Дәріс 2 Экономикалық элита және оның қоғамдағы ролі. Кәсіпкердің әлеуметтік бейнесі
Дәріс 1 Әлеуметтану ғылым ретінде. әлеуметтанудың қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері
Жоспары
1. Әлеуметтанудың объктісі мен пәні
2. әлеуметтанудың пайда болуының алғышарттары мен негізгі кезеңдері
3. Әлеуметтанудың құрылымы мен функциялары
Мазмұны
1 Әлеуметтану – қоғам жөніндегі ғылым. Оны өз алдына ғылым етіп,негізін қалаған француз ғалымы Огюст Конт (1798-1857). Әлеуметтану қоғам өмірінің барлық жақтарын қарастырады,соның ішінде мемлекет,саясат, құқық, экономика, мораль, өнер, дін, т.б. Басқа ғылымдар сияқты әлеуметтану да өзіндік зерттеу объектісі мен пәніне ие: әлеуметтанудың объектісі – қоғам, пәні – қоғам өміріндегі әлеуметтік қатынастар.
Жалпы ғылым обьектісін сөз қылғанда, таным процесі белгілі бір ғылым шеңберінде не нәрсеге бағытталған деген сұрауға тіреледі. Ал ғылымның пәні жайлы сөз болғанда, ол ғылым нәрсенің, обьектінің қай жағын,қандай заңдылықтарын зерттейді немесе зерттеуге тиісті – деген сұраққа жауап беруі керек. Осы тұрғыдан қарағанда, социология пәніне мынадай анықтама беруге болады:социология – қоғамның құрылысы, өмір сүруі мендамуының жалпы және ерекше әлеуметтік заңдылықтары жайлы және сол заңдылықтардың адамдар мен олардың бірлестіктерініңжәне тұтасқоғамның өмірі мен өзара қарым – қатынастарында іске асырудың жолдары, формалары мен әдістері жайлы ғылым.
А. А. Радугин, К. А. Радугин мынандай анықтама береді: социология – әлеуметтік біртұтас жүйе деп қаралатын қоғам туралы, осы жүйенің өзінің құрамдас бөлшектері: жеке адам, әлеуметтік бірлестіктер, институттар арқылы атқаратын қызметі мен дамуы туралы ғылым.
Бірақ қоғамды бұл ғылымнан басқа да бірнеше қоғамдық ғылымдар: тарих, саясаттану, құқық, психология, т.б өз ағымына сәйкес зерделеп, зерттейді. Әлеуметтану қоғамның нақты қайсаласын зерттейді? Осыны анықтау үшін оның пәнін, яғни зерттеу тақырыптарын бөліп алу қажет.
Ғалымдардың өз ішінде осы мәселе жөнінде әлі күнге дейін тұрақталған пікір жоқ. Бұл мәселеде әркім өз көзқарасын жөн санайды.
Әлеуметтанудың пәні – қоғам мен адамның арасындағы қатынастар, байланыс механизмі мен құрылымы, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар, әлеуметтік іс-әрекет пен адамдапдың мінез-құлықтары, мүдделері мен мұқтаждықтары, құндылықтары, бұлардың өмірде байқалуы мен өзгеріске ұшырауын қалыптастырған себептер және олардың нәтижелері. Әлеуметтанудың обьектісі мен пәні оның білімдік құрылымы мен деңгейлерін анықтайды.
2 Әлеуметтанудың пайда болуын мен дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады: 1) әлеуметтанудың алдын-ала тарихы, мұнда адам мен қоғам туралы көзқарастар әлеуметтік философия шеңберінде дамыды; 2) әлеуметтанудың өз бетінше өзіндік пәні мен ғылыми әдісі бар ғылым ретінде пайда болуы кезеңі немесе әлеуметтанудың дамуындағы классикалық кезең; 3) қазіргі кезең, мұнда әлеуметтану жеке ғылым ретінде мойындалды және әлеуметтік құбылыстардың табиғатын түсіндіруге мүмкіндік беретін негізгі ғылыми концепциялар жасалды.
Ең алғашқы болып қоғам мәселелерін антикалық философтар Платон мен Аристотель қарастырған. Платон қоғамның үш деңгейлік құрылымын бөлген – мемлекетті басқаратын ойшылдар, даналар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскер, өмір сүруге қажетті құралдар жасайтын қолөнершілер мен шаруалар. Аристотель де қоғамның үш табын атап көрсеткен – байлар немесе плутократия, орта тап және шаруалар.
Орта ғасырларда қоғамға деген көзқарастар дінге негізделген. Бұл кезеңнің көрнекі ойшылдары Августин Аврелий, Фома Аквинский. Августин Аврелий қоғамды күнәлілік пен қасиеттіліктің күресі ретінде қарастырған. Ф. Аквинский шіркеу оқуларын ежелгі грек философтарының ілімдерімен байланыстыра қарастырды. Орта ғасырлық Шығыс философиясында Әл-Фарабидің қоғам және мемлекет туралы ойларын атап өтуге болады.
Ағарту заманында әлеуметтікойлар жетілдірілді. Ағарту кезеңінің ойшылдары әлеуметтану пәнінің қалыптасуына тікелей ықпал етті. Бұл кезеңдегі Томас Гоббс, Жан-Жак Руссо еңбектерін атап өту керек. Бұл кезеңде азаматтық қоғам идеясының алғышарттары қалыптасты.
Әлеуметтанудың негізін қалаушы болып Огюст Конт (1798-1857) табылады. Ол ғылымға «социология» терминін енгізді. Оның ізбасарлары болып Г. Спенсер, М. Вебер, Э. Дюркгейм табылады.
Әлеуметтанудың ХХ ғасырдағы негізгі тенденциялары – эмпирикалық әлеуметтанудың дамуынан басталады. Эмпирикалық әлеуметтану деп, нақты зерттеулер жүргізуді, осылардың негізінде арнаулы әдістер қолдану (сұрау, бақылау, тәжірибе) арқылы жаңа фактілерді жинап, талдауды, қорытындылауды айтады. Адольф-Кетле (франко-бельгиялық статист), Чарльз Бут (Англия), Ульям Томас, Флориан Знанецкий (поляктар) осы салада еңбек етті.
эмпирикалық нақты зерттеулер теориялық әлеуметтанудың дамуына белгілі бір шамада кедергі жасады, теорияның маңызы мен рөлін төмендетті. Сондықтан теориялық әлеуметтануды қайтадан көтеріп, жаңғырту қажет болды. Әлеуметтанулық теорияны американ әлеуметтанушылары Талкотт Парсонс, Роберт Мертон, Питирим Сорокин, т.б. дамытты.
3 Әлеуметтану өзіндік құрылымы мен әдістемесіне ие. Әлеуметтану пәнінің құрылымы күрделі – біріншіден оның үш деңгейлік құрылымын – жалпы әлеуметтанулық теория, орта деңгей теориялары және нақты әлеуметтанулық теорияны бөлуге болады. Жалпы әлеуметтанулық теорияларға кез-келген қоғамға сай заңдылықтарды зерттейтін теориялар жатқызылады. Мысалы, құрылымдық функционализм, символдық интеракционизм, т.б.
Орта деңгей теориялары ұғымын әлеуметтануға Р. Мертон енгізген. Бұл теориялар қоғамның әртүрлі салаларын, оларға тән заңдылықтарды жеке теориялар ретінде қарастырады. Мысалы, отбасы әлеуметтануы, жастар әлеуметтануы, саяси әлеуметтану, т.б. Мұндай теориялардың 300-ден астам түрлері бар. Нақты әлеуметтанулық зерттеулер қоршаған әлеуметтік ортаны, әлеуметтік шындықты зерттеуге бағытталған.
Сондай-ақ, әлеуметтану макро- және микроәлеуметтанулық деңгейге бөлінеді. Макроәлеуметтану жалпы қоғамды және оның негізгі ірі әлеуметтік институттарын – дін, экономика, сясат, т.б. зерттейді. Микроәлеуметтану шағын әлеуметтік топтардағы қарым-қатынастарды зерттейді.
Әлеуметтану білімінде оның өзі туралы бағыт, яғни оның құрылымы туралы – метатеория және қоғам туралы теорияларды бөлуге болады. Әлеуметтанудың негізгі функциялары:
– теориялық-танымдық, яғни қоршаған әлеуметтік орта туралы мәліметтер алу және теорияны жетілдіру;
– тәжірибелік, яғни әлеуметтік шындықты зерттеу;
– әдістемелік, яғни ғылымға жаңа зерттеу әдістерін енгізу;
– басқару, яғни зерттеу нәтижелерібойынша әдістемелік ұсыныстар жасау арқылы қоғамдық үрдістерді басқаруға жанама әсер ету;
– болжамдық, яғни бақылау нәтижелерін ескере отырып, ғылыми негізделген болжамдар құру.
Әдебиеттер:
1 Әбсаттаров Р., Дәкенов М. Әлеуметтану: оқу құралы. Алматы : Қарасай, 2009
2 Әлемдiк әлеуметтану антологиясы: [10 томдық]. Алматы : Қазақстан. (Мәдени мұра). 2007
3 «Әлеуметтану» электрондық оқу құралы. ПМУ, 2012
Дәріс 2 Экономикалық элита және оның қоғамдағы ролі. Кәсіпкердің әлеуметтік бейнесі
Жоспары:
1. Элита ұғымы. Элита теориялары
2. Элитаның қоғамдағы рөлі
3. Қоғамның әлеуметтік құрылымындағы кәсіпкерлерді бөлу критерийлері
Мазмұны
1 Әлеуметтік өмірдегі элитаның мәні мен рөлі туралы алғашқы көзқарастар құл иеленушілік және феодалдық қоғамдарда пайда болды. Мұнда таңдаулы элита болып ақсүйектер, үнді касталарындағы кшатрийлер мен брахмандар, ежелгі Римдегі патрицийлер, рухани және дворянсословиелері табылды. Қоғамды жоғары және төменгі таптарға бөлу қажеттілігі туралы Конфуций («оқымысты күйеулер»), Платон (философтар басқаратын қоғам), Н. Макиавелли (аристократия мен халықтың қақтығысы туралы идеясы), Т. Карлейль (тарихтағы батырлар мен әйгілі тұлғалардың рөлі туралы ілімі), Ф. Ницше (Жоғары адам туралы идеясы), т.б. жазды. Кейіннен зияткерлік (Х. Ортега – и – Гассет), шығармашылық (А. Тойнби), мүліктік және статустық (Г. Лассуэл), биліктік (Г. Моска, А. Этциони), басқару (Дж. Гэлбрейт), т.б. элитаның түрлері бөлінді. «Элита» категориясы (фр. elite – үздік, таңдаулы) ғылымға XIX-ХХ ғасырларда енгізілді. Қазіргі «элита» ұғымы жеке суреттеуші элемент ретінде Жаңа Замандағы Еуропадағы адамдардың бөлінуінің, олардың мінез-құлқының үлгілері мен стандарттарының әртүрлі мағыналарынан бөліне бастады.
Элита теориялары бірнеше бағыттар мен мектептерге бөлінеді.
1) Макиавеллизм мектебі. Итальян ойшылы Н. Макиавеллидің қоғамның аристократтар мен қалған халыққа, басқарушылар мен бағынушыларға бөлінуі және олардың арасындағы билік үшін күрес туралы іліміне негізделеді. Бұл мектептің негізгі өкілдері – Г. Моска (1858-1941) және В. Парето (1848-1923), сондай-ақ Р. Михельс (1876-1936).
2) Элитаның құндылықтық теориясы. Өкілдерінің бірі «элита коэффициентін» бөліп шығарған – Н. А. Бердяев.
3) Элитаның демократиялық теориясы. Негізгі өкілдері – Й. Шумпетер, К. Маннгейм.
4) Элитаның плюрализмі теориясы. Өкілдері – Э. Гольтманн, Р. Дарендорф, Ф. Хантер.
5) Элитаның сол либералды теориясы. Өкілі – Ч. Р. Миллс, П. Биргбаум, Р. Шварценберг.
2 Қазіргі ғылымда элитаның келесі типологиялары қарастырылады:
1) ықпал ету көзі мен беделіне байланысты элита бөлінеді:
- мұраға берілетін (мысалы, дворяндық);
- құндылықтық, яғни қоғамдағы құнды қасиеттерге байланысты жоғарылаған адамдар (білім, бедел, адамгершілік);
- биліктік – билікке ие болған адамдар;
- функционалды – қоғамдағы белгілі бір қызмет атқаратын мамандыққа байланысты;
2) мемлекеттік биліккебайланысты:
- биліктік – қолында билігі бар барлық адамдар. Мысалы «билік партиясына» кіретін адамдар;
- оппозициялық – биліктен алшақтатылған, бірақ оған оралуға талпынатын элиталық топтар.
3) қоғаммен қарым-қатынас сипатына қарай:
- ашық, яғни өз қатарына қоғамның әртүрлі қабаттарынан шыққан адамдарды енгізетін;
- жабық, яғни жаңа мүшелерін тек өз тобынан немесе жігінен қабылдайтын;
4) басқарудың белгілі бір деңгейіне қатынасы бойынша:
- жоғарғы – маңызды саяси шешімдер қабылдайтын мемлекеттік басшылар;
- орташа – жоғары статусы элиталық мамандығы немесе білімі бар қоғам мүшелері;
- маргиналды – аталған көрсеткітердің бір – екеуіне ие адамдар. Мысалы, жоғары табысы жоқ сапалы білімі бар адамдар.
5) басқару стиліне байланысты:
- демократиялық – көпшіліктің ойын білдіретін;
- авторитарлы – көпшілікке өзінің еркін жүргізетін;
- либералды – бағынушылар пікіріне құлақ асып, оларды басқаруға қатыстыратын.
6) іс-әрекет түрі бойынша:
- саяси элита;
- экономикалық элита;
- бюрократиялық элита;
- идеологиялық элита.
Басқарушы элитаның жемісті қызмет етуінің негізгі шарттары:
- өкілеттілік, яғни өзін ұсынған топпен байланысы;
- тиімділік, яғни элитаның қоғам алдында тұрған мәселелердішешеалу қабілеттілігі;
- интеграция, яғни басқарушы элитаның әртүрлі топтарының ынтымақтастығы, бірлесуі, келісімге келуі;
- элитаның толыққанды айналымы, яғни оның құрамының толықтырылып отыруы.
Саясаттануда элитаның таңдалуының екі тәсілін бөледі: гильдия жүйесі және антрепенерлік (кәсіпкерлік) жүйе. Гильдия жүйесі мұрагерлікпен және жабық айналыммен байланысты. Антрепенерлік жүйе ашықтығымен сипатталады.
3 Кәсіпкерлік шаруашылықтың бір түрі ретінде дамыған нарықтық жүйесі бар елдерде кең таралған. Йозеф Шумпетер кәсіпкерлікке мынадай анықтама береді: «Кәсіпкер – бұл қызметі өндіріс пен айналымда жаңа комбинацияларды жүзеге асыру, әртүрлі жаңашылдықтарды енгізу болып табылатын шаруашылық субъектісі».
Кәсіпкерлік – бұл тәуекелге байланысты бастама, басталған істе инновацияларды жүзеге асыру мақсатымен жасалатын және жоғары әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне қол жеткізуге бағытталған экономикалық іс-әрекет.
Кәсіпкерлік іс-әрекет жекелеген адамдармен немесе адамдар ұжымымен жасалады. Яғни кәсіпкерліктің субъектілері – жеке адамдар немесе адамдар топтары. Кәсіпкерліктің объектілері болып заңға қайшы келмейтін өндірістік немесе коммерциялық іс-әрекет табылады.
Кәсіпкерлік феноменін ой елегінен өткізудің алғашқы талпыныстары осы терминнің пайда болуы кезеңінен, яғни XVII ғасырдан басталды. Ғылыми тұрғыдан кәсіпкерлікті алғашқы болып Р. Кантильон және Ж.-Б. Сей қарастыруға талпынды. Р. Кантильон «кәсіпкерлік» терминін енгізді және оны бейнлеп берді.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік қабат ретіндегі кәсіпкерге тән сипаттамалар экономикалық әлеуметтанудың пәндік саласындағы маңызды компоненті болып табылады. Осы сипаттамаларды жинақтай отырып, кәсіпкердің әлеуметтік бейнесін көруге болады:
- капиталға ие болу немесе оны үлестіру;
- кәсіпкерлік қасиетінің болуы;
- жауапкершілік;
- тәуекелге баруға қабілеттілік және оған дайын болу;
- жаңашылдыққа бағыттылық;
- кәсіпкерлік рухтың болуы;
- кәсіпкерліктің еркіндігі;
- табыс табуға ұмтылу.