Саяси процесс ұғымы және оның мәні
«Саяси процесс» ұғымы барлық қоғамдық ғылымдарда кеңінен қолданылады. Бұл ұғымның мәнін анықтау үшін, жалпы «процесс» терминінің мәнін айқындаудан бастау керек. «Процесс» термині латынның жалғасы, қозғау сөзінен шыққан, ол: біріншіден, өзінің бағыты бар белгілі бір қозғалысты, қозғалыстың қайсыбір барысын, ретін, дамуын; екіншіден, жәй-күйдің, сатының, эволюцияның табандылықпен ауысуын; үшіншіден, белгілі бір нәтижеге жету үшін табанды қимыл-әрекеттердің жиынтығын білдіреді. Демек, «процесс» терминінің әмбебаптық сипаты бар, өйткені ол табиғат пен қоғамның шынайы және тұрақты қалпын көрсетеді.
Саяси процесс бүкіл саясат субъектілердің қызметтерінің жиынтығы іспетті, соның негізінде белгілі бір уақыт және кеңістік шеңберінде қоғамның саяси жүйесінің қалыптасуы, дамуы және өмір сүруі іске асады. Сонымен бірге «саяси процесс» ұғымы саяси өмірдің барлық құбылыстарын: мемлекет қызметін және оның жекелеген саяси субъектілерінің қызметін, саяси мәдениеттегі өзгерістерді, саяси санадағы, психологиядағы, адамдардың жүріс-тұрысындағы және т.б. өзгерістерді мейлінше қамтиды.
Осымен байланысты, ғылыми әдебиеттерде «саяси процесс» ұғымына анықтама беруде әр түрлі көзқарастың барлығын айтқан жөн. Бірінші көзқарастағылар, саяси процесс деп саясатта болып жатқанның бәрін түсіндіреді. Екінші біреулері, бұл ұғымды «саясат» категориясымен ұқсастықта қолданады. Үшінші концепцияны ұстаушылар, «саяси процесс» ұғымы қоғамның саяси жүйесі қалпының ауысуын түсіндіруші ретінде пайымдайды.
«Саяси процесс» ұғымы ең алдымен, өзіндік ерекше мақсаттары мен функцияларын іске асыруда индивидтер, топтар, билік институттары бір-бірімен және мемлекетпен қалайша өзара әрекет ететінін ашады. Бұл мәселеде саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесінеде назар аударылады, саяси процесті тек саяси күрес тұрғысынан қараумен қатар, әлеуметтік және саяси құрылымдар мен қатынастардың өзара әрекетін сараптау деңгейінде пайымдалады.
Саяси процестің әлеуметтанулық түсіндірмесі американдық саясаттануда кеңінен тараған. Онда саяси процесс әлеуметтік процестер мен саяси рөлдер мен функцияларды жүзеге асыру негізінде саяси билікті алып жүрушілердің арасындағы өзара әрекет тұрғысынан суреттеледі.
Көбіне-көп саяси процесті саяси жүйенің қалыптасуымен, өзгеріске түсуімен, қайта құруымен және өмір сүруімен байланысқан барлық субъектілер қызметінің жиынтығы ретінде түсіндірілетінін атап өткен жөн.
Саяси процестің мұндай түсіндірмесі осы процесті оған қатысушылардың бүкіл саяси маңызды әрекеттерінің шексіз жиынтығын қалыптастырады деген идеяға негізделген. Демек, бұл саяси құбылыстың қозғалысын, динамикасын, эволюциясын, олардың уақыт пен кеңістіктегі жай-күйінің нақты өзгерістерін ашады.
Уақытша параметрлер саяси процестің белгілі бір циклдары іспетті, оның әрқайсысы элементтер мен байланыс бөліктерін ұдайы өндіріп отырады. Саяси жүйе өзін-өзі өндіруші циклін аяқтағаннан кейін ғана толық айқындалатын болады. Мысалы, қайсыбір демократиялық саяси жүйені бір сайлаудан келесі сайлауға жеткенде ғана оны аяқталған жүйе деп қарастыруға болады.
Кеңістіктегі параметрлер географиялық факторлармен және саяси процесс пен оның элементтері, элементтер аралық байланыстар сипаты орнаған орта ретінде саяси жүйемен қамтамасыз етіледі. Саяси процесс қоғамның саяси жүйесі шеңберінде, сол елдің шеңберінде, сонымен қатар аймақтық және жаһандық көлемде өрістейді. Ол мемлекеттік деңгейде, әкімшілік-аумақтық аудандарда, қала мен деревняда, ауылда, әр түрлі ұлттардың, топтардың, әлеуметтік-демографиялық топтардың, еңбек ұжымдарының, қайсыбір саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың ішінде өтеді.
Осымен байланысты саяси процесті қоғамның саяси өмірінде орын алған бірін-бірі табанды ауыстыратын өзара байланысқан құбылыстар мен оқиғалардың бүкіл жиынтығы деп айтқан жөн. Саяси процесте алуан түрлі факторлар өзара әрекетке түседі, соның нәтижесінде саяси салада өзгеріс болумен қатар қайта құрулар да жүреді. Ол құқық нормаларымен (ең алдымен конституциялық) және алуан түрлі құқықтық емес жазба және жазылмаған нормалармен (партиялардың, қайсыбір қоғамдық бірлестіктердің жарғылары және басқа да құжаттары, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, этикалық-моральдық нормалар және т.б.) реттеледі, ал кей уақытта, тіпті, жалпы алғанда ештеңемен реттелмейді, кездейсоқ жүреді.
Саяси процестің өзіндік құрылымы бар. Саяси процестің құрылымы: саясат субъектілерінен, билік ресурстарынан, құралдардан, оларды қолданудың формалары мен әдістерінен, аралық әрі түпкі мақсаттар мен міндеттерден құрылады. Сонымен қатар, саяси процесс макрожүйедегі, микрожүйедегі өзгерістерді қамтитын уақыт пен қарқыны бойынша көп үйлеспейтін нақты жергілікті-локальды бағыттардан да тұрады.
Саясаттың кез-келген субъектісі (партия, қозғалыс, әлеуметтік топ және басқалар) өздерінің саяси процеске қатысуын белгілі бір принциптер негізінде ұйымдастырады. Олар әр түрлі болуы мүмкін, бірақ құқықтық мемлекетте оларды заңдылық критерийлері-өлшемі мен құқық нормаларына сәйкестік біріктіреді.
Саяси процестің ресурстары болып оның идеялық және материалдық негіздері: ғылым, білім, техникалық және қаржы құрамдары, бұқараның, процеске қатысушылардың көңіл күйі, олардың идеологиясы, қоғамдық ортаның қалпы және басқа да факторлар қызмет атқара алады.
Саяси процестің өзіндік мазмұнды, ерекшелікті белгілерді және даму заңдылықтарды иеленуі оның алуан түрлілігін көруге мүмкіндік береді. Сонымен саяси процестің алуан түрлі болуы қоғамның саяси саласының өмір сүру формасы қызметін атқарады[92]. Солай болған соң қоғамның саяси өмірі әр түрлі саяси процестерде өзін білдіреді.
Саяси процестердің өзіндік ерекшеліктерін біртұтас жүйе ретінде зерттеу мүмкін еместігімен де бұл үрдіс айрықшаланады. Саяси процестер жиынтығында жалпы және жеке саналатын екі топ көзге түседі. Бұл топтардың саяси процестері қоғамдық өмірді қамту мөлшерімен қатар мазмұнымен, жүру формаларымен және нәтижелерімен өзгешеленеді. Сондықтан оны қарастыру жалпы және жеке саяси процестерді бөліп зерттеуді ұйымдастыруды қажетсінеді. Алайда, процестердің осы екі тобы бір-бірімен тығыз байланысқан. Сонымен бірге, жеке саяси процестер жалпы саяси процестің мазмұнына, формаларына және жүру жылдамдығына маңызды ықпал ете алады.
Сонымен жалпы саяси процесс жекелеген процестердің қарапайым ғана жиынтығы емес. Ол жеке процестерден өзінің көлемі, мазмұны жағынан ерекшеленумен қатар формаларымен де өзгешеленеді. Жалпы саяси процесс эволюция, революция, дағдарыс сияқты белгiлі үш формада жүреді.
Жалпы саяси процестің бүкіл қоғамды қамтитынын және оның саяси жүйесін мәнді өзгеріске түсіретінін немесе қалыпты күйін тіптен ауыстырып жіберетінін атаған жөн. Ал, жеке саяси процестердің жалпы саяси процестен айырмашылығына келсек, оның саяси өмірдің жекелеген жақтарын қамтуында жатқандығында деп түсінуіміз керек. Сонымен бірге жеке саяси процестер жалпы саяси процестен өзінің құрылымымен, сипаттамасымен, даму кезеңдерімен де ерекшеленеді.
Жеке саяси процестер – бұл әр түрлі, қоғамның саяси жүйесінің жай-күйіне жалпы тиіспей, белгілі бір саяси мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған қоғамның саяси белсенділігінің көптеген ерекше формалары. Соған сәйкес жеке саяси процестер билік өкілдерінің өздерінің міндеттерін тікелей атқару барысында (әсіресе қоғамды басқаруда) көрінеді. Бұл процестер сонымен қатар әр түрлі саяси партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың және жекелеген азаматтардың өздерінің саяси мүдделерін (мысалы, сайлауға, референдумдарға, митингтерге, көше шерулеріне қатысуы) түрлі жолдармен іске асуын бейнелейді. Жеке саяси процестерге басқару шешімдерін қабылдау мен жүзеге асырудың түрлі формалары жатады. Жеке саяси процестердің көптігіне және әр түрлігіне қарамастан, оларды жүзеге асыру қоғамның саяси жүйесін мәнді өзгерістерге түсіре алмайды. Мысалы, тоталитаризмді демократиялық саяси режиммен алмастыруға немесе монархияны республикамен және басқаларын
ауыстыруға әкеп соқпайды.
Саяси процесс әрқашанда салыстырмалы тұрғыда өз бетіншілігімен ерекшеленеді, бірақ, түптеп келгенде, ол экономикалық құрылыммен, мемлекеттік кұрылыспен, қоғамдағы әлеуметтік-саясиқатынастардың сипатымен детерминдірілген.
Қазіргі саяси процеске кейбір ортақ міндеттер тән олар әр түрлі тарихи жағдайларда және елдерде түрліше шешіледі, сонымен қатар оның субъектілерінің қайсыбір қызметтерінің жүзеге асу сатыларында өз шешімін табады.
Қазақстандағы саяси процесс тарихи дамудың, мәдениеттің, салт-дәстүрдің, діни ортаның, оны мекендеген этностардың психологиялық құрылым ерекшеліктері негізінде әрекет ететін әлеуметтік субъектілердің, билікті алып жүрушілер мен институттардың өзара әрекеті болып көрінеді. Қазақстандық саяси процесте ескімен қатар жаңа құбылыстар, объективті және субъективті факторлар көрініс тапқан. Олар бір-бірімен қабысып, қалыптасу үстіндегі демократиялық қатынастардың пісіп, жетілмегендігін дәлелдеп отыр. Сондықтан Қазақстандағы саяси процесс қарама-қайшылықта және әр тараптылықта дамуда.
Қазақстанда мына бір құбылыстар: басқарудағы дәстүрлі әлеуметтік институттар мен құрылымдардың ыдырауы; әлеуметтік бағытынан айырылу, адамгершілік құндылықтар мен рухаии идеяларды жоғалту; халықтың басым көпшілігінің маргиналдануы; қоғамдық қатынастардың қылмыстандырылуы; өткен тарихтың бұрмалануы; мемлекеттік билік органдарының беделін түсіру; билеуші элитаның қолына саяси билік пен ресурстардың аса көп шоғырлануы ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, мейлінше негізделген және аса ұтымды саяси және құқықтық шешімдер қабылдау меноны жүзеге асырудың арасында алшақтық байқалады. Бұл келеңсіздік сәйкестігі бар құқықтық механизмдердің жоқтығымен әрі саяси құқықтық мәдениеттің төмен болуымен түсіндіріледі. Қазақстандағы саяси процестің ерекшелігі, менің ойымша, саяси рөлдер мен функцияларды жүзеге асыру айырмашылығымен, олардың белгілі бір билік институттарының қолына шоғырланып, бекітіліп берумен де байланысты. Қазақстан қоғамында рөлдерді бөлу және оларды іске асыру механизмдері демократиялық қоғамдарда стандарттардан қабылданған жәнесаяси өзгерістер логикасын анықтайтын ұстанымдардан өзгешелігінің бар екені анық байқалады. Бұл Қазақстанның әлеуметтік эволюция механизмінде саяси факторлардың басым болуымен, онда жетілген азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға кедергі келтірумен бірге саяси және саяси емес салалар арасында нақтылы шек қоюға жол бермеуімен байланысты.
Осыған орай қазіргі Қазақстандағы саяси процестерге талдау жасау көбіне-көп келесі ұйымдық шарттарды сақтаумен байланысты болмақ. Олар: реформалық үрдісті ақпаратпен қамтамасыз ету, онсыз жаңаша қараудың әлеуметтік салдарын болжамдау, қол жеткен табысты бағалау мүмкін емес; реформаның жекелеген бағыттарына басымдық беру, заңдық, ұйымдық және басқа да шараларды күшейту, оларды іске асырудың шынайы перспективаларын есепке алып, табанды түрде жүзеге асыру; әлеуметтану мониторингын ұйымдастыру, реформаның нәтижесін қадағалап, оған баға беру; ағарту жұмысының мақсатты бағытталуы; саяси қатысудың әр түрлі формаларының тиімділігін зерттеу.
Саясатқа қатысу саяси процестің мәнін ашатын маңызды элемент болып табылады[93]. Саяси процеске қатысушылар, оның әрекет етуші адамдары мен күштері болып жеке азаматтар, олардың саяси және қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері, әлеуметтік-таптық, этникалық және басқа да адамдар қауымдастықтары есептеледі. Саяси процеске әрбір қатысушының, яғни оның субъектісінің, өзіндік стратегиялық және тактикалық мақсаттары мен міндеттері болады. Олар саяси күштердің қызметінің формаларын, мазмұнын, әдістерін анықтайды, олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың сипатын және т.б. белгілейді. Алайда, түптеп келгенде, бәрі бәз-баяғы саяси билік туралы мәселеге келіп тіреледі, ең алдымен оның мемлекеттік формасына байланысты болады. Саяси процеске қатысушылардың біреулері үшін мақсат тек билікті иелену болса, басқалары үшін – оны уысында ұстап қалу және пайдалану. Осыған байланысты саяси процесс субъектілерінің арасында қарым-қатынас қалыптасады. Мұндай қарым-қатынастар ынтымақтастық, бәсекелесу, күрес, шиеленіс, антогонизм, келісімге келу және т.б. сипатта болуы мүмкін.
Саясатқа қатысу әр түрлі формада, әр деңгейлі қарқынмен, әлеуметтік және аумақтық түзілімдердің көлемінің әр түрлілігіне қарай жүзеге асады.
Индивидтердің мемлекеттік істерге және басқа да саяси институттарға ерікті қатысуы жоғары деңгейдегі жалпы және саяси білімге негізделген, қатысушылардың белгілі бір әлеуметтік – адамгершілік бағыт-бағдарларының болуына, олардың құқық пен заңға ниеті түзу қатынасына негізделген саналы саяси қызметті қамтиды.
Ерікті саяси қатысудың белсенді формасы өкілетті билік органдарындағы депутаттардың, саяси партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар функционерлерінің, саяси кампаниялар мен акцияларды (сайлау, референдум және т.б.) ұйымдастырушылар қызметінен тұрады.
Ерікті саяси қатысудың енжер формасы тек қана сайлау кезіндегі сайлау туралы, референдумдар жөнінде қоғамдық пікірлерді сұрастыруға қатысуды қамтиды.
Саясатқа күштеп қатысу милитаризацияланған мемлекеттік құрылым қызметкерлері үшін, қатаң орталықтандырылған және тәртіптелген саяси партиялар мен ұйымдар мүшелері үшін тән болып табылады.
Аумақтық таралу саласы бойынша саясатқа қатысу жалпы ұлттық, жергілікті және локальды сипатта болуы ықтимал.
Саясатқа қатысуды қарқындылығы мен бірізділігі тұрғысынан тұрақты (партияға мүшелік, саяси ұйымдардағы жұмыс), эпизодтық немесе ұдайы, үнемі (сайлауларға қатысу) және бір жолға (конституция қабылдау жөніндегі референдумға қатысу) саяси қатысу деп ажыратылады.
Сөйтіп, саяси процестің мәнді ерекшелігін, оны жеке зерттеу қажеттілігін, саяси процестің дамуы, саяси жүйенің қалпы, құрылысы және оның формаларының әлеуметтік ортамен өзара әрекеті ғана анықтап қоймайды, сонымен қатар субъективті және объективті факторлардың билік жүйесіне қатынасына қарай көптеген сыртқы алғы шарттар да белгілейді. Саяси процесс – бұл заңмен кепілдік берілген және шынайы саяси қатынастар динамикасына қосылған саяси субъектілер қызметі түрлерінің жиынтығы. Олар билікті қоғамда қолдануға бағытталған саяси жүйенің бүкіл даму және өмір сүру сатыларын қамтыған. Енді саяси процестің негізгі сатыларын қарастырамыз.