Ерте және жетілген буржуазиялық қоғамның саяси доктриналары
Саяси ой өзінің дамуындағы неғұрлым сапалық жоғары деңгейге буржуазиялық қоғам дәуірінде көтерілді.
Саяси идеялардың айтарлықтай дамуы француз ойшылдарының еңбектерінде жүзеге асты. Оның аса көрнекті өкілдері Ш.Л.Монтескье мен Ж.Ж.Руссо болып табылады. Шарль Луи Монтескье (1689-1755) – көрнекті саяси ойшыл. Өзінің еңбектерінде ол мемлекет, азаматтық қоғам, саяси режимдер туралы, басқару формалары мен мемлекеттік құрылыс формалары жөніндегі ілімдерді анықтап дамытты. Монтескьенің «Римдіктердің ұлылығы мен құлдырауының себептері туралы ойлар» (1734 ж.) және «Заңдар рухы туралы» (1748 ж.) негізгі кітаптары оны саяси ойдың беделді классиктерінің бірі етті.
Монтескьенің бүкіл саяси теориясының басты тақырыбы және ондағы қорғалған негізгі құндылық – саяси бостандық. Осы бостандықты қамтамасыз ететін қажетті жағдайлардың қатарына әділетті заңдар мен тиісті мемлекеттілікті ұйымдастыру жатады.
Монтескье Гоббстың адамдар әуелден-ақ агрессияшыл және біріне-бірі билік етуге құмар деп таңуының жалғандығын арнайы атап көрсетті. Керісінше, адам, Монтескьенің пікірінше, бастапқыда әлсіз, өте қорқақ және басқалармен теңдікте, бейбітшілікте болуға тырысады. Алайда адамдар қоғамға біріккеннен кейін-ақ олар өздерінің әлсіздік сезімін жоғалтады. Олардың арасында орныққан теңдік те жойылады, жекелеген адамдар арасында және халықтар арасында болатын соғыстың екі түрі басталады. Соғыстың осы екі түрінің пайда болуы адамдар арасында заңдар орнатуға итермелейді. Қоғамда өмір сүретін адамдардың бәріне ортақ заңдардың қажеттілігі, Монтескьенің айтуынша, мемлекетті құруға септігін тигізеді. Монтескьенің пікірінше мемлекет – бұл заңдары бар қоғам, және оның басты мақсаты қоғам мүшелерінің осы заңдарды орындауын күшпен іске асыру[13].
Монтескье басқарудың республикалық, монархиялық және деспоттық деп аталатын үш формасын бөліп көрсетеді. Ол деспотияға теріс көзқараспен қарады. Өйткені бұл жерде үрей, зорлық-зомбылық басқарудың қозғаушы принциптері болып табылды. Деспотияда заңдар болмайды, егер де олар қабылданған болса онда ешбір маңыздылығы болмайды. Монтескье конституциялық монархияны қолдайды, Англияның конституциялық монархиясы оның болашақ үлгісі саналады. Дегенмен ол республикаға да құрметпен қарады, оны демократиялық және аристократиялық деп бөлді. Монтескьенің пікірінше, мемлекеттің формасына оның аумағының көлемі ықпал етеді. Шағын мемлекеттер республика болуы тиіс, орта көлемді мемлекеттер – монархия, ал үлкен мемлекеттер – деспотия болуы тиіс. Республикалық басқару формаларында федеративтік мемлекет те бола алады.
Билікті бөлу теориясы – Монтескьенің үлкен жетістігі. Бұл идеяны бастапқыда Аристотель мен Цицерон, кейін Аквинат пен Локк жасады. Кромвельдің басқаруы кезіндегі Англияның заң актілерінде ол тұңғыш рет іске асқан болатын. Билікті бөлу механизмдері жасалған британдық саяси жүйені сараптай келе, Монтескье оны теориялық пайымдаудан өткізді. Өйткені адам табиғатынан саяси билікті асыра сілтеп пайдаланады, құқықтың бәрінен жоғары болуын биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінуі ғана қамтамасыз ете алады, әр түрлі биліктер бірін-бірі тежей алатын болады.
Осылайша Монтескьенің билікті бөлу туралы ілімі айтарлықтай жаңашылдыққа ие болды, онда ол: біріншіден, бостандықтың либеральдық түсіндірмесін билікті бөлу механизмінің конституциялық тұрғыда бекітілуі идеясымен ұштастырды; екіншіден, шектеуге жататын биліктің құрамына сот органдарын қосты және судьялардың тәуелсіздігі принципін енгізді; үшіншіден, республикалық басқаруды федерализммен біріктіру туралы қағиданы дамытып, орталық (федеративтік) және жергілікті (муниципальдық) билікті бөлу идеясын ұсынған еді.
Монтескьенің пікіріне сәйкес, саяси бостандық деген кім не істегісі келсе соны істеу емес. «Мемлекетте, яғни заңдары бар қоғамда бостандық нені істеуге тиіс болсаң соны істеуге мүмкіндіктің болуынан және істемеуге тиіс болсаң соны күштеп істемеуден тұрады. Бостандық деген заңдар рұқсат етілгенді істеу құқығы. Егер де азамат осы заңдарда тиым салынғандарды істейтін болса, онда оның бостандығы болмаған болар еді, өйткені оны басқа да азаматтардың істеуі мүмкін ғой»[14].
Монтескьенің ілімі Францияда және одан тысқары жерлерде де саяси ойдың дамуына үлкен ықпал етті. Оның саяси мұраларында сол уақыттың саяси ойларының аса маңызды жетістіктері шоғырланған.
Жан Жак Руссо (1712-1778) – көрнекті философ әрі саяси ойшыл. Руссоның саяси ілімі оның «Қоғамдық келісім» (1762 ж.) атты негізгі трактатында мейлінше толық баяндалған. Ол саяси ойдың жаңа бағыты – буржуазиялық радикализмнің негізін қалады. Қоғамның пайда болуы мен дамуын бақылап, оның ішкі динамикасын түсіндіруге тырысып, Руссо жеке меншікті қорғау үшін құрылған мемлекеттің мүліктік теңсіздікті тереңдеткені жөнінде қорытынды жасайды. Жеке меншікке әркімнің құқығы бар, бірақ ешкімнің меншікті шексіз иемденуіне құқығы болмауы тиіс деп санады ол.
Осылайша, Руссоның пікірінше, меншік әлеуметтік теңсіздіктің басты себебі болумен қатар азаматтық қоғамның, мемлекеттің де теңсіздігінің негізгі себебі болды. Мемлекеттің шығу себептерін түсіндіру барысында Руссо қоғамдық келісім теориясының жақтасы болып табылады. Мемлекеттің негізінде, оның пікірі бойынша, саналы жоспар, адамдар арасындағы келісімдер жатыр. Кедейлердің күшімен өздерінің жеке басының мақсаттарына жету үшін байлар кедейлерге азаматтық одақ құруды, бейбітшілік пен әділеттіліктің кепілі қызметін атқаруға тиісті мемлекеттік билік құруды ұсынды. Одақ құрылды, қоғам мемлекетті қалыптастырды. Қоғамдық келісімнің негізгі міндеті, – деп жазды Руссо, – ортақ күшпен тұлғаны және қоғамның әрбір мүшесінің меншігін қорғайтын және сақтайтын, сонымен қатар әркім басқалармен біріксе де оның бостандығын сақтайтын ассоциацияның сондай формасын іздеп табуда жатыр. Осы тәрізді ассоциацияға кірген барлық адамдардың құқығы қоғамдық тұтастықтың пайдасына шешілуі тиіс. «Оның орнына әрбір адам мұнда азаматтық бостандық пен меншік құқығын иеленеді».
Қоғамдық келісім жөніндегі ілімі оның демократия туралы іліміне негіздік тұрғыда қызмет атқарды. Келісімді мемлекетте жоғарғы билік халыққа тиесілі болуы керек.
Республикалық құрылыстың негізгі принципі ретіндегі халықтың егемендігі идеясы Руссоның саяси бағдарламасының өзегі болып табылады. Халықтың егемендігі олардың заң шығарушы билікті жүзеге асыруынан көрінеді. Кез келген саяси биліктің кез келген уақытта кез келген заң актілерінен бас тарта алатын және жаңасын қабылдай алатын суверен ретіндегі халықтың ерік-жігерінің арқасында ғана заңды күші болады. Халық егемендігі бөлінбейтін, ажырамайтын егемендік.
Руссо билікті бөлу тұжырымдамасына қарсы шығып, мемлекеттік органдардың функцияларын нақты шектеуді ұсынды. Ол өкілеттілік жүйенің, партиялардың («жеке бірлестіктердің») қарсыласы болды; оның тұжырымдамасы бойынша шағын мемлекеттер теориясына басымдық беріледі.
Осылайша Руссо теңдік салтанат құрған, сонымен қатар өмір деңгейі тең және халықтың барлық әлеуметтік топтарының бірлігі салтанат құрған мемлекетті ұсынды.
Буржуазиялық қоғамның саяси идеяларын дамытуда неміс ойшылдары И.Кант, И.Фихте, Г.Гегель айтарлықтай еңбек сіңірді.
Иммануилл Канттың (1724-1804) саяси теориясының басты принципіне әрбір адам абсолютті құндылықты иеленеді және қандай да бір мақсатты жүзеге асырудың құралы бола алмайды деген қағида алынған. Кант өзінің «Мәңгілік бейбітшілікке» атты ізгілікті трактатында өз дербестігін сақтаған тең мемлекеттердің бәрін қамтитын федерация құру жолымен «мәңгілік бейбітшілік» орнату жобасын жасады.
Әлеуметтік-саяси мәселелерге И.Кант «Бүкіл дүниежүзілік-азаматтық тұрғыдағы жалпы тарих идеясы» (1784 ж.), «Мәңгілік бейбітшілікке» (1795 ж.) атты еңбектерін, сонымен қатар «Әдет-ғұрыптар метафизикасы» (1797 ж.) атты үлкен трактатын арнады.
Кант құқықтық заңдарды өнегеліктің өзіндік бірінші сатысы (немесе минимум) ретінде сипаттайды. Канттың ілімі үшін мемлекетті құқық арқылы анықтау тән: «Мемлекет (civitas) – бұл құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдардың бірлестігі». Кант мемлекеттің формасын екі белгісіне байланысты: жоғарғы билікті іске асыратын адамдардың санына және басқару формасына орай қарастырады. Осы белгілер бойынша ол автократияны, аристократияны, демократияны: «тақсырдың, дворяндардың, халықтың билігін» ерекше бөліп көрсетеді. Кант болашақта ұлтаралық және мемлекетаралық талас-тартыстар толығымен тоқтайтын болады, соғыстар жойылып, жаппай бейбітшілік орнайтын болады деп есептеді. Кант бейбітшілікті тұрақты орнатудың жолын бостандығы мен саяси дербестігін сақтайтын біздің планетамыздың барлық халықтарын «федерация» құруға объективті түрде алып келетін «жария» жағдайлар жасаудан көрді. Бұл халықтардың одағы, бірақ ол халықтардың мемлекеті болмауы тиіс.
Кант сондай-ақ бассыздықтың шегін белгілеудегі құқықтың рөліне көп көңіл аударды. Канттың пікірінше, құқықтың мәжбүр етушілік күші бар, оны алып жүруші – мемлекет.
Кант осылайша тұлғаның бостандығын қамтамасыз ететін құқықтық мемлекеттің өмір сүру қажеттігі туралы ойға әкеп тірейді.
Саяси режимді либерализациялаудың өткір қажеттігі, сословиялық жеңілдіктерді жою, қатаң заңдылықты орнату, бұқара халықты қызу қолдау керектігі сенімі Иоган Фихтені (1762-1814) ешқашан бейжай қалдырған емес. Өмірінің соңғы күніне шейін ол Ағартудың гуманистік идеологиясына берілгендігін сақтады, буржуазиялық-демократиялық өзгерістердің жақтаушысы болып қалды. Фихте мемлекеттің абсолюттік полициялық билігінің өз қол астындағыларға бассыздығын тоқтатуға тырысты және тұлғаның саяси құқығы мен бостандығын табиғи-құқықтық доктринаға арқа сүйеп бекітпекші де болды. Жеке адамның бостандығына кепілдік беру үшін және онымен барлық адамдардың бостандығын үйлестіру үшін адамдардың құқықтық қауымдастығы қажет. Мұндай құқықтық қауымдастықтың арқауы өнегелік заңнан емес, керісінше саналы еркіндігі бар тіршілік иелерінің өзара қарым-қатынастарынан туындайтын юристік заң болуы тиіс. Құқық біріңғай тек адамның әрекеттері мен істері саласын реттейтіндіктен моральдан тәуелсіз өмір сүреді.
Немістің классикалық философиясының көрнекті өкілі Георг Гегель (1770-1831) дүниежүзі тарихы дамуының іргелі принциптерін жасады және буржуазиялық қоғамның саяси ойын дамытты. Оның негізгі жұмыстары: «Рух феноменологиясы» (1807 ж.), «Құқық философиясы» (1821 ж.). «Азаматтық қоғам» және «мемлекет» категорияларын жасау мен шектеу оның еншісіне тиесті нәрсе. Ол саяси мемлекет пен азаматтық қоғамды бір-бірінен ажырата отырып, соңғысын жеке тұлғаның ерекшелікті дара мақсаттары мен мүдделерін жүзеге асыру саласы ретінде анықтады. Азаматтық қоғам отбасы мен мемлекет арасындағы аралық жағдайда орналасқан. Гегель азаматтық қоғамды қайшылықты мүдделері шиеленіскен антагонистік қоғам ретінде, бәрінің бәріне қарсы соғысы ретінде бейнеледі. Ол мемлекетті негіздеуші ретіндегі халық егемендігін және одан туындайтын демократия идеясын жоққа шығарды. Жоғарғы билік, Гегельдің пікірі бойынша, халықтың мүддесін білдіре алмайды, өйткені халық «саналы еріктің» нені керексінетінін білмек түгілі, өзіне не қажет екендігін де білмейді.
Азаматтық қоғамның негізгі белгілеріне, Гегельдің анықтауынша, мұқтаждықтар жүйесі, әділ сот, полиция және корпорацияны атқару жатады. Саяси мемлекетті ол заң шығарушы билікке, үкімет билігіне және патша билігіне бөледі. Құқық ұғымы дамуының негізгі үш сатысы: абстрактылы құқық, мораль және өнегелік болып табылады.
Гегель іліміндегі конституциялық монархия абсолюттік құқық идеясының нақтылы аяқталуы және шынайы көрінісі болып табылады.
Құқықтық мемлекет туралы ілімнің одан әрі дамуы Гегельдің «Құқықтық философиясы» еңбегінде жалғасын тапты. Тұлғаның бостандығы және оның құқығы, Гегельдің пікірінше, ең алдымен меншік арқылы жүзеге асады. Бостандық пен жеке меншік, Гегельдің көзқарасы бойынша, – ажырамас ұғымдар.
Буржуазиялық құрылыстың орнауы еңбекші халықтың материалдық жағдайын айтарлықтай жеңілдеткен жоқ. Мұны сол кездегі алдыңғы қатарлы ойшылдар көрді және еңбекші адамдарға өздерінің теорияларымен қалайда көмектесуге тырысты. Мұндай жағдай Еуропадағы капиталистік қоғамдық қатынастардың пайда болуы мен орнығуын негіздеген саяси идеялармен қатар ескі, феодалдық және жаңа, буржуазиялық әлеуметтік-саяси құрылысты толығымен жоққа шығарған, қаналушы халықтың төменгі тобының мүдделерін қорғаған қоғамдық-саяси ой бағытының дамуына да мүмкіндік берді. Бұл бағыт утопиялық социализм деген атпен белгілі болды. Буржуазиялық қоғам дәуіріндегі оның аса белгілі болған өкілдері француз ойшылдары А.Сен-Симон, Ш.Фурье және ағылшын ойшылы Р.Оуэн болып табылады, бұлар болашақ қоғамды адами қажеттіліктердің бәрін қанағаттандыруға қабілетті және тұлғаның гүлденуін қамтамасыз ете алатын молшылығы асып-тасыған қоғам ретінде бейнеледі.
Өмірде орын алған қоғамдық құрылысты қатал сынай отырып, буржуазиялық революциялар әдетте қанды лаңкестікпен байланысқанын айтып, француз утопистері бүкіл адамзатты ақыл-парасат арқылы бірден азат еткісі келді. Олар социализмді абсолюттік ақиқаттың, ақыл-парасаттың және әділеттіліктің көрінісі, осы шындықты ашса болды социализм бүкіл дүниежүзінде орнайды деп есептеді.
Мысалы, Анри Сен-Симон (1760-1825) қоғамның мақсатына бір орталықтандырылған жоспарлы шаруашылық жүйесін құрумен қол жеткізіледі, жаңа құрылыста адамдарды бұрынғы басқару жүйесінің орнына өндіріс заттары мен процестері басқару жүйесі келеді деп болжады.
Осымен байланысты Сен-Симонның адамзаттың тарихи жолын сараптай келіп, саяси құрылыстың негізі қоғамның экономикалық жағдайы, адамдардың материалдық мүдделері болатынына көзі жетті. Сен-Симон «шаруашылық» билікті яғни, ұлттық мүдде үшін халық шаруашылығының дамуына жетекшілік жасауды басты билік деп санады. Үкіметтік билік, оның пікірінше, минимумға шейін қысқаруы тиіс және ол адамдар мен ассоциацияның материалдық және рухани қабілеттерінің кедергісіз дамуына ықпал етуі қажет.
Буржуазиялық революцияның нәтижелерін, капитализмнің саяси және құқықтық жүйесін өткір сынаған Шарль Фурье (1772-1837) болды. Шешуші рөлді ақыл-парасатқа берген Сен-Симонға қарағанда Фурье бірінші орынға адамның мәңгі және өзгермейтін табиғаты идеясын ұсынды, оның әлеуметтік дамуы негізіне әр түрлі құмарлық жатты. Энтузиазм жоғарғы құмарлық болып табылады, ол еңбекте шығармашылықты, бәсекелестікті туындатады, соның негізінде еңбек өнімділігі артады, ассоциация мүшелерінің қажеттіліктері жан-жақты қанағаттандырылады. Соңғысының тіршілік әрекетін оның мүшелерінің өздері реттейді, ережелер ерікті түрде орындалады. Жалпы басшылықты бүкіл халық сайлаған ареопаг жүзеге асырады.
Фурье саяси күресті жоққа шығарды, мемлекеттік құрылыс формаларына немқұрайлы қарады және әділеттілік негізінде қоғамды өзгерту тек реформа жолымен іске асуы керек деп есептеді. Ал оларды жүзеге асыратындар, өзінің ілімін қабылдаған, ақылды мемлекеттік қайраткерлер.
Өзінің саяси көзқарастарында Роберт Оуэн (1771-1858) жаңа құрылыстың қалыптасуын – жалпы заңдар жинағы негізінде бірдей басқару тәртібі бар коммуналар құруды қамтамасыз ететін мемлекетке үлкен сенім артты. Бұл қоғамдық меншікке және коммуна мүшелерінің ортақ еңбектеріне, олардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігіне, гуманистік тәрбие жүйесіне, жоғары өнегелікке негізделген ұжымдық қоғам болуы тиіс. Коммунаны оның мүшелері өздерінің қабілеттеріне және ортақ мүдделеріне сәйкес басқарады. Мемлекеттік билік коммуналарды құру кезеңінде ғана қажет, оларды құруға көмектесуі керек. Конституция негізінде әрекет ететін ерікті және автономды коммуналардың өзін-өзі басқаратын федерациясы Оуэннің идеалы. Коммунадағы заң шығарушы билік мүшелері 21 жастан асқан жалпы жиналысқа (конституция бойынша) тиесілі, атқарушы билік жалпы жиналыста сайланатын, оған есеп беретін кеңеске тиесілі.
Ол кооперативтік қозғалысты, кәсіподақ қызметінің еркіндігін, кедейлерге қайырымдылық пен көмек көрсетуді қолдады. Оуэн қоғамды қайта құру үшін қызу үгіт-насихаттық қызметті ұйымдастырды және оған өзі белсене қатысты. Ол өз ойын іске асыру үшін Америка президентінен, Пруссия королінен көмек сұрап өтінді, Николай I және ағылшын ханшайымы Викториямен әңгіме жүргізді. Алайда социалистік бастауларға негізделген қоғам құруға ол көмек ала алмады. Тіптен ол қуғын-сүргінге түсіп, қайыршылықта дүние салды, оны және оның идеяларын ел ұмытты және мойындамады.
Утопист социалистер болашағы бар бірқатар идеяларды: биліктің саяси функцияларының жойылуы туралы; саяси шеттетілуді жою туралы; өндірістегі прогреспен, өркениет пен мәдениеттің дамуымен байланысты мемлекеттің жойылуы туралы идеяларды қалыптастырды.
Сыншыл утопиялық социализмнің барлық өкілдері жаңа қоғамдық құрылыстың соғыс атаулыны, халықтар арасындағы әскери қақтығыстарды тоқтататынына сенімді болды.
Утопиялық социализм буржуазиялық қоғамның және капитализмдегі жалдамалы құлдықтың мәнін түсіндіре алмады, оның даму заңдарын аша алмады, жаңа қоғамды жасауға қабілетті күшті таба алмады.
Жетілген буржуазиялық қоғамдағы алдыңғы қатарлы саяси ойдың гүлденуі тек Батыс Еуропаға ғана тән емес. Прогрессивті саяси көзқарастар Солтүстік Американың Атлантика жағалауындағы XVIII-XIX ғасырда негізделген ағылшын отарларында кеңінен тарады. Өнеркәсіп пен капиталистік қоғамдық қатынастардың дамуымен бұл отарларда метрополия мен олардың арасында қарама-қайшылық шиеленісті. Ағылшын отаршылдары жергілікті халықты аяусыз қанады. Кейбір жерлерде (Оңтүстікте) құлдық ашық жүргізілді. Англия отарлардың өз бетінше экономикалық дамуына кедергі келтірді.
1775-1783 жж. Америка халқының өз тәуелсіздігі үшін жүргізген соғысы ішкі қайшылықтардың және метрополиямен болған қайшылықтардың күшеюінің салдары еді. Ол Америка халқының жеңісімен аяқталды. Бұл жеңіс «Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздік Декларациясында» саяси түрде бекітілді. (1776 ж. 4 шілдеде бекітілді – бұл күн АҚШ –тың ұлттық мерекесіне айналды).
Тәуелсіздік үшін соғыстың жеңісінен кейін АҚШ-тағы саяси ойда екі бағыт қалыптасты. Прогрессивті саяси идеяларды Т.Джефферсон және Т.Пейн жақтады. Томас Джефферсон (1743-1826) – америка халқының азаттық жолындағы күресінің көрнекті қайраткерлерінің бірі және көрнекті саяси ойшыл. Ол «АҚШ-тың тәуелсіздігі Декларациясының» авторы, онда адамның теңдігі, бостандығы ажырамас табиғи құқығы жөнінде және оны халықтан ешбір билік тартып ала алмайтындығы жөнінде айтылған.
«Дүниеде адамның табиғи құқығынан басқаның бәрі өзгереді», – деп жазды Джефферсон. Ол адамға құқықты мемлекет бермейді, олар адамның ажырамас, табиғи құқығы ретінде өмір сүреді деп негіздеді. Мемлекет соны қамтамасыз ету үшін өмір сүреді.
Тәуелсіздік үшін болған соғыс жылдары радикальдық саяси көзқарастарымен алға шыққандардың бірі – революцияшыл демократ Томас Пейн (1737-1809) болды. Саяси ой тарихында ол алғашқылардың бірі болып қоғам мен мемлекет арасындағы айырмашылықтарды айқындады. Жаппай сайлау құқығына, кең және тең өкілеттілікке негізделген демократиялық республика Пейннің саяси идеалы болып табылады.
Пейн соғысқа қарсы бағытталған идеяларды, бейбітшілік идеясын негіздейді. Соғыстар, оның пікірінше, жеке бастың қамын ойлаған саясаттың нәтижесі болып табылады. Бейбітшілікті сақтамаған үкімет құлатылуы тиіс. Сонымен бірге Пейн әділетті соғыстарды қолдайды, оған ол тәуелсіздік үшін және сыртқы шапқыншылықтан елді қорғау үшін болған соғыстарды жатқызды.
Бұл кезеңде АҚШ-тың саяси ойының басқа бағытының өкілдері ірі сауда-өнеркәсіп буржуазиясының және плантаторлар-құлиеленушілердің мүдделерін қорғады. Осылардың бірі Александр Гамильтон (1757-1804) болды. Ол АҚШ-та күшті орталық билік құруды жақтады, демократияны меншік құқығын жоюды мақсат еткен «қаралардың үстемдігі» ретінде бейнеледі. Гамильтон билікті ұйымдастыру адамдардың мүліктік жағдайына сәйкес олардың құқығын бөлуге негізделуі тиіс деп сендірді. Гамильтон: «Халықтың дауысы – бұл құдайдың дауысы деп айтады, бірақ бұл нақыл көптеген адамдардың сөз дәйегі болып, сенім ретінде қабылданса да, шындығында ол дұрыс емес. Халық құтырған әдет-ғұрыптарды және тұрақсыздықты игерген, ол ойлауға және дұрыс шешуге анда-санда ғана қабілетті» деп жазды. Ол АҚШ-та конституциялық монархия құру үшін күресті.
Осы демократиялық және консервативтік екі бағыттың күресі АҚШ-тың одан кейінгі саяси өмірінде жалғасын тапты. Қалай дегенмен де бұл елде демократияның деңгейі бүгінде дүниежүзілік өлшеуіштің ең жоғарғы белгісінде тұр.
Сонымен, буржуазиялық қоғамда саяси ой жоғарғы қарқынмен дамыды. Адамның өмір, бостандық және теңдік іспетті табиғи құқықтарын теориялық негіздеу және мемлекет өмірінің практикасына енгізу оның басты жетістігі болды.
Батыс Еуропада орнаған капиталистік құрылыс өзінің идеологиясын либерализмнен тапты. Либерализмнің тұжырымдамалық өзегі екі негізгі тезисті қалыптастырды. Біріншісі: жеке бостандық, әрбір индивидтің бостандығы және жеке меншік ең жоғарғы әлеуметтік құндылықтардың мәні. Екіншісі: осы құндылықтарды жүзеге асыру барлық шығармашылық мүмкіндікті және оның сәттілігін ашып қана қоймай, бір мезгілде жалпы қоғам мен оның мемлекеттік ұйымдарының гүлденуіне жеткізеді.
Еуропалық либерализмнің отаны – Англия ХIХ ғасырда әлемге оның көптеген беделді өкілдерін әкелді. ХIХ ғасырдағы Еуропа либерализмнің қайраткерлерінің қатарында И.Бентам (1748-1832), Д.С.Милль (1806-1873) ерекше көзге түседі.
Бентам саяси утилитаризм теориясының авторы. Осы теорияға сәйкес, адамдар өз қызметінде практикалық пайда принципін басшылыққа алады, оны азап шегу және рахаттылық арақатынаспен өлшеуге болады: адам, оның азап шегуі минимальды болып, ал рахаты максимальды болған уақытта ғана бақытты. Сондықтан Бентам, саясаттың мақсаты қоғамның «барынша көп адамдарын мейлінше мол бақытқа» жеткізуден тұратындығын атап көрсетті. Сондай-ақ мемлекет тұлғалардың алуан түрлі мүдделерін қанағаттандыруы тиіс, адамдардың қауіпсіздігін және азық-түлікпен қамтылуын қамтамасыз етуі керек, олардың жеке өміріне қол сұқпауы тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыруда, Бентамның пікірінше, халық бір палаталы парламентке өзінің өкілдерін жаппай және тең сайлау құқығы негізінде сайлайтын, сайлаушылардың сенімінен шықпаған депутаттар кері шақырылып, заңды жауапкершілікке тартылатын; сонымен қатар, қоғам тарапынан билік органдарына бақылаудың әр түрлі механизмдері құрылатын және т.б. болатын өкілетті демократия формасы аса қолайлы.
Француз буржуазиясының ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы антифедералдық идеологиясын көптеген либералдық саяси ойшылдар білдірді. Солардың арасынан Б.Констан (1767-1830) Еуропа құрлығындағы либерализмнің рухани атасы саналған және демократияның көрнекті теоретигі және бір мезгілде табанды либералы болып есептелген А.Токвиль (1805-1859) – айтарлықтай көзге түсті.
АҚШ-қа жасаған саяхатынан кейін Токвиль 1832 жылы «Америкадағы демократия» атты еңбегін жазды.
Осы елдің саяси тәжірибесін сараптай отырып, Токвиль бірқатар маңызды қорытындылар жасады. Біріншіден, әлеуметтік теңдікті бекітуден және аристократияның құлауынан келіп демократияның таралуы дүние жүзілік тенденция болып табылады. Екіншіден, демократияның бірқатар артықшылықтары бар: «демократиялық басқарудың мәні көпшіліктің жоғары тұруын білдіреді»; тек демократия ғана азаматтардың көп бөлігінің амандығына ықпал етеді, саяси бостандықты және бұқара халықтың басқаруға кеңінен қатысуын қамтамасыз етеді. Бүкіл осы құндылықтар, Токвильдің пікірінше, Американың саяси жүйесінен, оның мекемелері мен конституциясынан толық орын алған. Үшіншіден, осы құндылықтармен қатар, Токвиль демократияның кемшіліктерін, оның жетілмеген тұстарын атап көрсетті. Ең алдымен демократияға индивидуализм қауіп төндіреді, эгоизм, азаматтардың саяси енжарлығы, оларда қоғамдық мәселелерге немқұрайдылықтың артуы соның айқын көрінісі болып табылады.
ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы неміс либерализмі көптеген есімдермен байланысты, бірақ жалпы еуропалық танымалдыққа В.Гумбольдт (1767-1835) пен Л.Штейн (1815-1890) ие болды. Гумбольдттың мемлекетке көзқарасындағы ортақ ұстаным – гуманистік индивидуализм ұстанымы. Оны мемлекеттің өзінен гөрі адамның мемлекетпен қарым-қатынасы толғандырды. Қоғам, мемлекет туралы бірқатар іргелі зерттеулер Л.Штейннің үлесіне тиді. Оның либерализмі өзінің әлеуметтік саяси доктринасының негізгі мәселесі етіп индивид туралы, оның құқығы, оның меншігі жөніндегі мәселелерді қоюынан байқалды.
Жаңа замандағы саяси ойда либерализм идеясына консерватизм қарсы тұрды. Либерализм капиталистік өндіріс тәсілдерінің және буржуазиялық құндылықтардың бекуін идеологиялық тұрғыдан негіздеді. Консерватизм антибуржуазиялық, қоғамды революциялық өзгертулерге кедергі жасайтын феодальдық-клерикальдық идеология ретінде пайда болды. Консерватизм идеологиясын жасаушылар ағылшын ойшылы әрі саясаткері Э.Берк (1729-1797), француз қоғам қайраткерлері Ж. де Местр (1734-1821) мен Л. де Бональд (1753-1840) болып есептеледі.
Консерватизм Ағарту дәуірі мен 1789 ж. Француз революциясы ұсынған бостандық, теңдік, ақыл-парасат және прогресс идеалдарын жоққа шығарды. Қоғамдағы саяси институттар ең алдымен отбасы мен мемлекет, консерваторлардың пікірінше, оқиғалардың табиғи барысының көрінісі болып табылады. Демек, өміршең жүйе ретіндегі қоғамның қирауына жол бермеу үшін, өмірлік тәжірибенің жүзеге асырылуына кедергі келтірмеу керек. Берк «Француз революциясы туралы пайымдаулар» атты жұмысында табиғи құқық пен қоғамдық келісім идеяларын сынай келіп, мемлекетті табиғи эволюцияның нәтижесі деп санады. Де Местр мен де Бональд революцияны шайтанның ісі деп есептейді, өйткені ол жасампаз емес, тек қиратушы ғана. Де Местр абсолюттік монархияны басқарудың идеалы ретінде қарастырды.
Жалпы саяси теориялардың дамуындағы және соның ішінде социалистік идеологияның өркендеуіндегі ірі қадам Карл Маркс (1818-1855) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) ілімі – марксизм болды. Бірқатар саясаттанушылардың пікірі бойынша, классикалық түрдегі саясаттың маркстік тұжырымдамасы өткен классикалық тұжырымдама мен қазіргі оның түсіндірмесінің арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп тұрған қайсыбір «көпір» іспетті. Саясаттың көптеген қазіргі тұжырымдамалары тікелей марксизмнің ықпалымен немесе марксизммен күресте қалыптасты. Маркс пен Энгельстің іліміндегі саяси сала тұжырымдамасы мынандай алғышарттарға арқа сүйейді: біріншіден, саяси саланың экономикалық саламен байланысы. Саяси сала базистен жоғары тұрған қондырма – өндірістік қатынастар жиынтығы. «Материалдық өмірдің өндірістік тәсілі – деп жазды Маркс, – жалпы өмірдің әлеуметтік, саяси және рухани процесіне себепші болады»[15]. Бұл қағида саяси нақтылықтың өзін ғана қарастырумен түсінуге болмайтындығын, ол үшін қоғамдағы материалдық қатынастарды талдау қажеттігін білдіреді. Мұндай тәсіл ғасырлар бойы саяси ойды толғандырған, ең алдымен мемлекеттің шығуы және оның мәні туралы мәселеге және т.б. көптеген мәселелерге жаңаша қарауға мүмкіндік берді.
Маркс пен Энгельстің пікірі бойынша мемлекеттің жердегі негізі адамдардың материалдық мүдделерінде жатыр. Мемлекет адамдардың ерікті еркінен туындамайды, ол еңбек бөлінісінің және сонымен байланысты қалыптасқан әлеуметтік таптардың құрылуының заңды нәтижесінде пайда болады.
Екіншіден, саясаттың экономикаға және қоғамдық өмірдің басқа да салаларына қатынасы бойынша салыстырмалы түрдегі дербестігі және оның белсенділік рөлі. Базис алғашқы, қондырма екінші болғанына қарамастан қондырма институттары әлеуметтік-экономикалық қатынастарда белсенді рөл атқарады және оларды қалыптастырудың маңызды құралдары ретінде де маңызды рөл атқарады. Қалыптасқан саяси сала өзінің заңдылықтары мен ішкі серпілістерінің негізінде дамиды.
Үшіншіден, саясат – бұл тап күресінің нәтижесі және формасы.
Таптық-антагонистік қоғамда саясат әр түрлі, көбінесе қарама-қарсы таптық мүдделері бар топтардың арасындағы қарама-қайшылықты шешумен байланысты. Бұл тап күресінің әр түрлі формаларынан көрінеді, соның ішінде, әлеуметтік революциялардан байқалады. Саясатты маркстік талдауға негіз болған Маркс пен Энгельстің билікті жеңіп алуға және оны ұстап тұруға бағытталған тап күресінің саяси тұрғыдағы мәні туралы ұсынған қағидасы еді. «Жеке мағынасындағы саяси билік сөзі, – деп жазды олар, – бұл бір таптың екінші таптың қарсылығын басып-жаншу үшін ұйымдасқан зорлық-зомбылығы»[16].
Капиталистік қоғамның саяси билігі, Маркс пен Энгельстің пікірінше, – бұл буржуазия диктатурасының жүйесі. Марксизмнің мынандай қағидалары да саяси салаға таптық түсініктеме берумен байланысты: «мемлекет – бұл буржуазия істерін басқару комитеті», «коммунистік партия – жұмысшы табының авангарды». Бұдан шығатын қорытынды таптар мен әлеуметтік жіктердің қоғамдық жағдайын талдау бұқара халықтың, партиялардың және жекелеген көшбасшылардың саяси жүріс-тұрысын түсіну үшін бастапқы нүкте болып табылады.
Төртіншіден, қоғамның таптық бөлінісі мәңгілік нәрсе емес. Адамзат тарихының таптарды жоюға және тапсыз қоғам орнатуға жылжу заңдылықтары бар. Осыдан келіп мемлекетті және кез келген саясатты құру заңдылықтары туралы қағида шығады. Коммунистік қоғамда жеке және қоғамдық мүдделердің үйлесімділігіне жету керек.
Маркстік саясат теориясы саяси процестің кейбір тереңдегі факторларын және саяси мінез-құлықтың себептерін ашты, оның саяси теориялардың дамуына қосқан үлесі осы. Алайда, саяси өмірдің экономикаға байланыстылығына баса көңіл аударып, марксизм көбінесе саяси белсенділік пен қызметтің кейбір аса нәзік механизмдерін жете бағаламады, тіптен жоққа шығарды: әлеуметтік-психологиялық, социомәдени, құқықтық, демографиялық және биологиялық факторларды мойындамады.
Еуропа мен Ресейде Маркс пен Энгельс ілімдерінің ықпалы әрқалай байқалды. Ресейде бұл ілімнің революциялық-идеологиялық жағы басымырақ ықпал етті. Батыста марксизмнің ықпал етуі көбіне-көп Маркс идеяларын тарату арқылы көрінді, оның жекелеген қағидаларын қазіргі ғылыми методологияның бөліміне айналдырудан байқалды.
Бүгінде маркстік ілімнің құндылықтары мен өзек жардылығын қайтадан бағалау жүріп жатыр. Маркс пен Энгельстің саясатқа, мемлекетке деген қайсыбір көзқарастарына амалдардың түрліше өзгеруіне қарамастан, олардың бағалары әр түрлі болса да бір нәрсе бізге анық: бұл көзқарастар дүниежүзілік ой тарихына енді, оның қомақты бөлігін құрайды. Марксизмді терең пайымдамайынша дүниежүзінің, соның ішінде Ресейдің ХІХ-ХХ ғасырлардағы саяси және рухани өмірінің шын бейнесін елестету мүмкін емес.
Осымен байланысты дүниежүзілік саяси ойдың дамуына Ресей ойшылдарының ірі үлес қосқанын айтуымыз керек.