Кесте. Жуылмаған қой жүнінің бірыңғай стандартының түрлері мен аталымдарға бөлінуі

  Биязы жүн Биязы жүн мемлекеттік стандартқа байланысты (МемСТ 7763-71) табиғи ұзындығы 71 мм-ден астам болса таңдаулы класқа; 65-70 мм болса 1 класқа; 55-70 мм болса ІІ класқа; 40-55 мм болса ІІІ класқа; ал ұзындығы 40 мм-ден кем болса оны қысқа жүнге жатқызады. Таңдаулы және ІІІ топтан басқа кластағы жүндер талшықтарының сапасына (жіңішкелігіне) қарай бірінші және екінші тармақтарға бөлінеді. Бірінші тармаққа 64 сапада және одан жоғары, ал екінші тармаққа 60/64 сападағы жүндер жатады. Таңдаулы кластың талшықтарының сапасы 64 және одан жоғары, ал ІІІ кластікі 60 және одан жоғары болуы керек. Ақ түсті биязы жүн өзінің қасиеттеріне байланысты меринос және меринос емес болып екіге бөлінеді.
  Меринос жүн Ақ түсті, штапельденіп келген, біркелкі түбіт талшықтардан тұрады. Өзі жұмсақ, шайырының мөлшері орташа, талшықтары жіңішке, шиыршықталуы және ұзындығы біркелкі, жылтырлығы күмістей. Арасында өлі, құрғақ және түрлі - түсті талшықтар болмайды. Алғашқы қырқылған тоқты жүнінің ұштары жіңішке, құрғақ келеді, ал басқа қасиеттері жоғарыда аталғандай.
Меринос емес жүн Мериносқа жатпайтын жүн штапельді біртекті талшықтардан құралғанмен олардың айырмашылықтары болады. Егерде бүйірі мен жамбас жүндерінің айырмашылықтары екі сападан асып кетсе, онда мұндай жүнді меринос емес жүнге жатқызады. Бұл жүннің шайыры аздау, талшықтарының ұзындығы әртүрлі, шиыршықталуы нашарлау, штапельдерінде өлі және құрғақ талшықтар бар және жіңішкелігі 60 сападан кем емес. Түсі ақшылдау немесе түрлі-түсті де болады.  
Биязылау жүн Биязылау жүннің жіңішкелігі 58-56 сападағы біртекті аралық талшықтардан (25,1-31 мкм) тұрады. Тұлымдарының талшық шиыршықталуы біркелкі емес. Түсі көбінесе ақ, басқа түстілері де кездеседі. Биязылау жүн мемлекеттік стандартқа сәйкес (7937-74) талшықтарының ұзындығы мен жіңішкелігіне қарай үш класқа бөлінеді. І класқа ұзындығы 70 мм-ден кем емес, жіңішкелігі 58-56 сападағы жүн жатады. ІІ класқа ұзындығы 70-40 мм аралығында жіңішкелігі 58-56 сападағы, ІІІ класқа 40 мм-ден қысқа, жіңішкелігі 50 сападағы жүндер жатады.
  Кроссбредті жүн Кроссбредті жүн біртекті талшықтардан құралып, штапельді және штапельді-тұлымды болып келеді. Өзіндік ерекшелігі мен технологиялық құндылығы бар, өте мықты, біркелкі жібектей жылтыр, серпімді болады. Кейде өлі, құрғақ және түрлі-түсті талшықтар кездесуі мүмкін. Талшығының жіңішкелігі 25,1-40,0 мкм аралығында, ұзындығы 10-20 см-ден жоғары болады.
  Кроссбред тектес жүн Кроссбредті жүнге ұқсас, бірақ, ұзындығы 50-90 мм және ішінде түрлі-түсті талшықтар болса мұндай жүн кроссбред тектес деп аталады. Штапельді талшықтардың шиыршықтануы ірі біркелкі болмайды. Талшығының жіңішкелігі 40,0 мкм немесе одан төмен. Түсі ақ, немесе әр түсті.
  Цигай жүні Цигай жүні біртекті талшықтардан құралып, штапельді және штапельді тұлымды болып келеді. Серпімділігі күшті, қалпына тез келеді. Талшығының жіңішкелігі 25,1-40,0 мкм аралығында, шиыршықтары ірі, жүннің түсі ақ болады.
3.Әртекті көктемгі жүндер 1 топ (сараджа, дегерес, қазақтың ұяң жүнді қойлары) Жүннің құрылымы тұлымды ұзын, негізі түбіт аздап аралық талшықтан және қылшық талшықтан құралады. Анда-санда құрғақ, өлі және ірі қылшықтар, түрлі-түсті талшықтар кездесуі мүмкін. Түсі ақ, ақшыл сары.
ІІ топ (қазақтың қылшық жүнді қойлары, еділбай және қаракөл, сарыарқа қойлары) Жүннің құрылымы тұлымды, ұзындықтары орташа, түбіт, аралық талшық қылшықтан тұрады. Жүннің түсі күңгірттеу, қатты болып келеді. Арасында өлі, құрғақ талшықтар көп кездеседі. Түсі ақ, ақ сары, әртүрлі түсте болады.
ІІІ топтың күзгі және қозы жүні Жүннің құрылымы тұлымды, тұлымдары қысқа, бір-бірімен байланыспаған, түстері әртүрлі, құрылымы әртекті келеді.

Қырқылған мезгіліне байланысты жүннің түрге бөлінуі.

Көктемгі жүн. Бұған қойдан көктемде мамыр, маусым айларында қырқылған биязы, биязылау, ұяң және қылшық жүндер жатады. Әдетте көктемгі жүн жүйелі жабағыдан тұрады.

Қозы жүні. Бір жасқа толмаған қозылардан қырқылған биязы, биязылау, ұяң және қылшық жүндерді қозы жүні деп атайды. Бұл жүн жүйесіз, штапельдері бірікпеген. Сондықтан бұл жүн төмендегі топтарға ғана бөлінеді.

Мериносты қозы жүні - талшық жіңішкелігі 64 және одан жоғары сапа әртүрлі талшықтары болуы тиіс.

Меринос емес қозы жүні – сапасы 60 және 58 талшықтар болады. Түстері ақ және басқа да түсті талшықтары болуы мүмкін. Ұзындығы 30 мм және одан жоғары, 30 мм-ден 10%-ға дейін қысқа талшықтар да болуы мүмкін.

Биязылау қозы жүні – талшықтары 58-56 сапада, ал цигай қойының 58-56 сапада болады. Бұл жүнде 5%-ға дейін әртекті жүн болуы мүмкін. Жүн ұзындығы 35 мм және одан жоғары, түсі ақтан бастап, әртүрлі болып келеді.

Ұяң қозы жүні – ұяң жүнді қой тұқымдарының қозыларынан қырқып алынады. Түсі әртүрлі болуы мүмкін.

Қылшықты қозы жүні – қылшық жүнді қой тұқымдардың қозыларынан қырқылады. Түсі әртүрлі болуы мүмкін.

Күзем жүн – бұл жүн ұяң және қылшық жүнді қой тұқымдарынан алынады. Ол қойлар тамыз, қыркүйек айларында қырқылады. Күзем жүн жабағыланбайды, тұлымдары бөлек және қысқа болады. Әр түсті болуы мүмкін. Топ күзгі жүнге бөлінбейді.

Жүннің тазалығы мен мықтылығына қарай бөлінуі.Бұл қасиеттеріне қарай жүн қалыпты арасында шөп-шалам көп, ақаулы болып бөлінеді.

Шөп-шаламды, ошағанмен былғанған жабағы жүнді ластығына қарай бірінші және екінші топтарға бөлінеді. Жабағыдан оңай бөлінетін өсімдік қалдықтары 10-30% аралығында болғанда бірінші топқа, ал одан көп болса екінші топқа жатқызылады.

Ақаулы жабағы жүні ауру қойда өссе, өте осал, үзілгіш болады. Бұл ақау жүннің бунақы болуына байланысты. Егер де бунақылық жүн штапелінің бір шетінде ғана болса, ақаулы жүн бірінші топқа, ал дәл ортасында немесе екі жерде болса, екінші ақаулы топқа жатқызылады.

Жүн сапалы болу үшін қойды барлық жағынан ұқыпты жақсы бағып күту керек.

Қойдан қырқылатын жүнді бірден қырқым пунктінің басында ақ бағалаудан өткізіп, класқа бөледі. Жүн сапасын дұрыс бағалаудың негізгі шарты жабағының тұтас түсуі.

Класқа бөлу әрбір жүннің түрі үшін жасалатын мемлекеттік стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес жүргізіледі.

Наши рекомендации