Ой тұқымдарының зоологиялық және өнеркәсіптік жіктеу сипаты
Қой тұқымдары белгілі бір қасиеттері мен белгілері бойынша топтарға бөлінеді. Мұндай топтарды жіктеу деп атайды. Қой шаруашылығында жіктеудің зоологиялық және өндірістік екі жүйесі қолданылады.
Зоологиялық жіктеу негізі ретінде қой құйрығының пішіні және ұзындығы алынады. Құйрықтың ұзындығы мен пішініне қарай барлық қой тұқымдары бес топқа бөлінеді.
Қысқа майсыз құйрықты - олардың құйрығы тірсек буынына жетпейді және майсыз болады. Құйрық омыртқаларының саны – 10-12. Бұл топқа Романов, Солтүстік Ресейдің қысқа құйрықты қойлары жатады.
Ұзын майсыз құйрықты – олардың құйрығы тірсек буынынан төмен түседі және майсыз болады. Құйрық омыртқаларының саны 22-24. Бұл топқа барлық биязы (грузиннің биязы, және биязылау майлы құйрықты қойынан басқасы), биязылау және кейбір қылшық жүнді қойлар жатады.
Қысқа майлы құйрықты - құйрығы тірсек буынына дейін және одан да қысқалау болады. Майы құйрық түбіне жиналып, сәл бұлтиып тұрады. Бұл топқа бурят, сібірдің қысқа жүнді қойлары жатады.
Ұзын майлы құйрықты - құйрығы ұзын, тірсек буынына дейін және одан да төмен болады. Құйрығында омыртқа болады. Құйрықтың ұшынан басқа жері майлы келеді де, едәуір бұлтиып, жайылып тұрады. Бұл топқа қаракөл, грузиннің биязы және биязылау жүнді қойлары және солтүстік кавказ бен закавказдық көпшілік қой тұқымдары жатады.
Құйрықты қойдың құйрығы өте келте (5-8 омыртқа) және құйрық түбіне май мол жиналып, құйымшақ пен сауырынды тұтастай алып тұрады. Бұл топқа гиссар, еділбай, сараджы сияқты көптеген қой тұқымдары жатады.
Зоологиялық жіктеуде қойды тек құйрығының сыртқы пішіні мен ұзындығы бойынша біріктіріп топтайды. Зоологиялық бір топқа өнімділігінің сипаты жөніндегі едәуір айырмашылығы бар қой тұқымдары бір топқа біріктіріледі. Қой малының нақты бір басты өнімі үшін өсіретін болғандықтан, өмірде өндірістік жіктеу кеңінен қолданылатын болды.
Өндірістік жіктеу қой тұқымдары негізгі өніміне қарай топталады. Топтың атауы да беретін басты өнімнің атымен аталады. Мысалы: биязы, биязылау, ұяң жүнді немесе етті-майлы, елтірі деген сияқты. Соның өзінде де бұл жіктеу атаулары шартты түрде ғана айтылады. Себебі қойдың барлық түрі де бірнеше түрлі өнім береді және елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарай қажетке жарату үшін бір қой тұқымын өсіреді. Мысалы, цигай қойын балкан елдерінде (Румыния, Болгария, Хорватия және т.б.) негізінен сүт өндіру үшін өсіреді, ал Ресей, Қазақстан, Украина оны жүн мен ет алу үшін өсіреді. Дей тұрғанмен, нақты атаулары ұнамды болғандықтан, беретін басты өнімді дәл көрсететіндіктен қазір ғылым мен өндірісте өндірістік жіктеу кеңінен қолданылатын болды.
Барлық қой тұқымдары өндірістік (шаруашылық) жіктеуге сәйкес 8-бағыттағы топтарға бөлінеді.
І - биязы жүнді қой тұқымдары. Бұл қойлар өз арасында жүн өнімділігіне қарай жүнді, жүнді-етті, етті-жүнді болып үш топқа бөлінеді.
ІІ - биязылау жүнді бағыттағы қой тұқымдары өзара екіге бөлінеді. Бірінші жүнді-етті бағыт. Бұл бағытқа цигай қойы мен биязылау жүнді грузин қойы жатады. Екінші етті-жүнді бағыт. Оның өзі үшке бөлінеді:
1) ұзын жүнді: бұл топқа линкольн, ромни-марш, корридель типтес биязы жүнді-қойлар жатады;
2) қысқа жүнді: бұл топқа гемпшир, шропшир, суффольк, горький тұқымдары және солардың будандары жатады;
3) биязылау жүнді бағытқа осы жоғарыда келтірілген қой тұқымдары негізінде шығарылған биязы жүн беретін көптеген кроссбред және кроссбред типтес жүн беретін қой тұқымдары да жатады. Олардың саны жылдан жылға көбеюде. Корридель қойлары да осы топқа жатады.
ІІІ - ұяң жүнді қойлар тобына ұяң жүн беретін сараджа, тәжік, алай, қазақтың ұяң жүнді қойлары жатады.
ІV - тондық тері беретін қой тұқымдары тобына Романов, солтүстіктің қысқа құйрықты қойлары, құлынды қойы жатады.
V - елтірілік бағытқа-қаракөл, сокол, решетиловка, чушке, малич қой тұқымдары жатады.
VІ - етті-майлы бағытқа – гиссар, еділбай, қазақтың, қырғыздың қылшық жүнді қойлары, жайдары т.б. Aзия елдерінің құйрықты қойлары жатады.
VІІ - етті-жүнді қылшық жүнді бағытқа – волын, кучугур, михновка, черкес, баку қой тұқымдары жатады.
VIII – етті-жүнді – сүтті (әмбебап) бағытқа тауда өсетін балбас, мазех, қарашай, лезгин, дағыстан, бурят қой тұқымдары жатады.
Төменде осы класқа, топтарға бөлудің негізі болған ерекшеліктерге, өнім бағыттарына сипаттама беріп, олардың тұқымдық жолдарына мұқият тоқталамыз.