Оғамның саяси жүйесінің түрлері және оларды жіктеу 1 страница
Бір-бірінен объективті және заңды түрде қалыптасқан мәдени және әлеуметтік-тарихи ерекшеліктерімен ерекшелінетін қоғамның саяси жүйелерінің әр түрлі формалары өмір сүреді. Бұлардың қай-қайсысында өзіндік ерекшеліктері бола тұра, олардың барлығына тән белгілі бір ортақ белгілер, сипаттамалар болады. Мұның өзі барлық саяси жүйелерді бөлуге, немесе жекелеген саяси жүйелерді сол және басқа да принциптер мен критерийлер негізінде белгілі бір топтарга біріктіруге мүмкіндік береді. Қоғамның саяси жүйелерін типтендіруде (түрге бөлуге) әр түрлі қырынан және критерийлер тұрғысынан келуге болады, бұл әр түрлі негіздерге сүйене жасалынатындықтан ол көп қырлылығымен ерекшелінеді[57].
Қоғамдық құрылыстың сипаты, саяси режим, мемлекеттік форма, қоғамның экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік даму тенденциясы, азаматтардың құқығы мен бостандығын жүзеге асырудың әдістері мен мүмкіндіктері, плюрализм, азаматтық қоғамның орнығуы немесе болмауы, саяси мәдениеттің деңгейі және тағы басқа факторлар қоғамның саяси жүйелерін жіктеудің көпшілік мақұлдаған негізгі критерийлері болып табылады. XX ғасырдың бас кезінде қоғамның саяси жүйелерін типтендіруде қоғамдық құрылымды талдаудың бір-біріне қарсы маркстік және веберлік дәстүрлері көрініс берді. Саяси жүйені талдауға маркстік тұрғыдан келудің мәні қоғамның саяси жүйесінің қызметі мен оның дамуында таптық факторларды абсолюттендіруге келіп саяды. Саяси жүйелер, ең алдымен, олар қай таптың саяси мүддесін білдіргендігіне, әлеуметтік-экономикалық құрылымның сипатына және қоғамдық-экономикалық формацияның түріне байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес қоғамның саяси жүйелері құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік болып бөлініп отырады. Саяси жүйелерді бұлай типтендірудің басты ерекшелігі бөліп көрсетілген осы түрлердің бір-біріне қасарысқан қарама-қарсылығында болып отыр.
Саяси жүйелерді типтендіру негізі қоғамның саяси жүйелері қызметінің формасы мен әдістері болуы да мүмкін екендігін айтқан жөн. Мұндай талдаудың негізін М.Вебер қалаған. Ол саяси жүйелердің түрлерін экономикалық детерминдеуге қарсы болды.
Қоғамды экономикалық құрылымға таңып, байлап қою әсте де дұрыс емес, мұндай жағдайда бір типті базисте неліктен әр түрлі саяси жүйелер пайда болатынына түсінік беру қиын. Оның көзқарасы бойынша, ең бастысы – дәуірдің әлеуметтік сипатымен, азаматтық коғамның даму деңгейімен, бұқараның күткен талаптарымен, билікті негіздеу әдістерімен, элитаның іске икемділігімен анықталатын билік жүргізудің детерминденген әдісі болып табылады.
Заңдылығына және билік етудің үлгісіне қарай бағдар ұстауға байланысты саяси жүйелер дәстүрлі, харизматикалық, рационалды болып бөлінеді. Бұл мәселелерді зерттеуге Вебер тұрғысынан келу саяси жүйелерді типтендірудің осы заманғы дамуына үлкен ықпалын тигізді.
Американдық саясаттанушы Г.Алмондттың саяси жүйелерді жіктеуі де кеңінен тараған әдістердің бірінен саналады. Ол оларды саяси мәдениеттің үлгісі және саяси процеске қатысушылардың өзара ішінде саяси рөлдерін бөліп көрсету бойынша ажыратуды ұсынды. Г.Алмонд саяси жүйелердің ағылшындық-американдық, континентальды-еуропалық, индустриалдыға дейінгі немесе ішінара индустриалдық және тоталитарлық деп аталатын төрт түрлі үлгісін бөліп көрсетеді.
Ағылшындық-американдық саяси жүйе (АҚШ, Ұлыбритания) үшін саяси процеске қатысушылардың; мемлекет, партиялар, мүдделі топтар т.б. арасында саяси рөлдер мен қызмет бөлісудің жоғары деңгейде жүргізілуі тән. Бұл жүйе гомогендік және плюралистік саяси мәдениеттің болуымен сипатталады. Саяси процестің көптеген субъектілері саяси жүйе құрылымының негізгі принциптерімен, көпшілік мақұлдаған нормалармен және құндылықтарымен келісетіндіктен де оны гомогенді деп айтуға болады. Саяси мәдениет адамның бас бостандығы мен қауіпсіздігі идеясына, барлық мүдделер мен позициялардың заңдылығына негізделген, бұл екеуінің арасында толеранттылық басым мәнге ие, ол қоғам мен элитаның тығыз одағы болуына, нақты саяси бағытты ұстануға жағдай жасайды. Саяси партиялар, мүдделі топтар, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты өзіндік рөлі бар құрылымдар бостандықтың дәмін татып жүргені сөзсіз.
Әрбір жеке индивид бір мезгілде бір-бірімен араласып, қабысып кеткен көптеген топтардың құрамына кіруі де мүмкін. Саяси жүйенің осынау түріне асқан ұйымшылдық, жоғары деңгейдегі тұрақтылық, ұтымды әрекет, оның әр түрлі элементтерінің қызметін дамыту мен олардың арасындағы билік бөлісу сияқты сипаттар тән. Ағылшындық-американдық саяси жүйе мен мәдениет сондай-ақ антиэтатизмге, эгалитаризмге, және дарашылдыққа негізделген. Континенталды-еуропалық саяси жүйе (Франция, Германия, Италия және Батыс Еуропадағы басқа да елдер) өзінде ескі және жаңа саяси мәдениетті топтастырады. Сонымен бірге ол тұтас алғанда жалпы базасы бар саяси мәдениеттің фрагменттігімен ерекшеленеді. Ол үшін ескі және жаңа мәдениеттің қатар өмір сүруі сипатты нәрсе, ал қоғам бір-біріне сай келмейтін, қарама-қарсы құндылықтарымен, идеалдарымен, бағдарларымен, мінез-құлық нормаларымен, стереотиптерімен ерекшеленетін көптеген мәдениеттерге бөлінген. Мүдделі топтардың, партиялардың т.б., халықтың қажеті мен талабын саяси альтернативаға ұластыру мүмкіндігі шектелген, бірақ, басқа әлеуметтік ұйымдардың (мәселен, діни, үлттық және т.б.) күш-жігері мен мүмкіндігі әр түрлі негіздік мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылықты үдете түседі. Алайда саяси жүйеде негіздік субмәдениеттер арасында болатын қарама-қайшылықтар ортақ мәдени негіз – либеральдық құндылықтар бар болғандары да қоғамдық келісімге қол жеткізуге бөгет бола алмайды.
Индустриалдыға дейінгі немесе ішінара индустриалдық саяси жүйе аралас саяси мәдениетті бағдарда ұстайды. Бұл жүйеде қарама-қарсы бағыттағы саяси бағдарлар бар және жүйе қызметі ешқандай шектелмеген. Индустриалдыға дейінгі және ішінара индустриалдық саяси жүйелердің аралас саяси мәдениеті негіздік жергілікті саяси субмәдениеттен құралады, онын негізінде ағайындық рулардан қауымдастардың және тайпалардың құндылықтары жатыр. Соған қарамастан мұндай саяси мәдениеттің қалыптасу жағдайларының өзі қасиетті деп саналатын әдет-ғұрыптардың, дәстүрлердің, байланыстардың бұзылуымен, тұрақсыздықтың өсуін сезінумен бірге жүріп отырады. Тәртіптілік пен қорғаныш іздеген адамдар харизматикалық лидерге өтінішпен барады. Коммуникация және үйлестіру тұрғысынан келгенде бұл процестер қоғамдағы қарым-катынасты қиындата түседі. Осы үлгідегі саяси жүйеге билікті бөлуді көмескі жүргізу, бостандықты шектеу, зорлық-зомбылықты қолдану тән болмақ. Мұнда күш қолданбай келісім мен ымыраға келу іс жүзінде мүмкін емес. Күш қолдану жолымен қоғамды интеграциялау билікті шоғырландыруға әкеледі.
Тоталитарлық үлгідегі саяси жүйеде саяси мәдениеттің тоталитарлық сипатын танытатын саяси белсенділіктің мәжбүр етуші үлгісі орнығып, бекиді. Тоталитарлық саяси жүйе қатаң орталықтаңдырылуымен және ортақ билік жүргізу орталығының бақылауында болуымен сипатталады. Саяси істерге қатысу және демократиялық процедуралар формалды түрде ғана болады. Билік монополиялық билік жүргізуші партиялардың, не әлдебір топтардың және бюрократтық аппараттың қолына шоғырланады. Партия коғам мен жеке адамның тіршілік әрекетінің барлық қырын бақылайтыны белгілі. Әлеуметтік- мәдени өрісте таптық, ұлттық немесе діни құндылықтарға басымдық беріледі және бұл қоғамның барлық саяси жүйесіне міндеттелінеді.
Француз саясаттанушысы Ж.Блонделяның саяси жүйелерді жіктеуі кеңінен танымал болып отыр. Ол саяси жүйелерді басқарудың мазмұны мен формасы бойынша танып-білуді ұсынады және оны бес түрлі үлгіге: либералдық, радикалды-авторитарлық немесе коммунистік, дәстүрлілік, популистік және авторитарлық-консервативтік деп бөледі. Либералдық саяси жүйе – бұл дарашылдық, бостандық пен жауапкершілік құндылықтарына бағдарланған саяси шешімдер қабылдау болып табылады. Радикалдық-авторитарлық (коммунистік) саяси жүйе теңдік пен әлеуметтік әділеттілік құндылықтарына бағдар ұстайды. Дәстүрлі саяси жүйе – бұл олигархтар басқаратын саяси жүйе, оларға консерватизм әдісі тән және ол экономикалық-әлеуметтік игіліктердің, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебелердің тең бөлінбеуіне бағыт-бағдар ұстайды.
Популистік саяси жүйе – бұл дамушы елдерде өзінің авторитарлық әдістері жөне игіліктерді бөлуде теңдікке көбірек ие болуға бағытталған басқару тәсілдері арқылы басымдыққа ие болып отырған саяси жүйе. Ал, авторитарлық-консервативтік саяси жүйе – бұл әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктің сақталуын және халықтың саяси істерге қатысуын шектеуді көздейтін саяси жүйе.
Саяси жүйелерді Ресей саясаттанушысы В.Е.Чиркиннің жіктеуі де қызғылықты. Ол саяси жүйенің командалық, жарыспалылық және әлеуметтік бітімгершілік секілді үш басты үлгісін бөліп көрсетеді. Командалық саяси жүйе көне заманнан бері белгілі. Оның басты белгілері: әкімшілік, мәжбүр етушілік. Соңғысы әр түрлі формада, соның ішінде салыстырмалы түрде жұмсақ формада жүзеге асырылуы мүмкін. Жарыспалылық саяси жүйенің басты көрсеткіші – бұл әр түрлі күштердің саяси күресі, олардың саяси процестегі еркін бәсекелестігі болып табылады. Әлеуметтік бітімгершілік саяси жүйе ымыралық және консенсустік ізденістерімен сипатталады. Осы үш жүйенің тиімділігі жөнінде әңгімелей келе, В.Е.Чиркин оларды қоғамдық прогресс, әлеуметтік әділеттілік, демократия, жеке адамның жан-жақты дамуы ретіндегі индикаторлар тұрғысынан бағалауды ұсынады. Осыларға сәйкес командалық саяси жүйе де белгілі бір аралық нәтижелерге жету үшін (Чили, Бразилия, Оңтүстік Корея, Тайвань және т.б.) сондай жағымды сипатқа ие болуы мүмкін. Жарыспалы саяси жүйе әлеуметтік прогресс, демократия және адам құқығы бойынша бірқатар жағымды сипаттарға ие, бірақ әлеуметтік әділеттілік мәселелері бойынша ондай табысқа жете алмай отыр, және де бұл тек тұрақтылығы бір қалыпты қоғам жағдайында мүмкін болмақ. Әлеуметтік бітімгершілік саяси жүйе (Солтүстік Еуропа елдері) салықты көп төлету арқылы ұлттық байлықты қайта бөлу жолымен қол жеткізілген экономиканы дамытудың жоғарғы деңгейі жағдайында тиімді болмақ.
Саясаттануда саяси билікті жүзеге асырудың құралдары мен әдіс-тәсілдерін, қоғамдағы саяси бостандық дәрежесін, жеке адамның құқықтық жағдайын, тоталитарлықтың және демократияның принциптерін ұштастыру формасын талдау негізінде саяси жүйені жіктеу кеңінен белгілі болып отыр. Әдетте оның шеңберінде саяси жүйенің үш түрлі үлгісі: тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық үлгілері бөліп көрсетіледі. Кейде оларға саяси жүйенің либералдық үлгісі де қосылып жатады.
Тоталитарлық саяси жүйе үшін қоғамдық өмірдің барлық саласына мемлекеттің қатаң бақылауы тән, бұған жеке адамның құқы мен бостандығын белгілі бір дәрежеде шектеу немесе жоққа шығару, жасырын оппозицияның болмауы, билік бөлісуді іс жүзінде жою, қоғамды жалпыға бірдей идеологияландыру, билікті орталықтандыруды қатаң жүргізу, жекенің инициативасын радикалды шектеу, оның барлық саяси проблемаларды шешуге мемлекеттік машинаның алдында толығымен тәуелсіздігі жатады.
Нацизм, фашизм, сталинизм, хусейинизм – тоталитарлық саяси жүйенің неғұрлым қатаң формасы болып табылады. Жүйелердің бұл формасында билікті бөлісу принципі атымен жоқ, жеке бір партия мемлекеттік аппаратпен бірге билікке өзі иелік етеді, барлық оппозициялық партиялар мен идеологиялық ағымдар жойылады, азаматтардың құқығы мен бостандығы толығымен аяқ асты етіледі, күштеп билік жүргізу және қуғын-сүргінге ұшырату әдістері кеңінен қолданылады.
Авторитарлық саяси жүйе тоталитарлық және демократиялық саяси жүйелердің арасындағы аралық жағдайды иемденеді. Авторитарлық саяси жүйе жеке билік режимі болуымен, басшылық етуші топтардың билік етуімен сипатталады. Мұнда жасырын оппозиция да өмір сүреді, бірақ оның әрекет ету мүмкіндігі тарылған және де ол басып тасталуы да мүмкін. Сонымен бірге авторитарлық саяси жүйе адамның бостандығы мен негізгі саяси құқықтарды шектеуі немесе оны жоюы арқылы ерекшеленеді, парламент екінші дәрежедегі билік жүргізуші органға айналады. Авторитарлық режимде ресми идеология үстемдік етеді, сонымен бірге режимге адал басқа да идеологияларға орын беріледі. Экономикада мемлекеттік сектормен бірге, жеке кәсіпкерлік те іс-әрекетін жүргізеді. Бұқараның саяси өмірге араласуы шектеулі болады, бұқара саяси бағыттарды белгілеуге қатыспайды, билік етуші топ өзінің билік жүргізуін іс жүзінде бұқараның бақылауынсыз жүзеге асырады.
Осы заманғы авторитарлық саяси жүйеге өтпелілік сипаты да тән, ол тоталитарлық немесе демократиялық бағытта өрістеп, дамитын болады.
Демократиялық саяси жүйеде биліктің қарым-қатынасы бойынша жеке адамның құқығына және қоғамның билікке бақылау орнатуына басымдық беріледі. Ол азаматтардың бостандығы мен құқықтарына, билік жүргізуші және оппозициялық партиялардың еркін іс-әрекетіне кепілдік беретін кең диапазонды иемденеді, бұқаралық ақпарат құралдары цензураның қадағалауынан толықтай босатылады, қоғам әлдебір ресми идеологиядан арылып, жалпыұлттық дүниетанымдық құндылықтарды сақтауға қол жеткізеді. Бұл жүйеде билік тармақтары қалай бөлінетіндігі нақты көрсетілген. Конституция және зандылық принциптері мойындалып, іс жүзінде жүзеге асырылады. Биліктің өкілетті органдары жалпыға бірдей сайлау негізінде құрылады. АҚШ, Франция, Швеция, Финляндия, Бельгия, Австрия, Австралия, Канада және т.б. елдердің саяси жүйелері бүгінде демократиялық жүйелер ретінде танылып отыр. Ал, Германия үшін демократиялық институттар мен билік жүргізудің авторитарлық әдістерінің процедурасын ұштастыра отырып басқару қалыпты үрдіске айналуда. Демократиялық жүйелер әр түрлі елдерде белгілері өз-өзінен қайталанып отыратын қайдағы бір көшірме емес екенін ескеру қажет. Бұған қоса демократиялық жүйелерге сипаттама бергенде экономикалық және әлеуметтік дамудың деңгейі, саяси бағыты, басқару формалары және т.б. ескерілуі тиіс.
Осыған байланысты демократиялық саяси жүйені заңдылыққа және билікке қоғамның бақылауы жүзеге асырылатын ресми ұйым деп санау керек. Ол қоғамда қабылданған принциптер мен ұғымдар негізінде жұмыс істейді, айқын мақсаты бар және жалпы мүдделерді жүзеге асыруға ықпал етуге бейімделген ұйым.
Мемлекеттік формаға негізделген саяси жүйелер үлгісін жіктеу де кеңінен белгілі болып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде мынандай екі белгіге: әр түрлі билік тармақтары мен институттарының ара-қатынасына және қоғамдық саяси жүйенің территориялық құрылымына назар аударылады. Бірінші белгіге сәйкес осы заманғы саяси жүйелер монархиялық (абсолюттік немесе конституциялық) және республикалық (парламенттік, президенттік) болып бөлінеді. Екінші белгіге сәйкес саяси жүйелер унитарлы, федеративтік және конфедеративтік болып бөлінеді. Саяси жүйелерді дәстүрлік және саяси өзгерістер деңгейіне байланысты модернизацияланған деп жіктеу де кеңінен белгілі болып отыр. Дәстүрлік саяси жүйеге қоғамды құрудың ескірген принциптері, азаматтық қоғамның жетілмегендігі, саяси мінез-құлық формасының дамымауы, қоғамға кажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырудағы консерватизм тән. Дәстүрлі саяси жүйе саяси рөлдердің әлсіздігімен, билікті негіздеудің харизматикалық әдістерін иеленумен ерекшеленеді. Ал, модернизацияланған саяси жүйеде, бұған керісінше, азаматтық қоғамның дамуы, саяси рөлдердің диверсификациялануы, билікті негіздеудің ұтымды әдісі жүзеге асырылады.
Модернизацияланған саяси жүйе маңызды экономикалық және әлеуметтік ұйымдарды, мекемелерді модернизациялау мақсатын жариялауымен ерекшеленеді. Саяси модернизациялаудың мақсаты қоғамдағы терең әлеуметтік қарсылық, элита мен бұқара арасындағы қарым-қатынас тудыратын қарама-қайшылықты жою болып табылады.
Егер жіктеу негізінде тұрақтылық пен өзгерістерге бағдар ұстаған саясатты алатын болсақ, онда саяси жүйелерді шартты түрде консервативтік және өзгерістік деп бөлуге болады. Консервативтік саяси жүйенің басты мақсаты – саяси, экономикалық және мәдени салаларда қалыптасқан дәстүрлі құрылымдарды, әсіресе саяси билікті жүзеге асырудың нысандары мен әдістерін сақтап қалу.
Өзгерістік бағытты ұстанатын саяси жүйе қоғамды өзгертуді, реформаларды жүзеге асыруды көздейді, ол қарқынды әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Қазақстанды өзгерістік сипаттағы саяси жүйеге жатқызуға болады.
Саяси жүйелерді жіктеудің және бір нұсқасы аталған жүйелердің сыртқы ортамен өзара қарым-қатынасының сипатынан туындайды. Осы критерий бойынша саяси жүйелер жабық және ашық болып бөлінеді. Жабық саяси жүйе қатаң белгіленген құрылымы бар, өзіне өзі тоқмейілсіп қарайды, оның сыртқы ортамен байланысы тым шектеулі келеді, басқа саяси жүйелердің құндылықтары мен жаңа үрдістерін қабылдай алмайды. Жабық саяси жүйе тұтас саяси жүйе қалыптаспаған, саяси мәдениеті дамымаған, әсіресе дамушы елдерге, сондай-ақ бұрынғы социалистік лагерь елдеріне тән.
Ашық саяси жүйе белсенді әрекет етеді және басқа елдермен жан-жақты өзара байланыс орнатады, сыртқы жағдайлар мен факторлардың ықпалына ұшырайды және өз кезегінде, оған қарсы әрекет етеді. Ол анағұрлым ширақ және пәрменді қимыл жасайды. Басқа жүйелердің жаңа құрылымдарын, озық құндылықтарын қабылдап, өзіне тиімді қолдануға әзір тұрады және басқа саяси жүйелердің өзге де құндылықтары мен идеологияларына түсіністікпен қарап, төзімділік көрсетеді. Ашық саяси жүйеге Батыстың дамыған демократиялық мемлекеттері мысал бола алады.
Саяси жүйелерді жіктеудің басқа нұсқалары да бар.
Саяси жүйелердің әрбір үлгісі шеңберінде ұлттық-тарихи даму жағдайларының ерекшеліктеріне байланысты көптеген үлгілер мен нұсқалар болуы мүмкін, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың өзіндік өзгешеліктерімен, саяси күштердің, билік тармақтарының, саяси басшылық әдісінің, басқару нысандарының ерекшеліктерімен, саяси сананың жай-күйімен және саяси мөдениеттің деңгейімен түсіндірілетінін атап айту керек. Оның үстіне негізгі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды әр түрлі саяси жүйелер қалыптастыруы мүмкін, ал ұқсас саяси жүйелер де әр түрлі бағытта дамып, әрқилы нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін.
Мына жағдайды атап көрсету қажет: саяси жүйелердің әр алуандығы бұлардың әрқайсысында өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері болатынын, бірақ ол әмбәбап демократия принциптеріне ғана емес, сол қоғамның өзіндік өзгешеліктерін, ерекшеліктерін, қоғам алдында тұрған міндеттерге байланысты оның нендей бір саяси жүйе үлгісіне әлеуметтік-мәдени бейімділігін ескере отырып құрылған жағдайда ғана тиімді болатынын дәлелдеп отыр.
Қазіргі Қазақстанның саяси жүйесіне кейбір өзіндік өзгешеліктер мен ерекшеліктер тән. Мәселен, институтционалдық құрылымда (ішкі жүйе) билік өкілдіктерінің атқарушы органдардың пайдасына қайта бөлінуі және заң шығарушы билік институттар функцияларының айтарлықтай шектелгені байқалады. Және бір ерекшелік – саяси партиялардың үлес салмағының төмендігі, олардын билік жүйесіне, қоғамға ықпалының төмендігі. Осының бәрі саяси құрылым мен оның мәдени негіздері арасында бар қайшылықтар екенін дәлелдейді.
Қорыта келгенде мынандай тұжырым жасауға болады: қоғамның саяси жүйесі – бұл мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, құқықтық және саяси нормалардың қоғамда саяси билікті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың принциптерінің жиынтығы. Бұл – адамдар мен олардың қауымдастықтарының қоғамда біртұтас болуын, бір мақсатта іс-қимыл жасауын қамтамасыз ететін күрделі, сан қырлы, алуан салалы құрылым. Күштер мен мүдделердің ұдайы теңдестігі жағдайында жұмыс істейтін саяси жүйе баяндылық пен заңдылық шеңберінде қоғамның қарқынды дамуы, тәртіп пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету проблемаларын ойдағыдай шеше алады. Сондықтан саясаттану саяси жүйенің, оның әр түрлі даму кезеңіндегі мазмұны мен нысанының өзгеруін, сондай-ақ саяси жүйенің, әсіресе, қандай элементтерінің объективтік факторлардың ықпалымен өзгеретінін және өзгеруге тиіс екенін зерттейді. Саяси жүйенің сөзсіз өзгеру кажеттігін туғызатын жағдайлардың мәнін ашу ерекше маңызды. Осының негізінде саяси жүйелердің өмір сүріп отырған үлгілерін, нұсқаларын, құрылымын, қызметін байытып, жетілдіруге және анағүрлым қарымды да ауқымды саяси жүйе үлгілерін жасауға болады. XXI ғасырдың басында осы заманғы саяси жүйелер жөніндегі біздің түсінігіміз айтарлықтай кеңейіп, толықты. Мүмкін, қоғамның саяси жүйелерінің ортақ теориясы мен тұжырымдамалары жөнінде сөз өтер кез де алыс емес шығар.