Бөгетті, бүйірлей су алғыш құрылымдар.
Каналға бүйірлей су алатын тораптарда су алғыш құрылымдар ретінде ашық реттегіш шлюздар қолданылады. Реттегіш шлюздың білігі (осі) ағыс бағытына тік (90º) не доғал бұрыш құрайды. Бүйірлей су алатын құрылымдардың ағыс бағытымен қиылысу бұрышы 130º-140º аспау керек деп есептеледі. Бүйірлей су алатын құрылымдардың жетістіктері: олардың құрылысын салу және пайдалану оңай да жеңіл, оның үстіне жоғарғы бьефтегі судың деңгейі тұрақты жағдайда, судың есепті ағымын каналға тұрақты беруді қамтамасыз етеді. Су ресурстары комитетінің деректері бойынша Қазақстанда салынған су алғыш құрылымдардың 70-80 % осы бүйірлей су алғыш құрылымдар. Ал енді бұл құрылымдардың кемшілігі, өзеннен су алу коэффициенті 0,5-0,6 жеткенде түпкі тасындылардың 90 % дейінгі көлемі каналға түседі. Бүйірлей су алғыш құрылымдардың жетілдірген конструкциялары түпкі тасындылардың каналға ағын сумен түсуін азайтады. Төменде 13.3. суретте Турген өзеніне салынған бүйірлей су алғыш құрылым суреті және бүйірлей су алғыш құрылымдарды жалпы орналастыру схемасы келтірілген.
13.3. сурет. Бүйірлей су алғыш құрылымдарды орналастыру схемасы.
а) су қабылдағыш құрылым өзен арнасымен тік бұрышты түрде қиылысқан;
б) су қабылдағыш құрылым өзен арнасымен доғал бұрыш түрінде қиылысқан
Бүйірлей су алғыш құрылымдар түрлері және оларды қолдану жағдайлары: бүйірлей су алатын құрылымдарды негізінде өзен арнасы тік учаскелерге, суды бір жақ жағаға, кейде екі жақ жағаға да беретін қылып орналастырады. Су ағысының ені күрт азайып, жоғарғы бьефте тасындыларды көтеретін су иірімі туындамас үшін, су алғыш құрылымның кіре беріс енін жәйлап азайуы шарт.
Суды бүйірлей алғанда құрылым алдында кесе көлденең су иірімі (циркуляция) пайда болады да, су ағысы, онымен бірге тасындылар су алғыш тесікке қарай бағытталады. Неқұрлым су алу коэффициенті жоғары болса, солқұрлым кесе көлденең ирім қарқынды дамиды. Бүйірлей су алатын құрылымдардың конструкциясын жетілдіру мәселелері - құрылым алдында пайда болатын кесе көленең иірімді кері бағыттап, тасындыларды арнайы тасындылар ұстағыш галереяларға немесе плотинаның су тастағыш тесіктеріне бағыттау болып табылады. Құрылым алдына шөккен тасындыларды ағын сумен жуады. Ол үшін су реттегіш шлюзге жақын орналасқан плотинаның тесігінің табалдырығын понур биіктігімен бірдей қылып төмен орналастырады. Плотинаның бұл тесіктері қақпақпен жабылады да, оларды тасынды жуатын тесік деп атайды.
Каналға түсетін тасындылармен күресу тәсіліне байланысты бүйірлей су алғыш құрылымдар былай топталады: 1) тасындыларды тікелей жуатын; 2) көлденең текшелі; 3) түпкі тасындыларды жуатын галереялы; 4) тасындылар ұстайтын галереялы; 5) қашықтатылған тасынды жуатын тесігі бар; 6) тіректі.
Тасындыларды тікелей жуатын бүйірлей су алғыш құрылымдар. Бұл құрылымдар табалдырығы өзен арнасы табанынан жоғары орналасқан бүйірлей су алатын реттегіш шлюздан тұрады. Құрылым схемасы 13.4. суретте көрсетілген.
13.4. сурет. Тасындыларды тікелей жуатын бүйірлей су алғыш құрылымдар.
1. бүйірлей су қабылдағыш құрылымның реттегіш шлюзы. 2. кіре беріс табалдырық; 3. су ағар бөгет; 4. құрылымның тасындыларды жуатын тесігі; 5. канал; 6. тор; 7. құбыр қақпақ- тары; 8. акведук; 9. көлденең тақта.
Су реттегіш шлюздың төменгі тірегіне құрылымның тасынды жуғыш тесігі жанасып тұрады, табалдырығының деңгейі понурмен бірдей, құрылым алдына жиналған тасындыларды жууға арналған. Ал осы тасынды жуатын тесікке жанасып, автоматты түрде жұмыс атқаратын, не төбесінде қақпағы бар, бөгеттің суағар бөлігі орналасады. Құрылым арқылы тасқын су өткенде бүкіл су тастағыш тесіктер, су ағар және тасынды жуатын тесіктер мен галереялар толық ашылуға тиісті, бұл жағдай бөгеттің су тастағыш бөлігінің ұзындығын анықтағанда осылай қабылданады.
Тасындыларды тікелей жуып, бүйірлей су алғыш құрылымдардың конструкциясын қабылдағанда, тасындылар реттегіш шлюздың алдына шөгеді деп болжам жасалған. Тасындылар шөгіндісі көбейіп, су қабылдағыш шлюзға түсу қаупі туған кезде, құрылымның тасынды жуатын тесігі ашылып, тасындылар төменгі бьефке жуылады. Тасындыларды жуу кезінде, су қабылдағыш құрылымның қақпағы жабық болады. Бүйірлей су алғыш құрылымдарды пайдалану тәжірибесі көрсеткендей, су алу процесінде кесе көлденең циркуляция әсерінен түпкі тасындылар су қабылдағыш шлюзға түсіп, әрі қарай каналға түседі. Су алу коэффициенті көбейген сайын, тасындылардың су қабылғыш шлюзға түсуі көбейеді. Су алу коэффициенті 0,5 және одан көп болған жағдайда тасындылардың бәрі дерлік су алғыш құрылымға түседі. Тасындылардың су алғыш құрылымға түсуін азайту үшін, бүйірлей су алғыш құрылымдардың конструкциялары жетілдіру үстінде.
Көлденең тақтасы бар, бүйірлей су алғыш құрылым. Бүйірлей су алғыш құрылымның су қабылдағыш шлюзының табалдырығының алдына көленең тақта қояды, бұл тақта су ағымын екі қабатқа бөледі (13.5. сурет). Әр қабаттың тесігін жабатын бөлек қақпа құрылады. Түпкі тасындылар су алғыш құрылымға жақындағанда тақтаның астымен кетіп, құрылымның тасындылар жуатын тесігі арқылы төменгі бьефке сумен жуылып отырылады. Тасындылар жуылатын мезгілде су қабылдағыш шлюздың қақпағы жабық болады. Көлденең тақта түпкі тасындылардың су ағысымен көтеріліп, су қабылдағыш шлюз арқылы каналға түсуіне жол бермейді. Жоғарғы қабаттың қақпағы тек тасқын суды өткізетін кезде ғана ашылады. Кейде, тақтаның үстіне шөккен тасындыларды мезгіл-мезгіл жуу үшін де үстіңгі қақпақты ашады. Кейде, тақтаның ұзына бойына тесіктер қалдырыу арқылы көлденең тақтаға шөгетін тасындылардың көлемін азайтуға болады, бұл жоғарғы қабаттағы қақпақты ашуды азайтуға мүмкіндік береді, бұл шешім судың тапшы кезеңінде өте маңызды.
13.5. сурет.Көлденең тақтасы бар, бүйірлей су алғыш құрылым.
1. су реттегіш шлюз; 2. бөгеттің тасындылар жуатын тесігі; 3- көлденең тақта; 4- бөгеттің тасқын су тастағыш тесігі.
Тасындылар жуатын түпкі галереялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдар. Түпкі галереялар су реттегіш шлюздың алдына шөккен тасындыларды жууға арналған. (13.6. сурет). Галереяның тесіктерін су қабылдағыш құрылымның табалдырығының ішіне орналастырады. Тасынды- лар жуатын галереяның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін, галереяның тесіктерін орналастыруды лабораториялық зерттеулер арқылы анықтайды. Көп жылдық тәжірибе арқылы анықталғаны, галереяны құрылымның тасындылар жуатын тесігіне жақын орналастырса, онда галереяға тасындылар түспейді де төменгі бьефке таза су тасталады. Галерея- ның табанын понур деңгейінде орналастырады. Осы себепті бұл галереялар түпкі деп аталады. Галереяны жабу үшін жоғарғы жағынан қақпақ қойылады, ал шығар тесігін жағалық тіреуден, су ұрма құдық тұсынан шығарған тиімді. Галереяның өлшемдерін аз су ағымына есептейді, құрылым алдына шөккен ірі тасындыларды жууды қамтамасыз ететін су жылдамдығына байланысты. Галерея ішіндегі су жылдамдығы 4-6 м/с кем болмау керек, ал негізінде су жылдамдығын жуылатын тасындылардың ірілігіне байланысты есептеп табады.
Галереямен тасындылар жуылатын болғандықтан, оның қабырғаларын таспен үйкеліп бұзылудан сақтау үшін, оның ішін шөген немесе үйкеліске төзімді басқа материалдармен қаптайды. Галереямен тасындыларды жуғанда, тек қана шектелген аймақтың тасындылары жуылады, ал жоғарғы бьефтің бүкіл еніне шөккен тасындылар тасқын су келген мезгілде жуылады. Өзендегі су ағымы тұтыну көлемінен көп болған жағдайда, құрылымның тасындылар жуатын тесігі оқтын-оқтын ашылып, жоғарғы бьефке шөккен тасындылар жуылып тұрады. Бұл тесіктің табалдырығы понур деңгейінде орналастырылады. Мұндай, тасындылар жуатын түпкі галаееялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдар ирригациялық су тораптарын алғашқы салу кезеңдерінде көп орын алды. Осындай құрылым бірінші рет Орта Изар өзенінде салынды, осы себепті бұл құрылымдар кейде Орта Изарлық деп аталады. Түпкі галаееялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдарды қолдану принципі: түпкі тасындылар төменгі қабатта болады, ал жоғарғы қабатта таза су болады деген болжамға сүйенген болатын. Құрылымды пайдалану барысында су дәл сондай қабат – қабат болып ақпайтыны дәлелденді, сондықтан құрылым конструкциясы жетілдіре басталды.
13.6. сурет. Тасындылар жуатын түпкі галаееялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдар. 1. су алғыш құрылым; 2. бөгеттің тасқын су тастағыш бөлігі; 3. тасындылар жуатын түпкі галереялар; 4. су ағысын бағыттайтын бөгет; 5. топырақтан соғылған бөгет; 6. магистралды канал:
Тасынды ұстайтын галереялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдар. Бұл құрылымдар конструкциясын проф. Н.Ф.Данелия ойлап тапқан. Бұл құрылым конструкциясына кездескен кедергіні су айналып өткенде циркуляция пайда болады деген принцип қолданылған. (13.7. сурет). Лабораториялық және далалық зерттеулер нәтижесінде проф. Н.Ф.Дане- лия бұл құрылым өлшемдерін есептеп табатын формулаларды берді.
Бұл құрылымның жауапты бөлігі тасынды ұстайтын галерея. Тасындылар ұстағыш галерея конструкциясы түпкі тасындыларды жуатын галереяға ұқсас, өзгешілігі бұл галереялар су алғыш құрылым алдына жиналатын тасындыларға гидравликалық әсер етеді және тасындылардың төменгі бьефке тасымалдануына әсер етеді.
Тасынды ұстайтын галереялары бар су алғыш құрылымдарда, су реттегіш шлюзға жақын орналасқан құрылымның су тастағыш тесігі, каналға су алу кезінде жабық тұрады. Су ағымы қақпаққа соқтыққан кезде су қысымы көтеріледі де, ал тасындылар ұстайтын галерея алдында су қысымы төмендейді. Осы себепті тасындылар құрылым алдындағы кері ағысқа жолығып, қисық сұлбалы құмтізбек құрып жиналады, әрі қарай су қысымы айырмасы әсерінен галереяға түседі. Тасындылар ұстайтын галерея тесігін тасындылар құм тізбегін құратын аймаққа, су алғыш құрылымның жоғарғы қабырғасынан жоғар да, төмен де орналастырады. Құрылым алдында кері ағыс пайда болатын аймақта түпкі тасындылар болмайды. Тасынды ұстайтын галереялары бар, бүйірлей су алғыш құрылымдарды зерттеу нәтижелері көрсеткені, су алу коэффициенті 0,45 -0,75 аралығында болғанда, каналға 1,2-1,7% тасындылар ғана түседі, ал су тасқыны кезінде 0,3% қана тасындылар каналға түседі және оның көпшілігі майда түйіршіктер.
Мұндай тасынды ұстайтын галереялары бар, бүйірлей су алғыш құрылымдарды өзеннің түпкі тасындыларды көп тасымалдайтын учаскелері- не салған тиімді және бұл құрылымды суды өзеннің бір жағасына алғанда салуға кеңес береді. Каналға алынатын су ағымы 5 м3/с тан 150 м3/с дейінгі аралықта және су арыны 2 м-ден 8 м-дейін өзгере береді. Проф. Н.Ф.Данеляның айтуы бойынша, бұл су алғыш құрылым арқылы 600 м3/с дейін су ағымын өзеннен каналға алуға болады екен, яғни өзендегі су ағымының кез келген мөлшерін суармалы жерге алуға және су электрстан- цияларының деривациялық каналына алуға мүмкіндік бар.
Тасындылар ұстайтын галереяның көлденең қимасын төрт бұрышты қылып салып, табалдырығын понур деңгейінде орналастыруға кеңес беріледі. Галерея тесіктерін бір-біріне жақын орналастыру қажет, тасындылар түгелімен галереяға түсу үшін. Құрылымның су ағарының тасқын су тастайтын ені - белгілі гидравликалық тәсілдермен есептеледі. Шартты жағдай - тасқын су қабылданған ▼УТД (▼ФПУ) деңгейде тасталуы керек. Тасындылар ұстайтын галереялары бар құрылымды пайдалану кезінде галерея жұмыс істеп тұрғанда құрылымның су қабылдағыш шлюзға жақын орналасқан, тасынды жуатын тесігі жабық тұруы шарт. Жоғарғы бьефке шөккен тасындылар оқтын- оқтын құрылымның тасындылар жуатын тесігін ашу арқылы жуылып отырады, бұл тесіктің табалдырығы понур деңгейінде орналастырылады. Жоғарғы бьефке шөккен тасындыларды жуу кезінде су құрылымға алынбайды.
13.7. Тасынды ұстайтын галереялары бар бүйірлей су алғыш құрылымдар.
1. су алғыш құрылым; 2. тасынды ұстайтын галереяның кіре берісінің қаққпақтары; 3. су реттегіш шлюздың қақпақтары; 4. бөгеттің тасынды жуатын тесіктерінің қақпақтары; 5. бөгеттің тасқын су тастағыш бөлігі; 6. топырақтан соғылған бітеу бөгет; 7. суды өзеннің екінші жағасына беретін дюкер; 8. тасынды ұстағыш галерея; 9. магистралді канал; 10.магистралді каналдың бас жағының қақпағы.
Тасындылар жуатын тесігі алыстатылған, бүйірлей су алғыш құрылымдар. Бұл құры- лымда түпкі тасындылармен күресу принципі - судың үлесті ағымын бөлшектеу арқылы кесе көлденең циркуляция туғызуға және қисық табалдырық қолдану арқылы циркуляцияны күшейтуге бағытталған. (13.8. сурет). Мұндай тасындыларжуатын тесігі алыстатылған, бүйірлей су алғыш құрылымдарды өзеннің түпкі тасындыларды көп тасымалдайтын учаскелері- не салуға кеңес береді. Бұл су торабы құрамында: су реттегіш шлюз және әртүрлі, үш бөліктен тұратын бөгет болады. Бөгеттің бірінші бөлігі су реттегіш шлюзға жанасып тұрады да екеуінің табалдырығы бір деңгейде орналасады. Бөгет тесігі қақпақпен жабылады. Бөгеттің екінші бөлігі бірінші бөліктен тірек арқалы алшақтатылады және оның табалдырығы понур деңгейінде орналастырылады да, тесігі қақпақпен жабылады. Бұл бөлік тасындыларды жоғарғы бьефтен төменгі бьефке жуатын тесік. Бөгеттің тасындыларды жуатын бөлігінен кейін қақпақсыз, су ағар бөлігі орналасыды. Тасындыларды жуатын бөлік пен су ағар бөліктің арасына оқшаулағыш қабырға салады, бұл қабырға су алғыш құрылым алдында қалта құрайды. Су қабылдағыш құрылымның жағалық тірегі мен тасындылар жуатын тесіктің шеткі тірегі арасына қисық табалдырық салынады, оның астында тасындылар ұстағыш галерея орналастырылады. Су осы галереялар арқылы төменгі бьеф- ке тасталады. Су қабылдағыш жұмыс істеп тұрғанда, табалдырығы жоғары орналасқан бөгеттің бірінші бөлігінің қақпағы жабық тұрады, бұл қақпақтар тек тасқын суды жіберу үшін немесе сумен ағып келген қоқыстарды төменгі бьефке тастау үшін ашылады. Бөгеттің екінші бөлігі тасындыларды жууға арналған, егер өзенде артық су болса ашық тұрады. Бөгеттің осы тесігі арқылы су төменгі бьефке тасталып отырылады, бұл кезде судың төменгі ағысын су алғыш құрылым алдынан кері бағыттаған, құрылым алдында кесе көлденең циркуляция пайда болады.
Лабораториялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, тасындылар жуатын тесігі алыстатылған, бүйірлей су алғыш құрылымдарға түпкі тасындылар- бүйірлей су алғыш құрылымдардың қарапайым конструкциясымен салыстырғанда әлде қайда аз түседі екен. Су алу коэффициенті 0,42-0,56 болғанда бұл құрылымдар арқылы тасындылардың каналға түсуі 4 - 6,6% аралығында болды, ал бүйірлей су алғыш құрылымдардың қарапайым конструкциясында тасындылардың каналға түсу пайызы 75,4 пен 88,2 аралығында болады.
Тасындылар жуатын тесігі алыстатылған, бүйірлей су алғыш құрылымдардың тиімді жұмыс атқаруы өзенде артық су болуына байланысты - төменгі бьефке құрылымның тасынды жуатын тесігі арқылы су тасталып отырған кездерде. Ал судың тапшы кездерінде құрылым алдына жиналған
тасындылар кисық табалдырық астындағы тасынды ұстағыш галереялар арқылы жуылып отырады.
13.8. Тасындылар жуатын тесігі алыстатылған, бүйірлей су алғыш құрылымдар. 1. су алғыш құрылым; 2. канал; 3. бөгеттің табалдырығы жоғары орналастырылған тесігі; 4. құрылымның орталық тіректері; 5. бөгеттің тасындылар жууға арналған, табалдырығы төмен орналасқан тесіктері; 6. бөгеттің тасқын су тастайтын, су ағар бөлігі; 7. оқшаулағыш қабырға; 8. тасынды ұстағыш галерея; 9. қисық табалдырық.
Бақылау сұрақтары:
1. Су алғыш құрылымдардың түрлерін және топтарын келтіріңіз
2. Су алғыш құрылымдарды өзен бойына орналастыратын тұсты қалай анықтайды.
3. Бөгетсіз су алғыш құрылымдар пайдалану жағдайы туралы түсініктеме
4. Бөгетсіз су алғыш құрылымдардың ерекшеліктері туралы түсінік беру және өзеннен су бөліп алу мүмкіндіктері
5. Бөгетсіз су алғыш құрылымға өзеннен су бөліп алу мүмкіндіктері
6. Бөгетті, бүйірлей су алғыш құрылымдардың конструкцияларын келтіріңіз және олардың жетістіктерін және кемшіліктерін атаңыз
Ші дәріс
Тікелей су алып, құм мен тасты тікелей жуатын су алғыш құрылымдар түрлері - науалы, қалталы, екі қабатты, қисық су тасмалдағыш науалы құрылымдар
Сабақ жоспары:
· Плотиналы су алғыш қрылымдар туралы түсінік беру
· Тікелей су алып, құм мен тасты тікелей жуатын құрылымдардың конструкциялары, жетістіктері мен кемшіліктері туралы түсінік беру
· Тікелей (фронталді) су алғыш құрылымдар, олардың конструкциялық ерекшеліктері, жетістіктері мен кемшіліктері туралы түсінік беру
· Ферганалық су алғыш құрылымдардың конструкциялық ерекшеліктері, жетістіктері мен кемшіліктері туралы түсінік беру
Өзендегі су деңгейін қалыпты ұстап тұру үшін және суды пайдалану графигіне сәйкес кепілді түрде өзеннен су алу үшін, плотиналы су алу тораптарын салады. Мұндай ирригациялық су алғыш құрылымдарды көпшілік жағдайларда суы вегетациялық кезеңде егістік суғаруға жеткілікті, су ағымын реттемейтін өзендерге салады. Дегенмен, кейде су алғыш құрылымдарды су ағымы көпжылдық кезеңдерде реттелетін су қоймасына да салынғаны белгілі. Мысал ретінде Сырдария өзеніне салынған Қайраққұм су торабын айтуға болады, су қоймасының көлемі 4,2 млрд. м3, мұнда жиналған суды гидроэнергетика саласына және егістікті суғаруға пайдаланады. (14.1. сурет)
14.1. сурет. Қайраққұм су қоймасына салынған плотиналы су алу торабы.
Плотиналы су алғыш құрылымдардың құрамалы бөліктері. Ирригациялық немесе деривациялық су алғыш құрылымдардың құрамында су реттегіш шлюздар және су торабының басқа құрылымдары кездеседі. Сонымен қатар, су алу торабы бірнеше құрылымдар мен құрылғылардан тұруы мүмкін, бір жерге орналасқан және бір мақсатқа - өзеннен тұтыну графигіне сәйкес су алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Су құрылымға су алатын тесік арқылы, немесе плотинаның тірегіндегі арнайы тесіктер арқылы алынуы мүмкін.
Плотиналы су алғыш құрылымдарда суды ашық, реттегіш шлюздар арқылы алу кеңінен тараған. Сумен бірге каналға тасындылар кетпеу үшін, реттегіш шлюздың табалдырығын өзен табанынан 1,5-2 м жоғары салады. Реттегіш шлюздың табалдырығын құрылым алдына шөгетін тасындылардың деңгейінен 1-1,5 м жоғары салады. Және де, құрылым табалдырығының биіктігіне табалдырықтың ішіне салынатын тасындылар ұстайтын және жуатын галереялардың биіктігі әсер етеді. Егістікке су беру үшін салына- тын реттегіш шлюздар, ағып шыққан су батып тұратындай етіп салады. Бұл арын шығынын азайтуға және су жер еңістігімен өзі ағып баратын жағдайда, суғарылатын жердің ауданын көбейтуге мүмкіндік береді.
Су торабының су алғыш құрылымдарының құрамы: жер суғаруға, суландыруға және деривациялық су электрстанцияларының су алу тораптарының құрамына су алғыш құрылымнан басқа мынандай құрылымдар кіреді: су тастағыш плотина, жергілікті материалдардан салынған бітеу бөгет, су ағысын бағыттағыш бөгет, көпір және су тұндырғылар. Өзен суы гидроэнергетика саласына да пайдаланылатын болса, онды су торабы құрамына су электрстанциясы, ал кеме жүретін өзендерде –кеме өткізетін шлюздер, ал балық уылдырық шашатын өзендерде балық өткізетін құрылымдар болады.
Су тастағыш плотиналар төменгі арынды болып салынады да, су ағардың ені жоғарғы бьефтегі ағыс бағыттағыш бөгетпен шектелген, тұрақты арнамен байланыстырылады. Бұл шара жоғарғы бьефте аралшықтардың пайда болып, арнаның сала-салаға бөлінуіне жол бермейді және ең көп тасқын суды өткізуге мүмкіншілік жасайды.
Бөгет салынатын тұсты таңдау: плотина салынатын тұсты таңдап, оны бекіту - далалық іздестіру жұмыстарының ең бір жауапты кезеңі. Плотина салынатын тұсты таңдауға көптеген жағдайлар әсер етеді: топографиялық, инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық, гидрологиялық, құрылысты салу жағдайы, судың өзеннің екі жағасына берілуі, жоғарыда орналасқан инженерлік құрылымдарды, жерді су баспауы, тағы басқа жағдайлар. Осы айтылған жағдайлардың бәрі ескеріліп, вариантар салыстырылады, техника-экономикалық көрсеткіштер және құрылымды пайдалану жағдайы, жұмсалатын қаржы ескеріледі. Су алғыш құрылымды салуға қабылданған тұс тұтынушыға су тасымалдайтын каналдарды салуға ыңғайлы болуға тиісті. Көпшілік жағдайларда таулы жерлерде және тау етектерінде су берілетін өзен жағалары жартасты және күрт құламалы болып келеді. Осыған байла- нысты, су тасымалдайтын құрылымдарды тунел түрінде салуға мәжбүр болады, бұл жағдай су торабын салуға жұмсалатын қаржының қымбаттауына және пайдалану жағдайының күрделенуіне әкеліп соғады. Тұтынушыға тунел арқылы су жеткізетін су тораптарына Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасының су жібергіш құрылымы, Вахш өзеніндегі Байпаза су торабы, Зеравшан өзеніндегі Бірінші май плотиналары жатады.
Бүйірлей су алатын құрылымдарды өзеннің тік не қисық учаскелерінде орналастыра береді, ал маңдайынан су алытын құрылымдары (фронтальные) мүмкіндігінше тік учаскелерге орналастырған тиімді.
Көпірлер және көпірлі өткелдер; өзеннен су алғыш құрылымдарға қақпақтар және қақпақтарды көтеретін механизмдер қарастырады, бұларды осы қызметкерлерге арналған көпірге орналастырады және бұл көпірлер тұрғындарға өзеннің екінші жағасына өтуге де қажет. Көпшілік жағдайда су алу тораптарына көлік жүретін көпірлер салады. Қызметкерлерге және көлік жүруге арналған көпірлерді орналастыратын биіктікті анықтағанда тасқан суды, мұзды және басқа сумен ағып келетін қоқыстарды өткізу мүмкіндігі қарастырылады және судың ең жоғарғы деңгейі көпірдің балкасынан 0,5 м төмен болуы шарт.
Тік торлы, тірек арқылы су алғыш құрылымдар. Бұл құрылымдарда бөлек орналасқан су алғыш құрылымдар болмайды. Су алу үшін құрылымның жағалық және орталық тіректері қолданылады. Тірек арқылы су алатын құрылым: тіректегі тігінен орналасқан тесіктерден, әрі қарай галереяға айналып кететін және галереядан түскен суды жинайтын науалардан тұрады. (14.2. сурет). Тірек арқылы су алатын құрылымдар суды өзеннің бір немесе екі жағасына бере алады. Жағалау тіректегі су қабылдайтын тесіктердің орналасу биіктігі, өлшемдері орталық тіректердегідей, бірақ галерея арқылы қабылданатын су мөлшері екі есе аз. Су қабылдайтын тесіктер саны бір галереяның су өткізу мүмкіндігімен анықталады, ол 6 м3/с –қа тең деп қабылданады. Негізінде бір галерея арқылы бұдан да көп су ағымын жіберуге болады, бірақ су қабылдайтын тесіктің өлшемдері мен орталық тіректердің ені өте көп болып кетеді. Су қабылдайтын тесіктері бар орталық және жағалық тіректердің ара қашықтықтары есепті су мөлшерін галереяға қабылдауға кедергі жасамай, тасқын суды өткізу мүмкіндіктеріне байланысты қабылданады. Құрылымның су қабылдайтын тесіктері тіректердің бүйір бетіне орналасады, су бүйірлей түсетін болғандықтан, бұлар бүйірлей су алатын құрылымдар тобына жатқызылған. Галереяға мұздың, қоқыстардың түспеуін қамтамасыз ету үшін кіре беріске ірі тор орнатылады. Су қабылдайтын тесіктің жоғарғы белгісі ▼ҚТД (▼НПУ) деңгейінен 0,1-0,3 м төмен, ал төменгі белгісі - бөгеттің су тастағыш бөлігінің табалдырығынан 1,5 м көп шамаға жоғары орнатылады. Тесіктің төменгі белгісі табалдырықтан неқұрлым жоғары орнатылса, солқұрлым түпкі тасындылар каналға аз түседі, бірақ бұл жағдай тесіктің енін үлкейтуге және тіректің ұзындығын көбейтуге әкеліп соғады. Құрылымның су қабылдайтын тесігі галереямен жәйлап барып қиылысады, галерея төрт бұрышты, өлшемдерін 1,5-3 м аралығында қабылдайды. Галерея ішіндегі су ағысының жылдамдығы - оның ішіне түскен тасындыларды әрі қарай тасымалдап, алып кетуін қамтамасыз етуге байланысты қабылданады. Галерея ішіндегі су ағымы арынсыз және олар ашық түрде салады. Ал кейде галереяның үстін темір бетон құралмалы тақталармен, немесе тақтаймен жабады. Галереяны жабу үшін олардың соңында қақпақ орнатылады. Галереядан су тіректің аяқ жағында орналасқан, су жинайтын науаға түседі. Бұл науалар судың салмағын көтеруге есептеледі және оның табаны анжыр, мұз, қоқыстарды және тасқын суды кедергісіз өткізу үшін төменгі бьефтегі су деңгейінен 0,5-1,0 м жоғары болуы керек. Тасқын су жүрген кездерде, науаға түскен артық су науадан асып, қайтадан құрылым флютбетіне, яғни өзен арнасына тасталып отырылады.
Тірек арқылы су алғыш құрылымдардың гидравликалық есептері: су қабылдайтын тесіктің, галереяның және су жинайтын науаның өлшемдерін табуға, каналға дейінгі су арыны шығынын анықтауға бағытталады.
14.2. сурет.Тік торлы, тірек арқылы су алғыш құрылымдар.
1. тас ұстағыш; 2. су қабылдағыш тесік; 3. шандордың саңылауы ; 4. негізгі қақпақтың саңылауы; 5. галереяны жабатын қақпақтың саңылауы; 6. галерея; 7. науа, акведук; 8. топырақтан соғылған бөгет.