Саулықтарды ұрықтандыру және қой төлдетуді өткізу мерзімі
Қазіргі кезде Қазақстанда өсіріліп жүрген қой малы тегіне, тұқымына, жер жағдайына, ауа райының ерекшеліктеріне қарай әр кезеңде ұрықтандырылады. Малдың осы биологиялық және басқа да ерекшеліктерін ұрықтандыру науқанының жоспарын жасағанда ерекше ескерген жөн. Саулықтарды ұрықтандыру науқаны әдетте тамыздан желтоқсан айына дейін созылады. Мұның өзі қой төлдетуді үш кезеңде қыста, ерте көктемде және көктемде өткізуге мүмкіндік береді.
Қойды қыста және ерте көктемде төлдету ұрықтандыру науқанын ауа райының қолайлы кезеңінде сапалы өткізуге және малдың өсімталдығын 18-20 процентке арттыруға жақсы әсер етіп жүр. Демек, табиғи және ауа-райы жағдайларын, жемшөппен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуін, пункттердің дайындығын, маман кадрлармен толықтырылуын ескере отырып, әрбір шаруашылық қой ұрықтандыруды өздеріне қолайлы бір уақытта өткізуді белгілейді. Биязы жүнді қой шаруашылығы өркендеген оңтүстік аймақтарда саулықтарды қыста және ерте көктемде төлдетудің жолдары қарастырылады. Ол үшін саулықтарды ұрықтандыру 10-15 қыркүйекте және 15-25 қазанда жүргізіледі. Бұл аймақтарда сүйегі асыл, болашақта өнімді көп беретін жас төлдерді өсіру мақсатымен қойды қыста төлдету, көбінесе асыл тұқымды мал отарында жүргізіледі. Ол үшін қой ұрықтандыру – қыркүйектің алғашқы онкүндігінен кейін басталады. Солтүстік және оңтүстік, батыс аймақтарда, яғни қысы қытымыр және ұзаққа созылатын, ал жазы қысқа болып келетін өңірде де қойды қыста және ерте көктемде төлдету әдетке айналған. Ол үшін саулықтар екі кезеңде, 10-15 тамызда және 10-20 қыркүйекте ұрықтандырылады.
Етті қой шаруашылығы өркендеген Орталық және Батыс Қазақстан жағдайында қой төлдету көктемде жүргізіледі, ол үшін саулықтарды ұрықтандыру 1-5 қарашада басталады.
Қаракөл қойлары өсірілетін аймақтарда қой төлдету науқаны осы өңірдің табиғаты мен ауа-райы жағдайына сәйкес ерте көктемде және көктемде өткізіледі. Ол үшін осы өңірдің оңтүстікке жақын орналасқан шаруашылықтары ұрық науқанын 1—5 қазанда бастайды. Шелді, жері құмдауыт Маңғышлақ облысының жағдайында саулықтар 20 қазаннан бастап ұрықтандырылады.
Біз жоғарыда жер жағдайына, ауа-райына байланысты саулықтарды ұрықтандырудың неғұрлым ұтымды әдістері мен қолайлы мерзімдеріне қысқаша тоқталдық. Алайда жан-жақты, мұқият әзірленбей, мал дәрігерлік, зоотехникалық талаптардың барлығын мүлтіксіз орындамай табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан шаранасын жарған төл ертең мал болып, қатарға қосылсын десек, ұсақтүйек деп қарамай әр істі сапалы, әрі ұқыпты атқару керек. Бұл ретте «Тазалық ошақ қасы, отбасынан басталады» дегендей ең алдымен пункттің дайындығына, жұмысқа жарамды-жарамсыздығына көңіл бөлген жөн.
Пункттерді пайдаланудың да белгілі бір жүйесі бар. Атап айтқанда, қой ұрықтандырудың қандай кезеңге сай келетіні және қай уақытта өткізілетіндігі ескеріледі. Мәселен, ерте көктемде төлдейтін саулықтарды ұрықтандыру үшін жылжымалы вагондар қолданылып, ол жазғы жайылымның ең шұрайлы жерлеріне, суатқа жақын орналастырылады.
Қойды кеш ұрықтандыру үшін (қазан, қараша айларында) тұрақты пункттер пайдаланылады. Онда қалыпты мөлшерде температура сақталуы қажет. Әрбір пунктке бекітіліп берілетін саулық екі отардан аспауы керек. Мұның өзі ұрықтандыру жұмысын екі мәрте сапалы өткізуге мүмкіндік туғызады.
Пункттер белгілі бір типтік жоба бойынша салынады. Әдетте жұмыс істеуге қолайлы болуы үшін мұндай пункттің өзі бірнеше бөліктен, атап айтқанда — зертханадан, ұрық алатын және саулықтарды ұрықтандыратын бөлмеден, ұрықтанған және ұрықтанбаған саулықтар қамайтын орыннан тұрғаны жөн. Егер пунктке бірнеше отар бекітіліп берілсе, онда ұрықтандырылған саулықтарды қамайтын төбесі жабық қосымша загондар жасаған жөн.
Сонымен бірге күн жылы, ашық кезде ұрықтандыру қолға алынса, онда Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығындағы пункт қолайлы деп есептеуге болады. Пункт көлемі кішілеу, ұрықтанған және ұрықтанбаған саулықтар төбесі жабық қашарда тұрады.
Зертхана мен манеждің іші жылы, құрғақ, әрі жарық болғаны жөн. Жұмыс кезінде манеж бен зертханадағы ауаның температурасы 200С, немесе 18-ден 25 градус аралығында (жұмыс столының төңірегінде) сақталса, бұл ұрықтандырудың сапасына жақсы әсер етеді.
Қой ұрықтандыратын бөлмедегі жұмыс орны сырт жағында аумағы 1 шаршы метр мөлшерінде терезе болуы керек. Ол пункт еденінен 0,5 м биіктікте орналасады, ал жарықтың негізгі көзі үшін электр энергиясы пайдаланылады. Күн сәулесінің тікелей түсуінен корғау үшін терезеге ақ дәкеден перде тұтылады.
Пункттің бүкіл бөлмелері, сондай-ақ зертханадағы барлық құрал-саймандар үнемі таза болуы керек. Пункт бөлмелерін дезинфекциялау үшін ыстық (70° температура) ерітінді жасалады. Ол үшін құрамында 1 пайыздың хлорлы натрий, «Демп» және жаңадан сөндірілген әктің 20 проценттік ерітіндісі бар препарат қолданылады. Дезинфекция жасауға 0,5-1 пайыздық хлорофос ерітіндісін пайдалануға да болады.
Пунктте күйі келген саулықтар қамалатын арнайы албарлар болады. Құрастыруға жеңіл материалдардан жасалған албар отардағы саулық санына сәйкес 2-3 алаңға бөлінеді. Ондағы күйлеген саулық саны әдетте 80-100 бастан аспауы керек. Бұл малдың сығылыспай, кең тұруына, қошқардың күйлеген саулықты тез тауып алуына мүмкіндік тудырады.
Сонымен пункт, ұрықтандыру науқанына жан-жақты дайындалды. Енді бірер күннен соң кеше ғана құлазып тұрған мекенжай қарбалас істің қайнаған ортасына айналып жүре береді. Ал осы істің негізгі тұтқасы - адам десек, ендігі әңгімеміз солар туралы болмақ.
Пунктке негізінен үш адамнан тұратын штат бекітіледі: техник ұрықтандырушы (ол пункт меңгерушісінің де міндетін атқарады), пункт ішін жуып-сыпырушы және қошқарларды күтуші-шопан.
Техник-ұрықтандырушының негізгі міндеті малдың пунктке мезгілімен келуін, ұрық алынатын және күйттеуші қошқарларды азықтандыру мен оның күтіміне үнемі бақылау жасау, ұрық алу және оның сапасын бағалау, қой ұрықтандыру, пункт жабдықтарының, аспаптар мен құрал-саймандардың есебін дұрыс жүргізу, ұрық алынатын қошқарларды пайдаланудың есеп карточкасын, қойды қолдан ұрықтандыру жөніндегі журналдарды толтыру және басқа да белгілі есеп формаларын жүргізу және т. б.
Техник-ұрықтандырушы пунктке бекітілген саулық отарларының дер кезінде ұрықтан өтуін, жұмыстың сапалы жүргізілуін, сондай-ақ қой ұрықтандыру кезінде мал дәрігерлік-санитарлық шаралардың дұрыс сақталуын өз жауапкершілігіне алады.
Қошқарларды күтуші шопан қошқарларды белгілі рационмен азықтандыру үшін жемшөп әзірлеу, пункттегі күн тәртібіне сәйкес оларды бағып-күту, ұрық алу үшін қошқарларды әзірлеу және техник ұрықтандырушының басқа да тапсырмаларын орындау секілді істермен шұғылданады.
Пункт тазалаушының міндетіне: пункт ауласын таза ұстау, халаттар мен сүлгілерді жуу, су ысыту, зертханадағы ыдыстарды жуу және стерилизациялау, құрал-саймандар мен жабдықтарды тазалау, пунктті жылыту және жарықпен қамтамасыз ету жатады.
Қой ұрықтандыру кезінде пункттегі басқа да жұмыстарға көмектесу үшін көмекке екі адам бөлінеді. Олардың міндеті шопандар бригадасына саулықтарды шағылыстыруға көмектесу, ұрықтандыру станогына қой жеткізіп беру, пункт меңгерушісінің тапсырмасы бойынша басқа да сан алуан жұмыстарды атқару.