Ой тұқымын өсіру мен жұп таңдау тәсілі, оның генетикалық негізі
Адам көп ғасырлар бойы малды өз қолында өсіруге үйретуі мен бірге олардың қасиеттерінің өзгергіштігін байқап, оны зерттеп, сол өзгерген пайдалы қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа беріп отыратынын байқаған. Соның арқасында малды өз қажетіне қарай өзгертумен нақты шұғылдана бастаған. Осындай ізденістер нәтижелері бірте-бірте жасалып, жинақталып генетика, биология ғылымдарының негізін сала бастаған.
1859 жылы Ч. Дарвин өзінің белгілі “Түрлердің шығуы” атты еңбегінде бірінші рет органикалық әлемінің эволюциялық өзгергіштігі туралы теориялық тұжырым жариялады. Ол дүниедегі тірі жануарлардың барлығы да табиғи іріктелу арқылы жаңа, өзгерген ортада тіршілік етуге бейімделеді, өзгереді, соның нәтижесінде жаңа түрлер пайда болады деді. Ч. Дарвин түр денесінің өзгергіштігі мен оның тұқым қуалаушылық қасиеттері – эволюциялық құбылыстың негізі, түрдің табиғатта сақталып қалуының кепілі екендігін дәлелдеді.
1866 жылы Г. Мендель бұршақтың бірнеше түрін будандастырудың нәтижелерін ғылыми еңбек ретінде жарияланған болатын. Бірақ сол кезде аса бағалы осы ғылым жаңалығын ешкім түсіне алған жоқ. Тек 30 жыл өткен соң ғана оның жазып кеткен еңбектерін голландық ғалым Де Фриз, алмандық ғалым Корренс, австралиялық ғалым Чермак әрқайсысы дербес оқып, түсініп қолданып, нәтижесін жариялап дүние жүзі елдеріне қайта ашып, табыстады.
Г. Мендель тұқым қуалаушылықтың заңдылығын ашқан, генетиканың негізін салған ғалымдардың алғашқылары ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Ол тұқым қуалаушылықты қамтамасыз ететін заттар өзара араласпайды, дискретті түрде дербес сақталып таза күйінде келесі ұрпаққа беріледі деп көрсеткен. Г. Мендельдің ашқан тұқым қуалаушылық жөнінде үш заңы да генетика ғылымынан өз орнын алды және осы күнге дейін сақталып келеді.
Оның бірінші заңы – таза тұқымды ата-аналардан алынған будандардың генотиптері бірдей болатындығы.
Екіншісі - ұрпақ гендерінің бөлініп гетерозиготаға айналуы.
Үшіншісі - ұрпақ қасиеттері мен көрсеткіштері ерікті түрдеқалыптасады. Гамета пайда болар кезде оның әрқайсысына аллель жұптары өзінше ерікті құралады.
1909 жылы Дания ғалымы Иогансен тұқым қуалаушы заттарды “ген” деп атауды ұсынды. Солай болып ғылымда қалыптасты.
1912 жылы Америка ғалымы Морган тұқым қуалаушылықтың материалдық негізін – хромосоманы (ядродағы боялатын денелер) ашып, хромосомдық теорияның негізін салды. Ол гендер ядродағы хромосомдарда қаз қатар орналасады және әр геннің өзінің орны болады деген. Сондай-ақ гендері бір хромосомадағы көрсеткіштер ата-анасының хромосомасындағы тіркелген күйі, сол құрамда жыныс клеткалары арқылы ұрпағына берілетінін және жаңа гендер құрылымдары хромосома бөлшектерінің орын ауысуы (кроссинговер) нәтижесінде болады деп көрсеткен.
1953 жылы Уатсон және Крик гендік материалдық дезоксирибонуклейн қышқылынан (ДНҚ-дан) тұратынын және ұрпақтан ұрпаққа берілетін қасиеттер ДНҚ молекуласының құрылымындағы негіздердің түзілуіне байланысты екенін дәлелдеген.
Сонымен бұл ғалымдар молекулярлық генетиканың негізін салған.
1939 жыл Л. Лаш “Мал өсіру” деген ғылыми еңбек жариялады. Бұл еңбек қазіргі мал шаруашылығының селекциясының алғашқы жарияланған теориялық негіздері болды.
Ресейде, кейін Кеңес Одағында зоотехния ғылымының негізін салған П.Н. Кулешов, Е.А. Богданов, М.Ф. Иванов сияқты ғалым-селекционерлер болды.
Қазақстанда 1930 жылдан бастап ғалымдар мал селекциясын жүйелі түрде қолға алып, ғылыми негізде жұмыс жүргізе бастады. Солардың ішінде басты жетекшілері В.А. Бальмонт, М.А. Ермеков, А. Елеманов, Бутарин, Т. Бөкенбаевтар болды. Мал шаруашылығында молекулярлық генетиканың негізін салып үлкен мектеп құрған Ф.М. Мұхамедғалиев, үлкен селекциялық жетістіктерге жеткен Қ.У. Медеубеков, К. Елемесов, Х. Укбаев, М.М. Тойшыбековтарды, Е. Есентаевті атау қажет. Селекциялық биотехнологияны, зиготаларды донорлардан алып төл өсіруші суррогат аналықтарда, реципиенттерде өсіріп көбейту технологияларын жетілдіру, жаңартуда А. Амербаев, К. Жанабеков, Р. Әбілдинов, М. Тойшыбеков, К.Т. Қасымовтар И.К. Шарипов және олардың шәкірттері көп еңбек етіп келеді.