Жымдастыру бағыты мен зардаптары
ЖЭС-ті жүзеге асыру мәселесі шаруашылыққа біраз өзгерістер әкелді. Ең алдымен кооперативтік қозғалыс дамыды.Жаңа экономикалық саясаттан дәйекті түрде жүзеге асырылуы нәтижесіңде ауыл шаруашылығында елеулі өзгерістер болды, малы жоқ шаруалар саны күрт азайды, орташылар қатары өсті. Республика экономикасының басты саласы — мал шаруашылығы шапшаң дамыды. 1926 жылы мал саны 1913 жылғы 29,9 млн. деңгейіннен асып түсті. Жаппай ұжымдастыру қарсаңында 1929 жылы малдың жалпы саны 40,5 млн. басқа жеткен еді. Халық шаруашылығының осы бір ауқымды да өмірлік мәні зор саласы — ауыл шаруашылығы қауырт қарқынмен өркендеген өнеркәсіп пен саудадағы социалистік сектордан тым артта қалып қойды. 20 - жылдардың екінші жартысында жүргізілген — кедейлерді жерге орналастыру арқылы оларды байлар мен кулактардың езгісінен құтқару көзделген науқан, шабындық пен егістік жерлерді қайтадан бөлу, ауыл мен деревняның барлық еңбекшілерінің шаруашылығын көтеру жөніндегі шаралар өлі де болса өз нәтижесін бере қойған жоқ еді. Басшы қызметкерлердің, атап айтқаңда, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекиннің республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың табиғаты мен мәнін бағалаудағы теріс көзқарасы жағдайды одан әрі ұшықтыра түсті. Голощекин Қазақстанға келісімен қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың бірқатар ерекшеліктерін дұрыс бағаламады, республика партия және кеңес органдарының 1925 жылға дейінгі атқарған онды жұмыстарының барлығын жоққа шығарды. Ұжымдастыру қарсаңында 1072 ұжымдық шаруашылық жұмыс істеді. 1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Орталық Атқару Комитеті «ірі бай шаруашылықтарын, жартылай феодалдарды конфискелеу және жер аудару» декретін қабылдады. Нәтижесінде 657 бай жер аударылып, олардан 145 мың мал алынды. Малдар, негізінен, колхоздарға берілді. Көптеген орташа шаруалар байлардың қатарына жатқызылды. Коммунистік партияның XV съезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын қабылдады. Қазақстанда ауылшаруашылығы ұжымдастыру 1932 жыл-ға жоспарланды. Қазақ жерінде колхоз құрылысы 1922 жылдан бастап кеңейген еді.
Ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы өте қатал жағдайда жүргізілді. 1931 жылы көшпенді және жартылай көшпенді шаруаларды жаппай отырықшылдандыру жөнінде міндет қойылды. Ұжымдастыру жедел және жоспарсыз жүргізіле бастады.1928-1931 жылдардағы ұжымдастыру барысы: республика шаруашылығының 1928 жылы 2%-ы,1930 жылы сәуірде 56,4%-ы, 1931 жылы қазанда 69%-ы ұжымдастырылды. Ауыл шаруашылық өнімдерін және малдарды күшпен алды.Мысалы, 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80%-ы етке өткізілді. Балқаш ауданының халқына 297000 малға салық салынды, ал Балқаштың барлық малы 173000 ғана болды. Торғайдағы 1 млн малдың 98 мыңы ғана қалды.Кулактарды жою ісі мейлінше қатал жүргізілді. Шолақ белсенділер орташалармен қатар кедей шаруаларға да зорлық жасады.Ұжымдастыру зардабы:1929-1933 жылдар аралығында Қазақстандағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма (ОГПУ) 3386 адамды ату, 13151 адамды түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Көптеген адамдар өздерінің малдарынан айырылды.1930-1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт аштық жайлады.Аштық жылдарындағы халық шығыны: Ауыл халқының 40%-ын жоғалтты (1 млн 750 мың адам).1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы қайтқан жоқ.
1931-1933 жылдары аштықтан 6,2 млн адамның 2,1 миллионы өлді.1932 жылы аштық, оның себептері туралы мемлекет қайраткерлері Ғ. Мұсірепов, Қ. Құанышев, М. Ғатауллин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқалиев Ф.И. Голощекинге хат жазды. Бұл хат «Бесеудің хаты» деп аталды.1933 жылы мемлекет қайраткері, сол кезде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Т. Рысқұлов Қазақстандағы ұжымдастырудың зардаптары, елді жайлаған аштықтың себептері, халықтың тартып отырған қасіреті жайлы И.В. Сталинге ашық хат жазды.1929-1931 жылдары Қазақстан жерінде шаруалардың ұжымдастыру саясатына қарсы ұйымдастырылған қарулы қозғалысы болды.
Ірі көлемде шаруалар қозғалысы өткен жерлер:
1929 жылы 29 қыркүйек - Бостандық,
1929 жылы 1 қараша - Ватпаққара (Қостанай),
1930 жылы 2 ақпан - Созақ, 1930 жылы 25 ақпан - Ырғыз, 1930 жылы 26 наурыз - Сарқанд т.б.
Шаруалар карсылығының түрлері:
- көтеріліске шығу;
- шолақбелсенділерді, партия қызметкерлерін өлтіру;
- шетелге көшу;
- қалалы жерге кету т.б.
Ұжымдастыру зардаптарына қарсы күрес
Коммунистік партия кеш болса да, ұжымдастыру саясатының зардаптарын жоюға кірісті. Күшпен жасалған колхоздарды таратып, ондағы мал-мүлікті халыққа қайтарды. Кеңес өкіметі ашаршылыққа ұшыраған халыққа 30 млн сом, 2 млн пұт астық берді. 1935 жылдан ауыл шаруашылық артелінің жаңа үлгісі бекітіліп, жүзеге асырыла бастады.