Аржыны басқару ұғымы
Басқару адам қызметінің барлық аясына, соның ішінде қаржылық қызметке де тән нәрсе. Қаржыны басқару – бұл қаржыға және шектес экономикалық және әлеуметтік жүйелерге оларды жетілдіру және дамыту мақсатымен ықпал жасау үдерісі және қаржылық қатынастардың бүкіл жиынтығының тиімді жұмыс істеуіне жетуді және мұның негізінде тиісті қаржылық саясатты жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет (қаржы органдары арқылы) шараларының жиынтығы. Бұл ретте белгілі бip нәтижеге жету үшін субъектінің объектіге нысаналы ықпал етуінің тәсілдері мен әдістері пайдаланылады. Қаржы жүйесінде басқару қаржылық механизм арқылы оның әдістері, тұтқалары, ынталандырмалары мен санкциялары көмегімен жүзеге асырылады. Сөйтіп, қаржыны басқару – бұл тиісті қаржылық саясатқа жетудің мақсаты; қаржылық механизм бұл мақсатқа жетудің құралы; қаржылық саясат – қаржыны басқарудың тиісті үдерісінің түпкілікті қорытынды нәтижесі.
Адамдардың саналы, мақсатты қызметі ретінде басқару экономикалық зандардың объективті заңдылықтары мен талаптарына негізделген. Осы заңдардың талаптарын танып білуге сүйене отырып және оларды пайдаланудың нысандары мен әдістерін жасай отырып, мемлекеттік, шаруашылық және коғамдық органдар арқылы қоғам қаржыны, бағаны, кредитті және тағы басқаларын қоса өндірістік қатынастардың нысандарын саналы түрде басқарады. Қаржы жүйесінде оны басқаруды арнаулы аппарат ерекше тәсілдер мен әдістер, соның ішінде әр түрлі ынталандырмалардың және санкциялардың көмегімен жүзеге асырады.
Қаржыны басқарудың мақсаты макроэкономикалық теңгерілімдікте, бюджет профицитінде, мемлекеттік борыштың азаюында, ұлттық валютаның беріктігінде, ақырында, мемлекет пен қоғамның барлық мүшелерінің экономикалық мүдделерінің үйлесуінде көрінетін қаржылық тұрақтылық пен қаржылық тәуелсіздік болып табылады.
Қаржыны басқарудың негізіне мына қағидаттар қойылған:
басқарудағы демократизм;
қаржылық мәселелерге саяси тәсілдеме;
басқаруда экономикалық және әкімшілік әдістердің оңтайлы үйлесуі;
басқарудың ғылымилығы;
орталықтандырылған, салалық және аумақтық басқарудың келісімдігі;
басқарудағы жауапкершілік;
шаруашылық шешімдерінің сабақтастығы.
Қаржыны басқарудың екі аспектін ажырата білген жөн: біріншіден, мемлекет қаржыны, оның нысандарын экономика мен әлеуметтік сфераны басқарудың тетігі, тұтқасы ретінде пайдаланады және сөйтіп қоғамдық өндірістің бүкіл үдерісіне ықпал жасайды; екіншіден, қаржының өзі басқарудың объекті болып табылады: қаржылық қатынастардың нысандары, ақшалай қорлар, қаржылық аппарат, яғни қаржы мекемелерінің жүйесі* басқарылады.
Қаржыны басқаруға ғылыми тәсілдеме кажет: бұл қаржылық сипаттағы басқару шешімдерін әзірлеген кезде экономикалық заңдардың талаптарынан басқа, экономикалық талдау нәтижелерінің ескерілетінін, басқарудың экономикалық және әкімшілік әдістерінің ұтымды үйлесуінің қолданылатынын білдіреді. Қаржыны ғылыми басқару іс-қимылға жаңа қаржылық әдістер мен тұтқаларды енгізу немесе ескілерінің күшін жою жолымен келеңсіз құбылыстарды уақытылы жеңіп отыруды қажет етеді. Бұл ретте айқын және уақтылы экономикалық ақпарат, ғылыми негізделген көрсеткіштер, жоғары сапалы перспективалық және ағымдағы қаржылық жоспарлау талап етіледі.
Қаржылық қатынастардың әрбір сферасы мен әрбір буынында басқару субъектілері қаржыға мақсатты ықпал етудің өзіндік әдістері мен нысандарын пайдаланады. Қаржыны басқаруда мынадай бірнеше өзара байланысты нақтылы функциялық элементтерді айырады: ақпарат, жоспарлау (болжау), ұйымдастыру, реттеу, бақылау.
Қаржылық ақпараттың ғылыми негізделген жоспарлау мақсаты үшін де, сондай-ақ бүкіл қаржылық үдерісті оперативті басқару үшін де зор маңызы бар. Жоспарлау үдерісінде басқару шешімдері қаржылық ақпаратқа талдау жасау негізінде қабылданады, ол осыған байланысты жеткілікті толық әрі ақиқат болуы тиіс. Ақпаратты алудың ақиқаттығы мен уақтылығы негізделген шешімдер қабылдауды қамтамасыз етеді. Қаржылық ақпарат бухгалтерлік, статистикалық және оперативтік есеп беруге негізделген.
Жоспарлау (болжау) қаржыны басқарудың жүйесінде маңызды орын алады. Бұл – жоспарлы тапсырмаларды орындауға қажетті ақшаның мөлшерін және оның көздерін анықтау; орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақшалай қорлар арасында, ұлттық шаруашылықтың салалары мен әкімшілік-аумақтық бөліктері арасында қаражаттарды бөлудің оңтайлы үйлесімін белгілеу; ресурстарды пайдаланудың нақты бағыттарын анықтау және т.б.
Ұйымдастыру – басқарудың барлық буындарының жөнге салынғандығын, айқындығын, қаржылық ақпараттың жоғары нәтижелігін, басқару жұмыскерлерінің жауапкершілігі мен тәртіптілігін білдіреді.
Қаржыны басқаруды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Көбінесе қаржыны оперативті басқарудың нәтижесі қаржы субъектілерінің – қаржы органдарының, салық комитеттері мен қаржы полициясының және ұлттық шаруашылық салаларындағы қаржы бөлімдерінің толып жатқан аппаратының жұмысының қалай ұйымдастырылып отырғанына байланысты болады. Қаржылық аппарат жұмысының ұйымдастырылу дәрежесі жоғары болуы тиіс. Бұл қаржылық құрылымдардың барлық жұмыскерлерінің біліктілігі мен жеке білгірлігіне жоғары талаптар қояды.
Қаржылық реттеу – бұл жоспарлы тапсырмалардың орындалуы үшін қаржылық ресурстарды икемді, шебер жұмсау, белгіленген нәтижеден теріс ауытқулардың барлық түрін алдын алуға және жоюға бағытталған; бұл резервтік (сақтық) қорлар, жоспардан тыс қаржылық ресурстар, пайдаланылмаған қаржылар есебінен қызметтердің барлық түрлерінде арақатынас пен үйлесімділікті қамтамасыз етуді білдіреді.
Бақылау басқарудың элементі ретінде жоспарлау үдерісінде де, сонымен бірге оперативтік басқару стадиясында да жүзеге асырылады. Ол қоғамда барлық қаржылық үдерістерді (операцияларды) жүргізудің дұрыстығы мен заңдылығын тексеру және қамтамасыз ету жөніндегі қаржылық құқықтың нормаларын басшылыққа алып отыратын қаржылық аппараттың қызметін қамтиды. Бақылау қаржылық ресурстарды пайдаланудың нақты нәтижелерін жоспарлық көрсеткіштермен салыстыруға, қаржылық ресурстарды өсірудің резервтерін айқындауға, шаруашылықты неғұрлым тиімді жүргізудің жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Қаржыны басқаруда басқа кез келген басқарылу жүйесіндегідей басқарудың объектілері мен субъектілері ажыратылады: объектілер ретінде қаржылық қатынастардың сан алуан түрлері бола алады, басқаруды жүзеге асыратын ұйымдық құрылымдар субъектілер болып табылады. Қаржылық қатынастардың сыныптамасына сәйкес олардың сфералары бойынша объектілердің екі тобын бөледі: шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы, мемлекеттің қаржысы. Оларға басқарудың мына субъектілері сәйкес келеді: қаржы службалары (шаруашылық жүргізуші субъектілердің бөлімдері), қаржы және салық органдары. Қаржыны басқаруды жүзеге асыратын барлық ұйымдық құрылымдардың жиынтығы қаржылық аппарат деп аталады.
Рыноктық экономиканың қалыптасып, дамуы жағдайында қаржыны басқару қаржы бойынша басқару шешімдерін негіздеуді, бүгінде нашар пайдаланылып жүрген әдістерді іске асыруды, басқару функцияларының – реттеудің, қаржы рыногын қалыптастыру әдістерінің бір элементі ретіндегі қаржылық ресурстарды есебін тауып пайдалануды күшейтуді талап етеді. Бұл жағдайда рыноктық экономикаға көшкен Шығыс Европа елдерінің де, сонымен бірге әлеуметтік жағынан бағдарланған рыноктық экономика жағдайында көп жылдар бойы өмір сүріп отырған капиталистік елдердің де тәжірибесін ескерген жөн.
Өткен кездің оңтайлы тәжірибесіне келеңсіз қарау қаржының дамуына, оны басқаруға қайшы келді: бюджетке төленетін төлемдердің салықтық нысандары жеткіліксіз пайдаланылды; бюджеттен төленетін субвенциялардан (мақсатты жәрдем қаржыдан) бас тарту болды және т.б. Осы және басқа себептерге байланысты қаржының рөлі төмендеді. Экономиканы басқаруды қайта құру жаңа қаржылық саясатты жасап, жүзеге асыруды, қаржыны басқарудың қағидалы жаңа әдістеріне көшуді талап етті. Бұл әдістер экономикаға қаржының реттеуші ықпалын күшейтуді қамтамасыз етуі, қоғамдық өндірістің тиімділігін өсіруге, әлеуметтік саланы дамытуға мүмкіндік туғызуы тиіс.