Кесте. Саулықтардың шағылыстырар алдындағы тірілей салмағының қозы алу жөніндегі көрсеткіштеріне тигізетін әсері

Саулықтың шағылысар алдындағы тірілей салмағы,кг Төлдеуге саулықтар Туған қозы 100 саулыққа шаққанда Артық алынған қозы
41-45 141,9 -
46-50 153,3 +11,4
51-55 155,5 +13,6
56-60 157,7 +15,8
61-ден жоғары 155,8 +13,9

Біздің тәжірибеміз бойынша, қозыны енесінен 2,5-3 айлық кезінде бөлудің және саулықтарды күйікке әзірлеу жұмысын әдіттегіден 24-37 күн бұрын бастаудан мал қондылығының едәуір артыратындығын байқадық. Тәжірибеге алынған отардағы 799 саулықтың әр жүзіне шаққанда 152-ден қозы айналды, ал бақылаудағы отарда, яғни қозы бөлу ісін әдеттегі уақытта өткізгенде әр жүз саулықтан 113 қозыдан ғана алынады.

Қоңдылығы отардан төмен саулық тез күйлейді және аналық жыныс клеткасының ұрық қабылдау қабілеті жоғары болады. Алайда, орта және жоғары қондылықтағы саулықтарға қарағанда егіз сирек алынады. Жоғары және орташа қоңдылықтағы саулықтардың жатырындағы шырышты қабық ұрықты жақсы қабылдайды және ондағы шәует бір қалыпты дамиды. Орта қондылықтан төмен саулықтың жатырындағы ұрық буаздығының алғашқы айының ақырында-ақ өліп қалады.

Саулықтарды ұрыққа даярлау кезінде сіңімділігі жоғары, сапалы жемшөп берудің маңызы зор. Ол қойдың тұқымы мен өнімділік қасиетін арттырады. Егер жемшөп мол болып, саулықтарға құнарлы азық жеткілікті мөлшерде берілсе, онда қой ұрықтандыру науқаны сапалы аяқталып, қойдың қысыр қалуы немесе екінші рет шағылысқа түсуі азаяды. Мұның өзі қой төлдету науқаның табысты аяқтауға және алынған қозыларды аман сақтауға ықпал етеді.

Оңтүстік облыстарда қозы бөлу жұмысты тікелей жайлау төсінде жүргізіледі. Сондықтан да саулық отары қозысын бөлгеннен кейін жайлаудың шүйгін шөбіне жайылып, тез қоңданады.

Көп жылдық шөп пен жүгері егістігін шауып алғаннан кейін, сол аңызды жайылысқа тиімді пайдаланса, қойдың тез оңалуына мүмкіндік туады. Қоңдылығы төмен саулықтарға 0,3-0,5 кг мөлшерді қоспа жем берсе де артық емес. Қойларға үнемі тұз жалатып тұрудың, күніне 2 рет суарудың пайдасы да мол.

Отарларды дұрыс іріктеу – саулықтарды ұрыққа әзірлеудің екінші кезеңі. Ол үшін осы жауапты жұмысты жүргізген кезде тісі жоқ кәрі саулықтарды, төлдеген соң қозысын жарытпайды деп есептелген сыңар емшектілерін жарамсыздыққа шығару керек.

Саулықтарды көк балаусамен азықтандыру олардың төлдеу қабілетін 130-дан 160 %-ға дейін көбейтетіндігін В. П. Синеокий (1978) өз зерттеуінде айтқан болатын. Ұрықтандыруға екі ай қалғанда және оны өткізу кезінде малды көк балаусасы мол құнарлы жайылымда бағу қажет.

Қой ұрықтандыруға 1,5 ай қалғанда диагностикалық зерттеу, емдеу, қотырға қарсы тоғытудан өткізу секілді мал дәрігерлік шараларды түгелдей аяқтаған жөн. Мал дәрігерлік шараларды кешеуілдету және оған немкетті қарау қой ұрықтандыруды сапалы жүргізуге біраз кері әсерін тигізіп, малдың өнімділігін едәуір төмендетеді.

Бақылау қорытындылары көрсеткендей, ұрықтандыру науқанын кешеуілдеткен жағдайда қозы алу мөлшері 30-40 пайызға, малдың тектілік қасиеті 22-35 пайызға кеміп кетеді екен.

Емдеу-профилактикалық шараларының саулықтарды ұрықтандыруға, аталық және аналық жыныс функцияларына, ұрықтың дамуына кері әсерін тигізбеу жолдарын қараудың да маңызы зор. Мәселен, вакцинация кезінде ағзада иммунитет жедел дамып, ол әр түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресті күшейтеді де жыныс қызметін төмендетіп жібереді. Креолин мен гексахлоранның ащы иісі күйлеген саулықтарды күйттеуші қошқардың тез табуын біраз қиындатады. Р. Садықовтың мәліметіне сүйенсек, гексахлоран 30-45 күн бойы шәуеттің ұрықтандыру қабілетіне және ұрықтың өсіп-өркендеуіне әсер етеді екен. Атап айтқанда, саулықтарды гексахлоран-креолинді ваннаға тоғытқаннан соң 15-30 күнге дейін шәуеттің ұрықтандыру қабілетіне 16,5 процент мөлшерінде және ұрықтың өмір сүру қабілетіне едәуір нұқсан келтіреді.

Сондықтан да, саулықтарды ұрықтандырар алдында мал организмін жан-жақты бақылап, жыныс мүшелеріндегі физиологиялық процестерінің дамуын тексеру керек.

Демек, қойды қолдан ұрықтандыруға дер кезінде және дұрыс әзірлік жасау ұрықтың жыныс клеткаларына дұрыс түсуіне, шәуеттің бірқалыпты өсіп жетілуіне, имплантация мен қағанақтың пайда болуына, эмбриогенездің өмірге бейімделуіне, шәуеттің жақсы дамып, дені сау төл алуға негіз болады. Мұның өзі қой санын өз төлі есебінен өсіруге мүмкіндік тудырады.

Наши рекомендации