КСРО және Ресей Федерациясының қазіргі әлемдегі геостратегиялық ұстанымдары: тарихы және бүгінгісі
Қазіргі саяси проблемалардың бірі – геосаясат. Ресейдің Еуропа мен Азия ортасындағы аралық орны екі дүние бөлігін байланыстырып тұратын өзіндік көпір қызметін атқаруына себепші болады. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін айқындаумен қатар, оның саяси жағдайына да ықпал етеді. Кеңес Одағы мен социалистік жүйенің ыдырауы, ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс елдің геосаяси жағдайын өзгертті.
НАТО елдерімен, оның ішінде АҚШ-пен ұзаққа созылған экономикалық бәсекелестік пен жаппай қарулану, "қырғиқабақ соғыс" саясатының аяқталуы Ресейдің сыртқы саясатында бетбұрыс кезең болды. Ендігі жерде Ресей белгілі бір елдер тобына бағдарланған саясат жүргізуге қарағанда, өзінің экономикалық, саяси мүдделеріне сай келетін мемлекеттердің барлығымен өзара тиімді байланыстар орнатуға көшті. Геосаяси тұрғыдан алғанда, Ресей нағыз ашық мемлекетке айналды. Дегенмен НАТО елдері шекарасының Шығыс Еуропа мемлекеттері есебінен кеңейіп, ел аумағына жақын келуі Ресей мүдделері тұрғысынан алғанда онша қолайлы құбылыс ретінде бағаланбайды.
Қазіргі заманғы әлемдегі геосаяси жағдай, ұлттар мен діндер араздығы, халықаралық терроризммен күрес шаралары Еуразияның көптеген аудандарында саяси тұрақсыздықтың орын алуына себепші болды. Бұл жағдайда аймақтағы, әлемдегі саяси жағдайға ықпал ететін ірі мемлекет ретінде Ресейдің рөлі күшейіп келеді. Шекараға жақын аудандарда саяси жағдайдың шиеленісуі Ресейдің мемлекеттік шекараларын нығайтуына ықпал етуде. Ресей Федерациясының бұрынғы одақтас республикалармен шекаралары арнайы келісімдер арқылы толық бекітіліп біткен жоқ. Қазақстанмен шекаралары 2005 жылғы мемлекетаралық келісімдер негізінде толығымен бекітілді.
Ресей геосаяси тұрғыда ТМД елдерімен, Еуропалық Одақпен, Азиялық-Тынық мұхиттық аймақ елдерімен жан-жақты байланыстар орнатуға мүдделі. Әсіресе АҚШ, әлемдік экономика мен саясаттың жаңа орталықтары болып табылатын Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Үндістанмен қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру елдің геосаяси жағдайын нығайта түспекші
Ресей мемлекетінің Еуразия құрлығында үш мұхит арасында орналасуы, оның күш қуатының өзіндік қайнар көзі және сонымен қатар салмақты қарама-қайшылықтар мен қауіп-қатерлерді де тудырады. Ресейдің батыстан, шығыстан және оңтүстіктен болатын осалдығы мұндай масштабтағы ел үшін транспорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен толыққан.
Орталық және Шығыс Еуропа елдерін, сонымен бірге бұрынғы КСРО республикаларын батыстың экономикалық және әскери-саяси құрылымға қосу, бір мезгілде Ресейді Еуропа кеңістігінен шеттету стратегиялық сипатта салмақты қауіп-қатер тудыруы мүмкін. Бұл, ең алдымен, Ресейдің геостратегиялық Жерорта теңізі мен Атлант мұхитына шығу мүмкіндігін шектейді, елдің Батыс Еуропа нарығына қосылуын, жалпыеуропалық үрдістерге қатысуын тежейді және болашақта ислам әлемімен және Шығыстың басқа да динамикалық күштерімен бір өзі жеке қалмақшы.
Халық арасында әртүрлі діндерді – православия, ислам, буддизм және т.б. тұтынатын үлкен топтардың болуы Ресейдің ерекшелігі болып табылады. Өткен (кеңестік) кезеңде күшейген атеистік қызметтің нәтижесінде өзіндік вакуум пайда болған еді, осы бос орынды дәстүрлі емес діндермен толтыру, тоталитарлық секталардың күшею қатері және діни фундаментализмнің арту қаупі туындады. Бұның бәрі салмақты қайшылықтарды тудыруға қабілетті дін саласындағы шиеленістің негізгі қайнар көзі болып табылады, ал олардың өзіндік этникалық аймақтарға жіктеген жағдайда елдің бірлігіне және оның қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер болып саналады.
Геосаяси үйлестіру жүйесіндегі Ресейдің күрделі және біржақты емес жағдайы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық бағыттарды анықтауда тепе-тең амалды талап етеді. Қазіргі кезде Ресей Федерациясының қауіпсіздігі елдің нақты геосаяси жағдайы мен шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, оның өз мемлекеттілігін, рухани, саяси, экономикалық және қорғаныс әлеуетін нығайту қабілетіне байланысты. Тек осындай жағдайда ғана Ресей геосаяси кеңістікте өзіне тән орынды ала алады, ешкімге қауіп төндірмейтін, бейбітшілікті қорғаушы, тұрақтандырушы күшке айналады, сонымен қатар өзінің ұлттық қауіпсіздігін кез келген сыртқы күштерден қатаң және шешуші түрде қорғай алатын болады.
Қорыта айтқанда, қазіргі геосаяси проблемалар әлемдік кеңістіктегі барлық мемлекеттер үшін аса маңызды болып саналады және алға қарай табысты қозғалу үшін оларды дер кезінде шешу керек. Бұл жерде әлемдік кеңестіктің көптеген елдерінің және әлемнің өзекті мәселелерін шешуде Қазақстанның геосаяси жағдайы аса маңызды. Соңғы кезде Қазақстанның өзінің бірегей геосаяси амалдары, тұжырымдамалары пайда болды. Олар сыртқы және ішкі геосаясатты жүзеге асыруда айтарлықтай көмек көрсетіп отыр.