан айырылады, баласы Ақия өледі, көптеген жігіттер қолға түседі.
Тас-Төбе шайқасынан кейін Бөкей хандығындағы қозғалыс жеңіліс тауып, оның басшылары Исатай мен Махамбет жасырынып жүріп, Жайық арқылы Кіші жүз жеріне өтіп кетуге күш салады. Жайық казактары бірнеше рет қолға түсіруге әрекет жасайды. Желтоқсан айының 12-нен 13-не қараған түнде боранды пайдаланып Жайық казактарының Еменхимин мен Баксай бекіністерінің арасынан өтіп Кіші жүз даласына жетеді.
2. К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрес (1837-1847 жж.)
Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының екінші кезеңі (1837-1870 жж.). К.Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі. 1838 жылдың күзінде Кенесары сарбаздары патша үкіметінің жазалаушы әскерлерімен бірнеше қарулы күреске түсті. Солардың ішінде айрықша кескілескен айқас мықты бекіністердің бірі болып саналатын Ақмола приказы үшін болды. Оны аға сұлтан полковник Қоңырқұлжа Құдайменнің әскерлері мен әскер старшыны Қарбышев басқарған жақсы қаруланған гарнизон қорғайтын. Кенесары қарсы жақтың едәуір әскерлерін тұтқындап, қару-жарақтарды олжалады.
1838 жылдың аяғына қарай Кенесары Ырғыз бен Торғай жаққа көшті. Ол кезде бұл жерлер Орынбор әскери губернаторлығына қарайтын. Оның генерал-губернаторы граф В.А. Перовский еді. Ол көтерілісшілермен ара-қатынасты бейбіт жолмен шешуге тырысты. Келіссөздер барысынды В.А.Перовский уақытша келісімге келді. Ол бойынша Кенесары шекара шебіне шабуыл жасамауға уәде берді. Бұл тыныштық 1842 жылға дейін созылды. Дегенмен, бұл кезде де Батыс Сібір отрядтарымен қарулы қақтығыстар тоқталған жоқ.
1841 жылы қыркүйекте қазақтың үш жүзінің өкілдері жиналып Кенесарыны ата-бабамыздың салты бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады.
Орынбор әкімшілігімен уақытша бітімге келген кезде, 1841-1842 жылдары Кенесары Қоқан хандығының қол астындағы қазақ жерлерін қайтару үшін күрес жүргізеді. Соғыс нәтижесінде, Созақ, Сауран қалалары азат етіледі. Түркістанды қоршайды. Қоқан хандығы келіссөз жүргізуге мәжбүр болады.
1846 жылдардың басында Кенесары әскерелерімен Балқаш көлі маңайына қоныс аударды. Патша үкіметі Кенесары басқарған көтерілістерді жоюға генерал-майор Вишневский басқарған әскерлерді жіберді. Кенесары 1846 жылы Қоқанға қарсы күресте Әулиеата (Тараз), Мерке қалаларын алады. 1846 жылы Кенесарыны қолдаушы Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың Жаманқора деген батырын өлтіреді. Қырғыздар оған жауап ретінде Саурық батырдың ауылына шабуыл жасап, жігіттерімен бірге оны өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Осындай шиеленістердің нәтиежесінде 1847 жылы Кенесары 10 мың сарбазымен қырғыздар жеріне басып кіреді.
Кенесарының соңғы шайқасы Кекілік сеңгірінде өтті, қырғыз манаптары, Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері «Алмалы сай» шатқалында үш жақтан Кенесары әскерін қоршады. Күштері әлденеше есе көп жау әскерімен қаһармандық күресте Кенесары 32 қазақ сұлтандарымен бірге қаза тапты.
Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілістің жеңілуіне бірнеше себептер болды. Оның ішінде ең бастысы бүкіл қазақ халқының біртұтас бірікпеуі, кейбір ру басшыларының өз бетіне бас болмақ болуы, рулық жіктелу, қазақ феодалдарының Ресей мемлекетін қолдауы. Кенесарыға Ресей, Қоқан, Бұхар хандықтарымен күресуде күші тең болмады. Сонымен қатар ол өзін жақтамаған қазақ және қырғыз ауылдарын шабуы сол жердің халқының наразылығын тудырып, көтерілісті әлсіретті. Сонымен, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліс тапқанымен, ол қазақ халқының тарихында мәңгілік өшпес із қалдырды және тарихи маңызы зор болды.
Сұрақтар:
1. Кенесары Қасымұлы бастаған ортаршылдыққа қарсы күрес (1837-1847жж) ерекшелігін, барысын, мақсатын айқындаңыз
2. Патша өкіметінің ХІХ ғ. екінші жартысындағы Қазақстандағы реформаларының сипаттаңыз..
3. Кіші жүздегі Сырым Датұлы басшылығымен болған халық-азаттық қозғалыстың өзге азаттық қозғалыстан айырмашылығын анықтап беріңіз.
4. И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтерілістің тарихи маңызы неде?
Негізгі әдебиеттер:
1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2010.
2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.
3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.
4..А. Кенесарин. Султаны Кенесары и Сыздык. А., 1992.
5. Бекмаханов Е.Б. Казахстан в 20-40 годы ХІХ в. А., 1992.
6. Бекмаханов Е.Б. Хан Кене. А., 1993.
7. Вяткин М.П. Батыр Срым. М.-Л., 1947.
8. Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. А., 1982.
9. Исатай-Махамбет. Сборник документов. А., 2002.
10. История Букеевского ханства в 1801-1852 гг. А., 2002.
11. Касымбаев Ж. Кенесары хан. А., 1995.
Қосымша әдебиеттер:
1. Әнес Сарай. Екі тарлан. А., 1997.
2. Әнес Сарай. Исатай-Махамбет. А., 2003.
3. Бларамберг И.Ф. Военно-статистическое обозрение земли киргиз-кайсаков Внутренней (Букеевской) и Зауральской (Малой) орды // Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. 13, ч. 3. СПб., 1852.
4. Востров В.В. Казахи Внутренней Орды до Великой Октябрьской Социалистической революции // Труды ИИАЭ. Т. 3. Этнография. А., 1956.