Көші-қон саясаты және қазақ ауылының экономикалық дамуы
Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы.1862-1877 жылдары Қытайда ұйғырлар мен дүнгендердің азаттық көтерілісі болды. Көтеріліске қазақ, қырғыз халықтары да қатысты. Көтеріліс нәтижесінде ұйғыр мемлекеті кұрылды. Кейін Цинь империясы ұйғыр мемлекетін кұлатып, көтерілісті басқаннан соң, ұйғырлар мен дүнгендер мекендеген Шығыс Түркістан жерінде Қытайдың Шыңжан провинциясы кұрылды. Осыдан кейін бұл жерлерді мекендеген ұйғырлар мен дүнгендерді Цинь империясы қыспаққа ала бастады. Бұл жағдай аталған халықтардың Қазақстанға қоныс аударуына себеп болды. XIX ғасырдың 80 жылдарында ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу жеріне қоныс аударуы басталды. Қоныс аударған ұйғырлар саны 45000, дүнгендер саны 5000 болды. Жаркент, Ақсу, Ақкент, Малыбай, Қарасу, Қорамса болыстарының негізін ұйғырлар қалады. 1897 жылы Жетісудағы ұйғырлар саны 55999 адамға, дүнгендер саны 14136 адамға жетті.Ұйғырлардың негізгі кәсіпшілігі егін шаруашылығы болды. Бірақ патша үкіметі оларға егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бермеді. Олардың әрбіреуіне 3 десятинадан жер берілді. Қарапайым ұйғырлар мен дүнгендердің әлеуметтік жағдайы өте ауыр болды. 1883 жылы ұйғыр байы Вали Ахун Юлдашев Іле өзеніндегі су жолын алғаш рет пайдаланып, кемемен тауар тасиды. Оның жеке меншігінде 10363 десятина жер болды. Ш. Уәлиханов, Н.М. Пржевальский сияқты ірі ғалымдар ұйғырлардың рухани мәдениеті жайында көптеген мәліметтер қалдырған. "Он екі Мұхам" ұйғыр халқының XIX ғасырдағы озық ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде белгілі болған. Бұл шығарма ұйғыр әдебиетінің аса үздік туындысы болып табылады. Ұйғыр халқының рухани және материалдық мәдениеті туралы деректер аз сақталды. Польша азаттық күресінің өкілдері Қазақстанда. 1863-1864 жылдар аралығында Польшада азаттық қозғалыс өтті. Осы қозғалысқа қатысқандарды Қазақстанның солтүстік өңіріне жер аударды.Жер аударылғандар саны:1863 жылы-524,1864 жылы- 10619,1865 жылы-4671,1866 жылы- 2899.Батыс Сібір генерал-губернаторлығына жер аударылған поляктар 10000-дай болды. Жер аударылғандардың ішінде көрнекті ғалымдар, ағарту саласының ірі өкілдері де болды. Олар: С.С. Гросс, Л. Мурашко, Б. Шварце, М.Д. Муравский, Э. Страшинский, Ц.И. Тераэвич, А. Бяловскийт.б.С.С. Гросс - Петербург заң университетін бітірген Польша азаттық қозғалысының ірі өкілі. Ол Семейде болған уақытында Абаймен танысып, онымен достық қарым-қатынаста болған. "Қырғыздардың заң, әдет-ғұрыптары үшін материалдары" еңбегін жазған. А. Бяловский Өскеменнің геологиялық картасын жасаған. Ц.И. Тераэвич, Я.С. Домашевич жергілікті халықты емдеп, медициналық жәрдем көрсеткен.XIX ғасырдың 80 жылдарындағы Ресей халықшылдары Қазақстанда. 1881 жылы патша үкіметі Сібірге жер аударылған халықшылдарды Қазақстанның Дала генерал-губернаторлығына жіберді. Жер аударылғандар, негізінен, Семей мен Ақмола облыстарына шоғырландырылды. Мысалы, 1882 жылы Семейге 54, 1890 жылы Ақмолаға 32 революционер жер аударылды.Семейде болған революция өкілдері: А. Леонтьев, Н. Долгополов, Е.П. Михаэлис. Саяси жер аударылғандар Қазақстанда ғылыми ағарту, саяси қызметтермен айналысты. 1878 жылы Семейде облыстық статистикалық комитет құрылды. Мұндай комитеттер Сырдария, Жетісу, Орал облыстарында да құрылды. Комитет, негізінен, өлкенің саяси экономикалық жағдайларын зерттеді. Саяси жер аударылғандар ықпалымен 1884 жылы Абай Семей облыстық статистикалық комитетіне мүше болып қабылданды. 1900 жылы Абай, статистикалық комитетінің мәліметі бойынша, "Орта қазақ ордасы руларының шығу тарихы туралы жазбалар" еңбегін жазды. Саяси жер аударылғандардың бастамасымен Қазақстанда қоғамдық кітапханалар, баспасөз негізі қалыптасты. Азаттық қозғалыс өкілі Ф.А. Щербина басқарған қазақжерін зерттеу экспедициясына В.А. Владимирский, К.А. Вернер, Н.Ф. Дмитриев т.б. қатысты. Жалпы азаттық қозғалыс өкілдері Қазақстанның саяси, қоғамдық дамуына үлкен үлес қосты. Е.П. Михаэлис Тарбағатай тауларын, А. Леонтьев заң, құқық жүйесін, В.Р. Кочаровский экономика саласын зерттеу бағытында үлкен табыстарға жетті. Азаттық қозғалыс өкілдерінің қатысуымен 1900 жылы "Қырғыздардың жер иеленуі бойынша мәліметтер" деген ғылыми-зерттеу бағытындағы ірі колемді туынды жарияланды.Қоныс аудару саясаты және реакция кезеңі.Революцияның бәсендеген реакция кезеңінде патша үкіметінің жер саясаты орыс, украин шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту күшейді. Бұл жағдай, әрине, патша үкіметінің Қазақстанды отарлауды жеделдетуінің бір көрінісі еді. 1906, 1910 жылдары қабылданған Столыпиннің аграрлық реформасы орыс шаруаларын Қазақстан жеріне қоныстандыру арқылы революциялық қозғалыстарды басу мақсатын ұстанды. 1917 жылға дейін патша үкіметі қазақтардан 45 миллион десятина жерді тартып алды. 1907-1914 жылдар аралығында Қазақстан жеріне қоныс аударғандар саны 714395 адам болды. Қоныс аудару нәтижесінде жергілікті қазақ халқының Қазақстандағы үлесі айтарлықтай кеміді.Облыстардағы қазақтардың үлесі:
1. Ақмола облысы - 36,6%;
2. Семей облысы - 73%;
3. Жетісу облысы - 60,5%;
4. Сырдария облысы - 62,3%;
5. Торғай облысы - 58,7%;
6. Орал облысы - 56,9%.
Бұл көрсеткіштер облыстардағы қазақхалқының кеми бастағандығын дәлелдейді.