Ерекше нышанға бай Стамбұл қаласы
Стамбұл – Түркияның ең үлкен әрі ежелгі қаласы. Қала негізінен елдің әкімшілік орталығы болып келеді. Мәрмәр теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында, Азия мен Еуропаны байланыстыратын су торабында орналасқан. 2010 жылы Стамбұл қаласы мәдени жағынан Еуропаның бас қаласы болды. Стамбұлдың еуропалық бөлігі азиялық бөлігімен Византий көпірі арқылы (ұзындығы 1560 м) және паромдармен байланысады. Стамбұлда көне ескерткіштердің саны өте көп (суреттер 15, 16) [7].
Олар үш дәуірдің сәулет ескерткіштерінен тұрады. Византия кезеңінен қалған император сарайлары мен ғибадатханалары, қасиетті Ирина, Айя Софья мұражай ғимараты (іргетасы 325 жылы қаланған), қасиетті Килисе – Димаси (11 ғасырдың 2-жартысы) шіркеуі сақталған [7].
Сурет 15. Стамбұл қаласы ескерткіші
Сонымен қатар ортағасырлық түрік өнерінен Анадолухисары, Румелихсары (1452), Едлкуле (1457) қамалдары, Шахзаде (1548), Фатих-Исами, Баязит, Сүлейман (1550 – 57), Енисали, Ахмед (Көгілдір мешіт, 1609 – 17) мешіттері сақталған.
Қазіргі таңда мұражай саналатын Топкапы сұлтанның кешен-сарайы (15 – 19 ғасырлар), т.б. көптеген кесенелер мен фонтандар қала сәулетінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Сурет 16. Стамбұлдың көне жәдігері
Стамбұл қаласындағы Топкапы сарайы біздің саяхатымызда ерекше есімізде сақталып қалды. Түрікшеден аударғанда «топ қапы» —зеңбірек қақпасы деген мағынаны білдіреді. Фатих Сұлтан Мехмет 1453 жылы Константинопольді жаулап алғаннан кейін Осман мемлекетінің астанасын осында көшіреді. 1475-1478 жылдары өзіне резиденция ретінде осы Топкапы сарайын салғызады (сурет 17) [7].
Алғашында тек қызмет орны ретінде қолданылған Топкапы сарайы кейін І Сүлейменнің кезінде кеңейтіліп, сұлтанның гаремі де осында орналасады. Топкапы төрт ғасырдай уақыт Осман мемлекетінің жиырма бес сұлтанының резиденциясы қызметін атқарған.
Сурет 17. Топкапы сарайы
Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батыс мәдениетіне еліктеген Османның жаңашыл падишахы Абдул Мәжит резиденцияны Топкапыдан Долмабақша сарайына ауыстырады.
Жалпы Топкапы сарайы төрт бөліктен тұрады. Бірінші бөліктегі сарай бөлмелерінде сұлтанның қызметкерлері өмір сүрген. Сонымен бірге шаруашылық бөлімі орналасқан. Сарайдың екінші бөлігінде мемлекеттік қазына және сұлтанның диуан қызметі жұмыс істеген.
Ал үшінші бөлігінде сұлтанның жеке қауіпсіздік қызметі мен гаремі орныққан. Соңғы төртінші бөлігінде София мешіті мен Башлала мұнарасы және сұлтанның киім-кешектері мен жеке бұйымдарын сақтайтын бөлмелерді көруге болады.
Біз Топкапы сарайына жасаған экскурсиямызда Хақ Елшісі (с.а.у.) мен сахабалардың қару-жарақтарын, олардың пайдаланған тұрмыстық бұйымдарын көрдік. Кануни Сұлтан Селим Мысырды жаулап алып, Ислам орталығын Стамбұлға көшіргенде адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у.) мен әз сахабалардың көзі саналған жәдігерлерді де ала келеді.
Сурет 18. Топкапы сарайы жәдігері
Енді сол уақыттан бері ислами жәдігерлер осында сақтаулы. Сұлтан сарайының мәртебесі осы жәдігерлермен асқақтап келеді. Негізінен Топкапы сарайына келген туристер мен саяхатшылардың аталған ислами жәдігерлерге көбірек назар аударатынын жете аңғардық.
Келесі келбеті жоғары ғимараттардың бірі Айя София — Стамбұлдағы мұражай ғимараты. Көне сәулет өнерінің үлгісі. Iргетасы император Константиннің бұйрығымен 325 жылы қаланған. Ғимаратты 10 мың жұмыскер 5 жылда салып бітірген. Сол уақыттан бері алуан түрлі жағдайларда талай рет қирап, талай рет қалпына келтірілген [7].
Қазіргі түрі негізінен 532-37 жылдары (император Юстинианның заманында) Анфимий және Исидор атты екі сәулетшінің қолынан шыққан үлгі-нұсқадағы қалпын сақтаған. Олардың ерекше зәулім етіп салған күмбезі 20 жыл өткен соң құлап қалып 563 жылы Родос аралы топырағынан жасалған жеңіл кірпіштен жаңа күмбез орнатылыпты.
Күмбездің биіктігі — 55.6 метр, диаметрі — 31.4 метр. Күмбездіктің 40 терезесі бар. Негізгі күмбезге жанамалай жалғасқан жартылай күмбездер жүйесі ғимарат бейнесіне көкпен таласқан зәулімдік сипат береді (сурет 19).
Сурет 19. Айя София мұражайы
Айя Софья кезінде әлемнің ең үлкен ғибадатханасы болды. Түріктерге дейін Византия империясының, кейін 500 жыл бойы (1935 жылға дейін) түріктердің діни орталығы қызметін атқарды. Ол 1453 жылы мешітке айналдырылған соң, ғимараттың ішкі көрінісі қайта көркемделді. 16-18 ғасырларда мешіт мұнаралары, қосымша құрылыстар салынды. 1935 жылы Ататүрік Айя Софияны мұражайға айналдырды.
Келесі келбетті мұрадай Көгілдір мешіт немесе Сұлтанахмет мешіті – Стамбұл қаласындағы ірі және көрікті мешіттердің бірі. Мешітте 6 мұнара бар. Ислам және әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың бірі болып саналады (суреттер 20, 21).
Сурет 20. Сұлтанахмет мешіті
Мешіт Мәрмәр теңізінің жағалауындағы, көне тарихымен танымал Сұлтанахмет ауданында, Аль-Софья мешітіне қарсы орналасқан. Мешіт қала нысандарының біріне кіреді. Мешіт ЮНЕСКОНЫҢ мұралар қорына енгізілген. Ол № 356 нысан болып тіркелген [1].
Сурет 21. Көгілдір мешіт
Стамбұлға жасалған саяхатымыз Босфор бұғазына саяхатпен аяқталды. Барлығымызға түрік фильмдері арқылы белгілі Босфор көпірін тамашаладық. Босфор көпірі – өзі аттас бұғаз үстінде тұрғызылған алғашқы көпір. Стамбұл қаласының еуропалық бөлігі мен азиялық бөлігін байланыстырады. Көпір ұзындығы – 1560 метр (суреттер 22, 23) [7].
Сурет 22. Босфор көпірі
Сурет 23. Босфор бұғазына саяхат
Бізге өзіндік ерекшелігімен көзге түскен Қыз мұнарасы. Бұл кішкентай ғана арал Босфор бұғазында Стамбұлдың азиялық бөлігінде орналасқан. Мұнара Стамбұл қаласының бірден-бір негізгі нышаны. Тіпті біз күнделікті тамашалап жүрген түрік фильмдерінде осы мұнара мен оның тарихы жайлы мағлұмат алуымызға болады [8].
Мұнара құрылысы, оның тұрғызылуы жайында бірнеше пікірлер мен аңыздар айтылады. Көптеген жылдар бойы мұнара маяк, түрме, карантин изоляторы ретінде пайдаланылды. Қазіргі таңда мұнарада мейрамхана қызмет жасайды.
Кең таралған түрік аңызы жайында бояндар болсақ: Түрік сұлтаны өзінің қызын өте қатты жақсы көріпті. Күндердің күнінде түс жорушы сұлтанға қызы 18 жасқа толғанда, қайтыс болады депті. Алайда сұлтан қызын өлімге қимай, ол 18 жасқа толғанша, мұнара тұрғызуға бұйрық береді. Құрылыс аяқталған соң, қызын өлімнен құтқару үшін сол жерге көшіреді.
Сұлтан қызы 18-ге толғанда жеміске толы ыдыс сыйға тартады. Туған күн иесі сыйлықты ашқанда ішінен шыққан улы жылан қызды шағып өлтіреді. Ал басқа аңыз бойынша қыз аман қалып, улы жыланнан ханзада құтқарып алады. Бұл жерден-ақ «Қыз мұнарасы» атауы пайда болады [8].
Сурет 23. Қыз мұнарасы