Лекция-11. Саясаттағы конфликт және дағдарыстык жағдайлар
Конфликт әлеуметтік құбылыс ретінде және оның саясаттағы ролі. Саяси конфликтілер, олардың қоғамдық өмірдегі орны. Саяси конфликт құрылымы. Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметі.
Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметтері. Саяси конфликт динамикасы. Саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері. Қазақстанда саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері
3. Саяси дағдарыс. Сыртқы және ішкі саяси дағдарыстар. Саяси дағдарыстардың алдын алу тәсілдері.
Саясаттанудағы саяси шиеленіс теориялары. Шиеленiс дегенiмiз әрбiр қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, iстi насырға шаптыратын қарама-қарсы мүдделердiң, пiкiрлердiң, көзқарастардың қайшы келуi, елеулi келiспеушiлiк, өткiр пiкiр талас.
Саясаттану ғылымында ұзақ жылдар бойы қоғамдағы қайшылықтар, дағдарыстар, шиеленiстер, төңкерiстер, яғни мемлекеттегi тұрақсыздық, ойдағыдай дамымауы ауру болып саналды. Көптеген ойшылдар қоғам, мемлекет бiрқалыпты, тұрақты дамуы керек деп санады. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылық ең негiзгi құндылық болып саналды.
Бiрақ ол мүмкiн нәрсе емес едi, өйткенi қоғамда әр түрлi әлеуметтiк топтар, таптар, қабаттар тұратын болғандықтан, олардың мақсат-мүдделерi, талап-тiлектерi де соншалықты әр түрлi болып келедi. Бұл әр түрлiлiк, сәйкес келмеушiлiктер айырмашылықтарды тудырады, олар дер кезiнде шешiлмей шиеленiстерге айналып отырады.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында: «Егер әртүрлi топтар оларды қандай саяси, идеология, дiни, этникалық немесе топтық мүдделердiң бiрiктiретiндiгiне қарамастан қарама-қарсылық күйде болса, бұл халықты ортақ игiлiкке қол жеткiзу мен өзiнiң ұлттық мүдделерiн iске асыру мақсатынан жаңылыстыратын қауiптi жағдайға әкеп соғады» – деп шиеленiстердiң қоғам үшiн қауiптiлiгiн баса айтады.
Адамзат шиеленiстi зерттеуге өте ертеден-ақ көңiл бөлген, б.з.д. VІІ-VІ ғасырлардағы қытайлық философтар дүниедегi нәрселердiң бәрiнiң қозғалысының көзi оң (ян) және терiс (инь) бастаулар болады деп айтады. Ежелгi грек ойшылы Гераклит заттар мен құбылыстардың дамуы қарама-қарсылықтардың күресiнен туады және ол күрес жаппай, барлығы мүмкiндiгiне қарай күрес арқылы болып өтедi деп жазады. Бұл пiкiрдi Сократ, Платон, Эпикур де мойындаған.
Қоғамдағы шиеленiстi зерттеуге Н. Макиавелли ерекше көңiл бөлдi. Рим тарихына арналған еңбегiнде шиеленiстiң әр түрлi деңгейiн қарастыра отырып, оның қоғам дамуындағы маңыздылығын айтты. ХVІІІ ғасырдағы саяси шиеленiстi зерттеушi ойшылдар оны үстемдiк пен тәуелдiлiкке әкеп тiредi және ол мемлекет реттеуiмен шешiлiп отырады деп есептедi.
Шиеленiстi әлеуметтiк құбылыс ретiнде зерттеген А. Смит болды. Бұл зерттеуiн «Халық байлығының себептерi мен табиғаты туралы зерттеулер» (1776 ж.) атты кiтабында жүргiзген. А. Смит шиеленiстiң негiзiне қоғамның таптарға қысым жасауы мен экономикалық бәсекелестiктi жатқызады, әрi оны қоғамның қозғаушы күшi деп есептедi. Шиеленiстi зерттеуде Гегельдiң iлiмi ерекше орын алады. Ол қоғам дамуындағы қарама-қарсылықтардың қайшылықтары мен күресiн жоғары бағалады.
Шиеленiстiң өзiнiң теориялық негiзiн ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әлеуметтану ғылымында алды. Бұл кезеңдегi әлеуметтану ғылымы биология ықпалында болды, сондықтан шиеленiстi дарвиннiң теориясы негiзiнде түсiндiрдi. Кейiнен әлеуметтануда психологиялық бағыт қалыптасты, сөйтiп шиеленiске әлеуметтiк-психологиялық көзқарас таратылды. Одан кейiн әлеуметтануға функционализм күштi ықпал еттi, ол шиеленiстi жағымсыз рөл атқарады деп, оны зерттеудi соңғы орынға шығарды.
Сөйтiп шиеленiстi зерттеудiң мынадай төрт концепциясы қалыптасты:
1 «Шиеленiстiң жағымды-функционалды» концепциясы /Л. Козер/;
2 «Қоғамның шиеленiстiк моделi» концепциясы /Р. Дарендорф/;
3 «Шиеленiстiң жалпы теориясы» концепциясы /К. Боулдинг/;
4 «Шиеленiстiң маркстiк теориясы» /К. Маркс,Ф. Энгельс/.
Л. Козер шиленiстерге құндылықтар, мәртебе, билiк, қаржы-қаражат үшiн күрестердi жатқызды. Л.Козер концепциясының мәнi – қоғамға әлеуметтiк теңсiздiк, мәңгiлiк психологиялық қанағаттанбаушылық тән, сондықтан индивид пен топтар арасында қайшылық, сезiмдiк – көңiл күйiнiң тұрақсыздығы пайда болады, олардың қарым-қатынасы бұзылады. Сондықтан Л.Козер әлеуметтiк шиеленiске белгiлi әлеуметтiк пен индивид сезiмдерiнiң қайшылығын жатқызады.
Немiс әлеуметтанушысы Р. Дарендорф «қоғамның шиеленiстiк моделi» атты теорияны қалыптастырды. Ол «Индустриалдық қоғамдағы таптар мен таптық шиеленiстер» деген еңбегiнде билiктi бөлуге байланысты адамдар арасында теңсiздiк пайда болады, олар шиеленiске әкелiп, қоғамның құрылымын өзгертедi деп санады. Бұл өзгерiстердi шиеленiстер өздерi-ақ жүзеге асырады, сондықтан К. Маркс айтқан революциялық төңкерiске жол бермеу керек деп есептедi. Сонымен бiрге жаншылған шиеленiстер қоғам организмiндегi қатерлi iсiкке айналады деп жазады.
Қоғам өмiрiнiң iшкi және халықаралық жағдайына да қолдануға қолайлысы К. Боулдингтiң «шиеленiстiң жалпы теориясы» концепциясы болып табылады. Бұл теория оның «Шиеленiс және қорғау. Жалпы теория» деген кiтабында қалыптасқан. Оның пiкiрi бойынша шиеленiс қоғамдық өмiрден ажыратылмайды. Әлеуметтiк шиеленiстiң мәнi адамның қалыпты реакциясына байланысты. Қандай кикiлжiң болмасын тiтiркендiр-гiштер, қоздырғыштардың әрекеттерi арқылы реакцияларды, құндылықтарды, жеке адамдардың құштарлықтарын өзгертуге болады. Соның нәтижесiнде қоғамдық құрылыс түбiрiмен өзгерiске түседi деп санаған. Сонымен бiрге, К.Боулдинг шиеленiстiң алдын-алу керек немесе шектеп отыру керек деп есептеген.
Саяси шиеленiстерге ерекше көп көңiл бөлген марксизм. К. Маркс пен Ф. Энгельс «Коммунистiк партияның манифесi» атты еңбектерiнде тап күресi таптық қоғамдардың дамуының заңдылығы деп жазады.
2 Шиеленiс шығуының бiрнеше себептерi бар, мәселен:
Шиеленiстiң бiрiншi себебiне, адамдардың қоғамдағы мәртебесi, қызметi, билiкке қатынасының теңсiздiгi жатады. Қоғамда адамдардың бiр тобы үстемдiк етедi, екiншiсi көпшiлiк адамдар бағынады, алғашқылардың айтқанын iстейдi.
Шиеленiстiң екiншi себебi, қоғамдағы адамдардың сұраныстарының, мұқтаждық-тарының, мүдделерiнiң өтелмеуi немесе қанағаттандырылмауы. Бұдан байқайтынымыз шиеленiс мәңгiлiк, өйткенi қоғамдағы барлық адамдардың, барлық уақытта мүдделерiнiң, талап-тiлектерiнiң орындалуы мүмкiн емес. Ондай қоғам еш жерде жоқ.
Шиеленiстiң үшiншi себебi, қоғамда әр түрлi әлеуметтiк, этникалық, дiни т.б. бiрлестiктерге жататын адамдардың өмiр сүруi. Осы жоғарыдағы ерекшелiктерiне сай қоғамнан орын алуы мүмкiн, онда өздерiнiң жағдайларына қанағаттанбай, басқалардың қысымын сезiнуi. Бұл шиеленiстiк ахуалды тудырады.
Шиеленiстiң төртiншi себебi адам санасында. Қоғамда қалыптасқан құндылықтар мен жеке адамның түсiнiктерiнiң сай келмеуi, адамдар үмiтiнiң ақталмауы, iшкi сезiмдерiнiң сай келмеуi.
Саяси шиеленiс дегеніміз саяси субьектiлердiң саяси қызығушы-лықтарының, құндылықтары, мақсаты мен көзқарастарының қарама-қайшылықтарына негiзделген қақтығыстар мен күресулер. Саяси шиеленiс ұғымы бiр субьектiлердiң екiншiсiмен саяси қатынас жүйесiне ықпал ету мақсатындағы күресiн бiлдiредi. Саяси шиеленiс әлеуметтiк шиеленiстен ерекшелiгi, ол барлық азаматтар үшiн мiндеттi, мүдделер мен мемлекеттiк билiк субьектiлерi арасындағы өзара әрекет. Саяси шиеленiстердiң обьектiсi мен пәнi саяси және мемлекеттiк билiк, оны иелену, билiк институттарының құрылымы, әлеуметтiк топтардың саяси статусы, саяси құндылықтар мен рәмiздер болып табылады. Мұнда әңгiме адамзат индивидi, топтар, билiктi алып жүрушi ұйымдар туралы болып отыр. Әрбiр саяси жүйе өзiндiк саяси статустық құрылымға ие: бiрi үстемдiк етедi, бiрi бағынады, бiрi басқарады, бiрi басқарылады т.б. Бұл моделдердiң әрқайсысына билiк субьектiсi мен оның обьектiсi- үстемдiк етушi мен бағынушы арасындағы қарама-қайшылық енгiзiлген. Бұл саяси шиеленiстiң көзi болып табылады. Оның болуы обьективтi және субьективтi себептер мен жағдайларға байланысты.
Саяси шиеленiстер даму барысында бiрнеше кезеңдерден өтедi. Алғашқы кезеңдерiнде шиеленiстерге негiз туады. Оларға қажеттi көңiл бөлiнбесе өрши түседi. Мысалы, адамдардың өмiр сүру деңгейi төмендейдi, құқық сақтау, адамгершiлiк тәртiптер бұзылады. Әдiлетсiздiктi бұрынырақ сезетiн қарсы жақтың алдыңғы қатарлы адамдары өздерiнiң келiспеушiлiктерiн бiлдiре бастайды. Екiншi кезеңiнде, келiспеушiлiк, наразылық ашық айтылып, алғашқы қақтығыстар болуы мүмкiн. Шиеленiстер кезiнде басқарушы топтың әр түрлi қылмыстары ашылып, беделдерi кетiп, сенiмсiздiк туады. Одан кейiн, үшiншiден екi жақта ашық қарсылық, қақтығыстар болуы мүмкiн. Екi жақты да адамдардың көпшiлiк топтары қолдап, даудың шеңберi кеңеюi мүмкiн. Егер мұның бәрiне жол табылып, шешiлмесе, қарулы қақтығысқа айналады.
Саяси шиеленістердің түрлері.Шиеленістердің алғашқы классификация-сын жасауға талпынған американдық социолог П. Сорокин. Ол шиеленісті тұлғааралық немесе топаралық, яғни жеке адам немесе әлеуметтік топтар арасында деп бөлуді ұсынды. Бұл классификация бойынша халықаралық, этникалық, және т.б. басқа шиеленістер екінші топқа енеді.
Кейінен ғалымдар шиеленістің нақты классификациясын жасауғ,а тырысты. Оны К. Боулдинг, Й. Галтунг, С. Чейс, К. Холсти жасады. Бұл классификациялардың барлығы зерттеуші ғалымдар шиеленіс феноменнін қалай түсінетіндігін көрсетті.
Шиеленістің дәстүрлі классификациясында, шиеленістер мына негіздер бойынша анықталынады:
1 оған қанша жақтар қатысады, шиеленістің тікелей және жанама қатысушылары қандай. Бұл өлшем бойынша ішкі, халықаралық, өлкелік шиеленістер, дүнеи жүзілік соғыстар жіктелінеді. Егер қатысушылар екеуден көп болса, ол көпжақты, бұндай шиененісті реттеу қиын болады.;
2 шиеленістік өзара әрекеттің жылдамдығы мен сипаты қаншалықты, шиеленіс тек шиеленістік қатынаспен ғана шектеледі ме әлде қарулы қақтығысқа орын берелді ме. Жауласу деңгейі жоғары болған сайын шиеленісті реттеу де қиын болады.
Қарама-қайшылық негізі не (этникалық, діни, идеология) және айтыс-тартыс пәні не (территория, ресурстар, ықпал саласы). Бұл параметрлер бойынша шиеленісті анықтау өте қиын, онсыз реттеу де қиынға соғады.
Американ ғалымы Дж. Стоссинджер пікірі бойынша ХХ ғасырдағы көптеген қарулы қақтығыстардың болуының себебі саяси лидерлердің қабылдау қателіктері болды. Бұл қателіктер мыналарда бейнеленді:
1 өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау;
2 қарсы жақ лидерін бұрыс бағалау, оның тұлғалық сапасын ескермеу;
3 қарсы жақтың ойындағысын қате қабылдау, олардың күшін, мүмкіндігін ескермеу.
Саяси шиеленiстi саясаттану ғылымында жiктеудiң мынадай түрлерi кездеседi:
1 Көрiну саласы мен облысы бойынша, мұнда iшкi және сыртқы саяси шиеленiстер көрiнiс бередi. Халықаралық шиеленiстер «соғыс жағдайындағы» шиеленiс, онда бiр мемлекет екiншiсiне талаптар қоя отырып, екiншi мемлекет күрескеннен гөрi шегiнiстерге барады деп үмiт күтедi.
«Жауласушылықты ақтау», көбiнесе арандатушылық әрекет, қалыптасқан ахуалда орындалуы мүмкiн емес талаптар қойып, екiншi жақты әдейi қақтығысқа шақыру (гитлерлiк Германия).
2 lшкi саяси шиеленiстiң өзi әр түрлi билiк субьектiлерi арасында өтедi. Билеушi және оппозициялық элита, бәсекелесушi партиялар мен мүдделер тобы, орталық билiк пен жергiлiктi билiк құрылымдары арасындағы шиеленiстер.
3 Нормативтi реттелу деңгейi мен сипаты бойынша. Бұл жағдайда институттанған немесе институттанбаған шиеленiстердi айтуға болады, адамдардың саяси ойын ережесiне бағыну немесе бағынбау қабiлеттiлiгiн айтуға болады.
4 Сапалық сипатына қарай шиеленiстi бөлу, «терең» және «таза» шиеленiстер (Дж. Бертон); адам санасына байланысты «нөлдiк сомадағы» немесе «нөлдiк емес сомадағы» шиеленiстер (П. Шарон); антогонистiк немесе антогонистiк емес шиеленiстер (К. Маркс).
5 Ашық және жасырын саяси шиеленiстер:
1 манифестация, шеру, сайлауға қатысу.
2 жасырын саяси шешiм қабылдауда билеушi элита арасында кездеседi немесе билiктiң әр түрлi тармақтары арасында болу мүмкiн.
6 Мерзiмiне қарай жылдам, қысқамерзiмдiк, ұзақмерзiмдiк шиеленiстер болып бөлiнедi.
7 Тiк немесе көлденең саяси шиеленiстер де болады.
Кейде билiк басындағылар шиеленiстi байқаса да байқамағансуы мүмкiн. Ондайда шиеленiс бықсып, жанып өрiстеуi мүмкiн. Сондықтан, шиеленiстi шешу керек. Бұрын одан шығудың екi жолын қолданған:
1 қоғамның «таза» дамуына сәйкес келмегендi өз арасынан аластатып сыртқа ығыстырып шығару арқылы құтылғысы келген.
2 керексiз жағдайды, құрылымды тура жаншып құрту, жою. Бұл шиеленiстердi шешудiң екi жолында шиеленiс шешiлген сияқты, алдамшы түсiнiк бар. Ал, шын мәнiнде ол ауруды iшке тыққанмен тең.
Шиеленісті шешудің жолдары мен әдістері. Қазiргi кезде шиеленiстi шешудiң екi жолы қалыптасқан:
1 Шиеленiстi мәмiлеге келу арқылы бейбiт жолмен шешу. Мәмiле деп дау-жанжалға қатысушы жақтардың өзара кешiрiмдiлiк бiлдiрiп, ымыраға келуiн айтады. Онда екi жақ бiр-бiрiн ұғынысып, өзара кешiрiмдiлiк жасап, ортақ келiсiмге келуге тырысады.
2 Зорлық негiзiнде бiтiстiру, келiстiру. Мұндай жағдай бiр жақтың күшi айтарлықтай басым болғанда, екiншi жақ жеңiлгенде немесе оны толық жойып жiбергенде туады.
Екi жақты татуластырудың кең тараған түрi – келiссөздер. Ол арқылы қарсы жақтың пiкiрi, дәлелдерi белгiлi болады, күштiң арақатынасы айқындалады, келiсiм шарттары анықталынады. Дағдарыс жағдайынан шығу үшiн оның мәнiн, ерекшелiктерiн, әлеуметтiк негiзiн және т.б. зерттеп бiлген жөн.
Қоғамда саяси жанжалдар болуы көбiнесе оппозицияның бар-жоғына да байланысты. Бұрынғы Кеңес дәуiрiнде көппартиялық оппозиция ерсi сияқты көрiнетiн. Ал демократиялық елдерде олар қажеттi шарт. Олар болмаса билiк ұйымдарына сенiмсiздiк туады, олар бюрократияланады. Оппозицияда әр топтың талап-тiлектерi, көзқарастары ескерiледi. Сондықтан философ Дж. Милль демократиядан оппозицияны алып тастаса диктатура қалады деп тегiн айтпаған.
Шиеленiс болған соң, одан қайткен күнде де шығу керек. Ол адамзаттық келiсiм негiзiнде шешiлуi тиiс. Оның екi жолы бар:
1 араздық, жаулық қаупiн бұзып, сенiм жағдайын туғызу;
2 барлық деңгейде адамдардың қарым-қатынасын бiр қалыпты жағдайға түсiру. Зорлықтан аулақ болу.
Шиеленiстi шешудiң әр түрлi әдiстерi қалыптасқан, мәселен:
Бiрiншiден, шиеленiстен қашу әдiсi. Мысалы, белгiлi бiр саяси қайраткердiң саяси аренадан өз еркiмен кетуi, елден эмиграция, «қарсыласымен» кездесуден қашу т.б. Бұл әдiс шиеленiстi толық шеше алмайды, оның негiзгi қарама-қайшылығын сақтап қалады.
Екiншiден, бұл оны жоққа шығару немесе орнын ауыстыру әдiсi. Бұл тәсiл шиеленiстi бiр саладан екiншiсiне ауыстыруға мүмкiндiк бередi.
Үшiншiден, конфронтация әдiсi. Бұл әдiс шиеленiстi саяси тәртiбiмен қосып жойылуына алып келедi (1917 ж. революция мен 1991 ж. КССР-дегi қайта құрулар).
Төртiншiден, шиеленiстi тоқтата тұру әдiсi, шиеленiсушi жақтар назарын басқа жаққа ауыстыру, көбiнесе күш жинау үшiн, уақыт ұту үшiн қолданылады.
Бесiншiден, шиеленiстi реттеу әдiсi, қақтығысушы жақтардың бағыттары мен мүдделерiнiң жақындастырылуы. Бұл татуластырушылық шара болып табылады. Мұнда шиеленiстi шешуге келiсiмдiк комиссия, шиеленiс жөнiндегi менеджерлер, жеке саяси қайраткерлер, мемлекеттер болуы керек. Бұл шиеленiстi шешу тәсiл Гаага конвенциясында (1907ж.) тiркелген.
Алтыншы, арбитраж немесе үшiншi бiреудiң қатысуымен шиеленiстi шешу әдiсi. Шиеленiсушi екi жақтың өз тартыстарын шешудi үшiншi бiр жаққа беруi.