Ойды күйек алу науқанына даярлау және буаз саулықтарды азықтандыру

Күйек алу - қой шаруашылығында ең жауапты кезең. Төлдің көп алынуы, қойдың егіз туу осы кезден басталмақ. Сондықтан да бұл науқанға мұқият әзірленіп, оны үлгілі өткізуге айрықша көңіл бөлу керек. Күйек алу науқанының басталуына ай қалғанда қозыларынан айрылған, саулықтардан арнайы отарлар құрады. Саулықтардың бағымы мен күтімін жақсартып, олардың ұрықтандырар алдында түгелдей қоңды болуына ерекше назар аударылады. Арық, ауру малды бөліп алып, жеке бағады, қосымша азық береді.

Ұрықтандыруға жіберілетін саулықтар арық болса, олардың көпшілігі қашпай қалады, қашқанның өзінде организмге қоректік заттардың жетіспеуінен аналық клетканың өміршеңдігі нашарлайды, ұрықтанған жасушалардың өзі өсу кезеңінде құрып кететіні байқалады.

Әдетте тәжірибелі қой өсірушілер күйек алар алдында және күйек науқаны кезінде саулықтарды шөбі мол, бұрын мал жайылмаған өрістерде бағады. Ол үшін күйек алу науқаны басталғанша ұрықтандыру пунктерінің маңайында орналасқан жайылымдарды малға таптатпай, сақтап тұру қажет. Егер жайылым шөбі жетіспесе, арнайы қосымша азық беру керек. Саулықтарды бағып-күту, азықтандыру ісін жақсарта түсу жолымен қой өнімділігін, демек тауарлы өнімнің мөлшерін арттыра түсуге болатынын зоотехниялық ғылым мен озық шаруашылықтардың және өсіру шеберлерінің тәжірибелері көрсетіп отыр.

Жалпы алғанда саулық азықтандырып, күтіп-бағу тәжірибесінде алға қойылатын басты мәселелер мыналар:

а) әр саулықтан дені сау, жақсы жетілген қозылар алу;

б) саулықтардың сүттілігін арттырып, қозыларын жарыта алатын дәрежеге жеткізу;

в) әр саулықтан сапалы мол жүн алу.

Саулықтарды азықтандыру нормасын анықтағанда, олардың қоңдылығын, жасы, салмағы және организмнің физиологиялық күйі ескереледі. Мысалы, буаздығының бірінші жартысындағымен салыстырғанда екінші жартысында қойға азықты көбірек беру керек, сол сияқты қозысын емізетін саулықтардың да азыққа деген қажеттілігі буаз қойға қарағанда біршама көтеріңкі болуы керек.

Егер саулық арық болса, оның буаздығының бірінші жартысындағы рационның мөлшерін 0,2-0,3 азық өлшеміне дейін көбейтіп, қоңдылығы орташа дәрежеге жеткенше азайтпау керек. Сол сияқты жас, алғаш рет қашырылған тұсақ қойдың рационындағы азық өлшемін сақа саулықтармен салыстырғанда 15-20% жоғарылатқан жөн.

Ауа райы суық солтүстік аймақта орналасқан шаруашылықтардың қойлары үшін келтірілген нормамен 10-15% арттыру керек.

Азық нормалары сапасы жақсы, тауысып желінетін азықтарға есептелінеді. Азық рациондарын жасағанда жемшөптің нақтылы желінетін мөлшерін ескеру қажет. Буаздығының бірінші жартысында қой организімінде зат алмасу процесі онша жоғары емес, сондықтан буаздығының екінші жартысындағымен салыстырғанда олардың қоректік заттарға деген мұқтаждығы әлдеқайда төмен. А.В. Модяновтың мәліметтеріне қарағанда, қой буаздығының екінші жартысында қоректік заттарды көбірек жұмсайды, организмнің негізгі қызметіне жұмсалатын азық өлшемінің мөлшері 30-40%, қорытылатын протеин 40-50%, кальций мен фосфор екі есе арттырылады.

Саулық буаздығының бірінші жартысына арналған рациондары: 1,24-1,35 азық өлшемі, 130-140 г қорытылатын протейн, 9,0-11,0 г кальций, 3,5-4,6 г фосфор бар. Ал екінші жартысындағы рациондарда - 1,60-1,70 азық өлшемі, 160-175 г қорытылатын протейн, 10-12 г кальций, 4,5-5,0 г фосфор бар.

Буаздығының бірінші жартысында эмбрионның салмағы өте аз, сондықтан бұл кезде саулықты мол азықтандырмай-ақ, жемшөпті норма бойынша берген дұрыс. Ал буаздығының соңғы екі айында іштегі төлдің өсуі жеделдейді, тууға жақындаған сайын салмағы арта түседі. Буаздығының төртінші айында құрсақтағы төлдің тәулігіне қосатын орташа салмағы 40-50 грамнан аспайтын болса, бесінші айда 120-150 грамға жетеді. Тууына 10-15 күн қалғанда тәулігіне қосатын салмағы бұдан да жоғарылай түседі. Саулық ағзасындағы зат алмасу процесі буаздығының соңғы айларында жеделдейді, сондықтан бұл кезде оған қосымша азық беріп, қоздауға жақындаған сайын оның мөлшерін көбейте түсу керек. Ең алдымен белокты қоспалар мен минералды заттарын, әсіресе фосфор мен кальцийді көбірек берген жөн.

Қойды жаппай қоздауына шамамен 15-20 күн қалғанда тәжірибелі шопандар, денесі ауыр, егіз туады-ау деген саулықтарды отардан бөліп алып, жеке топқа бағып-күтеді. Оларға берілетін сүрлемнің мөлшерін азайтады, сапасы жақсы, мүмкіндігінше бұршақ тұқымдастар шөбін және мал басына тәулігіне 0,4-0,5 кг жем береді, өйткені бұл кезде тек ірі азықпен саулықтардың қоректік заттарға деген мұқтаждығын қанағаттандыру мүмкін емес.

Саулықтар мен төл азығында кальций мен фосфор сияқты минерал заттары болмаса, қозылардың сүйегі жұмсарып, яғни қисайып, рахит ауруына ұшырайды. Буаз қой әлсіз қозы туады. Ал қойға құнарлы азық беріліп отырса, олардың күйі де, өнімі де артады, түрлі ауруға да онша шалдықпайды. Құнарлы азықта, сапалы, дер кезінде жиналған пішенде мал ағзасына пайдалы белок, дәрумен, минерал заттары, микроэлементтер жеткілікті болуын көздеу керек.

Наши рекомендации