Арыз қаражатын тартудың негізгі аясы ретіндегі несие нарығы және оның даму проблемалары
Несие нарығы. Депозиттер түрінде банкке түсетін қаражаттың бір бөлігі одан ары несиелер ретінде бөлінеді. Коммерциялық банктер уақытша бос ақша қаражаттарды шоғырландыру арқылы әр түрлі мақсаттары үшін заңды және жеке тұлғаларға несие береді. Осылайша, ақшалар нарықта несиелер ретінде айналыста болады. Қарыз алушылар бұл несиелерді пайдаланғаны үшін банкке тиісті пайыздар төлейді.
Несиенің нарықтық экономикадағы рөлі аса маңызы. Ақша капиталының жинақталу ауқымының ұлғаюы — несие нарығының дамуына себепкер болады. Ссудалық капитал қозғалысының мәні төмендегідей: ақша қаражаттары түрінде жинақталған капитал тікелей ссудалық капиталға айналады. Несие нарығы экономикалык категория ретінде, оның мәнін қалыптастыратын құн қозғалысымен байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынасты білдіреді.
Несие нарығы – механизм. Оның көмегімен қаржылық қаражатқа мұқтаж шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халықтың өзара қарым-қатынасы және шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халыққа белгілі бір шарттармен қаражатты ұсынуды (қарызға беруді) жүзеге асыратын қарым-қатынас белгіленеді. Несие нарығы арқылы ақша капиталы босатылғанда ұдайы өндіріс процесіндегі экономика салалары арасында қарыз капиталының жинақталуы, бөлінуі және қайта бөлінуі жүзеге асырылады. Ол оған нарық арқылы ссудалық капитал түрінде бағытталады, содан соң несие берушіге (банктерге және басқа да қаржы-несие институттарына) қайтып оралады. Несие нарығының мәні онда қандай ақша капиталының, яғни өзіндік капиталдың немесе басқа біреудің капиталының пайдаланғанына байланысты болмайды. Дәлірек айтқанда, банкир өз ісін өзіндік капиталдың көмегімен жүргізе ме немесе өз банктегі депозитке салынған капиталдың көмегімен жүргізеді ме – мұның еш маңызы жоқ.
Несие нарығы арқылы өндіріс пен тауар айналымының өсуі, ел ішіндегі капитал қозғалысы, капитал салымындағы жинақтың трансформациялануы, ғылыми-техникалық революцияның жүзеге асуы, негізгі капиталдың жаңғыртылуы жүзеге асырылады.
Оның қаржы нарығының құрастырушысы ретіндегі маңызды рөлі ұсақ әрі бытыраңқы ақша қаражатын біріктіріп, өндіріс пен капиталды нарыққа шоғырландырып, орталықтандырылуына мүмкіндік береді. Ақша капиталы негізінен ақшалай ссудалық капитал түрінде жинақталады. Осыған байланысты алатын болсақ, жинақтаудың оқшау процесс ретінде ешқандай маңызы жоқ. Жинақтау ең алдымен өндірістің барысына ықпалын тигізгенде ғана маңызды болады. Ақша капиталын макроэкономикалық тұрғыдан жинақтау — нақты жинақтаумен өзара тығыз байланысты. Ақша капиталы негізінен, халық жинағының есебінен қалыптасатыны белгілі. Ал, олардың мөлшері елдің жалпы ұлттық өнімдерінде капитал салымының үлесін қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды.
Несие нарығының мәні мен рөлі оның функциясын анықтайды. Несие теориясында оның функциясының мазмұны мен мөлшеріне қатысты бірыңғай көзқарас жоқ. Алайда, өзінің барлық формасында несие мәні қайта бөлу функциясында, айналымның несие құралын жасаушы функциясында тұрақты түрде пайда болып отырады. Кейбір ғалымдардың теориялық тұжырымдарына сүйенсек, Қазақстанның несие нарығына тән төрт функцияны бөліп көрсетуге болады:
- несие арқылы тауар айналымына қызмет ету;
- шаруашылық жүргізуші субъектілердің, халықтың, мемлекеттің, сондай-ақ, шетелдік клиенттердің жинақтарын тарту;
- ақша қорларын тікелей ссудалық капиталда шоғырландыру және оны өндіріс процесіне қызмет көрсететін капитал салымы түрінде пайдалану;
- мемлекеттік және тұтыну шығындарын өтейтін капиталдың көздері ретінде мемлекет пен халыққа қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, аса қуатты қаржы-өнеркәсіп топтарының қалыптасуына ықпал ету.
Несие нарығы — әр түрлі қорлардың несие ресурстары мен бағалы қағаздар түрінде қалыптасқан және пайдаланылған құн қозғалысының ақшалай формасынмен органикалық байланыста болатыны белгілі. Оның деңгейімен қоғамдық ұдайы өндірісті дамытуға, оның тұтастай әлеуметтік-экономикалық қатынасқа ықпал етуіне кететін ақшалай қордың қозғалысы, мөлшері және бағыты өлшеніп, анықталады.
Несие қозғалысының заңдылығы несие нарығында пайда болатын несие беруші мен қарыз алушының арасындағы қатынасты толығырақ ұғынуымызға мүмкіндік береді.
Несие нарығының негізгі қатысушылары – несие беруші және қарыз алушы. Несие беруші (кредитор) несие мәмілесінің ссуда беретін жағы (тарап). Тауарлық өндірістің бұрынғы сатысында несие берушілердің рөлін өсімқорлар орындаған. Оның дамуына қарай ақшалай несиені берушілердің орнын банк мекемелері басты. Ал, тауарларды ссудаға беруде несие беруші ретінде тауар өндірушілер алға шықты. Несие беруші ссуда беру үшін белгілі бір қаражатқа ие болуы керек. Бұл қаражаттың көздеріне оның (несие берушінің) өз қаражаты, ресурстары, өз кезегінде ұдайы өндіріс процесінің басқа субъектілерінен қайтару негізінде қарызға алынатын қаражат жатуы мүмкін. Осы заманғы нарықтық қатынастар жағдайында несие беруші банк ссуданы тек өз ресурстарының есебінен ғана емес, сонымен бірге, өз шотында сақтаулы жатқан тартылған ресурстардың есебінен, сондай-ақ, жұмылдырылған бағалы қағаздарды орналастыру арқылы беруі мүмкін.
Қарыз алушы – несие қатынасында несие алатын әрі алған ссудасын белгіленген мерзімде қайтаруға міндетті тарап. Өсімқорлық кезеңінде несиені ұсақ шаруалар, қолөнерші-шеберлер, сондай-ақ, аса ірі жер иеленушілер немесе бай адамдар пайдаланды. Кейін банктердің пайда болуына қарай қарыз алушылардың шоғырлануы жүзеге асты. Бұл арада банк ұжымдық несие беруші ретінде алға шықты. Ссудалық мәміледе несие берушіге қарағанда қарыз алушының мынадай ерекшеліктері болды:
- ол ссудалық қаражаттың түпкілікті иесі болып табылмайды, тек оның уақытша иесі бола алады, әрі өзіне тиесілі емес бөтен ресурспен жұмыс істейді;
- қарыз алушы ссудалық қаражатты айналыс саласында да, өндіріс саласында да пайдалана алады. Несие беруші ссуданы өндіріске тікелей шықпай, ауысу фазасында (в фазе обмена) береді;
- қарыз алушы ссудалық ресурсты өз шаруашылығына пайдаланғаннан кейін қайтарады. Қарыз алушы ссуданы қайтаруы үшін ұдайы өндірістік процесті несие берушімен есеп айырысуға жеткілікті қаражатты босатып алатындай етіп ұйымдастыруы керек;
- қарыз алушы уақытша пайдалануға алған құнды ғана қайтарып қоймайды, сонымен бірге, оның ссудалық пайызын да төлейді. Бұл арада өз шарттарын алға тартатын несие берушіге қарыз алушының тәуелді болатынын естен шығармауымыз керек.
Несие беруші мен қарыз алушы несие қатынасына түсу арқылы өздерінің мақсаттары мен мүдделерінің біртұтас екенін көрсетеді. Олар несие қатынасы шеңберінде орындарын алмастыруы да мүмкін. Егер орындарын алмастыратын болса, несие беруші қарыз алушыға, ал қарыз алушы несие берушіге айналады