Бәсекенің түрлері

Кіріспе

Бәсеке – ортақ ресурсты пайдаланудағы жүйелердің немесе программалардың өзара таласушылығы; қандай жұмыс бекетінің арнаға қатынас құра алатынын анықтауға мүмкіндік беретін ұстаным.

Бәсеке дегеніміз, бір жағынан, іс-қимыл жасайтын салада ұнамды нәтижеге жету үшін жүріп отыратын экономикалық жарыс, шаруашылық жүргізудің қолайлы жағдайына ие болу үшін, пайданы мол алу үшін тауар өндірушілердің бір-бірімен күресі. Екінші жағынан, ол нарық субъектілерінің өнімді өндіру мен оны өткізудегі және капиталды қолдану сферасындағы ара қатынастары. Форма жағынан бәсеке ұйымдастырудың нормалары мен ережелерінің, мемлекеттік және жеке құрылымдардың директивалары мен іс-қимыл әдістерінің жүйесі.

Бәсекені экономикалық процесс ретінде шаруашылық жүргізуші субъектердің белгілі әрекеттерінің жиынтығының түрі деп тануға болады. Осы әрекеттер экономикалық цикл ретінде жинақталады. Осыған бірте-бірте жүріп отыратын төменде аталған ұдайы өндірістік процестер жатады:

· өндіріс және еңбек ұжымдарының материалдық-заттық элементтерін қалыптастыру;

· өндірісті ұйымдастыру, оны шикізатпен, материалдармен, жартылай фабрикаттармен жабдықтау және өндірістік, несие-қаржылық және жобалау мекемелерінің бір-біріне әсер етуі;

· бәсекеге төзімді өнім өндіру;

· өнімді сату.

Бұл үшін оның саны анықталады, өткізілетін орны мен уақыты белгіленеді; пайда есебінен инвестициялық қор жасау және оны өндірісті кеңейту үшін пайдалану. Өнімнің «өмір сүру циклі» бәсекелік күрес дәрежесіне елеулі әсер етеді. Өнімнің «өмір сүру цикліне» оның шығарыла бастауынан өндірілуі тоқтағанша жүріп отыратын мерзімі, «өмірі» жатады. Бұл цикл төрт фазадан тұрады:

1. жаңа өнімді игеріп, өндіріске енгізіп орналастыру – Бұл арада сату көлемі көп емес, шығарылған өнімнің бағасы жоғары болады;

2. өндірістің өсуі – өндірістің масштабы өседі, сұраныс өседі, жоғары баға сақталады;

3. кемелдену – Өндіріс көлемі ең жоғары дәрежеге жетеді, сұраныс толық қанағаттанады, өндіріс қарқыны бәсеңдейді, бәсеке шиеленіседі, баға төмендей бастайды;

4. ескіру – Бұл фазада сұраныс төменгі шегіне жетеді, өндіру азаяды. Бәсеке сайысы сөне бастайды. Өнімнің басым көбінің өндірілуі тоқталады, жаңа өнім өндіру басталады.

Бәсекелік сайыста шаруашылық жүргізуші субъектер өз бәсекелесіне мардымсыз әрекеттер қолданады. Мұндай әрекеттерді «бейниетті бәсеке» деп атауға болады:

· бәсекелес туралы өтірік немесе қате мәліметтер тарату;

· тауардың сапасы туралы және оның сипаттамасы, жасау әдісі мен жасалған орны туралы жалған ақпарат тарату;

· бәсекелестің тауарлық белгісін, оның фирмасының атын, маркировкасын заңсыз пайдалану;

· тауардың сапасы туралы дұрыс түсінік бермейтін жарнама жасау;

· бәсекелестің тауарын жамандап көрсететін салыстырмалар қолдану;

· келісім бойынша өздері ғана білуіне тиісті салаға жататын конфиденциялық ғылыми-техникалық өндірістік және басқадай информацияны таратып жіберу. Аталған шартбұзушылықпен күресу Қазақстанда мемлекеттік антимонополиялық агенттікке жүктелген.

Бәсеке ережелері – шектейтін іскерлік пратиканы бақылау және бәсекені қорғау жөніндегі келісілген халықаралық нормалар. Келісу халықаралық ұйымдар: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Тарифтер мен сауда туралы бас келісім, БҰҰ, Европалық Кеңес шеңберінде жүргізіледі. Халықаралық ұйым мәртебесіне және оның шешімдерінің мүше елдер үшін міндеттілік дәрежесіне қарай ережелердің сипаты мен тұжырымдалуы алуан түрлі. Бір реттерде олар ұсынушылық сипатта болады, екінші бір реттерде олар - міндетті түрде сақталуға тиіс халықаралық шарттардың баптары.

Бәсекенің түрлері

Бәсеке – нарықта реттеушілік қызметін атқарады. А. Смит – бәсекені нарықтың – «Көрінбейтін қолы» деп атаған. Бәсеке арқылы нарықтық субъектілері өз пайдасына қарай әрекет етіп, тұтас болғанда қоғам үшін тиімділіктің негізін қалайды. Осы айтылған элементтердің өзара қатынасы арқылы нарық қалыптасады. Бәсеке – нарық субъектілерінің пайданы барынша ұлғайтуға, яғни қойылған мақсатты жүзеге асыру жолында өндірістің аса қолайлы жағдайлары үшін кәсіпкерлердің өзара күрес қатынастар ретінде көрінетін экономикалық жарысы.

Бәсекені бірнеше белгілері бойынша мынадай түрлерге бөлуге болады:

1. Даму масштабы бойынша:

1.1. Жеке бәсеке – жеке бір қатысушы нарықтың аса қолайлы жағдайларын таңдап алуға талаптанады.

1.2. Жергілікті бәсеке – жергілікті қайсыбір территорядағы тауар иелерінің жарысы.

1.3. Сала ішіндегі бәсеке – сала ішіндегі жарыс.

1.4. Сала арасындағы бәсеке - әртүрлі сала субъектілерінің жарысы.

1.5. Ұлттық бәсеке – ел ішіндегі жарыс.

1.6. Ғаламдық бәсеке - әр түрлі мемлекет субъектілерінің жарысы.

2. Жүргізу әсеріне қарай:

2.1. Бағалық бәсеке – бағаны төмендету арқылы

2.2. Бағасыз бәсеке – тауар сапасы, жарнама, қызмет көрсету арқылы.

3. Ниет тәсілдері бойынша:

3.1. Адал ниеттілік бәсеке

3.2. Ниетсіз бәсеке – нарықтық ережелерін бұзу, жалған жарнаманы қолдану және т.б. арқылы.

4. Бәсеке даму сипатына қарай:

4.1. Жетілген бәсеке

4.2. Жетілмеген бәсеке (олигополия, монополия, монополистік бәсеке).

Бәсеке дегеніміз латын тілінен аударғанда " соғысып- қалу" деген сөз.

Бағалы бәсеке – өндірушілер өзінің өнімін өткізу үшін, нарықта монополиялық жағдай алу үшін бағамен манипуляция жасайды, бағаны арзандатады, кұпия сыр ретінде өзгертеді. Бағалы емес бәсекеде өндірушілер өнімнің белгілі бір артықшылығын пайдаланады: өнімнің сапасы, дизайны, дамыған технология, кепілді жөндеу мерзімі т.б.

Еркін бәсеке нарығында тауар өндірушілер және тұтынушылардың саны өте көп болады. Тауар өндірушілер біртекті тауар өндіреді. Нарықта өндірушілер мен түтынушылар саны көп болғандықтан бір өндіруші немесе бір тұтынушы бағаға, сұраныс пен ұсьнысқа әсер ете алмайды. Еркін бәсеке нарығының ерекшеліктері:

1. Тұтынушылар мен өндірушілердің саны өте көп болады;

2. Бағаға бақылау болмайды;

3. Салаға кіру мен шығу оңай;

4. Бағалы бәсеке қолданылады.

Еркін бәсеке нарығында экономикалық билік кеңінен жайылған және бұл жағдайды дамыған экономикалык бәсеке дейді. Нарықта адамның кажеттіліктерін толық қамтамасыз ететін өнімді шығару үшін бәсеке стратегиясы анықталады. Фирмаларды әз стратегиясына қарай мынадай бәсекелес типтерге бөлуге болады:

· Лидер - 40%;

· Лидерлікке претенденттер - 30%;

· Қызмет атқарушылар - 20%;

· Жаңалар-10%.

4-ші топ нарықта өз орнын іздейді және сонымен қатар жеткілікті пайда алуды көздейді. Олар бәсекелестерді қызықтырмау керек. 3-ші, 1-ші, 2-ші топтармен бәсекеге түспейді. Олар орта және ірі фирмалардың артынан жүреді. Сондықтан өз күштерін үнемдейді. 2-ші топ монополиялық жағдай алуға тырысады. Бәсекені жарнама, тауардың сапасын жоғарылату, тауардың жаңа түрін ұсыну т.б. арқылы жүргізіп отырады. 1-ші топ өзімен бірдей лидерлермен және 2-ші топпен бәсекеге түседі.

Жетілген бәсеке

Еркін бәсеке жеке меншікке және шаруашылықтың оңашалуына негізделеді. Өндірушілер бір-бірімен тек нарық арқылы байланысады.

Жеке фирма өз өнімін өткізуде іс жүзінде нарықтағы айырбас жағдайларына ешқандай әсер ете алмаса, онда осындай болмыс – бәсекелік қабілеттің ең жоғарғы дәрежесі болып табылатын жетілген бәсеке деп аталады.

Жетілген бәсеке нарығы төменде аталған шарттардың орындалуын тілейді:

· жеке фирманың өндіріс мөлшері елеулі болмайды және ол сол фирма сататын тауардың бағасына әсер етпейді;

· әр өндірушілер сататын тауарлар біртекті тауарлар болады;

· сатып алушылардың баға туралы информациясы толық болады. Егер біреу өз өнімінің бағасын көтерсе, онда ол сатып алушыларынан айырылады;

· сатушылар өзара баға туралы келісім жасаспайды және әрекеттерін бір-бірімен келіспей жеке жүргізеді;

· өндіруші фирмалардың салаға кіруі мен шығуына жол ашық болады.

Осындай сату-сатып алу шарттарының орындалуы өндірушілер мен тұтынушылардың өзара қатынастарына еркіндік сипат береді. Жетілген бәсеке баға белгілену механизмнің және тепе-теңдік болмысы арқылы экономикалық жүйенің өзін-өзі реттеуінің қалыптасу шарты болып табылады. Осының нәтижесінде жеке индивидтердің экономикалық жетістікке жетуді көздейтін өзіндік жеке дара қимылдары бүкіл қоғамдық жетістіктерге жол ашады.

Нарықтық бәсекенің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Артықшылықтары:

· қоғамға қажет тауарларды өндіруде ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндіктің болуы;

· тез өзгеріп отыратын өндіріс жағдайларына икемді болып, оларға тез көмектесе алатындығы;

· тауарлардың жаңа түрлерін жасау саласына жаңа техника мен технология енгізуге, өндірісті ұйымдастырып басқарудың жетілген әдістерін қолдануға, ғылыми-техникалық жетістіктерді ұнамды пайдалануға жағдайлар тудыратындығы;

· өндірушілерді көптүрлі қажеттіктерді қанағаттандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын жоғарылатуға мақсаттандыруы.

Кемшіліктері:

· ұдайы өндірілмейтін ресурстарды (ормандар, табиғи жануарлар, жер, теңіз, мұхит қоймалары) сақтауға көмектеспейді;

· қоршаған ортаны қорғауда негативтік бағытта болады;

· ұжымдық тауарларға бағытталған тауарлар мен қызметтер (дамбалар, жолдар, қоғамдық көлік) өндірісінің дамуын қамтамасыз етпейді;

· фундаментальдық ғылымның, жалпы білім беру жүйесінің, қалалық шаруашылықтың көп элементтерінің дамуына жағдай жасамайды;

· еңбек, табыс, демалу құқықтарына кепілдік бермейді;

· әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінуіне бөгет жасайтын механизмдері жоқ.

Нарық қатынастары қашанда жұп қатынастар болады: «сатушы-сатып алушы», т.б. Осы қатынас өндіріс пен тұтынудың байланысын сипаттайтын ұсыныс пен сұраныстың түрін алады.

Тұтынушы (сатып алушы) мен өндірушінің (сатушы) әрекеттерін екі заң болжайды:

· сұраныс заңы: сатып алушы баға кемігенде, басқа шарттар тұрақты болса, тауарларды көбірек алады, баға жоғарыласа – азырақ алады;

· ұсыныс заңы: басқа шарттар тұрақты болса, баға жоғарылағанда сатушы сату үшін тауарларды көп өндіреді де оны сатуға ұсынады, баға кемігенде аз ұсынады.

Баға өскенде сұраныс төмендейді, ұсыныс өседі.

Микродәрежеде тепе-теңдік жалпы және жеке тепе-теңдік болып бөлінеді.

Жалпы тепе-теңдік – бұл жиынтық қоғамдық өндіріс (тауарлар мен қызметтердің жиынтық ұсынысы) және тұтынуға тағайындалған ұлттық табыс аралығындағы сәйкестік, яғни, халықтың сатып алу қабілеттігі және тауарлар мен қызметтердің ұсынысының бір-бірімен сәйкестігі.

Жеке тепе-теңдік – жиынтық қоғамдық өндіріс жеке өндірушілермен өндірілетін және халықтың белгілі топтарына сатылатын, жеке тауарлар топтарының жиынтығынан тұрады. Жеке тауарлар топтары бойынша жалпы сәйкестік болса да сұраныс жағынан да, ұсыныс жағынан да ауытқу (сәйкессіздік) болуы мүмкін. Жалпы (жиынтық) сәйкестік шеңберінде тауарлардың бір тобының сатылуының өскені, олардың басқа топтарының сатылуының азайғаны болады. Мысалы, еттің сатылуының азаюын нанның сатылуының көбеюімен жабуға болады.

Жалпы тауарлық сұраныс бірнеше бөлшектерге бөлінеді: қоғамның құрылымына байланысты (жұмысшылар және инженер техникалық жұмыскерлер, жұмыспен қамтамасыз етілген еркектер мен әйелдердің, ересектер мен балалардың, жұмыс істейтіндер мен зейнеткерлердің арақатынастары, т.б.); қоғамдық өндіріске байланысты (тауарлардың әртүрлі тобын өндіру); халықтың әр түрлі тобының ұнатуларына байланысты техника дамуының дәрежесіне және әр түрлі тауарларды өндіру мүмкіндіктеріне байланысты; өндірістік құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарына сұраныс дәрежесіне байланысты.

Тұтыну заттарына сұраныстың қалыптасуына қоғамның құрылысы (жұмысшы отбасының, шаруа отбасының, интеллигенцияның, кәсіпкерлердің, т.б. тұтыну құрылымдары) әсер етеді. Тауарлардың жеке топтары бойынша орнаған тепе-теңдік жеке тепе-теңдік болып табылады.

Икемділік сұраныс пен бағаның, ұсыныс пен бағаның, бағалар мен жалақының ара тәуелдігін көрсетеді. Ол бағаның өзгеруіне байланысты, сұраныс пен ұсыныстың өзгеру деңгейінің шапшаңдығын сипаттайды. Сұраныстың проценттік өзгерісінің, бағаның проценттік өзгерісіне еселік қатынасы, бағаға байланысты сұраныстың икемділігі немесе икемділіктің коэффициенті болып табылады.

Бағаның төмендеуімен байланысты тауарға сұраныс өссе, бірақ тауар өндірушінің жалпы табысы өзгермесе, онда осындай сұраныстың икемділігі бірге тең болады; егер бағаның төмендеуінің нәтижесінде тауарға сұраныс өсуімен қатар тауар өндірушінің жалпы табысы өссе, онда бағаға байланысты сұраныс икемді болады; егер бағаның төмендеуі тауарға сұранысты өсірсе, тауар өндірушінің жалпы табысы төмендесе, онда тауарға осындай сұраныс икемді емес болғаны.

Икемділік өзара алмасатын тауарларды пайдаланумен байланысты болады. Егер тауардың алмастырушылары көп болса, онда баға бойынша сұраныс икемді болады. Егер тауардың алмастырушылары жоқ болса, онда сұраныс икемді болмағаны. Егер белгілі тауардың бағасы төмендеп, ал алмастырушылардың бағасы тұрақты болса, онда бұл тауарға сұраныс өсе түседі, осындай сұраныс икемді болады.

Жетілмеген бәсеке

Монополистік, жетілмеген бәсеке үнемі болып тұрған. Ал 19 ғасыр басында монополиялардың пайда болуымен байланысты, ол шиеленісе түскен. Осы мерзімде капиталдың шоғырлануы басталған, акционерлік қоғамдар пайда болған, табиғи, материалдық және қаржы ресурстарын пайдалануға бақылау қойылған. Жарнаманың көмегімен монополиялар сұраныстың қалыптасуына қаржылық байланыстар бағыттары арқылы тапсырыс берушілер контрагентерге әсер етеді.

Монополия деген термин сөзбе-сөз мағынасында тауардың жалғыз сатушысы деген ұғым береді. Монополизмнің негізгі көрсеткішіне монополиялық баға және монополиялық пайда жатады. Фирманың қарамағында сирек кездесетін, ұдайы өндірілмейтін ресурстары болса, оның монополистік болмысы табиғи болады. Ал егер осы фирма өзі ұйымдастырудың әр түрлі әдістерін ұтымды пайдаланып, монополия құрған болса, фирманың монополиялық болмысы жасанды болады. 20 ғасырға дейін монополиялар шектелген сферада болған. Кейін монополиялау процестері заңдылыққа айналды. Бұл өндірістің, бәсекенің, ұйымдастырушылық бастаманың күшеюімен байланысты болды. Монополияланудың бірнеше формалары болады – картельдік келісімдер, синдикаттау, біріктіру мен жұтып қою, «парасаттылық» келісімдер, т.б. Осылардың негізінде монополистік бәсекенің бірнеше түрлері туады: монопсония, олигополия, олигопсония, дуополия, билатералдық монополия.

Монопсония – белгілі тауарды сатып алуға жалғыз сатып алушының монополиясы болуымен сипатталатын нарық құрылымының типі. Өзінің сатып алуын шектей отырып, сатып алушы сатушы табыстарының есебінен монополдық пайдаға ие болады. Монопсония жетілмеген бәсекенің құрамды бөлігі болып табылады.

Монополия – ерекше тауардың бір ғана сатушысы, монопсопия – тауарды бір ғана сатып алушының болуы. Сипатына және пайда болу себептеріне байланысты монополияны бөлуге болады:

1. Табиғи монополия – сирек кездесетін және өндірілмейтін өндіріс факторына биіктеу жағдайында пайда болады (тұтынушыларға – су отын, энергия қуатын, газ беру және т.б. фирмалар).

2. Жасанды монополия – фирмалардың бірігу және келісу нәтижесінде пайда болады.

3. Кездейсоқ монополия – өз шеңберіндегі тұтынушылардың сұраныстының ұсыныстан уақытша артуы жағдайында пайда болады.

Монополистік бәсеке нарығында өндірушілердің салыстырмалы көп саны ерекшеленген тауар өндіреді. Монополистік бәсеке нарығының негізгі ерекшелігі:

· Фирмалардың салыстырмалы көп саны;

· Өнімдер бір-бірінен ерекшеленеді;

· Бағалы және бағалы емес бәсеке жүргізіледі;

· Салаға кіру салыстырмалы оңай, бірақ белгілі бір шектеулер пайда болады. Олар: патент, лицензия, сауда маркасы т.б.

Монополистік бәсеке нарығында тауарлар бір-бірінен дифференциалданып ерекшеленеді:

· Сапасы жағынан;

· Қызмет көрсету жағынан;

· Фирманың орналасуы жағынан.

Таза монополия.Таза монополияда өнімнің бір ғана өндірушісі болады. Бұл өнімді ауыстыратын басқа өнім жоқ. Таза монополияның негізгі ерекшеліктері:

· Белгілі бір өнімнің бір ғана өндірушісі және сатушысы болады;

· Бұл өнімді ауыстыратын басқа өнімдер жоқ. Сондықтан монополистің жарнама жасауы өз еркінде болады;

· Монополист бағаға толық бақылау жасайды.

Салаға кірудің шектері өте жоғары болады. Оның экономика, технология, заң жағынан шектері бар. Сонымен қатар табиғи монополиялар да болады: газ, су, электроэнергия, байланыс т.б. Бұл салалар бірнеше қолда болатын болса, шығындарды анықтау қиындап, пайда аз болады. Сондықтан мемлекет бұл салаларды бір кәсіпорынның қолына береді. Бірақ бағаға бақылауды өзі жасайды.

Олигопсония – белгілі тауарларды сатып алушы топтары болатын нарық құрылымының типі. Осылар сатып алуын шектей отырып, сатушы табыстарының есебінен өздеріне монополдық пайда түсіреді.

Олигополия – бұл да нарық құрылымының типі. Бұнда бірнеше, ірі фирмалар өнімнің басым көп бөлігінің өндірісі мен сатуын монополиялап алады және бір-бірімен көбінесе бағалық емес бәсекеде болады. Олигополия жағдайында нарықтың үш түрі болуы мүмкін:

1. бірсалалық сауда — өнеркәсіптік фирма әрекет ететін нарықтық құрылым;

2. ешқандай келісіммен байланысты емес, бір-бірімен бәсекелес бірнеше ірі жеткізушілер болатын нарықтық құрылым;

3. өндірістік өзара байланыстар егжей-тегжей мамандандыру түрінде болатын, «өндірістік пирамида» типтес корпорациялардың бірнеше топтары үстемдік ететін нарық, әдетте «олигополия» деген термин өте ірі әртараптандырылған корпорациялар әрекет ететін нарықты сипаттау үшін қолданылады.

Олигополистік нарықта фирмалардың аз көлемі үстемдік жасайды. Олигополистік нарық стандартты және дифференциалды болады. Стандартты олигополияда ауыр өнеркәсіп өнімдері өндіріледі. Мысалы: құрыш, мыс, т.б. Дифференциалды олигополияда тұтыну тауарлары өндіріледі: автомобиль, киім, т. б. Олигополистік нарықта бірнеше фирмалардың маңызда үлесі бар. Бұл фирмалар бір-біріне тәуелді болады. Олигополиялардың болуы масштаб әсерінен. Олар ҒТП - тің және капиталды орталықтандыру нәтижесінде пайда болған. Көп фирмалар өз әрекеттерін аз ғана капиталмен бастап, басқа фирмалармен бірігіп әрекет етеді. Салаға кіру үшін бірден ірі фирма болу керек, себебі олигополистік нарықта патенттер, лицензиялар, жарнамаларды, стратегиялық тауарларды бақылауға көп шығындар кетеді. Олигополистік нарықта тек қана бағалы емес бәсеке қолданылады, өйткені баға өзгерісіне басқа фирмалар тез арада жауап бере алады. Сондықтан олар жарнамаға көп шығын жұмсай алады. Монополияның пайда болуы ғылыми техникалық прогрестің тоқтауына алып келеді. Сонымен қатар монополия өнім сапасының төмендеуіне және бәсекенің жойылуына ықпал етеді. Сондықтан да мемлекеттің басты мақсаттарының бірі ол нарықта фирманың монополизациясын жою. Сол үшін белгілі бір шаралар қолданылады. Олар әкімшілік және нормативтік реттеу. Әкімшілік реттеу ол монополияға қарсы заңдар шығарып, мемлекет тарапынан бақылау жүргізу арқылы жүргізіледі.

Дуополия – белгілі тауарлардың тек екі жеткізушісі болатын нарықтық құрылым. Бұлардың арасында баға туралы, тауарды өткізетін нарық туралы, өндірістік квота туралы келісім мұлде болмайды. Дуополия – бұл олигополияның ең жабайы түрі.

Билатералдық монополия (екі жақты монополия) – тауардың жалғыз жеткізушісі мен жалғыз (бірлескен) тұтынушысы сайыста болатын нарықтық құрылым. Бұлар бір-бірімен қарама қарсылық сайыста болады. Мұндай нарық электр қуатын, су мен газды қолданғанда пайда болады.

Шаруашылық жүргізудің монополистік формасы жағдайында бәсекенің сипаты өте күрделі болады. Біріншіден, бүгінгі жағдайда, монополияның тұтынушылар мен потенциалдық бәсекелестері туралы толық ақпараты болады. Екіншіден, монополия жарнама арқылы тұтынушылардың сұранысының қалыптасуына елеулі әсер тигізеді, өйткені ірі монополиялар үшін жарнаманы пайдалану жеңілірек түседі. Үшіншіден, монополия өзінің саяси және қаржылық салаларындағы байланыстарын пайдаланып, тапсырма берушілерге (мемлекеттік мекемелерге немесе контрагенттердің компанияларына) елеулі ықпал етеді. Осы жағдайлар, әдетте, бәсеке процесіндегі қауіпті төмендетеді және монополиялық пайда түсуін қамтамасыз етеді.

Монополистік бәсекенің бірнеше формалары болады, оның негізгілері мыналар: ғылыми-техникалық тіресу, өнеркәсіптік-өндірістік тіресу, сауда-саттық тіресу (сайысу).

Қорытынды:

Бәсеке – бұл тауар өндірушілер арасындағы нарықтағы ең тиімді жағдайлар үшін күрес. Бәсекелік стратегия іскерлік стратегия синонимі, яғни мақсаты бәсекелік қабілеттілікке қол жеткізуді көздейтін кез-келген шаруашылық құрылым ескеруі тиіс ережелердің жиынтығы. Бәсекелік күрес стратегиясының төрт типі бар, олардың әрқайсысы әртүрлі жкономикалық орта жағдайларына, әртүрлі ресурстарға бағдарланған. Бұл стратегияның төрт түрі бар:

1. Виоленттік стратегия – тауарлар мен қызметтердің ірі стандартты өндірісі сферасында әрекет ететін фирмалар үшін тән.

2. Патиенттік стратегияны тар мамандық жолына түскен фирмалар таңдайды.

3. Коммутанттық стратегия ұсақ масштабтағы қарапайым бизнесте басым болады.

4. Эксплеренттік стратегия жаңа нарық сегментін құру немесе ескі сегментті түбірлі қайта құрумен байланысты.

Бәсекелік стратегияның міндеті компанияны өзінің артықшылықтарын толық дәрежеде пайдаланатындай деңгейге жеткізу.

Бәсеке қабілеттілігінің факторы – бәсекелік қабілеттіліктің бір немесе бірнеше критерийлерін өзгерту үшін жеткілікті және қажетті себептер. Бәсекелік қабілеттіліктің жекелеген критерийлерінің төмендеу себептерін талдау және бәсекелік қабілеттілікті арттыратын факторларды белгілеу – факторлық талдау деп аталады. Ол жаңа өнімді игеруде жүргізілетін бәсекелік қабілеттілікті бағалаудың бөлігі болып табылады. Тауардың қажетті сапасын қамтамасыз ету үшін төмендегі факторларға ықпал ету жүзеге асырылады:

- өндірістік факторлар (шикізат, конструкция, технология);

- өткізу факторлары (тасымалдау шарты, сақтау);

- сервистік факторлар.

Аталған салада бәсекелік күштерді толық және жан-жақты талдау мен зерттеу бірқатар маңызды сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Қорытындысында фирма оптимальды бәсекелік стратегияны таңдап, максимальды пайда алу мақсатында салада тиімді жағдай, сондай-ақ бәсекелестерден қорғану үшін дұрыс позиция ала алады.

Нарық механизмінің негізгі элементтеріне жататындар: баға, сұраныс пен ұсыныс, бәсеке.

Туристік кәсіпорынның шаруашылық қызметіндегі бәсекелестіктің болуы қауіп-қатерді көбейтеді. Төменде қаулы тудыратын бәсекелестік түрлері көрсетілген:

- жасырын мәліметтердің фирма қызметкерлерінің әсерінен сыртқа тарап кетуі;

- маркетингтік саясаттың дұрыс жүргізілуі;

Сауда нарығын дұрыс таңдамау немесе бәсекелестер жөніндегі мәліметтің толық болмауы.

- бәсекелестерге қарағанда ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қаржының болмауынан жаңа техниканың енгізілмеуі жаңа жоғары сапалы және бәсекелестікке төтеп беретін жаңа технологиялардың болмауы;

- бәсекелестік күресінде барлық әдісті қолданушы бәсекелестіктердің дұрыс жұмыс жүргізбеуі;

- сауда нарығында басқа туристік қызмет көрсету түрінің пайда болуы.

- жаңа бәсекелес кәсіпорынның пайда болуы. Жоғарыда айтылғандардың басқа да бәсекелестік деңгейлері бар.

Барлық кәсіпорын басқарушылары шаруашылық жүргізуде Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес тең емес бәсекелестікке жол бермейтіндігін білуі керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Садыков Т.У., Тлеухан А.Т. «Экономикалық теория» – Оқу құралы, Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2013ж.

2. Керімқұлов С. Е. «Сұраныс, ұсыныс және нарықтық тепе-теңдік» – Оқу құралы, Астана, 2005ж.

3. Умбеталиев А.Д., Керімбек Ғ.Е. «Кәсіпорын экономикасы және кәсіпкерлік»

4. Ерали А.Қ., Қабылбеков М.Ғ. «Кәсіпорын экономикасы»

5. www.wikipedia.org

Наши рекомендации