АҚШ-тың қазіргі әлемдегі геостратегиялық ұстанымдарын көрсетіңіз
АҚШ-тың геосаяси жағдайы, ұстанған саяси бағыты, ең алдымен, оның дүние жүзіндегі айрықша орнымен анықталады. АҚШ XX ғасырдың басында бейтарап саясат ұстанатынын жариялағанымен, дүние жүзінің саяси картасын түбегейлі өзгерткен аса маңызды саяси оқиғалар бұл мәлімдемені іс жүзіне асыруға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде АҚШ екі дүниежүзілік соғысқа араласып, әлемдегі басқа ірі мемлекеттермен бірге өзінің ықпал ету аймақтарын бөлісті.
Осы ғасырда халықаралық аренада пайда болған орасан зор жаңа ел — Кеңестер Одағы ендігі жерде АҚШ-тың барлық саладағы, ең бастысы қарулану ісіндегі негізгі бәсекелесіне айналды. Әлемдік саясаттанушылар «қырғи қабақ соғыс» деп атаған текетірес кезең 1990 жылдары Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты аяқталды. 1945 жылы тамыз айында АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастады. 1964—1975 жылдары АҚШ Въетнам жерінде соғыс қимылдарын жүргізді. Осы кезеңде бұл шағын елдегі АҚШ-тың тұрақты армиясында 500 мыңдай әскер болған. Барлық бейбітшілік сүйгіш халықаралық қауымдастық осы кезге дейін аза тұтып, еске алатын бұл қайғылы оқиғалар АҚШ-тық «бейбітшілік сүйгіш» саясатына күмән келтіруге себепші болды.
Кеңестер Одағының ыдырауы, Еуропа мен Азиядағы социалистік елдердің даму бағыттарының қайта құрылуы бұл елдерге қатысты АҚШ-тың сыртқы саясатының да өзгеруіне апарып соқты. Жаңадан пайда болған орасан зор ықпал аймағына қатысты АҚШ үкіметі өзіндік жаңа геосаяси бағдар алды. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттер көп жағдайда сыртқы саясатың өзін «демократия қамалы» деп санайтын АҚШ тұрғысында айқындай бастады. Демократия шарттары мен адам кұқығы туралы қағидаларды алға ұстанған АҚШ XX ғасырдың соңына қарай Таяу Шығыс пен Югославия жеріндегі соғыс оқиғаларына белсене кірісті. Нью-Йорк қаласында 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған аса ірі террорлық әрекеттерге байланысты АҚШ мемлекетінің Азия аймағына қатысты ұстанған саясаты дүние жүзіндегі саяси күштердің арасалмағын елеулі түрде өзгертті. Сонымен күллі әлем санасатын, 200 жылдан артық, тарихы бар бұл аса ірі мемлекеттің геосаясаты «қай жағдайда да, ең басты орында АҚШ мүддесі» деген ұранға тәуелді болады. Аса күшті дамыған, ядролық қаруға ие жетекші мемлекет ретінде АҚШ өзінің аумағында ғана емес, шекарасынан тыс жерлерде орналасқан иеліктері мен ықпал ету аймақтарында да бұл шарттың мүлтіксіз орындалуын айрықша назарында ұстайды
АҚШ-тың ішкі жағдайларының сыртқы саясатына әсер ететін кейбір критерийлері:
•АҚШ кұрамына енетін Аляска және Гавай штаттары елдің басқа бөліктерімен кұрлық арқылы шектеспейді; бұл ел аумағында біртұтас көлік жүйесін қалыптастыруға кедергі келтіріп, әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарға себепші болады.
• Елдің шығысында Атлант, батысында Тынық мұхит сулары ұласып жатыр; бұл жағдай АҚШ-тың халықаралық экономикалық қатынастарын дамытуына өте қолайлы әсер етіп, мемлекеттің кауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
• АҚШ өндірісін алуан түрлі шикізатпен және арзан еңбек ресурстарымен қамтамасыз етіп, өз кезегінде дайын тауарларды сатып алатын Латын Америкасы елдерінің салыстырмалы түрде жақын орналасуы ел экономикасының үздіксіз дамуына себепші болады.
• АҚШ-тың көршілес орналасқан Канадамен және Мексикамен кұрлықтық шекаралары шартты түрде өзен-көлдер, таулы аймақтар арқылы өтуі елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарының дамуына колайлы жағдай жасайды.
АҚШ биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін қалыптасқан вакуумды толтырды.
АҚШ планетамыздағы бірден-бір негізгі геосаяси күштердің орталығы екені белгілі. Оған келесі сипатты белгілер тән: біріншіден, әскери, экономикалық, технологиялық, ақпараттық қатынастарда және мәдени ойын-сауық салаларында әлемдегі ең қуатты держава. Сонымен бірге АҚШ-тың бас болу жағдайы оның халықаралық институттарда (ХВҚ, БСҰ, Бүкілдүниежүзілік Банк, Қайта құру және даму банкі), НАТО және т.б. басымдығымен түсіндіріледі. Екіншіден, әлемдегі жаһандану және жаңару үрдістері АҚШ-тың бақылауында. Үшіншіден, ол әлемде бірполярлы конструкция құруға тырысуда. АҚШ-тың геосаяси ұмтылысы өзінің аумағын қорғаумен бітпейді, оны басқа мемлекеттердің аумақтарына таратады, ол жерлерде Америка азаматтарының, Америка капиталының, Американың сыртқы саяси курсының және жалпы батыс өркениетінің мүдделері қорғалады. Төртіншіден, өзінің мақсаттарына жетуде күш көрсету саясатына тірек жасайды, ондағы басты құралы – НАТО – батыс мемлекеттерінің әскери-саяси блогы, мұнда да АҚШ бағыттаушы ел болып табылады. Олар НАТО-ны демократия мен тұрақтылықтың зонасы ретінде қарап, оны кеңейту тұжырымдамасын белсенді пайдаланады. Осылайша, өзінің геосаяси алаңын кеңейтеді. Бесіншіден, АҚШ-тың сыртқы саясатына тән белгілердің бірі – мессианизм, бұл дегеніміз бүкіл әлемге өзінің либералды-демократиялық құндылықтарын тарату арқылы әлемді американдық етіп құруға тырысушылық.
Американың жаппай ықпал ету мақсаттарына жету үшін АҚШ Еуропадағы одақтастары мен Жапонияға және қалған өзге де елдерге қатысты «Бағдарламалы көшбасшы тұжырымдамасын» қолданатынын айтуымыз керек. Бұл тұжырымдаманы 1993-2000 жылдары Клинтон әкімшілігі жасады. Тұжырымдаманың мәні – АҚШ саясатының шеңберінде одақтастарға белгілі бір әрекеттерге бағыттарын таңу.
Дегенмен, соңғы уақыттарда Құрама Штаттар әлемдік аренадағы бәсекелестіктен қауіптенеді. Жаһандық көшбасшылық үшін күресте Қытай, Индия, Еуроодақ оның басты бәсекелестері болып отыр.