Дәріс №7. Қазақстан Республикасының ғылымы, білімі және мәдениеті
Ғылым саласының дамуы. Ғылымның дамуы мен гүлденуі табиғаттың объективті заңдылықтарын үйренуге және оған қоғам мүшелерін тартуға тікелей байланысты. Кеңес Одағы жүйесінің күйреуі барысында республика ғылыми мекемелері дағдарыс жағдайында еді. Мұның себебі бірнешеу:
· Ғылыми зерттеулердің негізгі көздері мен бағыттарын белгілеу КСРО кезінде орталықтан жүзеге асырылды. Одақтық ведомстволар зерттеу институттарын көбіне республикалардың қалауынсыз жүргізіп келді;
· Республика ғылыми-техникалық потенциалының басым бөлігі жалпыодақтық ғылыми құрылымға тартылғандықтан, олар Қазақстан ғылымына қосалқы түрде көңіл бөлді;
· Ғылым академиясы мен салалық ғылым мекемелері (КСРО энергетика және электрлендіру министрлігі 6 мұнай және газ өндірісі министрлігінің батысқазақстандық институты, т.б.) өзара және академиялармен тығыз байланыста жұмыс істей алған жоқ;
· экономикалық дағдарыс салдарынан ғылымды қаржыландыру едәуір қысқартылды;
· коммунистік қызметке арналған бағаны ырықтандыру ғылыми мекемелерді ұстап отыру проблемасын одан сайын қиындата түсті;
· 90-жылдары белең алған құнсыздану ғалымдардың айлық жалақысын төмендетті, көптеген жас та дарынды мамандар бизнеске, шетелге кетті;
· ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы республика ғылымының өрісі, оның жаңа технологиялармен жабдықталуы бүгінгі күн талабына жауап бере алмады.
Аталған кемістіктердің орнын толтыру бағытында ҚР Ғылым және жаңа технология министрлігі нақтылай жұмыстарды қолға ала бастады. Министрліктің ұсынысына сәйкес 1992 ж. Қазақстан Республикасының Президенті “Ғылымды жетілдіру және республиканың ғылыми-техникалық потенциалын дамыту туралы” Жарлыққа қол қойды. Жергілікті жерлердегі бөлімшелері мен материалдық-техникалық базаларының жоқтығына қарамастан, аталған минстрлік Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында үш аймақтық бөлім құрды. 1992—1993 жылдары аса маңызды проблемаларға байланысты 7 ұлттық ғылыми орталықтар дүниеге келді. Олар: электроника мен байланыс жүйесі бойынша, информатика мен есепті техника бойынша, биотехнология, экология және жаратылыс жағдайлары бойынша, минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу, жаңа және ғарыштық технологиялар бойынша ұлттық ғылыми орталықтары.
Әйтсе де бұл аталған шаралар дер кезінде материалдық ресурстармен қамтамасыз етілмеді. Елдегі экономикалық ахуал мен гиперинфляция бұған кері әсерін тигізді. Дегенмен, іргетасы бұрыннан қаланған ғылыми ошақтар, атап айтқанда, геология, химия, механика, т.б. бүкілодақтық жүйенің күйреуі мен құрылымдық құлдырауына қарамастан, өз тұрғыларын сақтап қалды. Жалпы алғанда, 1992-1994 жылдар ғылымның қарқынсыз хал кешуімен есте қалады.
1994 ж. Ғылым және жаңа технология министрлігі жанынан ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды мемлекеттік сараптау бөлімі құрылды. Аталған құрылым ғылымға арналған бюджеттік ассигнациялардан қаржыландыруға қабылданған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың бәрін дерлік сараптаудан өткізуге тиісті болды.
1995 жылдың 6 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті z:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmz:\CorvDoc\lektsiiorg3\Program FilesBimashHistoryhtmlmansnazarbaev.htmН.Ә.Назарбаев қазақстандық академиктерді қабылдады. Мемлекет басшысының ғалымдар өкілдерін бұлайша қабылдауы Академия тарихында бірінші рет еді.
1996 ж. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасында ғылымды басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру шаралары туралы” жарлығы шықты.
1996 ж. мемлекет ғылыми саланы қайта жаңғыртуға, академиялық ғылымның реформалық жолдарын анықтауға бет бұрды. Осы мақсатта Ғылым және жаңа технология министрлігін, Ұлттық академияны, Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясын біріктіру жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңадан ҒМ-ҚРҒА-Ғылым министрлігі-Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы дүниеге келді.
1998 ж. республикада ғылым мен ғылыми-техникалық саланы дамыту туралы заңдар базасын жетілдіруге арналған жұмыстар атқарылды. Осыған орай, “Қазақстан Республикасында бірыңғай ақпарат кеңістігін құру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы” Президент жарлығы және Үкімет қаулысы шықты.
1999 ж. Қазақстан Республикасы Жоғары Білім және Ғылым министрлігі құрылды. Қазіргі кезде ол Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі деп аталады.
1999 ж. негізгі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ВВП-нің 0,07%-ын, 2000 ж. 0,08%-ын құрады, 2001 ж. министрлік мақсатты — бағдарламаларды қаржыландыруға көшті. Ғылыми-зерттеу институттары мұндай бағдарламаларды қорғап, конкурстық негізде жеңіп алуы тиіс. Зерттеу бағдарламалары республикадағы ғылым дамуының басым бағытына сәйкес келуі қажет. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2010 жылға дейінге кезеңге арнап физика, химия, математика, геология, металлургия, биология, гидрогеология, география, информатика, ғарыштық зерттеулер, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша 21 басым бағытты анықтап, солардың негізінде 2000-2002 жылдары 47 бағдарламалық іргелі зерттеулер құрастырылып, орындалуда. Бағдарлама зерттеушілері істелген жұмыс жайлы жылда есеп беріп, егер ол алдын ала белгіленген талаптарға сай келмесе, қаржыландыру тоқтатылуы мүмкін. Ғылымды қаржыландыруға байланысты мұндай тұрғы 2001 ж. қабылданған “Ғылым туралы” заңда анықталған.
Жаңа заң республика дамуының соңғы он жылдығында болған өзгерістерді ескере отырып даярланды. Осылайша, бюджеттік қаржыландырудан басқа ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлердің өзге де қаржы көздерін тауып, қаражат тартуға мүмкіндіктері бар. Мысалы, грант түрінде арнайы ғылыми және қоғамдық қорлардан ала алады. Сөйтіп, жаңа Заң қазір біздің мемлекетіміздегі ғылым мен ғылыми-техникалық саясаттағы өзгерістерге сәйкес келеді.
Білім беру жүйесі. Қазақстандық ғылымның ертеңі республикадағы білім жүйесіне де тікелей байланысты. Дәл қазіргі күнде Қазақстанда еуропалық типтегі білім үрдісі қанат жайып келеді.
1991 жылдан бері республикада мектепке дейінгі мекемелер саны алты есе кеміді.
1994 жылдан-1999 жылға дейінгі жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде 96 училище ашылды. Орта мектепті бітірген әрбір үшінші түлек бұдан былайғы жерде оқусыз және жұмыссыз қалып отырды.
1995 жылғы Конституция бойынша (30-бап) баршаға бірдей міндетті болып есептелетін толық орта білім алуды мемлекет тегін жүргізеді. Әйткенмен, мектеп бітірген жас жеткіншектің одан әрі қандай оқуға түсуі (мемлекеттік немесе жекелей) өз еркі мен қалауына байланысты. Этностық ерекшеліктердің есепке алынуына орай, республикада оқу, білім алу 7 тілде жүргізіледі.
1997-1998 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мекемелерде ақпараттандыру мен компьютерлендіру бағдарламасын орындау міндеттелініп отыр.
Республика мектептерінде аталған барлық тілдер бойынша керекті оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттерді басып шығару баяғысынша ең маңызды мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде тұр.
1991 жылдан бері қарай республикада мектепке дейінгі ұйымдар мен мекемелер саны алты есе кеміді.
Бүгінгі таңда республика аумағында жеке меншік және мемлекеттік көптеген оқу орындары білім беру жүйесін сыбайлас жүргізуде. 1995-1998 жылдар аралығында жеке меншік оқу орындары 41-ден-88-ге дейін өсті. Ал 1998—1999 оқу жылы бойынша есептегенде олардың саны 144-ке жетті. Осыған орай, студенттер саны да 12700-ден-63853 адамға жетті. 71 жеке меншік колледждердегі оқушылар саны-20 мың. Жеке меншік мектептер мен олардағы оқушылар саны 1996 жылғымен салыстырғанда үш есеге артты.
2000 жылдан бастап жоғары білім жүйесінде мемлекеттік несие бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Мектептер мен жоғары оқу орнындағы жастардың білімін жетілдіру мақсатында республика көлемінде әр түрлі деңгей-дәрежедегі оқу орындарын лицензиялау мен аттестациялаудың нормативі белгіленді. Мамандар даярлауды жаңарту мен жақсарту үшін “Дарын” мемлекеттік бағдарламасы іске асырылу үстінде. Бұл бағдарлама жасөспірімдер мен жеткіншектерге тәрбие мен білім берудегі білім органдарының негізгі стратегиялық іс-шараларын белгілейтін болады. Ерекше дарынды балаларды шет ел оқу орындарында жіберіп отыру мақсатында 1993 жылдан бері “Болашақ” бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 1995 жылдан бері аталмыш бағдарламаның конкурсына қатысу үшін жасы 35-ке дейінгі жоғары оқу орындарын бітіргендер, аспиранттар, жас мамандар, оқытушылар (магистрлік бағдарлама бойынша) жіберіліп отырылды. Бүгінгі таңда шет елге барып білім алу мәселесімен басқа да мемлекеттік емес білім ұйымдары, орталықтар, қорлар айналысуда.
Дүниежүзілік білім беру тенденциясына сәйкес Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл бүгінде кадрларды даярлау, қайта даярлау және мамандығын жетілдіру жүйесін құрудан көрініс табуда, жекелеген жағдайларда бұл жүйе тұрғындарды еңбекпен қамту қызметімен бірлікте әрекет етеді. Нарықтық экономика кадрлар даярлаудың әр түрлі жүйесін талап етуде.
Мәдениет жүйесіндегі өзгерістер. Қазақстанның дамудың жаңа жолына түсуі өз кезегінде білім алу жүйесіне ғана емес, мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Кеңестік кезеңде мәдениет пен білім мемлекеттің қосымша көмегін пайдаланатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл екі салаға көңіл аз бөлінді. Мемлекеттің бюджеттік саясаты адамдардың рухани сұранысымен есептеспеді. Әсіресе, бұл республиканың рухани-мәдени өмірінде көбірек көрініс тапты. Экономиканың ырыққа көнбеуі, оның жылдан-жылға төмендеуі адамдар психологиясын мәдени дамудан гөрі материалдық байлыққа итермелей, икемдей түсті. Қазақстанның әлемдік кеңістікке бет алуы өзінің құнын жоғалтқан идеологиялық мәдениеттен гөрі әсіреқызыл батыстық үлгіге айқара есік ашып берді. Батыстық мәдениетпен қосамжарланып түрліше діни секталар мен ағымдар да ағылды.
Бұл келеңсіздік өз дәрежесінде республика көлемінде мәдени-рухани саланы басқарудың басқаша жолдарын қарастыруға мәжбүр етті. Олар, түптеп келгенде, мыналар:
· Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жаңаруына ықпал ету;
· Этномәдени және конфессионалдық шектеулікте мәдени әр алуандылықты қалыптастыру;
· менеджменттіктің мейлінше пайдалы моделін таңдау.
Қазақстан Республикасы “Мәдениет туралы” (1996) Заңының 3-бабында мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат принциптері былайша көрініс тапқан:
· азаматтардың шығармашылық қызметінің еркіндігі;
· мәдени байлықты жасауда, оны пайдалану мен таратуда барлық азаматтардың құқығы бірдей;
· тарихи-мәдени мұраны қорғау;
· ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын қатар игеру аясында тәрбие мен білім беру жүйесін дамыту;
· мәдениет саласында монополиялық пиғыл-әрекетті болдырмау;
· мәдениетті қаржыландыруда бюджеттік, коммерциялық және қайырымдылық бастамаларды қолдап-қуаттау;
· мәдени қызметті ұйымдастыруда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды бірдей пайдалану.
1990 жылдары республика мемлекеттік мәдениет мекемелерінің жүйесі мәдени-демалыс орындарын, кітапханаларды, мұражайларды, театрларды, концерттік ұйымдарды, кино өнері мекемелерін, мәдениет және демалыс парктерін, т.б. қамтыды.
Бұлардың бәрі дерлік мемлекеттік баланста тұрды. Бұдан кейінгі жылдарда, яғни онжылдық кезеңде мәдени саланы қаржыландыру мәселесі едәуір өзгеріске ұшырады:
· ұлттық маңызға ие мемлекеттік мәдениет мекемелерін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыру сол күйінде сақталып қалды;
· нақты мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін түрліше қаржы көздерін тарту мүмкіндігі ашыла түсті;
· жеке меншіктік форманың өзгеруіне байланысты мәдени мекемелердің көпшілік бөлігі, атап айтқанда, кинематография, туризм, спорт, шоу, теледидар, концерттік ұйымдар, т.б. өзін-өзі қаржыландыруға көшірілді.
Мәдени саладағы жеке меншіктің түрліше формалары өз кезегінде сөз еркіндігіне, Қазақстанның дербес шығармашылығына жол ашты. Аталған мемлекеттік емес мәдени мекемелердің жұмыстарын ретке келтіріп отыру барысында қайсыбіреулердің адамзатқа, ұлтқа, мемлекетке қарсы идеяларды насихаттап, таратуына жол бермеу үшін лицензиялау (тіркеуден өткізу) тәртібі қатаң сақталуы тиіс.
Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты болып табылады. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады.
Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап “Наурыз мейрамы” қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі-айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.
Этнопедагогика принциптерін өмірге етене енгізу нәтижесінде білім берудің барлық нүктелерінде жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.
Әсіресе, соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 ж. М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 ж. Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек т.б.
Ал 2000 жылдың республика көлемінде Мәдениетті қолдау жылы болып өткені белгілі.
Негізгі әдебиеттер: 1, 3, 8, 9, 10, 14, 15.
Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 6, 12, 16, 17, 21, 29, 31.